A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласы: «Ұлы даланың жеті қыры»

Кеңiстiк — барлық нәрсенiң, ал уақыт — бүкiл оқиғаның өлшемi. Уақыт пен кеңiстiктiң көкжиегi тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл — жай ғана әдемi афоризм емес.

Шын мәнiнде, немiстердiң, италиялықтардың немесе үндi халықтарының жылнамасына көз жүгiртсек, олардың мыңдаған жылды қамтитын төл тарихындағы ұлы жетiстiктерiнiң денi осы елдер қазiр мекен етiп жатқан аумақтарға қатыстылығы жөнiнде сұрақ туындайтыны орынды. Әрине, ежелгi Рим деген қазiргi Италия емес, бiрақ италиялықтар өздерiнiң тарихи тамырымен мақтана алады. Бұл — орынды мақтаныш. Сол сияқты, ежелгi готтар мен бүгiнгi немiстер де бiр халық емес, бiрақ олар да Германияның мол тарихи мұрасының бiр бөлшегi. Полиэтникалық бай мәдениетi бар ежелгi Үндiстан мен бүгiнгi үндi халқын тарих толқынында үздiксiз дамып келе жатқан бiрегей өркениет ретiнде қарастыруға болады.

Бұл — тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп-тамырымызды бiлуге, ұлттық тарихымызға терең үңiлiп, оның күрмеулi түйiнiн шешуге мүмкiндiк туады.

Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазiргi заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсiнiктi болуға тиiс. Оған қажеттi дәйектерiмiз де жеткiлiктi.

Бiрiншiден, қосқан үлестерi кейiнiрек сөз болатын протомемлекеттiк бiрлестiктердiң денi қазiргi Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезiнiң негiзгi элементтерiн құрап отыр.

Екiншiден, бiз айтқалы отырған зор мәдени жетiстiктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керiсiнше, көпшiлiгi осы кең байтақ өлкеде пайда болып, содан кейiн Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Терiскейге таралды.

Үшiншiден, кейiнгi жылдары табылған тарихи жәдiгерлер бiздiң бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздiк технологиялық жаңалықтарға тiкелей қатысы бар екенiн айғақтайды. Бұл жәдiгерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкiндiк бередi.

Тiптi, қазақтың кейбiр ру тайпаларының атаулары "қазақ" этнонимiнен талай ғасыр бұрын белгiлi болған. Осының өзi бiздiң ұлттық тарихымыздың көкжиегi бұған дейiн айтылып жүрген кезеңнен тым әрiде жатқанын айғақтайды. Еуропацентристiк көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгiнгi түркi халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар бiздiң ұлтымыздың тарихи этногенезiнiң ажырамас бөлшегi болғаны туралы бұлтартпас фактiлердi көруге мүмкiндiк берген жоқ.

Сонымен бiрге, ұзақ уақыттан берi бiздiң жерiмiзде өмiр сүрiп келе жатқан көптеген этностарға ортақ Қазақстан тарихы туралы сөз болып отырғанын атап өткенiмiз жөн. Бұл — түрлi этностардың көптеген көрнектi тұлғалары өз үлестерiн қосқан бүкiл халқымызға ортақ тарих.

Бүгiнде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бiрақ, қандай да бiр тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара — бiр-бiрiнен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бiрлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өмiрiне қайталанбас реңк бередi. Бiздiң тарихымызда қасiреттi сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтiк тұрғыдан қауiптi сынақтар мен саяси қуғын-сүргiндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрi ауқымды тарихымызды дұрыс түсiнiп, қабылдай бiлуiмiз керек.

Бiз басқа халықтардың рөлiн төмендетiп, өзiмiздiң ұлылығымызды көрсетейiн деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, бiз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлiмiздi байыппен әрi дұрыс пайымдауға тиiспiз.

Сонымен, Ұлы даланың жетi қырына тоқталайық.

I. ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ КЕҢIСТIК ПЕН УАҚЫТ

Бiздiң жерiмiз материалдық мәдениеттiң көптеген дүниелерiнiң пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазiргi қоғам өмiрiнiң ажырамас бөлшегiне айналған көптеген бұйымдар кезiнде бiздiң өлкемiзде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгi адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзiнiң әр түкпiрiнде әлi күнге дейiн пайдаланып келедi. Көне жылнамалар бүгiнгi қазақтардың арғы бабалары ұланғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлi өзгерткенi туралы сыр шертедi.

1. Атқа мiну мәдениетi

Атқа мiну мәдениетi мен жылқы шаруашылығы жер жүзiне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгiлi.

Елiмiздiң солтүстiк өңiрiндегi энеолит дәуiрiне тиесiлi "Ботай" қонысында жүргiзiлген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазiргi Қазақстан аумағында қолға үйретiлгенiн дәлелдедi.

Жылқыны қолға үйрету арқылы бiздiң бабаларымыз өз дәуiрiнде адам айтқысыз үстемдiкке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессiз революцияға жол ашты.

Жылқының қолға үйретiлуi атқа мiну мәдениетiнiң де негiзiн қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпендiлер империялары тарих сахнасына шыққан дәуiрдiң символына айналды.

Ту ұстаған салт атты жауынгердiң бейнесi — батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердiң пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпендiлер әлемi "мәдени кодының" айрықша элементi.

Автокөлiк қозғалтқыштарының қуаты әлi күнге дейiн аттың күшiмен өлшенедi. Бұл дәстүр — жер жүзiнде салт аттылар үстемдiк құрған ұлы дәуiрге деген құрметтiң белгiсi.

Бiз әлемнiң барлық түкпiрiне ежелгi қазақ жерiнен тараған осынау ұлы технологиялық революцияның жемiсiн адамзат баласы ХIХ ғасырға дейiн пайдаланып келгенiн ұмытпауға тиiспiз.

Қазiргi киiм үлгiсiнiң базалық компоненттерi Дала өркениетiнiң ерте кезеңiнен тамыр тартады. Атқа мiну мәдениетi салт атты жауынгердiң ықшам киiм үлгiсiн дүниеге әкелдi. Ат үстiнде жүргенде ыңғайлы болуы үшiн бабаларымыз алғаш рет киiмдi үстiңгi және астыңғы деп екiге бөлдi. Осылайша кәдiмгi шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды.

Бұл салт атты адамдардың ат құлағында ойнауына, ұрыс кезiнде еркiн қимылдауына мүмкiндiк бердi. Дала тұрғындары терiден, киiзден, кендiр мен жүннен, кенептен шалбар тiктi. Содан берi мыңдаған жыл өтсе де, киiмнiң осы түрi өзгере қоймады. Қазба жұмыстары кезiнде табылған көне шалбарлардың қазiргi шалбардан еш айырмасы жоқ.

Сонымен қатар, бүгiнгi етiктердiң барлық түрi көшпендiлер атқа мiнгенде киген жұмсақ өкшелi саптама етiктiң "мұрагерлерi" екенi белгiлi.

Ат үстiнде жүрген көшпендiлер тақымына басқан сәйгүлiгiне неғұрлым еркiн мiнiп жүруi үшiн биiк ер-тұрман мен үзеңгiнi ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның ат үстiнде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бiрге шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиiмдi қолдануына мүмкiндiк бердi.

Бабаларымыз шапқан аттың үстiнен садақ тартуды барынша жетiлдiрдi. Соған байланысты қарудың құрылымы да өзгерiп, күрделi, ыңғайлы әрi қуатты бола түстi. Масағына қауырсын тағылып, металмен ұшталған жебе берен сауытты тесiп өтетiн көбебұзарға айналды.

Қазақстан аумағында өмiр сүрген түркi тайпалары ойлап тапқан тағы бiр технологиялық жаңалық — қылыш. Оның оқтай түзу немесе иiлген жүзi — ерекше белгiсi. Бұл қару ең маңызды әрi кең таралған соғыс құралына айналды.

Сарбаз бен оның мiнген атын қорғауға арналған сауытты да алғаш рет бiздiң бабаларымыз жасаған. Еуразия көшпендiлерiнiң айрықша маңызды әскери жаңалығына баланған мұздай темiр құрсанған атты әскер осылайша пайда болды. Отты қару пайда болып, жаппай қолданысқа енгенге дейiн атты әскердiң дамуы бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi I мыңжылдық пен бiздiң дәуiрiмiздiң I ғасыры арасында көшпендiлердiң ұзақ уақыт бойы бұрын-соңды болмаған жауынгерлiк үстемдiк орнатуын қамтамасыз еткен жасақтың ерекше түрi — айбарлы атты әскердiң қалыптасуына ықпал еттi.

2. Ұлы даладағы ежелгi металлургия

Металл өндiрудiң амал-тәсiлдерiн табу тарихтың жаңа кезеңiне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлi өзгерттi. Сан алуан металл кендерiне бай қазақ жерi — металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бiрi. Ежелгi заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстiк және Шығыс аймақтарында тау-кен өндiрiсiнiң ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темiр, күмiс пен алтын қорытпалары алына бастады.

Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берiк металдар өндiру iсiн дамытып, олардың жедел технологиялық iлгерiлеуiне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгi дәуiрдiң тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертедi. Осының бәрi ежелгi замандарда бiздiң жерiмiздегi дала өркениетi технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетедi.

3. Аң стилi

Бiздiң ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмiр сүрiп, өздерiн табиғаттың ажырамас бөлшегi санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгi тұрғындарының озық мәдениетi болды.

Олардың мұрасының жарқын көрiнiсi, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгiсi — "аң стилi өнерi". Жануарлар бейнесiн тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпендiлердiң рухани бағдарын айқындап отырған.

Олар жыртқыштардың, негiзiнен мысық тұқымдас аңдардың суретiн көбiрек қолданған. Егемен Қазақстанның символдарының бiрi — жергiлiктi жануарлар әлемiнде сирек кездесетiн тұрпаты тектi қар барысы екенi кездейсоқ емес.

Бұл ретте, аң стилi бабаларымыздың айрықша жоғары өндiрiстiк тәжiрибесi болғанын көрсетедi. Олар оюлап кескiндеудi, металмен жұмыс iстеудiң техникасын, соның iшiнде, мыс пен қоладан балқымалар жасаудың және құймалар құюдың, жайма алтын дайындаудың күрделi әдiстерiн жақсы меңгерген.

Жалпы, "аң стилi" феноменi әлемдiк өнердегi биiк белестердiң бiрi саналады.

4. Алтын адам

Бiздiң түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдiк ғылым үшiн сенсация саналған жаңалық — 1969 жылы Қазақстанның Есiк қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында "қазақстандық Тутанхамон" деген атқа ие болған "Алтын адам".

Бұл жауынгер талай тылсым құпияның бетiн ашты. Бiздiң бабаларымыз әлi күнге дейiн өзiнiң асқан көркемдiгiмен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегi көркем дүниелер жасаған. Жауынгердiң алтынмен апталған киiмдерi ежелгi шеберлердiң алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенiн аңғартады. Сонымен бiрге, бұл жаңалық Дала өркениетiнiң зор қуаты мен эстетикасын әйгiлейтiн бай мифологияны паш еттi.

Дала халқы өз көсемдерiн осылайша ұлықтап, оның мәртебесiн күн секiлдi құдiрет деңгейiне көтерiп асқақтатқан. Қорымдағы сән-салтанатты жасау-жабдықтар ежелгi бабаларымыздың зияткерлiк дәстүрлерiнен де мол хабар бередi. Жауынгердiң жанынан табылған күмiс кеселердiң бiрiнде ойып жазылған таңбалар бар. Бұл — Орталық Азия аумағынан бұрын-соңды табылған жазу атаулының iшiндегi ең көнесi.

5. Түркi әлемiнiң бесiгi

Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерiнiң тәжi ғана емес, күллi түркi әлемiнiң бесiгi саналды. Дәл осы өңiрде бiздiң дәуiрiмiздiң I мыңжылдығының орта шенiнде Түркi дүниесi пайда болып, Ұлы дала төсiнде жаңа кезең басталды.

Тарих пен география түркi мемлекеттерi мен ұлы көшпендiлер империялары сабақтастығының айрықша моделiн қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бiрiн-бiрi алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмiрiнде өзiнiң өшпес iзiн қалдырды.

Орасан зор кеңiстiктi игере бiлген түркiлер ұланғайыр далада көшпелi және отырықшы өркениеттiң өзiндiк өрнегiн қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдiк сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуiне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдiк өркениеттiң ұлы ойшылдарының бiрi — Әбу Насыр әл-Фарабидi дүниеге әкелсе, түркi халықтарының рухани көшбасшыларының бiрi Қожа Ахмет Яссауи Түркiстан қаласында өмiр сүрiп, iлiм таратқан.

6. Ұлы Жiбек жолы

Елiмiздiң географиялық тұрғыдан ұтымды, яғни Еуразия құрлығының кiндiгiнде орналасуы ежелден әртүрлi мемлекеттер мен өркениеттер арасында транзиттiк "дәлiздердiң" пайда болуына септiгiн тигiздi. Бiздiң дәуiрiмiзден бастап бұл құрлық жолдары Үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстiгi мен Оңтүстiгi арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың трансконтинентальды желiсiне — Ұлы Жiбек жолы жүйесiне айналды.

Бұл жол халықтар арасындағы жаһандық өзара тауар айналымы мен зияткерлiк ынтымақтастықтың қалыптасып, дамуы үшiн орнықты платформа болды.

Керуен жолдарын мiнсiз ұйымдастырып, қауiпсiздiгiн қамтамасыз еткен Ұлы дала халқы ежелгi және орта ғасырлардағы аса маңызды сауда қатынасының басты дәнекерi саналды. Дала белдеуi Қытай, Үндi, Парсы, Жерорта теңiзi, Таяу Шығыс және славян өркениеттерiн байланыстырды.

Алғаш пайда болған сәттен бастап, Ұлы Жiбек жолы картасы, негiзiнен, Түрiк империяларының аумағын қамтыды. Орталық Еуразияда түркiлер үстемдiк құрған кезеңде Ұлы Жiбек жолы гүлдену шегiне жетiп, халықаралық ауқымда экономиканы өркендетуге және мәдениеттi дамытуға септiгiн тигiздi.

7. Қазақстан — алма мен қызғалдақтың отаны

Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың "тарихи отаны" екенi ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бiрақ бүкiл әлем үшiн өзiндiк мән-маңызы зор бұл өсiмдiктер осы жерде бүр жарып, жер жүзiне таралған. Қазақстан қазiр де әлемдегi алма атаулының арғы атасы — Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемiстi әлемге тарту еттi. Бәрiмiз бiлетiн алма — бiздегi алманың генетикалық бiр түрi. Ол Қазақстан аумағындағы Iле Алатауы баурайынан Ұлы Жiбек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта теңiзiне, кейiннен бүкiл әлемге таралған. Осы танымал жемiстiң терең тарихының символы ретiнде елiмiздiң оңтүстiгiндегi ең әсем қалалардың бiрi Алматы деп аталды.

Қазақстан аумағындағы Шу, Iле тауларының етегiнен әлi күнге дейiн жергiлiктi өсiмдiктер әлемiнiң жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйiнде кездестiруге болады. Бұл әсем өсiмдiктер бiздiң жерiмiзде Тянь-Шань тауларының етегi мен шөлейт даланың түйiсер тұсында пайда болған. Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ, ерекше гүлдер өз әдемiлiгiмен көптеген халықтың жүрегiн жаулап, бiртiндеп бүкiл әлемге тарады.

Бүгiнде жер жүзiнде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрi бар, олардың басым көпшiлiгi — бiздiң дала қызғалдағының "ұрпағы". Қазiр Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрi өседi.

II. ТАРИХИ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ

Көтерiлген мәселелер жан-жақты ой елегiнен өткiзiп, терең зерделеудi талап етедi. Сондай-ақ, бiздiң дүниетанымымыздың, халқымыздың өткенi мен бүгiнiнiң және болашағының iргелi негiздерiне тiкелей қатысты.

Бұл жұмысты бiрнеше iрi жобалар арқылы бастауға болады деп ойлаймын.

1. Архив — 2025

Тәуелсiздiк жылдарында халқымыздың өткенiн зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Елiмiздiң тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтiруге жол ашқан "Мәдени мұра" бағдарламасы табысты iске асырылды. Бiрақ, бабаларымыздың өмiрi мен олардың ғажап өркениетi жөнiндегi көптеген деректi құжаттар, әлi де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнiң бүкiл архивтерiнде өз iздеушiсi мен зерттеушiсiн күтiп жатыр.

Сондықтан, ежелгi дәуiрден қазiргi заманға дейiнгi кезеңдi қамтитын барлық отандық және шетелдiк мұрағаттар дүниесiне елеулi iргелi зерттеулер жүргiзу үшiн "Архив — 2025" жетi жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын.

Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдiк iрi архивтермен өзара жүйелi әрi ұзақ мерзiмдi ықпалдастықта болып, iздеу-зерттеу жұмыстарын жүргiзуiне баса мән беру керек.

Қай жағынан болсын, бұл маңызды жұмыс мемлекет есебiнен атқарылатын "академиялық туризмге" айналмауға тиiс. Архив деректерiн тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделi зерттеушiлер мен қалың жұртшылыққа қолжетiмдi болуы үшiн оларды белсендi түрде цифрлық форматқа көшiру қажет.

Өз тарихына деген мақтаныш сезiмiн ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиiс. Сондықтан, мектептер мен барлық өңiрлердегi өлкетану музейлерiнiң жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды. Ұлт тарихын санаға сiңiру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезiмiн қалыптастырады.

2. Ұлы даланың ұлы есiмдерi

Көпшiлiктiң санасында тарихи үдерiстер, негiзiнен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгiлi. Көптеген халықтар өз елiнiң ерекше елшiсi сынды ұлы бабаларының есiмдерiн мақтан тұтады.

Мысалы, өткен дәуiрлердегi Тутанхамон, Конфуций, Ескендiр Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзiне белгiлi тұлғалар бүгiнде "өз мемлекеттерiнiң" баға жетпес символдық капиталы саналады әрi сол елдердiң халықаралық аренада тиiмдi iлгерiлеуiне септiгiн тигiзiп отыр.

Ұлы дала Әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегiн мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелдi.

Сондықтан, бiз бiрiншiден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетiстiктерiнiң құрметiне ашық аспан астында ескерткiш-мүсiндер қойылатын "Ұлы даланың ұлы есiмдерi" атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек.

Екiншiден, мақсатты мемлекеттiк тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазiргi әдебиеттегi, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнерiндегi ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесiнiң маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет.

Сондай-ақ, бұл жерде классикалық қалыптан тыс, баламалы жастар өнерiнiң креативтi әлеуетiн де пайдаланудың мәнi зор. Осыған орай, бұл iске тек отандық қана емес, сонымен бiрге, шетелдiк шеберлер мен шығармашылық ұжымдарды да тартқан жөн.

Үшiншiден, елiмiздiң тарихи кезеңдерiн кеңiнен қамти отырып, "Ұлы Дала тұлғалары" атты ғылыми-көпшiлiк серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендiру және жандандыру қажет.

Бұл бағытта қазақстандық ғалымдармен қатар шетелдiк мамандар да тартылатын халықаралық көпбейiндi ұжым құруға болады. Нәтижесiнде, бiздiң қаһармандарымыздың өмiрi мен қызметi жөнiнде тек елiмiздегiлер ғана емес, сондай-ақ, шет елдегiлер де бiлетiн болады.

3. Түркi әлемiнiң генезисi

Қазақстан — күллi түркi халықтарының қасиеттi "Қара шаңырағы". Бүгiнгi қазақтың сайын даласынан әлемнiң әр түкпiрiне тараған түркi тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңiрлердiң тарихи үдерiстерiне елеулi үлес қосты.

Осыған байланысты, "Түркi өркениетi: түп тамырынан қазiргi заманға дейiн" атты жобаны қолға алу қажет. Бұл жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзiлiк конгресiн және әртүрлi елдер музейлерiнiң экспозицияларына ежелгi түркi жәдiгерлерi қойылатын Түркi халықтарының мәдени күндерiн ұйымдастыру керек. Сондай-ақ, Википедияның үлгiсiнде Қазақстанның модераторлығымен Түркi халықтарына ортақ туындылардың бiрыңғай онлайн кiтапханасын ашу да маңызды.

Сонымен қатар, жаңа облыс орталығы ретiнде Түркiстанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделiн жүйелi түрде арттыру қажет.

Қазақстанның ежелгi астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкiл түркi әлемi үшiн киелi орын болып саналады.

4. Ұлы даланың ежелгi өнер және технологиялар музейi

"Ұлы дала" атты ежелгi өнер және технологиялар музейiн ашуға толық мүмкiндiгiмiз бар. Оған озық өнер мен технология үлгiлерiн — аң стилiнде жасалған бұйымдарды, "Алтын адамның" жарақтарын, жылқыны қолға үйрету, металлургияны дамыту, қару-жарақ, сауыт-сайман дайындау үдерiсiн көрсететiн заттарды және басқа да жәдiгерлердi жинақтауға болады. Онда Қазақстан жерiнен табылған құнды археологиялық ескерткiштер мен археологиялық кешендердiң экспозициялары қойылады. Бұл заттар тарихи дәуiрлердiң қандай да бiр кезеңiндегi әртүрлi шаруашылық салаларының даму үдерiсiн көрсетедi.

Сонымен қатар, "Ұлы даланың ұлы өркениеттерi" атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құрып, соның негiзiнде Астанада және Қазақстанның өзге де өңiрлерiнде ежелгi сақтар, ғұндар, ұлы түркi қағандарының дәуiрi және басқа да тақырыптар бойынша фестивальдар өткiзуге болады. Бұған қызығушылық бiлдiрген адамдарды тарта отырып, осы тақырыптар аясындағы жұмыстарды бiр мезгiлде жүргiзуге болады.

Ежелгi Отырар қаласының бiрқатар нысандарын — үйлерi мен көшелерiн, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерiн iшiнара қалпына келтiретiн туристiк жоба да қызықты болмақ.

Осының негiзiнде бiлiмдi дәрiптеуге және туризмдi дамытуға баса мән берiлуi қажет.

5. Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы

Бұл жоба аясында бiзге "Дала фольклорының антологиясын" жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерiнiң өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетiнiң таңдаулы үлгiлерi — ертегiлерi, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады.

Сонымен қатар, қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлi музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын — "Ұлы даланың көне сарындары" жинағын басып шығару қажет.

Ұлы Даланың фольклоры мен әуендерi заманауи цифрлық форматта "жаңа тыныс" алуға тиiс. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшiн көшпендiлердiң бай мұрасын жүйелеуге қабiлеттi ғана емес, сондай-ақ, оның өзектiлiгiн арттыра алатын отандық және шетелдiк кәсiби мамандарды тарту маңызды.

Бiздiң мәдениетiмiздiң негiзгi сюжеттерiнде, кейiпкерлерi мен сарындарында шекара болмайды, сол себептi оны жүйелi зерттеп, бүкiл Орталық Еуразия кеңiстiгi мен барша әлемде дәрiптеуге тиiспiз.

Ауызша және музыкалық дәстүрдi жаңғырту қазiргi заманғы аудиторияға жақын әрi түсiнiктi форматта болуы керек.

Атап айтқанда, көнерген сөздер мен мәтiндердi суреттерiмен қоса беруге, айқын видеоматериалдар формасында ұсынуға болады. Музыкалық дыбыстар мен әуендер табиғи аспаптармен ғана емес, олардың заманауи электронды нұсқалары арқылы да шығарылады.

Сонымен қатар, фольклорлық дәстүрдiң ортақ тарихи негiздерiн iздеу үшiн Қазақстанның түрлi өңiрлерi мен өзге елдерге бiрнеше iздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет.

6. Тарихтың кино өнерi мен телевизиядағы көрiнiсi

Қазiргi замандағы халықтардың тарихи таным-түйсiгiнде кино өнерi ерекше орын алады. Жалпы халықтың санасында фильмдердегi жарқын кинообраздар iргелi ғылыми монографиялардағы деректi портреттерден гөрi маңыздырақ рөл атқарады.

Сондықтан, тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздiксiз дамуын көрсететiн деректi-қойылымдық фильмдердiң, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклiн өндiрiске енгiзу керек.

Аталған жобалар кең халықаралық ынтымақтастық аясында отандық және шетелдiк үздiк сценаристердi, режиссерлердi, актерлердi, продюсерлердi және заманауи кино өндiрiсiнiң басқа да мамандарын тарту арқылы жүзеге асырылуға тиiс.

Қызықты әрi мелодрамалық сарындармен қатар, көрермендер үшiн танымал фэнтези және шытырман оқиғалы блокбастерлердiң элементтерiн қоса отырып, жаңа тарихи теле-кино туындылардың жанрларын барынша кеңейту қажет.

Осы мақсатпен Ұлы даланың бай мифологиялық және фольклорлық материалдарын пайдалануға болады.

Ұлт қаһармандарын үлгi тұту үрдiсiн қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдерi мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететiн өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек.

Бiздiң даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушiлерiмiз — тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ, бүкiл әлем бойынша елiктеуге лайықты тұлғалар.

ҚОРЫТЫНДЫ

Осыдан бiр жарым жыл бұрын менiң "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақалам жарыққа шықты.

Жоғарыда аталған жобаларды "Рухани жаңғыру" бағдарламасының жалғасы ретiнде қарастырамын.

"Рухани жаңғыру" жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттерi ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсiнiктi әрi сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкiндiк бередi.

Төл тарихын бiлетiн, бағалайтын және мақтан ететiн халықтың болашағы зор болады деп сенемiн. Өткенiн мақтан тұтып, бүгiнiн нақты бағалай бiлу және болашаққа оң көзқарас таныту — елiмiздiң табысты болуының кепiлi дегенiмiз осы.

Мақаланың шыққан күні: 21.11.2018 11:39
Парақтағы соңғы өзгерістер: 21.11.2018 11:39
Қаралым саны: 1474

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

 

@2019 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz