A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Жастар иманды мешіттен емес, көшеден іздейді...

Адам ата мен Хауа анадан өрбiген адамзат баласы ешқашан дiнсiз өмiр сүре алмасы анық. Алла тағаланың бiр екендiгiне сенiм болмаған жерде адасушылық белең алады. Осы арқылы адамдар тура жолынан тал түсте адасып, бағытынан айрылып, қаншама күнәлi iстердi арқалап, шырмалған тордың шырмауына түседi.

Бiз Ұлы Жаратушыға деген сенiм жайлы айтқанда ақида iлiмiн аттап кете алмайтынымыз анық. Ата-бабаларымыз да ғасырлар бойы ислам дiнiн берiк ұстанып, оның нәрiмен сусындап, рухани шөлiн қандырған. Қазақтың қазiргi болмыс-бiтiмiнде имани құндылықтың табы бар екенiн тағы жоққа шығара алмасақ керек. Себебi, Ұлы даланы мекен еткен бабаларымыз iзгiлiк пен мейiрiмдiлiктi, қайырымдылық пен жанашырлықты қашанда асқақ ұстаған.

Имани арна көшпелi елдiң бiр ұстанымы болғанын тарих та дәлелдей түседi. Бiреудiң ала жiбiн аттамау, жаны қысылғанға жанашыр болу, мiскiн адамға қол ұшын созу сияқты қазақы бет-бейнемiздiң астарында ислам дiнiнiң бай қазынасы жатқанын көремiз.

Осындай бабаларымыздың мол мұрасынан сыр ақтарып, ғасырлар тереңiнен нәр алған асыл дiнiмiздi нелiктен жiлiктеп бөлгiсi келетiндер көбейдi? — деген сауал да ешкiмдi бей-жай қалдырмасы анық. Дәстүрлi дiнiмiздi әртүрлi ағымдарға бөлiп, бас-басына түйе айдағысы келетiндердiң көксегенi не, сонда.

Тәуелсiздiк алғалы ислам дiнiнiң де өркендi дамуына айқара жол ашылды. Сан жыл бойы қымтап ұстаған пердемiздi де серпiп тастап, тереземiздi де ашып тастадық. Бiрақ, бұл терезеден азат елдiң демi ғана жұтылып қоймай, шаң-тозаң да ене бастады.

Азаттық алдық деп мерейi өскен елдiң бiрлiгiн бұзу, ынтымағына қылау түсiру әсте жақсылыққа апармасы анық. Мұндай арам пиғылды ойдың жетегiндегiлер қайдан шықты, кiм жiбердi екен деген сан ойлар да санаңды опырып, сан-саққа жүгiртедi. Жетпiс жыл атейстiк қым-қуыт заманның ащы запыранын жұтып, ендi еркiн демiн аламын деп жатқанда өзге емес, өз қандастарымыздың iшiнен жаман ойлылардың қылаң бергенi өкiнiштi-ақ.

Осының бәрi сырттан ағылған терiс ағымды ұстанушылардың насихатынан кейiн өрiстеп жатқаны ащы да болса шындық. Бiр кездерi ата дiнiнен алыстап, жаңа еркiн заман туғанда имани сенiмдерiн нықтап үлгермеген жандардың алдын ораған жат ағымның өкiлдерi оларды өз қармақтарына оп-оңай түсiрген едi.

Әсiресе, ауылдан қалаға оқу iздеп келген жастар отбасындағы имани тәрбиенiң жұтаңдығынан мешiттегi дәстүрлi дiннiң ошағына жетпей жатып, орта жолда сүрiнедi. Бiрақ, олар өздерiнiң мазһабсыз дiн ұстанып, сәләфиттiк желiктiң жетегiне ергендерiн қаперге алмайды. Адаспаудың жолы — мешiтте екенiн де олардың мойындағысы жоқ.

Бiр алаңдататыны, жастар иманды мешiттен емес, көшеден iздейдi. Орта жолда сүрiнiп, опық жесе, оған имамдарды кiнәлап шыға келедi. Егер олар бiрден мешiтке келiп, тәлiм алып, иманға ұйыса дәл осындай жағдай қалыптаспас едi. Амал не, бiздiң қоғам жат ағымның зардабымен күресiп жүр. Оны болдырмаудың тетiгi — отбасындағы және бiлiм ордасындағы имани тәрбиенi жолға қою екенiн ескермейтiн сияқтымыз.

Елбасының өзi қоғамымызда имани сананы қалыптастыру бастамасын көтергенi есте. Бiрақ, жаңағы мектептегi дiни пәндер ат-үстi жүргiзiлiп, өз маманы емес, тарихшы ұстаз дәрiс оқиды. Оқулықтардың да сын көтертпейтiнi жөнiнде талай жазылды да, жазылып та жатыр.

Ал, отбасында ата-анасы күнделiктi жұмыс қаракетiмен жүрiп, баласын ұмытады. Оның не iшiп, немен танымын жетiлдiрiп жатқанынан хабарсыз. Оларды үйде ғаламтор, сыртта көше тәрбиелеп жатқанын қаперге алмайды. Мiне, осындай рухани жұтаңдықты сезiнген жас дiннiң терең нәрiне бойлай алмай, басқаның соңына ередi.

Қазiр әбден адасып, жат ағымның зардабын тартқан тұлғалардың темiр тордан табылып жатқанын жиi байқаймыз. Онсыз да сенiмi астан-кестен болған адам түрмеде түзу тәрбие алады дегенге сену қиын. Қаншама теолог мамандар абақтының табалдырығын тоздырып, «жаңылдым, жаза бастым» дегендердiң көзқарасын түбегейлi өзгерту үшiн тер төгiп жүр.

Менiңше, теологтар темiр тордың iшiнде емес, сыртында, жастардың қалың ортасында насихат жұмыстарын жандандыруы керек сияқты. Заң да осыған бейiмделiп жасалса деймiз. Мешiттен басқа жерде арнайы миссионерлiк құжаты жоқ дiн адамдары насихат айта алмағандықтан, жат ағымның белең алуы ешқашан бәсеңсiмейдi.

Қазiргi деструктивтi ағымның алдын алуға бағытталған iс-шаралар жан-жақты жүргiзiлiп жатса да, мұндай ағым өкiлдерi де бұған бiрден елiгiп кете қоймайтынын байқайсың. Әлiптiң артын бағатынын да көресiң. «Өзiмдiкi дұрыс, өзгенiкi ағат» деген пiкiрдi ұстанатынын да айтуға болады. Санасына терiс ағымның қағидалары тереңдеп енiп кеткендiктен оны тазалау әсте қиын.

Өзi өмiр сүрiп отырған қоғам мен мемлекеттiң заңдарына да құлшына ден қоя бермейдi. Басшыға бағынбау, намаз оқымайтын ата-ананы құрметтемеу және басқа да қылықтарды кәпiрлiкке санау саналарына сiңiп қалған. Ненiң харам, ненiң адал екенiн бiлсе де, өз iстерiмен адал iстi iстеген болып, харам жолды басатынын қаперге алмайтын сияқты.

Шынында, адам неге адасады? Ислам дiнiнiң түп-тамырын бiлмеу құздың алдындағы жарқабақты сезiнбеуге әкеледi. Ең бастысы, исламның iзгiлiк, мейiрiмдiлiк сипатымен кең жайылып жатқанын мойындамай, керiсiнше, жек көру, иманның тереңiне бойламау сияқты кертартпа көзқарастарға ұрынушылық жамандыққа жақын етедi.

Қасиеттi Құранда: «Түп-түгел Алланың жiбiнен (дiнiнен) бекем ұстаңдар да, бөлiнбеңдер» делiнедi. Ендеше, адаспас үшiн Алланың жiбiнен бекем ұстайық дегiм келедi.

Бақыт Смағұл,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесi.
Тел 40-23-46

Мақаланың шыққан күні: 30.10.2018 15:04
Парақтағы соңғы өзгерістер: 30.10.2018 15:04
Қаралым саны: 1024

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

 

@2019 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz