A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Салафизм ағамдарының тамыры бір

Қазақстан Республикасында көп таралған дiни ағымдардың бiрi — салафизм ағымдары. Бұның себебi 90-жылдары шетелден бiлiм алу үшiн Сауд Арабиясымен Мысырға кеткен азаматтарымыздың елiмiздегi дәстүрлi исламға сәйкес келмейтiн дiни көзқарастарды тасымалдауында жатыр.

Салафизм саудиттер үшiн мемлекеттiк идеология ретiнде танылғанымен, өткен ғасырдың соңғы онжылдығындағы түрлi саяси оқиғалардың салдарынан салафизм негiзiнде басқа да қауiптi дiни ағымдар бой көтердi.

Салафизм ағымдары құрылымдық жағынан көбiне жамағаттар түрiнде қалыптасты. Осыған байланысты салафиттер көбiне беделдi дiни жетекшiлерiнiң артынан ерiп жүретiн топтардан құралған. Мысырдың өзiнде салафизм идеологиясын ұстанатын «Ансар ас-Сунна әл-Мухаммадия», «Ад-дағуат ас-салафия», «Әл-мадхалия», «Әл-жамаға аш-шарғия», «Ас-сурурия ас-салафия» сияқты бiрқатар ұйымдар кездеседi.

Қазiргi таңда салафизм идеологиясы Қазақстан мұсылмандары арасында, әсiресе жастар ортасында кеңiнен таралып жатқандығы белгiлi. Сауд Арабиясынан Қазақстанға салафизм ағымдарының екi түрi — мадхалия мен сурурия — тарады.

«Мадхалиттер» деп Раби ибн Хади аль Мадхалидiң (1932 жылы туған) дiни идеологиялық көзқарасын ұстанатындарды атайды.

1990-жылдары қалыптасқан саяси жағдайға байланысты Сауд Арабиясы АҚШ-тың әскери базаларын өз жерiнде орналастыруға келiсiмiн бердi. Сауд Арабиясы үкiметiнiң мұндай шешiмiне наразы болған Мухаммед Сурури бастаған «суруриттер» король билiгiн «кәпiрге» шығарды. Олардың пайымдауынша мұсылман мемлекетi өзге дiн өкiлдерiмен ауыз жаласып, АҚШ әскерлерiнiң мұсылманның қасиеттi жерiне аяқ басуға жол беру арқылы күпiрлiк етуде. Ал, билiк саясатын жақтаған Раби ибн Хади аль Мадхали бастаған мадхалиттер суруриттердiң ұстанымын терiстеп, оларды «Үмбеттiң қарақшылары» деп айыптады.

Мадхалиттердiң бұндай әрекетiне қарап, олардың билiкке қарсы шықпайтындығы туралы пiкiр қалыптасуы мүмкiн.Алайда, мадхалиттер өздерiнiң жиһад мәселесiне қатысты ұстамды ұстанымдарына қарамастан 2000 жылы Индонезияда орын алған қарулы қақтығысқа сол елдiң тұрғындарын белсене қатысуға үндеген болатын. Олар қазiргi мұсылмандар таухидтiң басты талаптарын бұрмалап түсiндiрiп, тақлидтi (еру, ұқсап бағу, үлгi тұту) мойындамайды деген пiкiрдi ұстанып, мәзһаб ұстануды «бидағат» деп түсiнiп, өз араларында шейхке ергендi дұрыс көредi. Бұл — мадхалиттердiң Қазақстан мұсылмандарын «бидғатшылар» деп санайтындығының дәлелi әрi «билiкке қарсы емеспiз» деген ұстанымдарының халықтың мәдениетi мен рухани өмiрiн дамытуда ханафи мазхабындағы ислам дiнiнiң тарихи рөлiн танитын Қазақстан билiгiн қолдайтындығының жалғандығының айғағы болып табылады.

Суруриттерге келер болсақ, олардың басшысы, 50-60 жылдар аралығында «Мұсылман бауырлар» ағымының белсендi мүшесi болған Мухаммед ас-Сурури Саид Құтбаның «әдiлетсiз басшыға» қарсы күрес жүргiзу идеясын қолдағандығы белгiлi. Суруриттер тәкфiршiлерге қарағанда ұстамды ұстанымдағылар деп есептелгенiмен, төзiмсiздiктерiмен ерекшеленедi. Мысалы, олардың пiкiрiнше кез келген «кәпiр» мемлекетпенқарым-қатынас жасауды мiндеттi деп санамайды. «Араб Көктемiнiң» басталуынасебепшi болған идеологиялық күш — осы суруриттер болатын.

Суруриттердiң Қазақстандабiрнеше жамағаты бар екендiгi туралы мәлiметтер бар. Олардың дiни бiрлестiк құруға тырысқандықтары да белгiлi. Дiни бiрлестiк құра алмаған болса да, жақын уақытқа дейiн олардың өздерiне тән қаржы әрi бiлiм беру орталықтары да болған.

Салафизм ағымдарының Қазақстандабелең алуы лаңкестiк әрекеттердiң орын алуына себепшi құбылыс. Ондай лаңкестiк әрекеттердiң бiрi — Ақтөбе қаласында үстiмiздегi жылдың 5 маусымындағы қанды оқиға. Бұл террористiк акттың салафизм ағымын ұстанушылар тарапынан жүзеге асқандығы анықталды. Олардың шетелден нұсқау алғандығы туралы болжамдар да бар. Себебi, салафизм ағымдары бойынша «шейх» пәтуасын орындау «уәжiп» болып саналады.

Салафиттердi «қалыптылар» және «радикалдылар» деп бөлiп қарау дұрыс емес. Дiни көзқарастары мен идеологиясы жағынан олардың бiр-бiрiнен, тiптi тәкфiршi «бауырларынан» да еш айырмашылығы жоқ.

Салафиттер қазақ мәдениетi мен салт-дәстүрлерiн, қазақ тұрмысын мойындамайды. Олар қазақ халқының дiни ұстанымдары мен көзқарастарын «ширк» әрi «бидғат» деп бағалайды. Ислам дiнiнiң қазақ жерiнде ұлт дәстүрiмен сабақтаса қалыптасуында шешушi рөл атқарған сопылық тариқаттарды «адасқан ағымдар» деп бiледi.

Ұлттық рухани тарихымызды жоққа шығару арқылы өздерiн Қазақстанға «шынайы» исламды таратушы жамағат ретiнде танытуға тырысатын салафиттер Қазақстан қоғамының рухани негiздерiн ыдыратуды, дiни-ұлттық бiрегейлiгiмiзге нұқсан келтiрiп, iшкi тұтастықтығымызды бұзуды көздейдi. Елдiгiмiздi сақтағымыз келсе, оларға жол беруге болмайды. Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаевтың айтқанындай: «Бiз мұсылманбыз, оның iшiнде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттермiз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрдi, ата-ананы сыйлауға негiзделген. Ендеше, бүгiнгi ұрпақ та әлемдегi ең iзгi дiн — ислам дiнiн қадiрлей отырып, ата дәстүрiн ардақтағаны абзал. Қазiр кейбiр сыртқы күштер жастарымызды ислам дiнiнiң хақ жолынан адастырып, терiс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық болмысымызға жат келеңсiздiктерден бойымызды аулақ салуымыз керек. Бiз мұсылман үмбетiнiң бiр бөлiгi екенiмiздi мақтан тұтамыз. Ол — бiздiң дәстүрiмiз».

Дата создания статьи: 17.12.2017 21:08
Парақтағы соңғы өзгерістер: 17.12.2017 21:08
Қаралым саны: 380

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz