A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Салафилер дәстүрді дұрыс танымайды

Кейiнгi кезде қоғамда Исламды жамылып пайда болған терiс ағымдар санының көбеюi өзектi мәселеге айналды. Әдетте, мұндай құбылыс қоғамда адамдардың дiни сауатының жоқтығынан немесе сауатының аздығынан туындайды. Демек, қоғамда қазақ үшiн тарихи қалыптасқан дәстүрлi исламды, оның iшiнде Әбу Ханифа мазһабын насихаттайтын бiлiмдi мамандар қажет. Түркi халықтарының Ханафи мазһабын таңдауында өзiндiк ерекшелiк бар. Бұл мектептiң басқа мектептерден ерекшелiгi халықтың мәдениетi мен салт-дәстүрiне құрметпен қарап, тұрмыста оларды пайдалануына жағдай жасауы. Сондықтан да бiздiң дәстүрiмiз дiнмен бiте қайнасып кеткен. Егер кейбiр дәстүрiмiз шынымен де ислам қағидаттарына қайшы келiп жатса, оны имамдарымыз ескертiп жатады.

Ал ендi дiни бiлiмдi шет мемлекеттен оқып келген жастардың басым көпшiлiгi дәстүрлi мазһабтарды қолдайтын Исламды емес, басқа ағымдарды насихаттайды. Сондай терiс ағымдардың бiрi салафизм. Салафизм халқымыздың дәстүрлерiн де, Әбу Ханифа мазһабын да түбегейлi терiске шығарады.

Шариғат үкiмiмен үйлескен қайтқан адамға ас берудi алайық. Астың артынан қайтқан адамның рухына Құран оқып, бағыштап, жиналған ағайын-туыс, көршi-қолаң, жора-жолдастармен бiрге бұрын өткендердiң күнәларын кешiруiн Алладан тiлеймiз. Ал елге берiлген астың негiзгi мақсаты садақа ретiнде қабылдануы. Берiлген астан кейiн қариялардан бата сұрап, сосын Құран оқып, тағы алақан жайып, Алладан мейiрiм мен береке сұрау, Құран сауабын марқұмға бағыштау бiздiң халықтың ғасырлар бойына қалыптасқан дәстүрi. Бата бергеннiң, ас қайтарғанның несi айып? Ас демекшi салафилер дастархан басында бет сипап ас та қайтармайды. Ал Мұхаммед пайғамбардың «Дұға құлшылықтың өзегi», — деп айтқан емес пе? Осы сияқты дәстүрлерiмiздi салафизм жолын ұстанған кейбiр жастарымыз жоққа шығарумен әлек. Тiптi, олардың кейбiрi Қазақстанға шынайы дiн ислам 89-90 жылдары ғана келдi деп айтады. Мұны да естiдiк. Сонда бiздiң Абайдың

«Алланың өзi де рас, сөзi де рас,

Рас сөз еш уақытта жалған болмас.

Көп кiтап келдi Алладан, оның төртi

Алланы танытуға сөз айырмас…» — деп иман шарттарын талдауы ислам емес пе? Әрине, ислам.

Шәкәрiм болса: «Иман деген Алла Тағаланың барлығына, бiрлiгiне, одан басқа құдай жоқтығына, Құран сөзiнiң бәрi шындығына анық ықыласпен нанбақ…», — деп иманды айшықтап кеттi. Исламды сол 90-шы жылдары танығандар басқаларды өздерiндей көрмесiн. Аталарымыз мұсылман болған.

Дiн арқылы ғана мәселе шешiлмейдi. Бұл жөнiнде Шәкәрiм қажы былай дейдi:

«Жердiң жүзiн дәл тауып,

Ешбiр дiн жоқ орныққан.

Бәрiнде де бар қауiп,

Дiн көбейдi сондықтан.

Сол көп дiнде шешу бар,

Сол шешудiң арты бар.

Адасқанға кешу бар

Кешудiң де шарты бар».

Ұлттық мiнез-құлық, салт-дәстүр, өмiрлiк ұстанымдар әрбiр халық үшiн өзiнiң әлеуметтiк күшi мен рухани нәрiн жоғалтпайтын сарқылмас кәусар. Өйткенi, әр халық өзiнiң ата-бабасы ардақтаған дiнiн, сенiмiн тарихи жадында таптырмас құндылықтар ретiнде қастерлейдi.

Салафилердiң тапжылмай қарсы тұрып, мойындағылары келмейтiн келесi дәстүрiмiз — келiннiң сәлем беруi. Салафизм идеологиясы бойынша келiннiң сәлем беруi дiнiмiзде жоқ дегенге келедi. Сөйтiп, олар келiннiң сәлем салуын, құлшылық кезiндегi рукуғпен (намаз кезiнде еңкею) теңестiредi. Басқаша айтқанда, адамның тек қана Алланың алдында, Аллаға ғана иiлуiне болады. Ал адам баласының алдында сәлем беруiне ислам рұқсат бермейдi. Олай жасау Аллаға серiк қосқан болып саналады екен. Осы қысқа шалбар киген салафилер «қысқа» ойлайтын көрiнедi. Келiннiң сәлем беруiндегi мәнi жаңа үйдiң табалдырығынан аттағалы тұрған кездегi сол отаудың иелерiне құрмет көрсетуiнде.

Дәстүрiмiздi дұрыс бiлмейтiн, не арнайы дiни бiлiмi жоқ шала сауаттыларға айтарым, дiннен iзгiлiктi, дәстүрдi көрген дұрыс. Бұдан былай жастардың дiни бiлiмдi елiмiзде, яғни елiмiздiң дiни оқу орындарында бiлiм алғанын қалаймын.

Құдайға шүкiр, бүгiнгi таңда елiмiзде дәстүрлi ислам туралы дiни бiлiм беретiн 1 университет, 1 Ислам институты, 9 медресе бар. Аталған оқу орындары ҚМДБ-ның бiлiм ордалары. Дәлiрек айтсақ, олар: Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениетi университетi, Республикалық имамдардың бiлiмiн жетiлдiру Ислам инситуты, «Әбу Ханифа» медресесi, «Әбу Бәкiр Сыддық» медресесi, Ақтөбе медресесi, Астана медресесi, Орал медресесi, Сарыағаш медресесi, «Һибатулла Тарази» медресесi, Үшқоңыр (Шамалған) медресесi, Шымкент медресесi, Қожа Ахмет Йасауи атындағы сауат ашу курсы, Қауам ад-Дин әл-Фараби ат-Түркiстани атындағы республикалық басқа да қарилар дайындау орталықтары дiни бiлiм бередi.

Жастар — бiздiң жарқын болашағымыз, оларға жiтi көңiл бөлу, тәрбиелеу — ел ағалары, дiн қайраткерлерi мен имамдарымыздың алдындағы негiзгi мәселелердiң бiрi. Жастардың келешегi осыған байланысты. Өйткенi мешiтке баратын халықтың басым бөлiгi жастар. Сондықтан да шығыстық түсiнiктегi тәрбие ұғымының ел болашағына бағыт-бағдар берудегi маңыздылығы өте жоғары. Әсiресе, мұсылмандық түсiнiкте жас ұрпаққа ана құрсағында жатқаннан бастап тәрбие беруге баса назар аударылады.

Жастарымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрiн ұмытпай, құрмет тұтып қадiрлеуi, адами құндылықтарды бiрiншi орынға қою маңызды. Дәстүрлi дiнiмiзде ата-дәстүрiмiзбен ұштасып жатқан адамгершiлiк құндылықтар жетiп жатыр: бiлiмге, ақылға, жақсы ниетке, әлеуметтiк әдiлеттiкке, сонымен қатар адамдардың құқығы мен құрметiне ерекше көңiл бөлiнген.

Ғарифолла Есiм,

Л.Н. Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетi

Философия кафедрасының меңгерушiсi,

ф.ғ.д., профессор

Мақаланың шыққан күні: 17.12.2017 21:05
Парақтағы соңғы өзгерістер: 17.12.2017 21:05
Қаралым саны: 711

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz