A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Теріс пиғылды ағымдардың көздегені отансүйгіштік сезімді жою

Теңлiбаева Жанар Қантемiрқызы,
ҚР Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрлiгi Дiн iстерi комитетi Дiн мәселелерi
жөнiндегi ғылыми-зерттеу және талдау орталығының
жетекшi ғылыми қызметкерi


ТЕРIС ПИҒЫЛДЫ АҒЫМДАРДЫҢ КӨЗДЕГЕНI -
ОТАНСҮЙГIШТIК СЕЗIМДI ЖОЮ

Отанның әрбiр адам үшiн қасиеттi ұғым екендiгi, оның отбасынан бастау алып, мемлекеттi iштей жұмылдырып тұратын алып күш екендiгi баршаға аян. Бұл туралы бұрын да, қазiр де қаншама туындылар жазылып, қаншама қанатты, аталы сөздер айтылуда. Сондықтан да өз отанын, туған жерiн қорғау баршаның азаматтық парызы. Елiне адал қызмет етiп, оны қорғауды мақсат ету, өз Отаны мен атамекенiне сүйiспеншiлiкпен қарау сезiмi «патриотизм»ұғымымен анықталады. Бұл- адамның өз отбасына, қоршаған ортасына, тұрған жерiнiң табиғатына, жалпы елiне деген құрметтен бастау алатын сезiм. Мiне, жастарды осындай шынайы патриоттық сезiмге баулып тәрбиелеу iсi қоғам үшiн маңызды мәселелер қатарынан орын алады. Өйткенi, бұл ешқашан өзектiлiгiн жоғалтпайтын, елдiң өркендеп дамуы үшiн өте қажеттi нәрсе. Әрбiр елдiң болашағының жарқын болуы оның азаматтарының бiлiмдiлiгiмен қатар, олардың отансүйгiштiк сезiмдерiнiң деңгейiне байланысты. Өз елiнiң, ұлтының патриоты болған азамат қана елiнiң тағдырына жанашырлықпен қарап, оған адал қызмет етудi өзiнiң борышы деп санайды.

Қазақ халқы да қашан да «Отан үшiн отқа түс, күймейсiң» деген даналық сөздi тәрбиенiң негiзi ұстанымдарының бiрi ретiнде ала отырып, әр баланың отанды қорғау жолында барлық қиындықтарға төзе бiлуге баулып тәрбиелейдi, ата-бабамыздың көздiң қарашығындай қорғап келген жерi мен аңсап өткен тәуелсiздiгiн сақтап қалу үшiн кейiнгi ұрпаққа перзенттiк парыз жүктейдi.

Дегенмен соңғы жылдары елiмiздiң аумағында осынау отан деген ұлы ұғымның қадiр-қасиетiнiң парқына бармастан, оны қорғамақ түгiл, халықтың өзiне тән құндылықтары мен ұлттық болмысынан айырып, елдiң тұтастығы мен қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн терiс пиғылды ағымдардың әрекет жүргiзiп отырғандығынбайқаудамыз. Ниетi терiс мұндай ағымдардың негiзгi мақсаты — ел халқының арасына iрiткi салып, алауыздық тудырып, территориялық тұтастығымызға қол сұғу ғана.

Мәселен, кейбiр дәстүрлi емес ағымдар елдiгiмiздiң символикалық белгiлерi болып табылатын мемлекеттiк рәмiздердi құрметтемейдi, сайлауда дауыс беруге қатыспайды, мемлекеттiк мерекелердi тойламайды. Яғни, олардың бойында отансүйгiштiк, патриоттық сезiмнен ада екенiн байқауға болады.

Ал, нағыз патриоттық сезiм адамның ең алдымен өз елiнiң Ата Заңын, Туын, Елтаңбасын, Әнұранын, Төлқұжатын, мемлекеттiк тiлi секiлдi мемлекеттiк нышандарын ерекше құрметтеуiнен басталады. Сондықтан да мемлекеттiк рәмiздерге елiмiзде биiк мәртебе берiлiп, оларды қадiрлеу елдiң тәуелсiздiгiн құрметтеумен теңестiрiледi, оларды құрмет тұту азаматтардың отансүйгiштiк сезiмiн қалыптастыруға септiгiн тигiзедi деп есептеледi.

Сондай-ақ, адамды өз отбасынан, одан ары Отанынан безiнуге жетелейтiн ислам атын жамылған дiни ағымдардың да елiмiздiң аумағында жүргiзген әрекеттерiн жасыра алмаймыз. Олар санасы әлi қалыптасып үлгермеген өскелең ұрпаққа шетiн көзқарастарын сiңiру арқылы оларды жерiнен, елiнен айыруды көздейдi. Қалыптасқан ұлттық құндылығынан алыстаған бала өзiндiк ойлау қабiлетiнен айрылып, күйзелiске ұшырайды, одан соң қоғамнан оқшауланып, өз елiн тастап кетуге дейiн барады. Жалған жиһадтың соңында, «таза исламды» аңсап, «жұмаққа» баруды көздеп туған жерiн оп-оңай тастап кетушiлер де осындай терiс пиғылды ағымдардың қатарын толықтырушылар. едi. Өткен жылдары елiмiзден «жиһадтың» жетегiне ерiп, Таяу Шығыстағы соғыс алаңына аттанған азаматтардың саны төрт жүздi құраған болатын.

Зайырлы мемлекет пен оның заңдарын жоққа шығаратын терiс пиғылды ағымдар өздерiн ғана шынайы ислам дiнiнiң ұстанушылары деп жариялап, билiкке қарсы шығуға бағытталған көзқарастарды насихаттайды. Олардың мемлекетке қатысты ұстанымдары зайырлы мемлекет басшысын мойындамауға, азаматтық мiндеттерден, зайырлы өмiр сүру салтынан бас тартуға негiзделедi.

Осындай идеологияның ықпалына түскен дiни сауатсыз жастар өз елiне қарсы көзқарасыты ұстанып, «нағыз ислам» мемлекетiнде тұруды көздеп елден кетуге шешiм қабылдайды. Алайда, елiмiзде отбасын тастап, туған жерден безетiндей ешқандай жағдай туындап отырмағаны белгiлi. Дiндi ұстануға да, дiннiң насихатталуына да елде барлық жағдай жасалған дей аламыз. Бұл жағдайларды бағаламай шекара асып жатқандар- жалған жарнамаға елiтiп, жаңылған, сауатсыз жандар. Ал, оларды жылы ұясынан бездiруге үндеп отырғандар халықтың арасына iрiткi салып, мемлекеттiң тыныштығы мен ынтымағын бұзуды көздеушiлер, елдi бөлшектеп, жерiмiзге көз сүзушiлер.

Ал, шынайы ислам дiнiнде Отанға деген, отансүйгiштiк, патриоттық сезiмге деген көзқарас қандай? Бұл ұғымдардың мәнi қалай түсiндiрiледi?

Ислам дiнiнде Отанды, туған жердi қорғау ең қасиеттi борыштардың бiрi болып саналып, оны қорғау жолында қайтыс болғандар шәйiттердiң қатарынан саналатындығы бұл ұғымның қаншалықты маңызды екенiн көрсетiп тұрса керек.

Сонымен қатар, Отан қорғаудың маңыздылығын көрсететiн мынадай тағылымды хадис те бар: «Екi көз ақыретте тозаққа күймейдi: бiрiншiсi күнәсына өкiнiш бiлдiрiп, оңашада егiлiп жылаған көз, екiншiсi Отанды қорғап шекара күзеткен көз». Осының өзi басқа жердi өзiнiң туған жерiнен артық санап, «жұмақ өмiрдi» аңсап, Отанынан безiнудiң қисынсыздығын көрсетуге жетерлiктей.

Қорыта айтқанда, жат ниеттi ағымдардың негiзгi мақсаттарының елдiң қамын ойлап, жастарға тура жолды көрсету емес, керiсiнше мемлекеттiң iшкi қауiпсiздiгiне зиян тигiзу екенi айдан анық. Сол мақсатта, яғни елдi тоқырату жолында олар жастарды көптеп пайдаланатындығы белгiлi. Өйткенi, елдiң ертеңi бiлiмдi жастардың қолында. Бүгiн жастарды арбап, бiлiмнен, руханияттан айрыып, өз мақсаттарына қолдана алса, мәңгүртке айналған адамды өз мүдделерiне қолдану қиын шаруа емес. Сол себептен олар жастардың бiлiм алуына, ғылыммен шұғылдануына қарсы бағытта қарқынды жұмыс жүргiзедi.

Сондықтан да жастарды әр түрлi жат ағымдардың жетегiнде кетуден сақтандыру үшiн оларды жастайынан өзiнiң асыл дiнiн, төл тарихын, ұлттық құндылықтарын сiңiрiп өсуiне баса мән беру өте маңызды. Өскелең ұрпақты ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұстанып келген имандылық жолына, туған жерi мен салт-дәстүрiн, тiлi мен мәдениетiн берiк ұстануға тәрбиелеу арқылы елдiң тұтастығы мен ынтымағына қол сұғуды көздеген терiс пиғылды ағымдардың ықпалынан сақтандыруға күш салғанымыз жөн. Оларды отансүйгiштiкке, патриоттыққа, адамгершiлiк қасиеттерге баулып, жалған құндылықтардан аулақ болуға тәрбиелеуiмiз қажет.

Ата-бабаларымыз да территориялық тұтастығымыз пен руханиятымызды қорғау жолында қаншама тер төгiп, ерен еңбектер атқарды. Атамекенiн жатқа таптатпаған жауынгер қазақ халқының ұрпақтары ендi осы найзаның ұшы, бiлектiң күшiмен келген туған жердiң, тәуелсiздiктiң қадiрiн жете түсiнуге мiндеттi. Талайлар аңсап өткен тәуелсiздiктiң туын жықпай, елдiң мәңгiлiк елге айналуына үлес қосу — бүгiнгi буынның перзенттiк парызы.

Осы тұрғыда айтылған Елбасы Н.Назарбаевтың «Бұл дүниеде бiздiң Отанымыз бар, ол — Тәуелсiз Қазақстан. Бұл туған мемлекетiмiздiң тәуелсiздiгiн баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игiлiгiне, халықаралық қоғамдастықта абыройының өсуiне адал қызмет етуге парыздармыз. Ол үшiн әрбiр азамат елiмiздiң тұтастығын, жерiмiздiң бүтiндiгiн, халықтарымыздың жарастығын аман сақтай бiлу қаншалықты үлкен тарихи жауапкершiлiк екенiн жақсы жан — тәнiмен сезiну керек»- деген тағылымды сөзi жоғарыда айтылғандарды нақтылай түседi.

Мақаланың шыққан күні: 17.12.2017 18:24
Парақтағы соңғы өзгерістер: 17.12.2017 18:24
Қаралым саны: 732

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

 

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz