A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
«БЖЗҚ» АҚ Ақмола облыстық филиалының сұрақ-жауап түрінде әзірленген бастамшылық материалы Сұрақтар

1. Бұрын үзiндi көшiрменi пошта арқылы мекенжайыма әкелетiн. Мекенжайымды ауыстырған соң алмайтын болдым. Үзiндi көшiрменi алудың басқа да жолдары бар ма?

Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жыл сайын салымшылардың атына үзiндi көшiрмесi бар хат жiбередi. Ал кейбiр салымшылар көрсетiлген мекенжайдан әлдеқашан көшiп кеткен болуы мүмкiн. Сол себептi жiберiлген хаттардың бiр бөлiгi «Хат алушы көрсетiлген мекенжайда тұрмайды» деген белгiмен керi қайтарылады. Сәйкесiнше Қор келесi жылы зейнетақы шотының жай-күйi туралы хатты жолданым иесiне жiбермеуге құқылы. Осылайша салымшының Қормен байланысы үзiледi. Сөйтiп, жинақтарының жағдайы қалай болып жатқандығынан бейхабар болып жүре бередi. Ал әрбiр салымшы өзiнiң жеке зейнетақы шоты туралы ақпаратты алып тұруға мүдделi болуы керек. Яғни, зейнетақы шоты бойынша ақпарат алудың қандай тәсiлiн таңдағандығын нақтылап, Қорда сақталған жеке деректерiн жаңартып отырғаны абзал. Заң бойынша өздерi үшiн мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары төленген жеке тұлғалар Қордың өз мiндеттемелерiн орындауға әсер ететiн барлық өзгерiстер жайында Қорға хабарлап отыруға мiндеттi.

БЖЗҚ өз тарапынан салымшыларға зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпарат алудың бiрнеше тәсiлiн ұсынады. Салымшы солардың iшiнен салымшы өзiне ыңғайлысын таңдайды. Бүгiнде зейнетақы шотының жай-күйi туралы ақпаратты:

– дәстүрлi пошта байланысы;

– электрондық пошта;

– БЖЗҚ кеңсесiне тiкелей өзi келу;

– интернет байланысы (электрондық цифрлық қолтаңба немесе тiркелген жеке сәйкестендiру нөмiрi мен парольдың көмегiмен Қор сайты немесе смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF ұялы қосымшасы) арқылы алуға болады.

Бүгiнде ақпарат алу тәсiлдерiнiң iшiнде ең ыңғайлысы — әрине, интернет байланысы. Сол арқылы жеке зейнетақы шоты бойынша үзiндi көшiрменi enpf.kz сайтындағы Жеке кабинет және смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF ұялы қосымшасы арқылы кез келген уақытта көруге болады. Қосымша қазақ және орыс тiлдерiнде қолжетiмдi.

Егер салымшы бұған дейiн ақпарат алу тәсiлiн таңдамаған болса немесе оны өзгерткiсi келсе, Қордың жергiлiктi бөлiмшесiне келiп, хабарлау тәсiлiн өзгерту/белгiлеу туралы қосымша келiсiмге қол қояды. Бұл операция бар болғаны бiрнеше минут уақытты алады. Сөйтiп, ұялы телефонға «ENPF» ұялы қосымшасын жүктеп алады. Кейiн логин мен құпия сөздi (пароль) қолдана отырып, кез келген жерде, кез келген уақытта жеке зейнетақы шотының жай-күйiн осы ұялы телефондағы ұялы қосымшадан немесе Қор сайтының Жеке кабинетiнен көруге болады. Қазiр логин ретiнде жеке сәйкестендiру нөмiрi (ЖСН) қолданылады.

Ал егер электрондық цифрлық қолтаңба бар болса, Қор бөлiмшесiне келмей-ақ, enpf.kz сайтының «Электрондық қызмет көрсету» бөлiмi арқылы ақпарат алу тәсiлi ретiнде интернет байланысын таңдауға және жеке деректемелердi өзгертуге болады.

2. Егер салымшы мүгедек болып, БЖЗҚ кеңсесiне қызметiн алуға өз бетiмен келудiң мүмкiндiгi жоқ болса, не iстеуге болады?

БЖЗҚ-ның негiзгi мiндеттерiнiң бiрi — тұрғындарға көрсетiлетiн қызметтердiң ашықтығы мен қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету. Осы мақсатта салымшылар мен алушыларға барып қызмет көрсету бойынша «Мобильдiк агент» жобасы iске қосылған. Бұл жобаның негiзгi мақсаты — халықтың әлеуметтiк тұрғыдан осал топтарына, мүмкiндiгi шектеулi жандарға қолдау көрсету. Егер салымшы (алушы) қандай да бiр себеппен, бiрiншi кезекте денсаулығына байланысты БЖЗҚ кеңсесiне келе алмайтын болса, онда Қор қызметкерлерi оған өздерi барып қызмет көрсетедi.

Мүмкiндiгi шектеулi жандармен қатар, режимдiк және ерекше қорғауға алынған нысандардағы азаматтар да «Мобильдiк агент» қызметiн пайдалана алады. Бұл қызметтi www.enpf.kz сайтында «Электрондық қызмет көрсету» — «Халықтың әлеуметтiк осал топтары үшiн электрондық өтiнiш беру» бөлiмi арқылы пайдалануға болады.

Мүмкiндiгi шектеулi салымшылар (алушылар) бойынша мәлiметтер БЖЗҚ-ға Ақпарат алмасу шарты аясында «Азаматтарға арналған үкiмет» Мемлекеттiк корпорациясынан берiледi.

3. Салымшы қайтыс болған жағдайда оның зейнетақы жинақтары мұрагерлерге қалай берiледi?

Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (бұдан әрi — БЖЗҚ, Қор) зейнетақы жинақтары өсиет бойынша және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының (бұдан әрi — Заң) 31-33 — баптарына сәйкес мұраға қалдырылады.

Зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, Қор қажет жағдайда оның отбасына немесе жерлеудi ұйымдастырған адамға жерлеуге арналған бiржолғы төлем төлейдi. Бұл төлем 1998 жылдан берi жүзеге асырылып келедi және оның көлемi әр жылдары әрқалай болып келдi. Ал биыл оның сомасы тиiстi қаржы жылына белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 52,4 еселенген мөлшерiнде (2525*52,4 = 132 310 теңге) белгiленген.

Бiрақ бұл сома жеке зейнетақы шотында жатқан қаражаттан аспауы тиiс. Егер жерлеуге арналған бiржолғы төлемнен кейiн шотта қалған ақшаның сомасы ең төмен зейнетақы мөлшерiнен (биыл: 36 108 теңге) аспайтын болса, онда бұл қалдық жерлеуге арналған бiр жолғы төлемге қосылып төленедi. Заң бойынша жерлеуге арналған төлем 5 (бес) жұмыс күнi iшiнде алушының банк шотына аударылады.

Ескере кетелiк, жерлеуге арналған төлемге 10 пайыз мөлшерiнде жеке табыс салығы салынады.

Жерлеуге арналған бiржолғы төлемдi алу үшiн мынадай құжаттар талап етiледi: зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған адамның отбасы мүшесiнiң немесе жерлеудi жүзеге асырған тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi және салыстыру үшiн түпнұсқасы, зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болғаны туралы куәлiктiң көшiрмесi және салыстыру үшiн түпнұсқасы және алушының банк шоты туралы мәлiметтер.

Ал зейнетақы қорында жерлеуге арналған бiржолғы төлемнен кейiн қалған зейнетақы жинақтарын алу үшiн Мұрагерлiк құқығы туралы куәлiк қажет. Оны алу үшiн мұрагер нотариусқа жүгiнiп, өтiнiш бередi.

Мұрагерлiкке құқығы бар тұлғалардың толық тiзiмi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көрсетiлген. Ал мұраны қабылдау туралы өтiнiш, мұраға қалдырушы қайтыс болған күннен бастап 6 (алты) айдың iшiнде берiлуi тиiс. Егер мұрагер мұраны қабылдау мерзiмiн өткiзiп алған болса, онда сотқа жүгiнуiне тура келедi. Мұра ашылған күннен бастап алты ай өткен соң, нотариус мұрагердiң өтiнiшi бойынша оған Мұрагерлiк құқығы туралы куәлiк беруге мiндеттi.

Ал БЖЗҚ Заңның 34-бабы 9-шы тармағының 2) тармақшасына сәйкес ҚР Үкiметi бекiткен тәртiппен зейнетақы төлемдерiн жүзеге асырады. Қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтарын алу үшiн мұрагерлер Қор кеңсесiне өздерi жүгiнгенде мына құжаттарды ұсынады: БЖЗҚ iшкi құжатымен бекiтiлген нысан бойынша өтiнiш, мұрагердiң жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi және салыстыру үшiн түпнұсқасы, зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болғаны туралы куәлiктiң нотариат куәландырған көшiрмесi, мұрагерлiк құқығы туралы куәлiктiң түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшiрмесi не мұраға берiлетiн мүлiктi бөлу туралы келiсiмнiң түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшiрмесi және заңды күшiне енген сот шешiмi, алушының банк шоты туралы мәлiметтер.

Қорға ұсынылатын құжаттар тiзбесi enpf.kz сайтының «Қызметтер» — «Алушыларға» — «Алушының қайтыс болуына байланысты зейнетақы төлемдерiн ресiмдеу тәртiбi» бөлiмiнде көрсетiлген. Қор құжаттар топтамасы ұсынылған соң қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес зейнетақы жинақтарын құжаттар Қорға қабылданған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнi iшiнде төлейдi.

Айта кетелiк, таяуда «Е-нотариат» жүйесi мен БЖЗҚ ақпараттық жүйесiнiң өзара ықпалдастығы жүзеге асырылды. Соған сәйкес ендi нотариустар мен шетелдiк консулдық мекемелер өздерiнiң өндiрiсiндегi мұрагерлiк iстер бойынша (мұрагерлер өтiнiш берген жағдайда) қайтыс болған салымшылардың (алушылардың) Қорда жеке зейнетақы шотының және онда ақшаның болуы туралы БЖЗҚ-ға сауалдар жолдап, жауап ала алады. Бұл қызмет нотариустарға жүгiнген мұрагерлердiң уақытын үнемдейдi және қағаздық құжат айналымын жояды.

Мақаланың шыққан күні: 26.03.2019 16:14
Парақтағы соңғы өзгерістер: 26.03.2019 16:14
Қаралым саны: 992

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

 

@2019 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz