A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Тұжырымдама рухани жаңғырумен үндеседі

Ташмакова Тiлеген Мұхтарқызы,
ҚР Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрлiгi
Дiн iстерi комитетi Дiн мәселелерi жөнiндегi ғылыми-зерттеу және талдау орталығының
ғылыми қызметкерi

ТҰЖЫРЫМДАМА РУХАНИ ЖАҢҒЫРУМЕН ҮНДЕСЕДI

Қазақстан жаңа тарихи кезеңге аяқ басты: қазiр рухани жаңғырудың, ұлттық сананың жаңғыруының бағыт-бағдарын айқындап, Елбасымыз айтқандай, революциялық емес, эволюциялық дамитын кезең. Мемлекетiмiздiң жаңғыру кезеңiнде мемлекет пен дiн қатынасының қазақстандық үлгiсiн жасақтау — жаңа белестерге жол ашып, көпконфессиялы қоғамымыздың тұрақтылығын сақтаудағы маңызды қадам. Сондықтан ҚР Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрлiгi ұсынып отырған «Қазақстанның дiн саласындағы мемлекеттiк саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бүгiнгi күнi дiн аясында орын алып жатқан көкейкестi мәселелердiң шешiмiн табуға үлкен негiз болмақ.

Тұжырымдаманың негiзгi мақсаты — дiн саласын реттейтiн заңнамалық және өзге де нормативтiк-құқықтық актiлер ережелерiн жүзеге асыру, дiн саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асыруға қатысатын мамандардың бiлiктiлiгiн арттыру жұмыстардың жетiлдiру, Қазақстан халқының дәстүрлi рухани мәдениетiн елiмiзде және шетелдерде әрi қарай iлгерiлету, мемлекетiмiздiң рухани тiрегi болған асыл дiнiмiздiң жалпыға ортақ адамгершiлiк қағидаларын насихаттау және т.б..

Тұжырымдама негiзiнде дiни экстремизм идеологиясының қоғамда, әсiресе жастар арасында таралуы, шетелде дiни бiлiм алу, миссионерлiк қызметтi реттеу, жасөспiрiмдердi заңсыз дiни қызметке тарту және өзге де маңызды мәселелер кеңiнен қарастырылған. Сондай-ақ, елiмiздiң тыныштығын бұзатын дәстүрлi емес дiни ағымдарға қарсы қоғам иммунитетiн қалыптастыру шаралары да жан-жақты қамтылған. Тұжырымдама мазмұны ағымдағы ахуалдың талдауы, дiни ахуалдың дамуының негiзгi үдерiстерi, дiн саласындағы мемлекеттiк саясатты дамытудың негiзгi қағидалары мен басым бағыттары секiлдi мәселелердi қамтиды.

Тұжырымдаманы осы тарихи кезеңде қабылдаудың да өзiндiк себептерi де бар. Бiр ғана мысалға тоқталсақ, бүгiнгi таңда қаншама қаракөз жастарымыз өзгенiң қаңсығын таңсық көрiп, өз бойындағы ұлттық құндылықтарды аяқасты етiп жүр. Мысалы, дiни бiлiм алу мақсатымен шетел асқан жастарымыз дiн атын жамылған жат ағымдардың идеологиясына арбалып, шетiн көзқарас жетегiнде кетiп жатқанына куә болып отырмыз. Сол себептi, тұжырымдама бойынша дiн саласындағы мамандардың кадрлық әлеуетi, яғни азаматтарымыздың шетелдiк дiни оқу орындарында теологиялық бiлiм алу тәртiбi құқықтық реттеудi қажет ететiнi назарға алынған. Қазiргi уақытта шетелдiк оқу орнына ҚМДБ (Қазақстан мұсылмандар дiни басқармасы) рұқсатнамасы негiзiнде қабылдау туралы келiсiмдер жүргiзiлiп жатыр. Сондықтан алдағы тұжырымдама негiзiнде тиiстi заңнамаға енгiзiлетiн өзгертулер мен толықтырулар жастарымызды барынша сақтандырудың кепiлi болатынына сенiмдiмiз.

Елбасы Н.Назарбаев өзiнiң «Рухани жаңғыру — болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласында: «Бiз жат идеологиялардың әсерi туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгiлi бiр құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиiсiнше, оларға өзiмiздiң ұлттық құн­ды­лықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз» деп атап өткендей, тұжырымдама рухани құндылықтарды жаңғырту және халықтың ұлттық санасын ояту арқылы терiс пиғылды дiни ағымдарға қарсы күресу мақсатын көздейдi. Тұжырымдама дiн саласындағы мемлекеттiк саясатты дамытудың құқықтық, әдiстемелiк, ұйымдастыру шараларын кешендi түрде қамтыған.

«Бiз фанатизмге, дiни консерватизм мен догмаларға көзсiз iлесуден алшақ болатын өз өмiрiмiздi құрамыз. Қазақстан халқы бөтен мүдделердi насихаттайтын фанатик «кеңесшiлерге» алаңдамай, мемлекеттiк-конфессиялық қарым-қатынастың өзiндiк қазақстандық моделiн қалыптастыратындай толық құқыққа ие. Бiздiң өзiндiк моделiмiз бүгiнгi күннiң шынайылығын ескеруге және ұлттық дәстүрге негiзделедi. Бұл модель дiндi соқыр буквалистiк тұрғыдан қабылдамауға, дiни канондардағы оңды құндылықтарға, яғни қайырымды, өнегелi және бейбiт қатар өмiр сүруге негiзделуi қажет», — деп ҚР Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрi Н.Ермекбаев қоғамның санасын жаңғырту саласындағы министрлiктiң басым бағыттарының бiрi мемлекет пен дiн арасындағы ынтымақтастықтың өзiндiк моделiн қалыптастыру екенiн атап көрсеткен.

Мемлекет дамуының зайырлылық қағидаттарын сақтау мен насихаттаудың маңыздылығы, дiн саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асырудың негiзгi қағидалары мен басым бағыттары тұжырымдамада айқын көрсетiлген. Қазақстан — зайырлы мемлекет, ал зайырлылық — құқықтық ұстаным. Дiн мен мемлекет қатынасының жаңа моделiн қалыптастыру мемлекетiмiздiң зайырлылық үлгiсiн басты назарға алады. Себебi, зайырлылық ұстанымы жат ағымдардың идеологиясымен күресудiң басты қалқаны болмақ. Дiн мемлекеттiң негiзiн құраушы ең маңызды фактордың бiрi болғандықтан, iшкi тұрақтылықтың да кепiлi. Сондықтан, дiн — дұрыс түсiнген адам үшiн рухани кемелденуге жетелейтiн, ал қате түсiнген адам үшiн қиындыққа бастайтын жолға айналуы мүмкiн. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Бiз кез келген қиындықты бейбiтшiлiк, келiсiм және тұрақтылық негiзiнде жеңiп шығамыз. Дiнаралық және ұлтаралық келiсiм — бiздiң басты байлығымыз» деген ойы әрбiр Қазақстан азаматының күнделiктi ұстанымына айналуы тиiс. Дiн мен мемлекеттiк мүдденiң түйiсер жерi — елдiң тұтастығы және қоғамның ауызбiршiлiгi мен тұрақтылығы.

Бұл тұжырымдама — мемлекетiмiздiң дiн саласындағы саясатының даму бағытын айқындайтын құжат. Оның басты мақсаты әрбiр Қазақстан азаматының рухани санасын жаңғырту, салт-дәстүр, мәдениетiмiздi көздiң қарашығындай сақтай бiлу және тағылымы мол тарихымызды қастерлеу. Бұл консерватизм емес, керiсiнше, ұлттық кодымызды сақтай отырып, заман талабына сай икемделу, сан ғасырлар бойы сақталып келген рухани құндылықтарымызды жаңғырту. Қорыта айтқанда, осындай рухани жаңғыру кезеңiнде ұсынылған дiн саласындағы тұжырымдама болашақта жемiстi де өнiмдi нәтижелер бередi деп санемiз.

Дата создания статьи: 17.12.2017 18:19
Парақтағы соңғы өзгерістер: 17.12.2017 18:19
Қаралым саны: 426

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz