A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидалары

Қазақстан Республикасы

Ұлттық экономика министрiнiң

2015 жылғы 30 қарашадағы

№ 750 бұйрығымен

бекiтiлген

Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру

және рұқсат беру рәсiмдерiнен өту қағидалары

1. Жалпы ережелер

1. Осы Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсiмдерiнен өту қағидалары (бұдан әрi — Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрi — Заң), өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес әзiрлендi және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiнiң жер учаскелерiн пайдалану, елдi мекендер мен қала маңындағы аймақтар аумағын жобалау мен салу жөнiндегi шарттар мен талаптарды айқындайды, жаңа объектiлер салуға және орналастыруға, қолданыстағы жылжымайтын мүлiк объектiлерiн өзгертуге (қайта бейiмдеу, қайта жабдықтау, қайта жоспарлау, реконструкциялау, кеңейту), үй-жайлардың функционалдық мақсатын өзгертуге, жылжымайтын мүлiк объектiлерiн пайдалануға беруге бастапқы материалдар мен рұқсат беру құжаттарын алу тәртiбiн белгiлейдi, сондай-ақ елдi мекендер мен қала маңындағы аймақтар аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн жүзеге асырумен байланысты өзге де қатынастарды реттейдi.

2. Осы Қағидалар жергiлiктi атқарушы органдардың (бұдан әрi — ЖАО), инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетушiлердiң, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы бақылау және қадағалау органдарының, сондай-ақ, инженерлiк инфрақұрылым желiлерiн қоса алғанда, құрылыс салу және/немесе реконструкциялау объектiлерiне меншiк нысанына қарамастан, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiнiң, сондай-ақ, жылжымайтын мүлiк объектiлерi меншiк иелерiнiң оларды пайдалану және ұстау бөлiгiнде, оның iшiнде қала құрылысы құжаттамасын әзiрлеу кезiнде қолдануы үшiн мiндеттi.

3. Жеке және заңды тұлғалар елдi мекеннiң аумағында құрылыс салуды осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырады.

Құрылыс салу мақсаттары үшiн жер учаскелерiн беру тәртiбi Қазақстан Республикасының Жер кодексiмен айқындалады.

4. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

1) бастапқы материалдар — қазiргi ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөлiктерiн) салу және реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жобаларын әзiрлеуге қажеттi материалдар;

2) жеке тұрғын үй құрылысы — белгiленген тәртiппен бекiтiлiп берiлген жер учаскелерiнде азаматтардың өз күшiмен, мердiгерлiк немесе заңдарда тыйым салынбаған басқа да әдiспен жеке тұрғын үйлер салуы;

3) жер учаскесiне құқық белгiлейтiн құжат — осылардың негiзiнде жер учаскесiне құқықтар туындайтын, өзгертiлетiн немесе тоқтатылатын заңдық фактiлердiң (заңдық құрамдарының) басталғанын растайтын құжат, оның iшiнде шарттар, соттардың шешiмдерi, атқарушы органдардың құқықтық актiлерi, мұрагерлiкке құқық туралы куәлiк, меншiк құқығымен жер учаскесiн иеленген немесе уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығын сатып алған мемлекеттiк емес заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру кезiндегi табыстау актiсi немесе бөлу балансы;

4) жер учаскесiне сәйкестендiру құжаты — жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрларын жүргiзу мақсатында қажеттi, жер учаскесiнiң сәйкестендiру сипаттамаларын қамтитын құжат;

5) қайта жабдықтау — үй-жайдың (үй-жайлардың) функционалдық мақсатының өзгеруiне, тыныс-тiршiлiктi қамтамасыз ету, қандай да бiр өнiмдер шығару, пайдалану, қызметтер көрсету және тағы басқалар үшiн қажеттi технологиялық және (немесе) инженерлiк жабдықтардың iшкi жүйесiн толық немесе iшiнара ауыстыруға байланысты оны (оларды) өзгерту;

6) қайта жоспарлау — осы үй-жайдың (осы үй-жайлардың) шекарасын өзгертумен ұштасқан үй-жайдың (үй-жайлардың) жоспарын өзгерту;

7) құрылыс — жаңа объектiлер салу және (немесе) бар объектiлердi (үйлердi, ғимараттар мен олардың кешендерiн, коммуникацияларды) өзгерту (кеңейту, жаңғырту, техникамен қайта жарақтандыру, реконструкциялау, қалпына келтiру, күрделi жөндеу), олармен байланысты технологиялық және инженерлiк жабдықтарды монтаждау (бөлшектеу), құрылыс материалдарын, бұйымдар мен конструкцияларын дайындау (өндiру), сондай-ақ аяқталмаған объектiлер құрылысын консервациялау мен өз ресурстарын тауысқан объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жұмыстарын жүзеге асыру жолымен өндiрiстiк және өндiрiстiк емес негiзгi қорларды құру жөнiндегi қызмет;

8) құрылыс алаңы — салынатын объектiнi, уақытша құрылғылар мен құрылыстарды, техникаларды, топырақ үйiндiлерiн орналастыру, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен жабдықтарын жинап қою, құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау үшiн пайдаланылатын аумақ;

9) "Азаматтар үшiн үкiмет" мемлекеттiк корпорациясы" коммерциялық емес акционерлiк қоғамы (бұдан әрi — Мемлекеттiк корпорация) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызметтер көрсету, "бiр терезе" қағидаты бойынша мемлекеттiк қызметтер көрсетуге өтiнiштер қабылдау және олардың нәтижелерiн көрсетiлетiн қызметтi алушыға беру жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттiк қызметтер көрсетудi қамтамасыз ету үшiн Қазақстан Республикасының шешiмiмен құрылған заңды тұлға;

10) мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органы — құрылыс объектiлерiнiң қауiпсiздiгiне, сапасына, берiктiлiгi мен орнықтылығына мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын жергiлiктi атқарушы органның құрылымдық бөлiмшесi;

11) мердiгер — тиiстi қызмет түрлерiн жүзеге асыруға лицензиясы бар, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылыс саласында тапсырыс берушiмен немесе инжинирингтiк ұйыммен жасалған мердiгерлiк шарт немесе мемлекеттiк сатып алу туралы шарт бойынша құрылыс саласында мердiгерлiк жұмысты орындайтын заңды және жеке тұлға;

12) объектiлер (құрылыс объектiлерi, олардың кешендерi) — ғимараттар, сондай-ақ көлемдiк, жазықтық және желiлiк құрылыстар:

тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы;

инженерлiк желiлердi қоса алғанда, коммуналдық мақсаттағы;

автомобиль мен темiр жолдары және олардың инфрақұрылымдары;

әуе және су көлiгi;

көпiрлер, жол құбырлары, тоннельдер, өнiм құбырлары және инженерлiк құрылыстары бар электр беру желiлерi;

телекоммуникациялық және ғарыштық байланыс;

атом энергетикасына арналған ғимараттар мен құрылыстарды қоса алғанда, энергетика;

кен өндiру өнеркәсiбiне арналған ғимараттар мен құрылыстарды қоса алғанда, өнеркәсiп;

ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, ирригациялық және (немесе) гидротехникалық мақсаттағы;

қорықтардағы, қаумалдардағы, балық питомниктерiндегi, орман, аңшылық және басқа да алқаптардағы тұрғын, өндiрiстiк және қосалқы шаруашылық мақсаттағы;

әскери қалашықтардағы және арнайы әскери технологиялық кешендердегi құрылыстар.

Қолданыстағы ғимараттардың (құрылыстардың) реконструкциялау, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау жүргiзу межеленiп отырған үй-жайлары (жекелеген бөлiктерi) да объектiлерге жатқызылады;

13) өтiнiш берушi — жаңа құрылысты жүзеге асыруға не қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын немесе жекелеген бөлiктерiне реконструкциялау, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау жүргiзуге ниетi бар мүдделi жеке немесе заңды тұлға (меншiк иесi, тапсырыс берушi, құрылыс салушы);

14) реконструкциялау — әдетте өзгеретiн объектiнi жаңарту мен жаңғырту қажеттiгiне байланысты жалпы жекелеген үй-жайларды, ғимараттың өзге де бөлiктерiн немесе ғимаратты өзгерту;

15) рұқсат беру құжаттары — өтiнiш берушiге ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөлiктерiн) салу немесе қолданыстағыларын өзгерту жөнiнде өзiнiң ойын iске асыруға құқық беретiн құжаттар, олар мыналарды қамтиды:

жерге тиiстi құқық беру туралы жергiлiктi атқарушы органның шешiмi;

қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларына (жекелеген бөлiктерiне) реконструкциялау, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау жүргiзуге арналған тиiстi жергiлiктi атқарушы органның шешiмi;

16) сыртқы инженерлiк желiлер трассасының схемасы — жобаланатын және қолданыстағы инженерлiк желiлерде орналасқан, инженерлiк желiлерге қосылуға арналған техникалық шарттарға сәйкес әзiрленген схема;

17) тапсырыс берушi (құрылыс салушы) — жеке меншiк немесе мемлекеттiк мұқтаждар үшiн не коммерциялық мақсаттарда кәсiпорындар, ғимараттар, құрылыстар салу жөнiндегi жобаны iске асыруды жүзеге асыратын инвестор (не өзi инвестор болып табылатын) уәкiлеттiк берген жеке немесе заңды тұлға;

18) техникалық жоба — қолданыстағы ғимараттардың (құрылыстардың) үй-жайларын (жекелеген бөлiктерiн) реконструкциялау, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау мақсатында әзiрленетiн жобалау алдындағы құжаттама түрi;

19) топографиялық түсiрiлiм — жергiлiктi жердiң масштабпен, жергiлiктi координаттар жүйесiнде, Балтық биiктiк жүйесiнде орындалған және қолданыстағы жер үстiндегi және жер астындағы желiлер мен құрылыстарды көрсететiн электрондық не графикалық моделi;

20) эскиз (эскиздiк жоба) — жобалық (жоспарлық, кеңiстiктiк, сәулеттiк, технологиялық, конструктивтiк, инженерлiк, декоративтiк немесе басқа) шешiмнiң, схема, сызба, бастапқы сұлба (сурет) нысанында орындалған және осы шешiмнiң түпкi ойын түсiндiретiн оңайлатылған түрi.

2. Қала құрылысы талаптары

5. Елдi мекендердiң аумағында әртүрлi мақсаттағы объектiлердi өз бетiнше салуға жол берiлмейдi.

6. Елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оларға қала құрылысының бекiтiлген жобалары негiзiнде жүзеге асырылады.

Елдi мекеннiң бекiтiлген бас жоспары елдi мекендi дамытуды кешендi жоспарлауды айқындайтын негiзгi қала құрылысы құжаты болып табылады.

7. Жер учаскелерi құрылыс жүргiзу үшiн берiлген кезде оларды пайдалануға қойылатын қала құрылысы талаптары бекiтiлген бас жоспардың, егжей-тегжейлi жоспарлау мен құрылыс салу, қала құрылысы аймақтарына бөлу жобаларының, сондай-ақ осы Қағидалардың негiзiнде белгiленедi.

8. Жеке және заңды тұлғалардың елдi мекеннiң аумағында жер учаскелерiн құрылыс салу үшiн (коммуникациялар жүргiзудi, аумақты инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру, көгалдандыру және учаскенi жайғастырудың басқа да түрлерiн қоса алғанда) пайдалануы, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының негiзiнде және нысаналы мақсатын немесе сервитутты, аумақты аймақтарға бөлудi, қызыл сызықтарды және құрылыс салуды реттеу сызықтарын, құрылыс салу мен оны пайдалану қағидаларын сақтай отырып, Қазақстан Республикасының Жер кодексiне және осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

9. Жер учаскесiне құқық белгiлейтiн және (немесе) сәйкестендiру құжаттарында көрсетiлген нысаналы мақсатқа қатаң сәйкестiкпен жер учаскелерiнде құрылыс салуға және оларды пайдалануға жол берiледi.

10. ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесi астананың, республикалық маңызы бар қаланың және облыстық маңызы бар қалалардың аумағында құрылыс салудың жай-күйi туралы өзектi ақпарат қалыптастыру мақсатында жаңартылуы және өзгертiлуi тұрақты негiзде жүзеге асырылатын кезекшi топографиялық жоспар (коммуникациялар, топографиялық түсiрiлiмдер, үйлер мен ғимараттар) жүргiзедi.

11. Кезекшi топографиялық жоспардың ақпараты және (немесе) мәлiметтерi жеке және заңды тұлғалардың сұрауы бойынша қағаз немесе электрондық жеткiзгiштерде ұсынылады, не интернет-портал арқылы кезекшi топографиялық жоспарға қолжетiмдiлiк қамтамасыз етiледi.

12. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында белгiленген мемлекеттiк нормативтерге сәйкес бау-бақша және саяжай серiктестiктерiнiң аумақтары резервтiк аумақтардың шегiнен тыс елдi мекендердiң және көршiлес кәсiпорындардың санитариялық қорғану аймақтарының перспективалық дамуын ескере отырып, қоғамдық көлiкпен жететiн қашықтықта, сондай-ақ қала құрылысы жобаларына сәйкес орналастырылады.

13. Қала маңы аймағына кiретiн елдi мекендердiң қала құрылысы жобалары қаланың ЖАО-ымен келiсiледi.

Қала маңындағы аймақтар қала жерiнiң шекарасымен (шегiмен) iргелес, аталған қаланың, қала маңының аумағына кiретiн басқа да елдi мекендердiң аумағын дамытуға, сондай-ақ санитариялық-қорғау функцияларын орындауға, халықтың демалыс орындарын, бау-бақша және саяжай серiктестiктерiн орналастыруға арналған жерлердi қамтиды.

14. Қала маңындағы аймақтардың шекарасын белгiлеу бекiтiлген қала құрылысы құжаттамасының негiзiнде жүзеге асырылады.

15. Елдi мекендердi жобалау, тұрғын аудандарды қалыптастыру, қайта игерiлетiн және реконструкцияланатын аумақтарды және елдi мекендердi абаттандыру кезiнде тұрғын, қоғамдық және өндiрiстiк ғимараттарға, құрылыстар мен үй-жайларға халықтың iс-қимылы шектеулi топтарының қол жетiкiзуi қамтамасыз етiледi.

Тұрғын және қоғамдық ғимараттардың аумағында орналасатын автомобиль тұрақтарын жобалау кезiнде халықтың iс-қимылы шектеулi топтарының жеке автокөлiк құралдары үшiн орындар көзделедi.

16. Сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары аймақтарда (аудандарда) жобалау және құрылыс салу көрсетiлген мәселелердi реттейтiн сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтердiң талаптарын ескере отырып, жүзеге асырылады.

17. Тұрғын және қоғамдық ғимараттарды жобалаған кезде жерасты кеңiстiгi құрылыстық, экологиялық, санитариялық және өртке қарсы талаптарға сәйкес құрылыс алаңының инженерлiк-геологиялық жағдайларын есепке ала отырып, автопаркингтер, гараждар мен инженерлiк жабдықтау құрылыстарын орналастыру үшiн пайдаланылады.

18. Объектiлердi пайдаланған кезде мыналарға:

ғимаратты немесе құрылысты күрделi жөндеу мен реконструкциялау жөнiндегi iс-шара сәйкестендiрiлген құрылыс материалдарын қолдана отырып, қасбеттi бiрыңғай стильде кешендiк безендiрудi көздейтiн жағдайларды қоспағанда, ғимараттың, құрылыс сәулет стилiн бұзуға;

көп пәтерлi тұрғын және қоғамдық ғимараттардың қасбет бөлiгiнде спутниктiк немесе эфирлiк сигналын қабылдау үшiн Қазақстан Республикасы аумағында телерадиоканалдарды таратуға лицензиясы жоқ, байланыс және (немесе) телерадиохабарларын тарату операторларының спутниктiк және эфирлiк қабылдау құрылғыларын орнатуға жол берiлмейдi.

Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда — ҚР Ұлттық экономика министрiнiң 27.05.2016 № 224 (алғаш ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк жиырма бiр күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

19. Тұрғын және қоғамдық ғимараттарда, оның iшiнде ұлттық спутниктiк телеарналардың немесе сандық эфирлiк телерадиохабарлар таратудың кабель желiлерiн, ұжымдық және жеке қабылдау жүйелерiн жобалау және салу сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтер талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

20. Уақытша қондырғылар мен құрылыстарды (сауда палаткаларын (павильондарды), киоскiлердi, жарнама құрылғыларын және басқа да сервис объектiлерiн) орналастыру Жер кодексiнiң 109-бабына және Заңның 21-бабының 4) тармақшасына және 22-бабының 1-1-тармағы 4) тармақшасына сәйкес бекiтiлетiн қалалар мен елдi мекендердiң аумағын абаттандыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

21. Үйлер мен ғимараттарды бөлшектеу және бұзу (кәдеге жаратудан кейiн) әзiрленген жобалық (жобалық-сметалық) құжаттама негiзiнде сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтердiң талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

3. Жобалау алдындағы рәсiмдер және жобалау

1-параграф. Жалпы ережелер

22. Құрылыс жөнiндегi жобаларды iске асыру мынадай кезеңдерде жүзеге асырылады:

1) жер учаскесiне құқық алу;

2) құрылыс жобаларын әзiрлеу үшiн бастапқы материалдарды алу;

3) эскиздi (эскиздiк жобаны) келiсу;

4) құрылыс жобаларын жобалау және сараптау;

5) құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру;

6) салынған объектiнi қабылдау және пайдалануға беру.

Инженерлiк желiлермен құрылыстарды жобалаған кезде олардың эскизiн (эскиздiк жобасын) келiсу талап етiлмейдi.

23. Тапсырыс берушi (құрылыс салушы) объектiлердi салу бойынша өз қызметiн (Нормативтiк құқықтық актiлердiң тiзiлiмiнде № 10795 болып тiркелген) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрiнiң 2015 жылғы 19 наурыздағы № 229 бұйрығымен бекiтiлген Тапсырыс берушiнiң (құрылыс салушының) қызметiн ұйымдастырудың және функцияларын жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.

24. Құрылыс жобаларын әзiрлеуге арналған бастапқы материалдар мыналарды қамтиды:

1) сәулет-жоспарлау тапсырмасы (бұдан әрi — СЖТ);

2) инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету көздерiне қосуға арналған техникалық шарттар (бұдан әрi — техникалық шарттар);

3) жолдар мен көшелердiң көлденең қималары;

4) тiк жоспарлау белгiлерi;

5) түбегейлi жоспарлау жобасынан алынған үзiндi көшiрме;

6) құрылыс алаңын инженерлiк iздестiру материалдары (жер учаскесiнiң және коммуникация төселген трассаның шекарасында);

7) жобалауға арналған бекiтiлген тапсырма.

Реконструкциялау, қайта жоспарлау және қайта жабдықтау жобаларын әзiрлеуге арналған бастапқы материалдардың тiзбесi осы Қағидалардың 3-бөлiмiнiң 5-параграфында келтiрiлген.

25. СЖТ мен техникалық шарттар жобалау (жобалау-сметалық) құжаттаманың құрамында бекiтiлген құрылыстың нормативтiк ұзақтығының барлық мерзiмi iшiнде қолданылады.

26. Жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзiрлеудi тиiстi жұмыс түрлерiне лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.

27. Жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзiрлеу тапсырыс берушi берген жобалауға арналған тапсырмаға сәйкес СЖТ-ның негiзгi талаптары мен ұсынымдарын ескере отырып, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтердiң талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

28. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы" Қазақстан Республикасының Кодексiнiң 21-1-бабының 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттiк органның ведомствосы және оның аумақтық бөлiмшелерi "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттiк санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға және қадағалауға жататын, эпидемиялық маңыздылығы жоғары объектiлердi салу, реконструкциялау және кеңейту жобаларына, қалалық және ауылдық елдi мекендердiң құрылыс салу бас жоспарларының, курорттық аймақтар жобаларына және егжей-тегжейлi жоспарлау жоспарларына санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды берудi жүзеге асырады.

29. Жол құрылысының жобалары Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 10690 болып тiркелген, Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрiнiң 2015 жылғы 12 наурыздағы № 208 бұйрығымен бекiтiлген Жолдарды жобалауға, салуға, жөндеуге, күтiп-ұстауға және жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бөлiгiнде оларды басқаруға арналған нормативтiк, жобалау және техникалық құжаттаманы келiсу және бекiту қағидаларында белгiленген тәртiппен жол жүрiсi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсiледi.

30. Әзiрленген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының сараптамасы Заңның 9-1-тарауына және Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 10722 болып тiркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрiнiң 2015 жылғы 1 сәуiрдегi № 299 бұйрығымен бекiтiлген Қаржыландыру көздерiне қарамастан, жаңаларын салуға, сондай-ақ бұрыннан бар үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерiн, инженерлiк және көлiк коммуникацияларын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделi жөндеуге) арналған техникалық-экономикалық негiздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешендi сараптама жүргiзу қағидаларына сәйкес жүргiзiледi.

2-параграф. Құрылыс жобаларын әзiрлеу үшiн бастапқы

материалдарды беру тәртiбi мен мерзiмдерi

31. Бастапқы материалдарды беру туралы өтiнiш ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесiнiң атына "электрондық үкiмет" веб-порталы немесе Мемлекеттiк корпорация арқылы мынадай құжаттарды қоса бере отырып, осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша берiледi:

1) жобалауға арналған бекiтiлген тапсырма;

2) жер учаскесiне құқық белгiлейтiн құжат;

3) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша техникалық шарттарға арналған сауалнама парағы (бұдан әрi — сауалнама парағы);

4) топографиялық түсiрiлiм;

5) жеке тұлғалар үшiн — жеке басын куәландыратын құжат.

Егер өтiнiштi уәкiлеттi өкiлi беретiн болса: заңды тұлға үшiн — өкiлеттiлiгiн растайтын құжат бойынша; жеке тұлға үшiн — нотариалды куәландырылған сенiмхат бойынша берiледi.

Осы тармақта көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берiлмейдi.

31-1. СЖТ және техникалық шарттар ұсыну туралы өтiнiш ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесiнiң атына "электрондық үкiмет" веб-порталы немесе Мемлекеттiк корпорация арқылы мынадай құжаттарды қоса бере отырып, осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша берiледi:

1) жобалауға арналған бекiтiлген тапсырма;

2) жер учаскесiне құқық белгiлейтiн құжат немесе реконструкциялауға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға) жергiлiктi атқарушы органның шешiмi;

3) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша техникалық шарттарға арналған сауалнама парағы (бұдан әрi — сауалнама парағы);

4) жеке тұлғалар үшiн — жеке басын куәландыратын құжат (көрсетiлетiн қызметтi алушының жеке басын сәйкестендiру үшiн).

Егер өтiнiштi уәкiлеттi өкiлi беретiн болса:

заңды тұлға үшiн — өкiлеттiлiгiн растайтын құжат бойынша;

жеке тұлға үшiн — нотариалды куәландырылған сенiмхат бойынша берiледi.

Осы тармақта көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берiлмейдi.

Ескерту. 31-1-тармақпен толықтырылды — ҚР Ұлттық экономика министрiнiң 27.05.2016 № 224 (алғаш ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк жиырма бiр күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

32. Мемлекеттiк корпорация өтiнiштi ақпараттық жүйе арқылы тiркейдi және оны ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесiне жiбередi.

33. Жоспарланған құрылыс бекiтiлген егжей-тегжейлi жоспарлау жобасына сәйкес келмеген жағдайда, ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесi өтiнiш берiлген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнi iшiнде "электрондық үкiмет" веб-порталы немесе Мемлекеттiк корпорация арқылы дәлелдi бас тарту жiбередi. Мұндай жағдайда өтiнiшке құрылыс салу ауданын егжей-тегжейлi жоспарлау жобасынан алынған үзiндi көшiрме қоса берiледi.

ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесi бiр мезгiлде инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетушiлерге техникалық шарттарды алуға арналған сауалнама парағын жiбередi.

Инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетушiлер сауалнама парағын және топографиялық түсiрiлiмдi алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнi iшiнде сыртқы инженерлiк желiлер трассасының алдын ала схемасымен бiрге техникалық шарттарды дайындайды және ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесiне жiбередi.

34. ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесi жоспарланған құрылыс бекiтiлген егжей-тегжейлi жоспарлау жобасына сәйкес келген жағдайда, мынадай материалдарды дайындайды:

1) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша СЖТ;

2) егжей-тегжейлi жоспарлау жобасынан алынған үзiндi көшiрме;

3) тiк жоспарлау белгiлерi;

4) жолдар мен көшелердiң көлденең қималары;

5) сыртқы инженерлiк желiлер трассаларының схемалары.

ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесi дайындалған материалдарды және құжаттарды Мемлекеттiк корпорацияға жiбередi немесе "электрондық үкiмет" веб-порталына орналастырады.

34-1. ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесi жоспарланған құрылыс бекiтiлген егжей-тегжейлi жоспарлау жобасына сәйкес келген жағдайда осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша СЖТ дайындайды.

ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесi дайындалған материалдарды және құжаттарды Мемлекеттiк корпорацияға жiбередi немесе "электрондық үкiмет" веб-порталына орналастырады.

Ескерту. 34-1-тармақпен толықтырылды — ҚР Ұлттық экономика министрiнiң 27.05.2016 № 224 (алғаш ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк жиырма бiр күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

35. Мемлекеттiк корпорация өтiнiш берушiге мынадай құжаттарды бередi:

1) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша СЖТ;

2) техникалық шарттар;

3) сыртқы инженерлiк желiлер трассаларының схемалары;

4) егжей-тегжейлi жоспарлау жобасының көшiрмесi;

5) тiк жоспарлау белгiлерi;

6) жолдар мен көшелердiң көлденең қималары.

35-1. Мемлекеттiк корпорация өтiнiш берушiге мынадай құжаттарды бередi:

1) осы Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес нысан бойынша СЖТ;

2) техникалық шарттар.

Ескерту. 35-1-тармақпен толықтырылды — ҚР Ұлттық экономика министрiнiң 27.05.2016 № 224 (алғаш ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк жиырма бiр күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

36. Техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделi емес объектiлердi жобалауға берiлген өтiнiштердi қарау мерзiмi:

СЖТ және техникалық шарттарды беруге өтiнiштi берген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнiнен аспайтын дәлелдi бас тарту жағдайларын қоспағанда, 6 (алты) жұмыс күнiнен аспайды;

бастапқы беру материалдарын (СЖТ, техникалық шарттар, егжей-тегжейлi жоспарлау жобасының көшiрмесi, тiк жоспарлау белгiлерi, жолдар мен көшелердiң көлденең қималары, сыртқы инженерлiк желiлер трассаларының схемалары) алуға өтiнiш берген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнiнен аспайтын дәлелдi бас тарту жағдайларын қоспағанда, 15 (он бес) жұмыс күнiнен аспайды.

Техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделi жобалар бойынша өтiнiштердi қарау мерзiмi:

СЖТ және техникалық шарттарды беруге өтiнiштi берген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнiнен аспайтын дәлелдi бас тарту жағдайларын қоспағанда, 15 (он бес) жұмыс күнiнен аспайды;

бастапқы беру материалдарын (СЖТ, техникалық шарттар, егжей-тегжейлi жоспарлау жобасының көшiрмесi, тiк жоспарлау белгiлерi, жолдар мен көшелердiң көлденең қималары, сыртқы инженерлiк желiлер трассаларының схемалары) алуға өтiнiш берген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнiнен аспайтын дәлелдi бас тарту жағдайларын қоспағанда, өтiнiш берген күннен бастап 17 (он жетi) жұмыс күнiнен аспайды.

Ескерту. 36-тармақ жаңа редакцияда — ҚР Ұлттық экономика министрiнiң 27.05.2016 № 224 (алғаш ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк жиырма бiр күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

37. Өтiнiш берушi бас тарту алған жағдайда, ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесiнiң ескертулерiн жойғаннан кейiн Мемлекеттiк корпорацияға қайта өтiнiш бередi. Мұндай жағдайда бұрын болған, бiрақ көрсетiлмеген негiздер бойынша қайталап бас тартуға жол берiлмейдi.

3-параграф. Құрылыстың эскизiн (эскиздiк жобасын) келiсу

38. Бастапқы материалдарды және эскиздi (эскиздiк жобаны) алғаннан кейiн өтiнiш берушi осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша оны ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесiне өтiнiш беру арқылы келiсудi жүзеге асырады.

Өтiнiшке мыналар қоса берiледi:

1) эскиз (эскиздiк жоба);

2) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша СЖТ көшiрмесi;

3) жеке тұлғалар үшiн — жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi.

Егер өтiнiштi уәкiлеттi өкiлi беретiн болса: заңды тұлға үшiн — өкiлеттiлiгiн растайтын құжат бойынша; жеке тұлға үшiн — нотариалды куәландырылған сенiмхат бойынша берiледi.

Осы тармақта көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берiлмейдi.

39. Техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделi объектiлер бойынша эскиздердi (эскиздiк жобаларды) ЖАО-ның жанындағы тиiстi консультативтiк-кеңесшi орган қарайды және ЖАО келiседi.

40. Техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделi емес объектiлер бойынша эскиздердi (эскиздiк жобаларды) ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесi қарайды және келiседi.

41. Мақсатына, негiзгi параметрлерiне, объектiнiң нақты жер учаскесiнде орналасуына және көшелердi, орамдарды және тұрғын үй алаптарын салудың сәулет-көркем колористикасына сәйкес түсiне қатысты шешiмге қойылатын талаптар кешенiнен ауытқулар эскиздi (эскиздiк жобаны) келiсуден бас тарту үшiн негiз болып табылады.

42. Эскиздi (эскиздiк жобаны) келiсуден бас тартылған жағдайда, өтiнiш берушiге жою үшiн нақты ескертулер мен себептерi көрсетiлген дәлелдi бас тарту туралы шешiм берiледi.

Өтiнiш берушi ескертулердi жойғаннан кейiн қайта өтiнiш бередi.

Бұрын болған, бiрақ көрсетiлмеген негiздер бойынша кейiннен бас тартудың болуы мүмкiн емес.

43. Өтiнiштi қарау және техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделi емес объектiлердiң эскизiн (эскиздiк жобасын) келiсу мерзiмi, мерзiмi 5 (бес) жұмыс күнiнен аспайтын дәлелдi бас тарту жағдайларын қоспағанда, өтiнiш берген күннен бастап 10 (он) жұмыс күнiнен аспайды.

Өтiнiштi қарау және техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделi объектiлердiң эскизiн (эскиздiк жобасын) келiсу мерзiмi, мерзiмi 5 (бес) жұмыс күнiнен аспайтын дәлелдi бас тарту жағдайларын қоспағанда, өтiнiш берген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнiнен аспайды.

44. Эскиздi (эскиздiк жобаны) келiскеннен кейiн ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесi келiсiлген эскиздi (эскиздiк жобаны) тiркеудi және деректер базасына енгiзудi жүргiзедi, сондай-ақ өтiнiш берушiге келiсiлген эскиздi (эскиздiк жобаны) бередi.

4-параграф. Елдi мекеннiң аумағындағы инженерлiк желiлер мен

құрылыстарды жобалау ерекшелiктерi

45. Объектiлердiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн таратушы және алаңiшiлiк инженерлiк желiлердi, сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстардың iшкi желiлерiн жобалауды, ұзақтығына қарамастан, елдi мекеннiң инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетушiлердiң техникалық шарттарына және ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесi берген СЖТ-ға сәйкес құрылыс салушылардың (тапсырыс берушiлердiң) тапсырысы бойынша жүзеге асырылады.

46. Инженерлiк желiлер мен құрылыстардың жобалары барлық сатыларда және барлық түрлерiнде толыққанды және жергiлiктi координаттар жүйесiнде, Балтық биiктiк жүйесiнде түзетiлген топографиялық түсiрiлiмде (қолданылу мерзiмi 1 жылдан аспайды) орындалады.

47. Жобалау құжаттамасын әзiрлеу, магистральдық коммуникацияларды, инженерлiк инфрақұрылымның бас құрылыстарын салу, пайдалану және кейiн кәдеге жарату кезiнде, сондай-ақ аумақтарды инженерлiк дайындау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу кезiнде шекаралас аумақтардың мүдделерiн ескеретiн және аумақ пен онда тұратын халыққа қауiптi (зиянды) құбылыстар мен процестердiң әсер ету мүмкiндiгiн болдырмайтын шешiмдер қабылдануы тиiс.

48. Инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетушiлер берген техникалық шарттарға сәйкес әзiрленген және ведомстводан тыс кешендi сараптамадан өткен сыртқы инженерлiк желiлер мен құрылыстардың жобалары инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетушiлермен қосымша келiсуге жатпайды.

49. Тапсырыс берушiнiң (құрылыс салушының) ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесiне сыртқы желiлер мен құрылыстардың жобаларын бекiткеннен кейiн 10 (он) жұмыс күнiнен кешiктiрмей жобаланатын инженерлiк желiлер мен құрылыстар туралы мәлiметтердi ұсынуы арқылы мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының деректер базасына енгiзiледi.

5-параграф. Реконструкциялау, қайта жабдықтау және қайта

жоспарлау кезiнде бастапқы материалдар, рұқсат беру

құжаттарын беру және эскиздi (эскиздiк жобаны)

келiсу тәртiбi мен мерзiмдерi

50. Қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөлiктерiн) реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) үшiн бастапқы материалдар мен рұқсат беру құжаттарын алуға арналған өтiнiш ЖАО-ға, "электрондық үкiмет" веб-порталына немесе Мемлекеттiк корпорацияға, берiледi, оған мынадай құжаттар қоса берiледi:

1) жобалауға арналған бекiтiлген тапсырма;

2) өтiнiштi қарайтын мемлекеттiк органның құжаттардың түпнұсқалылығын салыстырып тексеруi үшiн түпнұсқаларды бере отырып, өтiнiш берушiнiң өзгертiлетiн объектiге меншiк құқығын куәландыратын құжаттардың көшiрмелерi, не оның көшiрмесi;

3) объектiнiң меншiк иесiнiң (тең меншiк иелерiнiң) белгiленген өзгерiс пен оның параметрлерiне нотариалды куәландырылған жазбаша келiсiмi;

4) егер үй-жайларды (тұрғын үйдiң бөлiктерiн) жоспарланған реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) немесе үй-жайлардың шекарасын ауыстыру өзгертiлетiн үй-жайлармен (үйдiң бөлiктерiмен) көршiлес басқа үй-жайлар (үйдiң бөлiктерi) меншiк иелерiнiң мүдделерiн қозғайтын болса, олардың нотариалды куәландырылған жазбаша келiсiмi;

5) өзгертiлетiн үй-жайдың техникалық паспортының көшiрмесi (түпнұсқасы салыстырып тексеруi үшiн ұсынылады);

6) техникалық жоба;

7) сауалнама парағы мен топографиялық түсiрiлiм (қосымша инженерлiк және/немесе коммуналдық қамтамасыз ету көздерiне қосу және/немесе жүктеменi арттыру қажет болған жағдайда);

8) жер учаскесiне құқық белгiлейтiн құжаттардың көшiрмесi (егер реконструкциялау жер учаскесiн қосымша бөлудi (кесiп берудi) көздейтiн болса) (түпнұсқаны салыстырып тексеру үшiн ұсынады);

9) жеке басын куәландыратын құжат.

Егер өтiнiштi уәкiлеттi өкiлi беретiн болса: заңды тұлға үшiн — өкiлеттiлiгiн растайтын құжат бойынша; жеке тұлға үшiн — нотариалды куәландырылған сенiмхат бойынша ұсыну қажет.

Ескерту. 50-тармақ жаңа редакцияда — ҚР Ұлттық экономика министрiнiң 27.05.2016 № 224 (алғаш ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк жиырма бiр күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

51. Үй-жайларды қайта жоспарлау кезiнде бастапқы материалдарды (СЖТ, техникалық шарттар және сыртқы инженерлiк желiлер трассасының схемалары) алу талап етiлмейдi.

52. ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесi осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша СЖТ дайындайды.

Өтiнiш берушi сауалнама парағын берген кезде ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесi оны техникалық шарттар алу үшiн инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетушiлерге жiбередi.

Инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетушiлер сауалнама парағы мен топографиялық түсiрiлiмдi алғаннан кейiн 5 (бес) жұмыс күнiнiң iшiнде сыртқы инженерлiк желiлер трассасының алдын ала схемасы бар бiрге техникалық шарттарды дайындайды және ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесiне жiбередi.

ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесi инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетушiлер берген техникалық шарттар мен сыртқы инженерлiк желiлер трассасының алдын ала схемасының негiзiнде сыртқы инженерлiк желiлер трассасының схемасын дайындайды.

53. Өтiнiштi қарау мерзiмi 5 (бес) жұмыс күнiнен аспайтын дәлелдi бас тарту жағдайларын қоспағанда, өтiнiш берген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнiнен аспайды.

Дәлелдi бас тартуда жоюға арналған нақты ескертулер мен себептер көрсетiледi.

Бас тарту үшiн мыналар негiз болып табылады:

қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстар үй-жайларының (жекелеген бөлiктерiнiң) мақсатты тағайындалуына қойылатын талаптар кешенiнен, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы мемлекеттiк нормативтердiң талаптарынан ауытқулар;

қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстардың үй-жайлары (жекелеген бөлiктерi) конструкциясының тiреу қабiлетiнiң жоғалуына алып келетiн өзгерiстер.

Тапсырыс берушi ескертулердi жойғаннан кейiн қайта өтiнiш бередi.

Кейiннен бас тарту бұрын болған, бiрақ көрсетiлмеген негiздер бойынша берiлмейдi.

54. ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесi ұсынылған құжаттарды қарағаннан кейiн ЖАО-ның реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) туралы шешiмiн дайындайды және құжаттарды өтiнiш берушiге беру үшiн Мемлекеттiк корпорацияға жiбередi, не "электрондық үкiмет" веб-порталында орналастырады.

55. Мемлекеттiк корпорация өтiнiш берушiге мынадай құжаттарды бередi:

1) ЖАО-ның реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) туралы шешiмi;

2) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша СЖТ;

3) техникалық шарттар және сыртқы инженерлiк желiлер трассасының схемалары (өтiнiш берушi сауалнама парағын берген кезде).

56. Қолданыстағы объектiнiң сыртқы келбетi (қасбеттерi) өзгерген жағдайда, өтiнiш берушi бастапқы-рұқсат беру құжаттарын алғаннан кейiн ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесiне осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш беру арқылы эскиздi (эскиздiк жобаны) келiсудi жүзеге асырады.

Өтiнiшке мыналар қоса берiледi:

1) эскиз (эскиздiк жоба);

2) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша СЖТкөшiрмесi;

3) жеке тұлғалар үшiн — жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi.

Егер өтiнiштi уәкiлеттi өкiлi беретiн болса: заңды тұлға үшiн — өкiлеттiлiгiн растайтын құжат бойынша; жеке тұлға үшiн — нотариалды куәландырылған сенiмхат бойынша берiледi.

Осы тармақта көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берiлмейдi.

57. Техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделi объектiлер бойынша эскиздердi (эскиздiк жобаларды) ЖАО, ал қажет болған жағдайда ЖАО-ның жанындағы тиiстi консультативтiк-кеңесшi орган қарайды және келiседi.

58. Техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделi емес объектiлер бойынша эскиздердi (эскиздiк жобаларды) ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесi қарайды және келiседi.

59. Мақсатына, негiзгi параметрлерiне, объектiнiң нақты жер учаскесiнде орналасуына және көшелердi, орамдарды және тұрғын үй алаптарын салудың сәулет-көркем колористикасына сәйкес түстiк шешiмге қойылатын талаптар кешенiнен ауытқу эскиздi (эскиздiк жобаны) келiсуден бас тарту үшiн негiз болып табылады.

60. Эскиздi (эскиздiк жобаны) келiсуден бас тартылған жағдайда тапсырыс берушiге жою үшiн нақты ескертулер көрсетiлген дәлелдi бас тарту туралы шешiм берiледi.

Тапсырыс берушi ескертулердi жойғаннан кейiн қайта өтiнiш бередi.

Кейiннен бас тарту бұрын болған, бiрақ көрсетiлмеген негiздер бойынша жол берiлмейдi.

61. Өтiнiштi қарау және эскиздi (эскиздiк жобаны) келiсу мерзiмi 5 (бес) жұмыс күнiнен аспайтын дәлелдi бас тарту жағдайларын қоспағанда, олар ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесiне түскен күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнiнен аспайды.

62. Эскиздi (эскиздiк жобаны) келiскеннен кейiн ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесi келiсiлген эскиздi (эскиздiк жобаны) тiркеудi және деректер базасына енгiзудi жүргiзедi, сондай-ақ өтiнiш берушiге келiсiлген эскиздi (эскиздiк жобаны) бередi.

63. Тiреу конструкцияларын қозғамайтын жағдайларды қоспағанда, реконструкциялау (қайта жабдықтау, қайта жоспарлау) жобалары бойынша мiндеттi сараптамаға жататын жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы әзiрленедi.

Көрсетiлген жағдайларда жобаны iске асыру жөнiндегi құрылыс-монтаждау жұмыстары сараптаманың оң қорытындысын алған кейiн ғана жүзеге асырылады.

Жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзiрлеудiң алдында тапсырыс берушi аттестатталған сарапшыларды тарта отырып, қолданыстағы үй-жай, ғимарат немесе құрылыс конструкцияларының физикалық жай-күйiне, сенiмдiлiгi мен тұрақтылығына техникалық зерттеп тексеру жүргiзiледi.

4. Жеке тұрғын үй құрылысы

64. Жеке тұрғын үй құрылысы (бұдан әрi — ЖТҚ) үшiн жер учаскесiн беру нормалары Қазақстан Республикасы Жер кодексiнiң 50-бабына сәйкес белгiленедi.

65. ЖТҚ үшiн бөлiнген алаңдар, елдi мекеннiң бекiтiлген бас жоспарына, егжей-тегжейлi жоспарлау жобасына және елдi мекеннiң құрылыс салу жобасына сәйкес орналастырылады.

66. ЖТҚ аумақтарын жоспарлау және құрылысын салу Заңға сәйкес жүргiзiледi.

Жеке тұрғын үй құрылысының аудандары мен орамдарын жобалау және салу қызмет көрсету мекемелерi мен кәсiпорындарын орналастыра, қажеттi инженерлiк-көлiктiк инфрақұрылыммен қамтамасыз ете отырып, кешендi түрде жүзеге асырылады.

67. Жеке тұрғын үйлердi жобалау және салу қала құрылысы құжаттамасына және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы мемлекеттiк нормативтерге қатаң сәйкестiкте жүзеге асырылады.

68. Жеке тұрғын үй құрылысы Қазақстан Республикасының астанасында, сондай-ақ сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары немесе өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайлары бар аймақтардағы құрылыс салуды қоспағанда, ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесiмен келiсiлген эскизге (эскиздiк жобаға) сәйкес жүзеге асырылады.

Астананың аумағында және сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары немесе өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайлары бар аудандарда ЖТҚ мiндеттi сараптамадан өтуге жататын жобалау құжаттамасы бойынша жүзеге асырылады.

69. Белгiленген тәртiппен бекiтiлiп берiлген жер учаскесiнде орналасқан, тұрғын үйдiң және басқа да құрылыстардың көлемiн олардың сыртқы габариттерi (оның iшiнде биiктiгi) осы құрылыстар, сондай-ақ шектес жер учаскелерiндегi құрылыстар арасында белгiленген мiндеттi нормативтiк, санитариялық, өртке қарсы және техникалық айырмашылықтарды қамтамасыз еткен жағдайда жеке құрылыс салушы дербес белгiлейдi.

5. Құрылыс салу

70. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, бекiтiлген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасынсыз құрылыс салуға жол берiлмейдi.

71. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу басталғанға дейiн тапсырыс берушi мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын органдарды құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзудiң басталғаны жөнiнде хабардар етедi.

72. Заңның 33-бабына сәйкес мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органы құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу басталғаны туралы хабарламаны алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнiнен кешiкпей объектiлер мен кешендерге барады.

73. Объектiлердiң құрылысы, Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда:

авторлық және техникалық қадағалаулардың мiндеттi сүйемелденуiмен;

белгiленген тәртiппен сараптамадан өткен жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына сәйкес жүзеге асырылады.

74. Заңның 60-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, орындалатын құрылыс-монтаждау жұмыстарының қала құрылысы регламенттерiне, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтерге сәйкестiгiн бақылауды мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органы жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылау тексерулер түрiнде және өзге де түрлерде жүзеге асырылады. Тексерулер Қазақстан Республикасының Кәсiпкерлiк кодексiне сәйкес жүргiзiледi.

75. Құрылыс алаңында дайындық жұмыстарын жүзеге асырған кезде құрылыс объектiсiнiң паспорты бар маңдайша жазу орнатылады, онда тапсырыс берушiлер, мердiгерлер, жоба авторлары, авторлық қадағалау мен техникалық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалар туралы ақпарат, жүргiзiлетiн құрылыс-монтаждау жұмыстары туралы (оның iшiнде құрылыстың басталу және аяқталу мерзiмдерi туралы) мәлiметтер көрсетiледi. Осы талап ЖТҚ құрылысын салу жағдайларына қолданылмайды.

6. Құрылысы аяқталған объектiлердi қабылдау

76. Салынған объектiлердi пайдалануға қабылдау Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiмен және Заңмен реттеледi.

77. Салынған объектi бекiтiлген жобаға сәйкес толық әзiр болған жағдайда және сәйкестiк туралы декларация, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытынды болған және орындалған жұмыстар бекiтiлген жобаға сәйкес келген жағдайда тапсырыс берушi оны пайдалануға қабылдауды жүргiзедi.

78. Қолданыстағы заңнамаға және бекiтiлген жобаға сәйкес кiреберiс есiгi мен терезе блоктары (толтыру) орнатылған, iшкi әрлеу жұмыстары аяқталған, қабырғалары мен төбелерi сыланған және тегiстелген (iшкi қаптау, сылау, тұсқағаз жапсыру жұмыстарынсыз), еден жабынын салу бойынша төсем салынған (таза едендер салусыз), электр кабельдерi мен сымдарын өткiзу көзделген, пәтер iшiндегi бөлу автоматтары орнатылған (тұрмыстық мақсаттағы электр техникалық аспаптарсыз, газды немесе электрлi ас үй плиталарсыз), аспаптарды орнату орындарына дейiн жапқыш арматурасы мен тығындары бар су өткiзу және кәрiз құбырлары жүргiзiлген (санитариялық-техникалық жабдық пен аспаптар орнатусыз), сондай-ақ тұтынылған коммуналдық қызметтердi есептеу аспаптары (үйге ортақ және жеке) орнатылған, жылыту аспаптары мен терезелiк жақтау тақтайлары орнатылған, сондай-ақ, егер шартта немесе қолданыстағы заңнамада өзгеше көзделмесе, атап көрсетiлгеннен асатын көлемдердегi өзге де жұмыстар орындалып салынған объектiлердiң (кешендердiң) жай-күйi толық әзiрлiк деп түсiнiледi.

Бұл ретте iшкi әрлеу (қаптау, сылау, тұсқағаз жапсыру) жұмыстары аяқталған, таза едендер салынған, санитариялық-техникалық жабдық пен аспаптар, тұрмыстық мақсаттағы электр техникалық аспаптар, газды немесе электрлi ас үй плиталары, тұтынылған коммуналдық қызметтердi есептеу аспаптары (үйге ортақ және жеке) және пәтерiшiлiк есiк блоктары орнатылып салынған объектiлердiң жай-күйi мемлекеттiк инвестициялардың қатысуымен салынған тұрғын үй объектiлерiнiң толық әзiрлiгi деп түсiнiледi.

Егер бекiтiлген жобада осылар көзделген жағдайларда, кейiн сатып алушылардың мүмкiндiктерi мен тiлектерi ескерiле отырып орындалатын iшкi қаптау, сылау, тұсқағаз жапсыру, таза едендер салу, санитариялық-техникалық жабдық пен аспаптар, тұрмыстық мақсаттағы электр техникалық аспаптар, газды және электрлi ас үй плиталарын, пәтерiшiлiк есiк блоктарын орнату жұмыстарынсыз қоғамдық ғимараттар толық әзiр объектiлерге жатқызылады.

Бұл ретте объект (кешен) бойынша сыртқы әрлеу жұмыстары, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын үй-жайлардағы (ғимарат бөлiктерiндегi) iшкi әрлеу және монтаждау жұмыстары осы талаптарға сәйкес толық көлемде орындалады.

79. Объектiнi пайдалануға қабылдау актiсiн бекiтпей объектiнi пайдалануға қабылдауға жол берiлмейдi.

80. ЖАО-ның сәулет және қала құрылысы саласында функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесiнде есепке алынған объектiнi пайдалануға қабылдау актiсi жылжымайтын мүлiкке құқықтарды тiркеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органда объектiнi тiркеу үшiн негiз болып табылады.

Ескерту. 80-тармақ жаңа редакцияда — ҚР Ұлттық экономика министрiнiң 27.05.2016 № 224 (алғаш ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк жиырма бiр күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

81. Объект жылжымайтын мүлiкке құқықтарды иеленуге тiркеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органда тiркелгенге дейiн ЖАО-ның сәулет, қала құрылысы саласында функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесiне есепке алу және объектiлердi пайдалануға қабылдау актiлерiн есепке алу журналына енгiзу үшiн объектiнi пайдалануға қабылдау актiсiнiң көшiрмесi ұсынылады.

Салыстырып тексеру үшiн, объектiнi пайдалануға қабылдау актiсiнiң түпнұсқасы қоса берiледi, оған бiр жұмыс күнi iшiнде ЖАО-ның сәулет, қала құрылысы саласында функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесiнде есепке алынғаны туралы тиiстi белгi қойылады.

Ескерту. 81-тармақ жаңа редакцияда — ҚР Ұлттық экономика министрiнiң 27.05.2016 № 224 (алғаш ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк жиырма бiр күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

7. Қағидалардың ережелерiн бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

82. Осы Қағидалардың ережелерiн бұзғаны үшiн жауапкершiлiк Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiленедi.

Жуктеу (DOCX 63 Kb)

Дата создания статьи: 09.12.2017 21:18
Парақтағы соңғы өзгерістер: 11.12.2017 09:21
Қаралым саны: 405

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz