A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Талақ деп тақылдағандар ұлт болашағына балта шабады

ТАЛАҚ ДЕП ТАҚЫЛДАҒАНДАР ҰЛТ БОЛАШАҒЫНА

БАЛТА ШАБАДЫ

«Kazislam» порталының сарапшысы, дiнтанушы, PhD докторы Ершат Оңғаровпен сұхбат

Жасыратыны жоқ, қазiр елiмiзде шайқалған шаңырақтар мен ойран болған отбасылар саны күн санап көбеюде. Оған ендi «Талақ!» деп тақылдайтын жастар шығып жатыр. Бұрын қазақ қоғамында ақ неке деген ұғымның орны қандай едi осы?

Неке халқымызда қасиеттi ұғым. Сондықтан оны жәй ғана неке деп емес, ақ неке, ақ некелi асыл жарым, құдай қосқан қосағым, ақ отауым, ақ шаңырағым деп ерекше құрметтеген. Асыл аналарымыз бен ардақты әкелерiмiз қара басының қамынан отбасы-ошақ қасының татулығын бiрiншi орынға қойған. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бұрын әжелерiмiз отбасында болып жатқан түсiнiспеушiлiктердi сыртқа бiлдiрмеген. Барлығын ақылмен, сабырмен өзара шешiп отырған. Қашан да «ұят болады» деген сөз саналарында тұратын. Бiр-бiрiнiң жамандығын жасырып, жақсылығын асырып отырған. Шаңырақтың биiк, босағаның берiк болу құпиясының бәрi осында жатса керек. Ұзақ жыл отасқан аналарымыздан бақытты отбасы болудың құпиясын сұрағанда көпшiлiгi «қиындықты бiрге жеңдiк, сабырлы болдық, бiр-бiрiмiзге кешiрiмдi болдық» деп жатады. Психологтардың айтуына қарағанда, ерлi-зайыптылардың өмiрде кездескен қиындықтарды бiрге жеңе бiлуi нәтижесiнде олардың қарым-қатынастары жаңа сатыға көтерiлiп, бiр-бiрiне деген сүйiспеншiлiктерi одан сайын арта түседi екен. Яғни, өмiрде кездесетiн қиындықтар оларды шыңдай түседi.

Көпшiлiкке топырақ шашудан аулақпыз, әрине! Тамыры тастай бекiген небiр мықты отбасылар бар. Дегенмен қазiргi отбасылардың түйткiлдерi туралы не айтасыз?

Ал қазiргi әлемдiк жаһандану заманында отбасының баға жетпес құндылық ретiндегi мәнi жойылып барады. Статистика мәлiметiне сүйенетiн болсақ, елiмiзде некелескен жұптар саны азайып, ажырасқан отбасылар саны артып келедi екен. Мәселен елiмiзде 2016 жылы 140 840 неке тiркелген болса, соның 51 775-i ажырасып кеткен. Ал некесiн заңды түрде тiркемей, тек шариғи неке қиғызумен шектелiп, содан соң үйленбей жатып ажырасып, талақ берiп жатқандар қаншама? Ең сорақысы да осы болып тұр. Бұрын-соңды ел естiмеген, елiмiзде болмаған, ұлтымызға, дiнiмiзге мүлдем жат, жиiркенiштi әрекеттер белең алып барады. Бiрнеше әйелге үйленiп, ертеңiне «талақ» деп некесiн заңдастырмай, ажырасып жатқандар көбейдi. Бұл ұлттың болашағына балта шауып, халықтың арасына iрiткi салуды көздеген жаман ниеттегi адамдардың iс-әрекетi екенi анық. Өкiнiшке қарай, бiздiң ештеңеден бейхабар, сауатсыз, аңқау қаракөз қыздарымыз солардың арбауына оңай түсiп, сан соғып қалып жатыр. Нәтижесiнде заңсыз туған жетiм балалар, жесiр аналар саны артуда. Осының бәрi өзiмiздiң сан ғасырлардан берi келе жатқан ұлттық құндылықтарымызға, асыл дiнiмiзге мән бермей, өзге мәдениетке елiктеудiң нәтижесi болса керек. Бұған тосқауыл қоймасақ, елдiгiмiзге, ұлтымызға зиянын тигiзедi, тiптi мемлекеттiң тұрақтылығына нұқсан келтiретiнi анық. Ол үшiн ел болып, ұлт болып жан-жақты күресуiмiз керек. Бұл мәселеге елiмiздiң әрбiр азаматы атсалысуы тиiс. Опық жеп қалған қыз сiздiң туған қарындасыңыз, қызыңыз немесе сiңлiңiз болуы да мүмкiн едi ғой.

Ендi мұның қандай шешiмдерiн көрiп отырсыз?

Мемлекеттiк мекемеде тiркеуден өткен соң барып мешiтте неке қидыру керек. Сондай-ақ «қызға қырық үйден» тыйым салып, ата-ана олардың әрбiр қадамын жiтi қадағалап отыруға мiндеттi. Егер балаларының немесе қыздарының қандай да бiр iс-әрекетiнен күмәнданса, оғаш қылықтар байқаса, онымен сөйлесiп, сөздерiне құлақ аспаса тиiстi орындарға хабарлауы қажет. Бiлiм ордаларының жоғары сынып оқушылары арасында, жоғарғы оқу орнында оқитын қыздарымыздың арасында арнайы мамандардың түсiндiру жұмыстары белсендi түрде жүргiзiлуi қажет. Тiптi теледидар, радиохабарларында берiлетiн жаңалықтарда құлаққағыс етiлуi қажет. Сонымен бiрге алданып қалған аруларымызға да зерттеу жүргiзу артық болмайды. Алданып қалатын көбiне кiмдер, қай жастағылар, не себептi?

Бiреудiң арын таптап, қорлауға, тағдырымен ойнауға тек имандылықтан, ардан, адамгершiлiк қасиеттерден жұрдай адамдар ғана бара алады. Оларға қатаң жаза берiлуi тиiс. Ал отбасында тәрбие көрген, iзеттi жан, шынайы мұсылман мұндай әрекеттерге әсте жол бермесе керек. Себебi ол Алланың алдында жауап беретiнiн бiлгендiктен адам түгiлi тiршiлiк атаулыға титтей де қастандық жасамайды. Әрбiр ата-ана отбасында бiреудi қорлаудың түбi жақсылыққа апармайтынын, ата-ананың ақ батасын алып, бас қосқан екi жастың ғана бақытты болатынын баласының құлағына құйып отырса артық болмас едi.

Мұндай мәселелер бiздiң елiмiзде ғана емес, өзге елдерде де кездесететiнi анық. Осы орайда өркениеттi елдерде бұл мәселе қалай шешiмiн тапқан, көршiлес елдер қалай күресiп жатыр, олардың жақсы әдiстерiн қолдануымыз керек. Әсiлi, бiздiң ата-бабаларымыз ұстанған қағидаларды бiз де санамызға сiңiрсек, адалдық, өтiрiк айтпау, бiреудiң ала жiбiн аттамау сияқты адамгершiлiк құндылықтарды ардақтай бiлсек, адамның бiр-бiрiне деген құрметi артып, бақытты отбасылар қатары да көбейер едi.

Тұщымды ой-пiкiрлерiңiзбен бөлiскенiңiзге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Құдайбердi Бағашар

Мақаланың шыққан күні: 17.12.2017 17:03
Парақтағы соңғы өзгерістер: 17.12.2017 17:03
Қаралым саны: 638

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz