A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы Қазақстан Республикасының Заңы

Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер туралы

Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 15 сәуiрдегi № 88-V Заңы.

Қолданушылар назарына!

Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшiн РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

РҚАО-ның ескертпесi!

Осы Заңның қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 31-баптан қараңыз.

Осы Заң мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) "Азаматтарға арналған үкiмет" мемлекеттiк корпорациясы (бұдан әрi — Мемлекеттiк корпорация) — Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызметтердi, табиғи монополиялар субъектiлерiнiң желiлерiне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөнiндегi қызметтердi және квазимемлекеттiк сектор субъектiлерiнiң қызметтерiн көрсету, "бiр терезе" қағидаты бойынша мемлекеттiк қызметтердi, табиғи монополиялар субъектiлерiнiң желiлерiне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөнiндегi қызметтердi, квазимемлекеттiк сектор субъектiлерiнiң қызметтерiн көрсетуге өтiнiштер қабылдау және көрсетiлетiн қызметтi алушыға олардың нәтижелерiн беру жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттiк қызметтер көрсетудi қамтамасыз ету үшiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша құрылған, орналасқан жерi бойынша жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын заңды тұлға;

1-2) "бiр өтiнiш" қағидаты — бiр өтiнiш негiзiнде көрсетiлетiн бiрнеше мемлекеттiк қызметтер жиынтығын көздейтiн мемлекеттiк қызметтi көрсету нысаны;

1-1) ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган — ақпараттандыру және "электрондық үкiмет" саласындағы басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

2) "бiр терезе" қағидаты — мемлекеттiк қызметтi орталықтандырып көрсетудiң мемлекеттiк қызметтер көрсету кезiнде көрсетiлетiн қызметтi алушының құжаттарды жинау мен дайындауға барынша аз қатысуын және оның көрсетiлетiн қызметтi берушiлермен тiкелей байланысын шектеудi көздейтiн нысаны;

3) көрсетiлетiн қызметтi алушы — орталық мемлекеттiк органдарды, Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiн, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарын, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерiн қоспағанда, жеке және заңды тұлғалар;

4) көрсетiлетiн қызметтi берушi — Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызметтер көрсететiн орталық мемлекеттiк органдар, Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерi, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар;

5) мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет — көрсетiлетiн қызметтi алушылардың өтiнiш жасауы бойынша немесе өтiнiш жасауынсыз жеке тәртiппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруға, оларға тиiстi материалдық немесе материалдық емес игiлiктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттiк функцияларды iске асыру нысандарының бiрi;

6) алып тасталды — ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

7) мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандарты — мемлекеттiк қызмет көрсету ерекшелiктерi ескерiле отырып, қызмет көрсету процесiнiң сипаттамаларын, нысанын, мазмұны мен нәтижесiн, сондай-ақ өзге де мәлiметтердi қамтитын мемлекеттiк қызмет көрсетуге қойылатын негiзгi талаптар тiзбесi;

8) мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер тiзiлiмi — мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтердiң сыныпталған тiзбесi;

9) Бiрыңғай байланыс орталығы — Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған, көрсетiлетiн қызметтi алушыларға мемлекеттiк және өзге де қызметтер көрсету мәселелерi бойынша — ақпарат, сондай-ақ мемлекеттiк органдарға ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсету мәселелерi бойынша ақпарат беру жөнiндегi ақпараттық-анықтамалық қызмет функцияларын орындайтын заңды тұлға;

10) мемлекеттiк қызметтер көрсету мониторингiнiң ақпараттық жүйесi — мемлекеттiк қызметтер көрсету, оның iшiнде "Азаматтарға арналған үкiмет" мемлекеттiк корпорациясы арқылы көрсету процесiн автоматтандыруға және мониторингтеуге арналған ақпараттық жүйе;

10-1) мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы пилоттық жоба — перспективаларын зерттеу, талдау және тәуекелдердi барынша азайту мақсатында мемлекеттiк қызметтер көрсету саласында жаңа тәсiлдердi енгiзу;

11) мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингi — жеке тұлғалардың, коммерциялық емес ұйымдардың мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасының деңгейi туралы ақпаратты жинау, талдау және ұсынымдарды тұжырымдау жөнiндегi қызметi;

12) мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау — көрсетiлетiн қызметтi алушыларды орталық мемлекеттiк органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерi көрсететiн қолжетiмдi және сапалы мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтермен қамтамасыз ету бойынша шаралардың тиiмдiлiгiн айқындау жөнiндегi қызмет;

13) мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын мемлекеттiк бақылау — орталық мемлекеттiк органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарының, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкiмдерiнiң, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызметтер көрсететiн жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы заңнамасын сақтауын тексеру, профилактикалық бақылау және оған мониторинг жүргiзу жөнiндегi қызмет;

14) мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi орган — өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын орталық мемлекеттiк орган;

15) мемлекеттiк қызмет көрсету процесiн автоматтандыру — электрондық нысанда мемлекеттiк қызмет көрсетудi қамтамасыз ету үшiн көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң әкiмшiлiк процестерiн түрлендiру рәсiмi;

16) мемлекеттiк қызмет көрсету процесiн оңтайландыру — мемлекеттiк қызмет көрсету процесiн оңайлатуға, мемлекеттiк қызмет көрсету мерзiмiн, көрсетiлетiн қызметтi алушылар ұсынатын құжаттардың тiзбесiн, сондай-ақ оны көрсету процесiнiң буындарын қысқартуға, оның iшiнде автоматтандыру арқылы қысқартуға бағытталған iс-шара;

17) мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы уәкiлеттi орган — мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық мемлекеттiк орган;

17-1) проактивтi көрсетiлетiн қызмет — қызмет көрсету субъектiсiнiң бастамасы бойынша берiлетiн, қызметтi көрсету үшiн көрсетiлетiн қызметтi алу субъектiсiнiң ұялы байланыс абоненттiк құрылғысы арқылы берiлген келiсiмi мiндеттi түрде қажет болатын, электрондық нысанда көрсетiлетiн мемлекеттiк қызмет;

17-2) ұялы байланыс абоненттiк құрылғысы — абонент берген ақпаратты беру немесе қабылдау үшiн электр байланысы сигналдарын қалыптастыратын және ұялы байланыс операторының желiсiне қосылатын, қызмет көрсетiлетiн аумағы шеңберiнде географиялық тұрғыдан айқындалатын тұрақты орналасқан жерi жоқ, ұялы байланыс желiлерiнде жұмыс iстейтiн жеке-дара пайдаланылатын байланыс құралы;

18) алып тасталды — ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

19) "электрондық үкiметтiң" веб-порталы — нормативтiк құқықтық базаны қоса алғанда, бүкiл шоғырландырылған үкiметтiк ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтерге, табиғи монополиялар субъектiлерiнiң желiлерiне қосуға техникалық шарттарды беру жөнiндегi қызметтерге және квазимемлекеттiк сектор субъектiлерiнiң қызметтерiне қол жеткiзудiң бiрыңғай терезесi болатын ақпараттық жүйе.

Ескерту. 1-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 23.11.2015 № 417-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Мемлекеттiк қызметтер көрсетудiң негiзгi қағидаттары

Мемлекеттiк қызметтер мынадай негiзгi қағидаттар негiзiнде көрсетiледi:

көрсетiлетiн қызметтi алушылардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бiр кемсiтушiлiксiз теңдей қол жеткiзуi;

мемлекеттiк қызметтер көрсету кезiнде төрешiлдiк пен сөзбұйдалық көрiнiстерiне жол бермеу;

мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы есеп берушiлiк және ашықтық;

мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтердiң сапасы мен қолжетiмдiлiгi;

мемлекеттiк қызметтер көрсету процесiн үнемi жетiлдiру;

мемлекеттiк қызметтер көрсету кезiндегi үнемдiлiк және тиiмдiлiк.

4-бап. Көрсетiлетiн қызметтi алушылардың құқықтары

1. Көрсетiлетiн қызметтi алушылардың:

1) көрсетiлетiн қызметтi берушiден мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтi ұсыну тәртiбi туралы толық және анық ақпаратты қолжетiмдi нысанда алуға;

2) мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiге сәйкес мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтi алуға;

3) орталық мемлекеттiк органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң, сондай-ақ көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң және (немесе) олардың лауазымды адамдарының, Мемлекеттiк корпорацияның және (немесе) олардың қызметкерлерiнiң мемлекеттiк қызметтер көрсету мәселелерi бойынша шешiмдерiне, әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен шағымдануға;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтi қағаз және (немесе) электрондық нысанда алуға;

5) осы Заңның 15-бабында көзделген тәртiппен мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын жария талқылауларға қатысуға;

6) мемлекеттiк қызметтер көрсету саласында бұзылған құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделердi қорғау туралы талап арызбен сотқа жүгiнуге құқығы бар.

2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдiк заңды тұлғалар мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтердi Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең жағдайда алады.

Ескерту. 4-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

5-бап. Көрсетiлетiн қызметтi берушiлердiң құқықтары мен мiндеттерi

1. Көрсетiлетiн қызметтi берушiлердiң:

1) орталық мемлекеттiк органдардан, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарынан, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерiнен мемлекеттiк қызметтер көрсету үшiн қажеттi ақпаратты алуға;

2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда және негiздер бойынша мемлекеттiк қызметтер көрсетуден бас тартуға құқығы бар.

2. Көрсетiлетiн қызметтi берушiлер:

1) мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес мемлекеттiк қызметтер көрсетуге;

2) мүмкiндiгi шектеулi адамдардың мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтердi алуы кезiнде оларға қажеттi жағдайлар жасауға;

3) көрсетiлетiн қызметтi алушыларға мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбi туралы қолжетiмдi нысанда толық және анық ақпарат ұсынуға;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, орталық мемлекеттiк органдарға, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарына, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерiне, өзге де көрсетiлетiн қызметтi берушiлерге, Мемлекеттiк корпорацияға мемлекеттiк қызметтердi көрсету, оның iшiнде ақпараттық жүйелердi интеграциялау арқылы көрсету үшiн қажеттi құжаттар мен ақпаратты ұсынуға;

5) мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiде белгiленген мемлекеттiк қызмет көрсету мерзiмi өткенге дейiн бiр тәулiктен кешiктiрмей Мемлекеттiк корпорация арқылы көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң нәтижесiн Мемлекеттiк корпорацияға жеткiзудi қамтамасыз етуге;

6) мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы жұмыскерлердiң бiлiктiлiгiн арттыруға, сондай-ақ мүгедектермен қарым-қатынас жасау дағдыларына үйретуге;

7) көрсетiлетiн қызметтi алушылардың шағымдарын осы Заңда белгiленген мерзiмдерде қарауға және оларды қарау нәтижелерi туралы хабардар етуге;

8) көрсетiлетiн қызметтi алушылардың мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтiң орындалу сатысы туралы ақпаратты алу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге;

9) көрсетiлетiн қызметтi алушылардың бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қалпына келтiруге бағытталған шараларды қолдануға;

10) мемлекеттiк қызметтер көрсету үшiн пайдаланылатын, сондай-ақ оларды көрсету үшiн қажет болатын өзектi мәлiметтердi қамтитын ақпараттық жүйелердiң iркiлiссiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге;

11) мемлекеттiк қызмет көрсету сатысы туралы деректердi мемлекеттiк қызметтер көрсету мониторингiнiң ақпараттық жүйесiне ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен енгiзудi қамтамасыз етуге;

12) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, мемлекеттiк қызметтер көрсету кезiнде ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәлiметтердi пайдалануға көрсетiлетiн қызметтi алушының жазбаша келiсiмiн немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен расталған келiсiмiн не ұялы байланыс абоненттiк құрылғысы арқылы келiсiмiн алуға мiндеттi.

Мемлекеттiк қызметтер көрсету кезiнде көрсетiлетiн қызметтердi алушылардан:

1) ақпараттық жүйелерден алуға болатын құжаттар мен мәлiметтердi;

2) Қазақстан Республикасының зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандыру мәселелерiн реттейтiн заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң Мемлекеттiк корпорацияның салыстырып-тексеруi үшiн түпнұсқалары ұсынылған құжаттардың нотариат куәландырған көшiрмелерiн талап етуге жол берiлмейдi.

Ескерту. 5-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

2-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ

6-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы құзыретi

Қазақстан Республикасының Үкiметi:

1) мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;

2) алып тасталды — ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

2-1) мемлекеттiк қызметтер көрсету мәселелерi жөнiндегi Ведомствоаралық комиссия туралы ереженi және оның құрамын бекiтедi;

3) — 9) алып тасталды — ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

10) Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Заңымен, өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен өзiне жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

Ескерту. 6-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

7-бап. Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi органның құзыретi

Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi орган:

1) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын қамтамасыз етедi;

2) мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;

3) мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын мемлекеттiк бақылау қағидаларын әзiрлейдi және бекiтедi;

4) мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын iшкi бақылау нәтижелерi туралы ақпарат сұратады;

5) ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi органмен келiсу бойынша мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау әдiстемесiн әзiрлейдi және бекiтедi;

6) мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргiзу бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты қалыптастыруды, iске асыруды, iске асыру мониторингiн және осы тапсырыстың нәтижелерiн бағалауды жүзеге асырады;

7) алып тасталды — ҚР 02.11.2015 № 384-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi).

8) жеке тұлғаларға және коммерциялық емес ұйымдарға мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргiзу жөнiнде ақпараттық, консультациялық, әдiстемелiк қолдау көрсетедi;

9) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

Ескерту. 7-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 23.11.2015 № 417-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 02.11.2015 № 384-V 01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 13.06.2018 № 160-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

8-бап. Мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы уәкiлеттi органның құзыретi

Мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы уәкiлеттi орган:

1) мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын қамтамасыз етедi;

2) мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер тiзiлiмiн жүргiзу қағидаларын әзiрлейдi және бекiтедi;

2-1) мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер тiзiлiмiн бекiтедi және мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi органмен және мемлекеттiк басқару жүйесiн дамыту саласындағы уәкiлеттi органмен келiсу бойынша оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзедi;

3) мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер тiзiлiмiн әзiрлеудi және жүргiзудi жүзеге асырады;

4) алып тасталды — ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

5) мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын келiсудi жүзеге асырады;

6) мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу бойынша орталық мемлекеттiк органдардың қызметiне мониторинг жүргiзедi;

7) мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтiң құнын айқындау әдiстемесiн әзiрлейдi және бекiтедi;

8) орталық мемлекеттiк органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарының, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкiмдерiнiң мемлекеттiк қызметтер көрсету мәселелерi жөнiндегi қызметi есебiнiң қалыптастырылу тәртiбiн, ұсынылу мерзiмдерiн және үлгi нысанын әзiрлеп, бекiтедi;

9) мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердi жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi;

10) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

Ескерту. 8-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

9-бап. Ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi органның құзыретi

Ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган:

1) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын қамтамасыз етедi;

2) алып тасталды — ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi);

3) алып тасталды — ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi);

4) алып тасталды — ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi);

5) алып тасталды — ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi);

6) алып тасталды — ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi);

7) алып тасталды — ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

8) Бiрыңғай байланыс орталығының жұмысын ұйымдастырады және үйлестiредi;

8-1) бiр өтiнiш" қағидаты бойынша көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң тiзбесiн бекiтедi;

9) Бiрыңғай байланыс орталығы қызметiнiң қағидаларын бекiтедi;

10) Бiрыңғай байланыс орталығының орталық мемлекеттiк органдармен, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарымен, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерiмен, сондай-ақ көрсетiлетiн қызметтердi берушiлермен өзара iс-қимыл жасау қағидаларын бекiтедi;

11) мемлекеттiк қызметтер көрсетудiң электрондық нысанын көздейтiн мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын келiсудi жүзеге асырады;

12) электрондық нысанда көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердi көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердi жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi;

12-1) құзыретi шегiнде Мемлекеттiк корпорацияның қызметiн тексерудi жүзеге асырады;

12-2) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардан Мемлекеттiк корпорацияның қызметi туралы мәлiметтердi алуға құқылы;

12-3) мемлекеттiк қызметтер көрсету процестерiн оңтайландыру мәселелерi бойынша орталық мемлекеттiк органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарының, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкiмдерiнiң қызметiн үйлестiредi;

13) мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтердi оңтайландыру және автоматтандыру қағидаларын әзiрлейдi және бекiтедi;

13-1) проактивтi көрсетiлетiн қызметтердiң тiзбесiн және оларды көрсету тәртiбiн бекiтедi;

14) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

Ескерту. 9-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

9-1-бап. Орталық мемлекеттiк органдар арасынан Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын уәкiлеттi органның құзыретi

Уәкiлеттi орган:

1) Мемлекеттiк корпорацияның қызметi қағидаларын әзiрлейдi және бекiтедi;

2) ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi органмен келiсу бойынша Мемлекеттiк корпорация арқылы көрсетiлуге жататын мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтердi iрiктеу қағидаларын әзiрлейдi және бекiтедi;

3) Мемлекеттiк корпорацияның қызметiн ұйымдастыруды және бақылауды жүзеге асырады;

4) Мемлекеттiк корпорацияның қызметiн және оның көрсетiлетiн қызметтi берушiлермен өзара iс-қимыл жасауын үйлестiредi;

5) Мемлекеттiк корпорацияның қызметiн әдiснамалық қамтамасыз етудi жүзеге асырады;

6) Мемлекеттiк корпорация арқылы мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын келiсудi жүзеге асырады;

7) Мемлекеттiк корпорация арқылы көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердi көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердi жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi;

8) Мемлекеттiк корпорация көрсететiн қызметтерге баға белгiлеу тәртiбiн айқындайды.

Ескерту. 2-тарау 9-1-баппен толықтырылды — ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); өзгерiс енгiзiлдi — ҚР 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

10-бап. Орталық мемлекеттiк органдардың құзыретi

Орталық мемлекеттiк органдар:

1) мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi және бекiтедi;

2) алып тасталды — ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

3) мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын арттыруды, оған қолжетiмдiлiктi қамтамасыз етедi;

4) мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердiң қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз етедi;

5) көрсетiлетiн қызметтi алушылардың мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбi туралы қолжетiмдi нысанда хабардар болуын қамтамасыз етедi;

6) көрсетiлетiн қызметтi алушылардың мемлекеттiк қызметтер көрсету мәселелерi бойынша өтiнiштерiн қарайды;

7) көрсетiлетiн қызметтi алушылардың бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қалпына келтiруге бағытталған шараларды қолданады;

8) мемлекеттiк қызметтер көрсету, мүгедектермен қарым-қатынас жасау саласындағы жұмыскерлердiң бiлiктiлiгiн арттыруды қамтамасыз етедi;

9) ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi органмен келiсу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызметтер көрсету процестерiн оңтайландыру және автоматтандыру жөнiнде шаралар қолданады;

9-1) мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер тiзiлiмiне жаңа мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет енгiзiлгеннен кейiн ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi органмен келiсу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны электрондық форматта көрсетуге ауыстыру бойынша шаралар қолданады;

10) мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi органға мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалауды жүргiзу үшiн ақпараттың, сондай-ақ мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын iшкi бақылау нәтижелерi бойынша ақпараттың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде ұсынылуын қамтамасыз етедi;

11) ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi органға электрондық нысанда көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтер сапасын бағалауды жүргiзу үшiн ақпараттың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде ұсынылуын қамтамасыз етедi;

12) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Мемлекеттiк корпорацияға мемлекеттiк қызметтер көрсету үшiн қажеттi мәлiметтердi қамтитын ақпараттық жүйелерге қолжетiмдiлiк бередi;

13) мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбi туралы ақпаратты Бiрыңғай байланыс орталығына бередi;

14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын iшкi бақылауды жүргiзедi;

15) көрсетiлетiн қызметтi берушiлердiң мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердi сақтауын қамтамасыз етедi;

16) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

Ескерту. 10-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

11-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарының, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкiмдерiнiң құзыретi

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерi:

1) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағында мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын арттыруды, оған қолжетiмдiлiктi қамтамасыз етедi;

2) мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердiң қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз етедi;

3) көрсетiлетiн қызметтi алушылардың мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбi туралы қолжетiмдi нысанда хабардар болуын қамтамасыз етедi;

4) көрсетiлетiн қызметтi алушылардың мемлекеттiк қызметтер көрсету мәселелерi бойынша өтiнiштерiн қарайды;

5) көрсетiлетiн қызметтi алушылардың бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қалпына келтiруге бағытталған шараларды қолданады;

6) мемлекеттiк қызметтер көрсету, мүгедектермен қарым-қатынас жасау саласындағы жұмыскерлердiң бiлiктiлiгiн арттыруды қамтамасыз етедi;

7) ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi органмен келiсу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызметтер көрсету процестерiн оңтайландыру және автоматтандыру жөнiнде шаралар қолданады;

8) мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi органға мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалауды жүргiзу үшiн ақпараттың, сондай-ақ мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын iшкi бақылау нәтижелерi бойынша ақпараттың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде ұсынылуын қамтамасыз етедi;

9) ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi органға электрондық нысанда көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтер сапасын бағалауды жүргiзу үшiн ақпараттың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде ұсынылуын қамтамасыз етедi;

10) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Мемлекеттiк корпорацияға мемлекеттiк қызметтер көрсету үшiн қажеттi мәлiметтердi қамтитын ақпараттық жүйелерге қолжетiмдiлiк бередi;

11) мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбi туралы ақпаратты Бiрыңғай байланыс орталығына бередi;

12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын iшкi бақылауды жүргiзедi;

13) көрсетiлетiн қызметтi берушiлердiң мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердi сақтауын қамтамасыз етедi;

14) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүдделерi үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелетiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

Ескерту. 11-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

11-1-бап. Мемлекеттiк корпорацияның қызметiн ұйымдастыру

1. Мемлекеттiк корпорация жеке және (немесе) заңды тұлғаларға "бiр терезе" қағидаты бойынша мемлекеттiк қызметтер көрсету, жеке және заңды тұлғалардың мiндеттi мемлекеттiк тiркелуге жатпайтын жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеу, ғимараттарды, құрылысжайларды және (немесе) олардың құрамдастарын техникалық зерттеп-қарау, жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу, мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзу, зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандыру, коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу және олардың филиалдары мен өкiлдiктерiн есептiк тiркеу саласындағы қызметтi жүзеге асыратын бiрыңғай провайдер болып табылады.

Өзге тұлғалардың бiрыңғай провайдер қызметiн жүзеге асыруына тыйым салынады.

2. Мемлекеттiк корпорация акционерлiк қоғам нысанында құрылады, ол коммерциялық емес ұйым болып табылады.

Мемлекеттiк корпорацияның өз филиалдары болады.

3. Мемлекеттiк корпорацияның жалғыз акционерi Қазақстан Республикасының Үкiметi болып табылады. Мемлекеттiк корпорацияның уәкiлеттi органы орталық мемлекеттiк органдар арасынан Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен айқындалады.

4. Мемлекеттiк корпорация:

1) мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын арттыруды қамтамасыз етедi;

2) мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердiң сақталуын қамтамасыз етедi;

3) көрсетiлетiн қызметтi алушылардың мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбi туралы хабардар болуын қамтамасыз етедi;

3-1) азаматтардың дербес деректерiне қолжетiмдiлiгi бар, сондай-ақ мемлекеттiк қызметтер көрсету процесiне қатысатын Мемлекеттiк корпорация қызметкерлерi Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен келiсу бойынша ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен тексеруге жатады;

4) көрсетiлетiн қызметтi алушылардың мемлекеттiк қызметтер көрсету мәселелерi бойынша өтiнiштерiн қарайды;

5) мемлекеттiк қызметтер көрсету саласында қызметкерлердiң бiлiктiлiгiн арттыруды қамтамасыз етедi;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес "бiр терезе" қағидаты бойынша жеке және (немесе) заңды тұлғаларға мемлекеттiк қызметтер көрсетедi;

6-1) мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi органға мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалауды жүргiзу үшiн Мемлекеттiк корпорация арқылы көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтер жөнiнде ақпарат бередi;

7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

Ескерту. 2-тарау 11-1-баппен толықтырылды — ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); өзгерiстер енгiзiлдi — 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 02.04.2019 № 241-VI (01.07.2019 бастап қолданысқа енгiзiледi); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

3-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК КӨРСЕТIЛЕТIН ҚЫЗМЕТТЕР ТIЗIЛIМI, ОЛАРДЫ КӨРСЕТУ ТӘРТIБIН АЙҚЫНДАЙТЫН ЗАҢҒА ТӘУЕЛДI НОРМАТИВТIК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТ

Ескерту. 3-тараудың тақырыбына өзгерiс енгiзiлдi — ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

12-бап. Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер тiзiлiмi

1. Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер тiзiлiмiне енгiзiлуге жатады.

2. Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер тiзiлiмiн жүргiзу тәртiбiн, сондай-ақ оның құрылымын мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды.

Ескерту. 12-бапқа өзгерiс енгiзiлдi — ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

13-бап. Мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiнi әзiрлеуге және бекiтуге қойылатын жалпы талаптар

Ескерту. 13-баптың тақырыбына өзгерiс енгiзiлдi — ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

1. Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасына қойылатын бiрыңғай талаптарды қамтамасыз ету үшiн орталық мемлекеттiк органдар мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердi, оның iшiнде Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерi көрсететiн мемлекеттiк қызметтер үшiн заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi және бекiтедi.

Мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық акт мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер тiзiлiмi бекiтiлген немесе оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген күннен бастап екi ай iшiнде әзiрленедi және бекiтiледi.

Мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеу және келiсу "Құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiнiң жобасы осы Заңның 15-бабында айқындалатын тәртiппен жария талқылауға жатады.

3. Мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау, өзгерту, толықтыру және олардың күшiн жою мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi органның, мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы уәкiлеттi органның, ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi органның, орталық мемлекеттiк органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарының, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкiмдерiнiң ұсыныстары негiзiнде, сондай-ақ мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингi және (немесе) көрсетiлетiн қызметтi алушылардың мемлекеттiк қызметтер көрсету мәселелерi жөнiндегi өтiнiштерiн қарау қорытындылары бойынша жүзеге асырылады.

Ескерту. 13-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 06.04.2016 № 484-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

14-бап. Мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiнiң мазмұнына қойылатын талаптар

Ескерту. 14-баптың тақырыбы жаңа редакцияда — ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

Мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық акт:

1) алып тасталды — ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

2) мыналардың:

мемлекеттiк қызмет көрсету процесiнде көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң (қызметкерлерiнiң) әрекет ету;

мемлекеттiк қызмет көрсету процесiнде көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң (қызметкерлерiнiң) өзара iс-қимыл жасау;

мемлекеттiк қызмет көрсету процесiнде Мемлекеттiк корпорациямен және (немесе) өзге де көрсетiлетiн қызметтi берушiлермен өзара iс-қимыл жасау, сондай-ақ ақпараттық жүйелердi пайдалану тәртiбiн сипаттауды;

3) орталық мемлекеттiк органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарының, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерiнiң, сондай-ақ көрсетiлетiн қызметтi берушiлердiң және (немесе) олардың лауазымды адамдарының, Мемлекеттiк корпорацияның және (немесе) оның қызметкерлерiнiң мемлекеттiк қызметтер көрсету мәселелерi бойынша шешiмдерiне, әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) шағымдану тәртiбiн;

3-1) мыналарды:

мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтiң атауын;

көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң атауын;

мемлекеттiк қызмет көрсету тәсiлдерiн;

мемлекеттiк қызмет көрсету мерзiмiн;

мемлекеттiк қызмет көрсету нысанын;

мемлекеттiк қызмет көрсету нәтижесiн;

мемлекеттiк қызмет көрсету кезiнде көрсетiлетiн қызметтi алушыдан алынатын төлемақы мөлшерiн және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсiлдерiн;

көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң жұмыс графигiн;

мемлекеттiк қызмет көрсету үшiн қажеттi құжаттардың тiзбесiн;

мемлекеттiк қызмет көрсетуден бас тарту үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген негiздердi қамтитын мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандарты нысанындағы қосымшаны;

4) мемлекеттiк қызмет көрсету, оның iшiнде электрондық нысанда және Мемлекеттiк корпорация арқылы көрсету ерекшелiктерi ескерiле отырып, өзге де талаптарды көздейдi.

Ескерту. 14-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

15-бап. Мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын жария талқылау

Ескерту. 15-баптың тақырыбы жаңа редакцияда — ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

1. Мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын жария талқылау мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлерде құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерi қозғалатын жеке және заңды тұлғалардың ескертпелерi мен ұсыныстарын ескеру мақсатымен жүргiзiледi.

2. Мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiнi әзiрлейтiн орталық мемлекеттiк орган мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтiң мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер тiзiлiмiне енгiзiлген күнiнен бастап бес жұмыс күнi iшiнде мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiнiң жобасын жария талқылау үшiн оны "электрондық үкiметтiң" веб-порталында, өзiнiң интернет-ресурсында және (немесе) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң интернет-ресурстарында орналастырады, сондай-ақ көрсетiлетiн қызметтi алушылардың мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандартының жобасы туралы хабардар етiлуiн өзге де тәсiлдермен қамтамасыз етедi.

3. Мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiнiң жобасын жария талқылау оның жария талқылау үшiн орналастырылған күнiнен бастап он жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырылады.

4. Мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiнiң жобасын әзiрлейтiн орталық мемлекеттiк орган мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандартының жобасын жария талқылаудың аяқталғаны туралы есеп жасайды, ол "электрондық үкiметтiң" веб-порталында, өзiнiң интернет-ресурсында және (немесе) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң интернет-ресурстарында орналастырылуға жатады.

Мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiнiң жобасын жария талқылаудың аяқталғаны туралы есепте:

қабылданған және (немесе) қабылданбаған ескертпелер мен ұсыныстар бойынша негiздемелер қоса берiле отырып, жария талқылау барысында алынған ескертпелер мен ұсыныстардың тiзбесi мен қысқаша мазмұны;

мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiнiң келiп түскен ескертпелер мен ұсыныстар ескерiле отырып пысықталған жобасымен танысу тәсiлi туралы ақпарат қамтылады.

Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiнiң жобасына осы баптың 3-тармағында көрсетiлген мерзiм өткеннен кейiн келiп түскен ескертпелерi мен ұсыныстары қарауға жатпайды.

Мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiнiң жария талқылау нәтижелерi бойынша пысықталған жобасы және мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiнiң жобасын жария талқылаудың аяқталғаны туралы есеп мүдделi орталық мемлекеттiк органдарға, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарына, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерiне келiсуге жiберiледi.

5. Бекiтiлген мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлерге өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң жобалары осы бапта белгiленген тәртiппен мiндеттi түрде жария талқылануға жатады.

Ескерту. 15-бапқа өзгерiс енгiзiлдi — ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

16-бап. Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет регламентiн әзiрлеуге қойылатын талаптар

Ескерту. 16-бап алып тасталды — ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

17-бап. Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет регламентiнiң мазмұнына қойылатын талаптар

Ескерту. 17-бап алып тасталды — ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

4-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ

18-бап. Мемлекеттiк қызметтер көрсету

Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер:

1) көрсетiлетiн қызметтi берушiлер арқылы;

2) Мемлекеттiк корпорация арқылы;

3) "электрондық үкiметтiң" веб-порталы және ұялы байланыс абоненттiк құрылғысы арқылы;

4) стационарлық абоненттiк құрылғы арқылы көрсетiледi.

Ескерту. 18-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — 17.11.2015 № 408-V(01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); ҚР 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

19-бап. Көрсетiлетiн қызметтi берушiлердiң мемлекеттiк қызметтер көрсетуi

Көрсетiлетiн қызметтi берушiлердiң мемлекеттiк қызметтер көрсетуiне қойылатын талаптар және оларды көрсету тәртiбi мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiде айқындалады.

Көрсетiлетiн қызметтi алушы мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiде көзделген тiзбеге сәйкес құжаттардың топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзiмi өтiп кеткен құжаттарды ұсынған жағдайларда, көрсетiлетiн қызметтi берушi өтiнiштi қабылдаудан бас тартады.

Ескерту. 19-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 06.04.2016 № 484-V (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

19-1-бап. Көрсетiлетiн қызметтi берушiлердiң мемлекеттiк қызметтер көрсетуден бас тартуы

1. Көрсетiлетiн қызметтi берушi мемлекеттiк қызметтер көрсетуден бас тартқан кезде көрсетiлетiн қызметтi алушыға мемлекеттiк қызметтер көрсетуден бас тартудың себептерiн көрсете отырып, жауап жiбередi.

2. Көрсетiлетiн қызметтi берушiлер мынадай негiздер:

1) көрсетiлетiн қызметтi алушының мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтi алу үшiн ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердiң (мәлiметтердiң) анық еместiгiн анықтау;

2) көрсетiлетiн қызметтi алушының және (немесе) мемлекеттiк қызмет көрсету үшiн қажеттi ұсынылған материалдардың, объектiлердiң, деректердiң және мәлiметтердiң Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген талаптарға сәйкес келмеуi;

3) уәкiлеттi мемлекеттiк органның мемлекеттiк қызмет көрсету үшiн қажеттi келiсiмi туралы сұрау салуға берiлген терiс жауап, сондай-ақ сараптаманың, зерттеудiң не тексерудiң терiс қорытындысы;

4) көрсетiлетiн қызметтi алушыға қатысты оның қызметiне немесе мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтi алуды талап ететiн жекелеген қызмет түрлерiне тыйым салу туралы соттың заңды күшiне енген шешiмiнiң (үкiмiнiң) болуы;

5) көрсетiлетiн қызметтi алушыға қатысты соттың заңды күшiне енген үкiмiнiң болуы, оның негiзiнде көрсетiлетiн қызметтi алушының мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтi алумен байланысты арнаулы құқығынан айырылуы бойынша мемлекеттiк қызметтердi көрсетуден бас тартады.

3. Көрсетiлетiн қызметтi алушы мемлекеттiк қызметтi көрсетуден бас тарту себептерiн жойған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтi алу үшiн көрсетiлетiн қызметтi алушының қайта жүгiнуiне болады.

4. Осы баптың 2-тармағының қолданысы "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген тәртiппен лицензия алу жағдайларына қолданылмайды.

5. Қазақстан Республикасының заңдарымен мемлекеттiк қызметтер көрсетуден бас тартудың өзге де негiздерi белгiленуi мүмкiн.

Ескерту. 4-тарау 19-1-баппен толықтырылды — ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

20-бап. Мемлекеттiк корпорация арқылы мемлекеттiк қызметтер көрсету

1. Көрсетiлетiн қызметтi алушының өтiнiшi мен құжаттарын көрсетiлетiн қызметтi берушiлерге қағаз жеткiзгiште жөнелтудi көздейтiн мемлекеттiк қызметтердi Мемлекеттiк корпорация арқылы көрсету кезiнде өтiнiштер мен құжаттар қабылданған күн мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiде белгiленген мемлекеттiк қызмет көрсету мерзiмiне кiрмейдi.

2. Мемлекеттiк корпорацияның қызметкерi мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiде көзделген тiзбеге сәйкес құжаттардың толық топтамасы көрсетiлетiн қызметтi алушыда болған кезде оның өтiнiшiн қабылдауға мiндеттi.

Көрсетiлетiн қызметтi алушы мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiде көзделген тiзбеге сәйкес құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған, сондай-ақ қолданылу мерзiмi өтiп кеткен құжаттарды ұсынған жағдайда, Мемлекеттiк корпорацияның қызметкерi өтiнiштi қабылдаудан бас тартады.

3. Мемлекеттiк корпорация арқылы мемлекеттiк қызмет көрсету кезiнде көрсетiлетiн қызметтi алушының жеке басын сәйкестендiрудi Мемлекеттiк корпорацияның қызметкерлерi жүзеге асырады.

4. Мемлекеттiк корпорация арқылы мемлекеттiк қызметтер көрсету кезiнде көрсетiлетiн қызметтi берушiлермен өзара iс-қимыл жасау мемлекеттiк қызметтер көрсету мониторингiнiң ақпараттық жүйесi пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.

5. Алып тасталды — ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

6. Мемлекеттiк корпорацияның қызметкерлерi мемлекеттiк қызметтер көрсету кезiнде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәлiметтердi пайдалануға көрсетiлетiн қызметтi алушының жазбаша келiсiмiн алуға мiндеттi.

Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда — ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); өзгерiс енгiзiлдi — ҚР 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

21-бап. Электрондық нысанда мемлекеттiк қызметтер көрсету

1. Электрондық нысанда мемлекеттiк қызметтер көрсету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес "электрондық үкiметтiң" веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

2. Электрондық құжат немесе қағаз жеткiзгiштегi құжат не "электрондық үкiметтiң" ақпараттық жүйесiнен мәлiмет беру электрондық нысанда мемлекеттiк қызмет көрсетудiң нәтижесi болып табылады.

2-1. Ұялы байланыс абоненттiк құрылғысы арқылы алынған, электрондық нысанда мемлекеттiк қызметтер көрсету нәтижелерi электрондық құжат нысанында "электрондық үкiмет" веб-парталындағы пайдаланушының кабинетiне, сондай-ақ көрсетiлетiн қызметтi алушының таңдауы бойынша қысқа мәтiндiк хабар түрiнде оның абоненттiк нөмiрiне жiберiледi.

2-2. Ұялы байланыс абоненттiк құрылғысы арқылы алынған, электрондық нысанда мемлекеттiк қызметтер көрсету нәтижелерiнiң мiндеттi деректемелерi, сондай-ақ олардың анықтығын тексеру тәртiбi Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасымен реттеледi.

2-3. Ұялы байланыс абоненттiк құрылғысы арқылы алынған, электрондық нысанда мемлекеттiк қызметтер көрсету нәтижелерiн көрсетiлетiн қызметтi алушы оларды қағаз жеткiзгiште ұсыну қажеттiлiгiнсiз, заңдық мәнi бар фактiлердi растау үшiн пайдаланады.

3. Мемлекеттiк корпорация арқылы электрондық нысанда мемлекеттiк қызмет көрсету кезiнде көрсетiлетiн қызметтi алушының жазбаша келiсiмi негiзiнде электрондық құжат нысанындағы оның сұрау салуын Мемлекеттiк корпорацияның қызметкерi өзiне қызметтiк мақсатта пайдалану үшiн берiлген электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырады.

4. Көрсетiлетiн қызметтi алушыларға ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен бiр өтiнiш" қағидаты бойынша электрондық нысанда бiрнеше мемлекеттiк қызмет көрсетiлуi мүмкiн.

5. Электрондық нысанда мемлекеттiк қызметтердi көрсету үшiн мемлекеттiк органдар тұрақты түрде өздерiнiң ақпараттық жүйелерiндегi электрондық ақпараттық ресурстарын жаңартылған күйде ұстап тұруға мiндеттi.

Ескерту. 21-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

21-1-бап. Проактивтi қызметтер көрсету

Проактивтi қызметтер көрсету көрсетiлетiн қызметтi алушының өтiнiшiнсiз, "электрондық үкiмет" веб-порталында көрсетiлетiн қызметтi алушының ұялы байланыс абоненттiк құрылғысының телефон нөмiрi тiркелген кезде мемлекеттiк органдардың ақпараттық жүйелерi арқылы көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң бастамасы бойынша жүзеге асырылады және мыналарды:

1) көрсетiлетiн қызметтi алушыға мемлекеттiк қызмет көрсетуге сұрау салуы бар автоматты хабарламалар жөнелтудi;

2) көрсетiлетiн қызметтi алушының ұялы байланыс абоненттiк құрылғысы арқылы проактивтi қызмет көрсетуге көрсетiлетiн қызметтi алушының келiсiмiн, сондай-ақ көрсетiлетiн қызметтi алушыдан өзге де қажеттi, оның iшiнде қолжетiмдiлiгi шектеулi мәлiметтердi алуды қамтиды.

Ескерту. 4-тарау 21-1-баппен толықтырылды — ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

22-бап. Мемлекеттiк қызметтер көрсету процестерiн оңтайландыру

Мемлекеттiк қызметтер көрсету процестерiн оңтайландыруды орталық мемлекеттiк органдар, Мемлекеттiк корпорация, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерi ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен тұрақты негiзде жүзеге асырады.

Мемлекеттiк корпорация арқылы мемлекеттiк қызметтер көрсету процестерiн оңтайландыру мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы уәкiлеттi органның шешiмi негiзiнде, оның iшiнде мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы пилоттық жобалардың қорытындысы бойынша жүргiзiледi. Мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы уәкiлеттi органның және мүдделi орталық мемлекеттiк органдардың — мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiнi әзiрлеушiлердiң мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы пилоттық жобаларын iске асыру бiрлескен шешiмнiң негiзiнде жүзеге асырылады.

Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда — ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

23-бап. Көрсетiлетiн қызметтi алушыларды мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбi туралы хабардар ету

1. Мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбi туралы ақпарат:

1) мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердi көрсетiлетiн қызметтi берушiлердiң орналасқан жерлерiнде және Мемлекеттiк корпорацияда орналастыру;

2) жеке және заңды тұлғалардың көрсетiлетiн қызметтi берушiлерге өтiнiш жасауы;

3) мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердi "электрондық үкiметтiң" веб-порталында, орталық мемлекеттiк органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарының, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкiмдерiнiң, көрсетiлетiн қызметтi берушiлердiң интернет-ресурстарында және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру;

4) Бiрыңғай байланыс орталығына өтiнiш жасау арқылы ұсынылады.

2. Орталық мемлекеттiк органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерi және көрсетiлетiн қызметтi берушiлер мемлекеттiк қызмет көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық акт бекiтiлген немесе өзгертiлген күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде оны көрсету тәртiбi туралы ақпаратты жаңартады және Бiрыңғай байланыс-орталығына жiбередi.

3. Орталық мемлекеттiк органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерi, көрсетiлетiн қызметтi берушiлер және Мемлекеттiк корпорация көрсетiлетiн қызметтi алушылар өтiнiш жасаған кезде оларға қажеттi түсiнiктемелермен бiрге мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбi туралы ақпаратты дереу беруге мiндеттi.

4. Мемлекеттiк қызмет көрсету сатысы туралы ақпарат көрсетiлетiн қызметтi алушыға оның Бiрыңғай байланыс орталығына және (немесе) көрсетiлетiн қызметтi берушiге өтiнiш жасаған кезiнде ұсынылады.

5. Орталық мемлекеттiк органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерi жыл сайын "электрондық үкiметтiң" веб-порталында, интернет-ресурстарда және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттiк қызметтер көрсету мәселелерi жөнiндегi қызмет туралы есептi орналастырады.

6. Орталық мемлекеттiк органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерi көрсетiлетiн қызметтi берушiлердiң, мүдделi жеке және заңды тұлғалардың қатысуымен мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы қызмет туралы есептерге жылына кемiнде бiр рет жария талқылаулар өткiзедi. Жария талқылаулардың қорытындылары мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын арттыру және мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлердi жетiлдiру үшiн пайдаланылады.

Ескерту. 23-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

24-бап. Мемлекеттiк қызметтер көрсеткенi үшiн төлемақы

1. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк қызметтер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ақылы немесе тегiн негiзде көрсетiледi.

2. Қазақстан Республикасының заңдарында тегiн ұсынылуға кепiлдiк берiлген мемлекеттiк қызметтердi көрсеткенi үшiн көрсетiлетiн қызметтi алушыға төлемақы белгiлеуге жол берiлмейдi.

25-бап. Мемлекеттiк қызметтер көрсету мәселелерi бойынша шағымдарды қарау ерекшелiктерi

1. Көрсетiлетiн қызметтi алушылардың мемлекеттiк қызметтер көрсету мәселелерi бойынша шағымдары осы Заңда белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаралуға жатады.

2. Мемлекеттiк қызметтердi тiкелей көрсететiн орталық мемлекеттiк органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң, көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң, Мемлекеттiк корпорацияның атына келiп түскен көрсетiлетiн қызметтi алушының шағымы оны тiркеген күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде қарауға жатады.

Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi органның атына келiп түскен көрсетiлетiн қызметтi алушының шағымы оның тiркелген күнiнен бастап он бес жұмыс күнi iшiнде қаралуға жатады.

3. Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi орган шағымды қарау қорытындылары бойынша:

1) көрсетiлетiн қызметтi алушының шағымы бойынша орталық мемлекеттiк орган, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органы, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмi, көрсетiлетiн қызметтi берушi, Мемлекеттiк корпорация қабылдаған шешiмге оның қанағаттанбауы себептерiн кешендi зерделеудi қамтамасыз етуге;

2) орталық мемлекеттiк орган, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органы, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың, ауылдық округтiң әкiмi тарапынан Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы заңнамасының сақталмау фактiсi анықталған жағдайда олардың атына көрсетiлетiн қызметтi алушының бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қалпына келтiру жөнiнде шаралар қолдану үшiн ұсыныстар жiберуге;

3) көрсетiлетiн қызметтi алушының шағымын орталық мемлекеттiк орган, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органы, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың, ауылдық округтiң әкiмi тарапынан қанағаттандырудың уақтылылығы мен толықтығын бақылауды жүзеге асыруға мiндеттi.

4. Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi органның, орталық мемлекеттiк органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң шағымды қарау мерзiмi:

1) шағым бойынша қосымша зерделеу немесе тексеру не жергiлiктi жерге барып тексеру жүргiзу;

2) қосымша ақпарат алу қажет болған жағдайларда он жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмге ұзартылады.

Шағымды қарау мерзiмi ұзартылған жағдайда шағымдарды қарау бойынша өкiлеттiктер берiлген лауазымды адам шағымды қарау мерзiмi ұзартылған кезден бастап үш жұмыс күнi iшiнде шағым берген көрсетiлетiн қызметтi алушыға ұзарту себептерiн көрсете отырып, шағымды қарау мерзiмiнiң ұзартылғаны туралы жазбаша нысанда (шағым қағаз жеткiзгiште берiлген кезде) немесе электрондық нысанда (шағым электрондық түрде берiлген кезде) хабарлайды.

Ескерту. 25-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

5-тарау. Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын мемлекеттiк бақылау. Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және оған қоғамдық мониторинг жүргiзу

Ескерту. 5-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда — ҚР 23.11.2015 № 417-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

26-бап. Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын мемлекеттiк бақылауды, мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалауды және оған қоғамдық мониторингтi жүргiзу қағидаттары

Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын мемлекеттiк бақылауды, мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалауды және оған қоғамдық мониторингтi жүргiзу мынадай қағидаттарға негiзделедi:

1) заңдылық;

2) объективтiлiк;

3) бейтараптық;

4) анықтық;

5) жан-жақтылық;

6) ашықтық.

Ескерту. 26-бап жаңа редакцияда — ҚР 23.11.2015 № 417-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

27-бап. Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын мемлекеттiк бақылауды жүргiзудiң ерекшелiктерi

1. Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын мемлекеттiк бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Орталық мемлекеттiк органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарының, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкiмдерiнiң, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызметтер көрсететiн жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы қызметi мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын мемлекеттiк бақылаудың объектiсi болып табылады.

Ескерту. 27-бап жаңа редакцияда — ҚР 23.11.2015 № 417-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

28-бап. Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалауды жүргiзу тәртiбi

Электрондық нысанда көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердi қоспағанда, мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалауды мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.

Электрондық нысанда көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң сапасын бағалауды ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.

29-бап. Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингi

1. Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингiн жеке тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар өз бастамасы бойынша және өз есебiнен жүргiзедi.

Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi органның мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысы бойынша да жүргiзiледi.

2. Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргiзу кезiнде жеке тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк құпияларды, коммерциялық және өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда, мемлекеттiк қызметтер көрсету саласына жататын қажеттi ақпаратты орталық мемлекеттiк органдардан, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарынан, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкiмдерiнен, Мемлекеттiк корпорациядан осы ақпарат олардың интернет-ресурстарында болмаған жағдайда, сұратуға құқылы.

3. Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингi нәтижелерi бойынша жеке тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар қорытынды жасайды. Мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингiнiң қорытындысы:

1) орталық мемлекеттiк органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдарының, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерiнiң, Мемлекеттiк корпорацияның, сондай-ақ көрсетiлетiн қызметтi берушiлердiң Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауы туралы ақпаратты;

2) мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингi барысында анықталған Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы заңнамасының сақталмау фактiлерiн жою жөнiндегi ұсынымдарды;

3) мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын арттыру жөнiндегi ұсыныстарды;

4) мемлекеттiк қызметтер көрсету тәртiбiн айқындайтын заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлерге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу жөнiндегi ұсыныстарды қамтиды.

4. Орталық мемлекеттiк органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерi, Мемлекеттiк корпорация, сондай-ақ көрсетiлетiн қызметтi берушiлер мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг қорытындысын ескере отырып, мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын арттыру жөнiнде шаралар қабылдайды.

Ескерту. 29-бапқа өзгерiстер енгiзiлдi — ҚР 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгiзiледi); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

30-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметтер көрсету саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының

ПрезидентiН.НАЗАРБАЕВ.

© 2012. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК

Мақаланың шыққан күні: 12.01.2018 17:17
Парақтағы соңғы өзгерістер: 18.12.2019 15:11
Қаралым саны: 3601

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

  

@2020 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@aqmola.gov.kz