A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
БЖЗҚ: қосарлы шоттар қысқартылып жатыр

Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесi тұңғыш рет 1998 жылы 1 қаңтарда енгiзiлгенi белгiлi. Жұмыс iстейтiн барша қазақстандықтар осы айдан бастап жинақтаушы зейнетақы қорларындағы өздерiнiң жеке зейнетақы шоттарына айлық жалақыларының 10 пайызын мiндеттi түрде аудара бастады.

Сонымен қатар, олар ерiктi зейнетақы жарналарын да аудару құқығына ие болды.

Ал техникалық шоттар, яғни сұраусыз қалған шоттар осы алғашқы жылдары-ақ пайда бола бастады. Неге? Әңгiменi әрiден бастайық.

1998 жылдан бастап Қазақстанда «Мемлекеттiк жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлiк қоғамы мен бiрқатар мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қорлары құрылды. Бұл жерде егер жұмыскер қандай да бiр жеке зейнетақы қорымен шарт жасаспаған болса, жұмыс берушi оның мiндеттi зейнетақы жарналарын автоматты түрде Мемлекеттiк жинақтаушы зейнетақы қорына аударуға тиiстi болды. Яғни, аталмыш Қор 1997 жылғы 20 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР заңының талаптарына сәйкес салымшымен қағаз жүзiнде шарт жасаспай-ақ, яғни «үнсiз келiсiм бойынша» оның мiндеттi зейнетақы жарналарын қабылдауға мiндеттендi. Басқа мемлекеттiк емес жинақтаушы зейнетақы қорларына мұндай мiндеттеме жүктелген жоқ.

Мiнеки, осындай жолмен мыңдаған жеке зейнетақы шоттары ашылды.

Ал, көп адам өз атына Мемлекеттiк жинақтаушы зейнетақы қорында жеке зейнетақы шоттарының ашылғанын тiптi бiлген де жоқ. Бұл шоттарға 2003 жылға дейiн мiндеттi зейнетақы жарналары түсiп тұрды деуге болады. Ал, 2003 жылдан бастап жұмыскерлерге, сондай-ақ жаңадан жұмысқа тұрушыларға ең алдымен өз ерiктерiмен мiндеттi түрде қандай да бiр жеке зейнетақы қорымен шарт жасасу талабы қойылды. Ал, Мемлекеттiк жинақтаушы зейнетақы қорында кезiнде автоматты түрде ашылған жеке зейнетақы шоттары сол ашылған күйiнде қалып қойды.

Сонымен қатар, көптеген жинақтаушы зейнетақы қорларында салымшының деректемелерi (тегi, аты, әкесiнiң аты, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi, әлеуметтiк жеке коды және т. б.) қате жазылған шоттардың да болғаны жасырын емес. Өйткенi, ол кезде көп жағдайда зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттар қолмен толтырылды ғой. Салымшы кейiн дұрыс деректемелерi бойынша басқа қормен жаңадан шарт жасасқан кезде бұрынғы қордағы шоты сол күйi жабылмай қалып қойып жатты. Тiптi, зейнетақы жинақтарын алмастан шетелге қоныс аударған азаматтар да жетiп артылады. Олардың iшiнде мұндай шотының болғанынан бейхабар адамдар да бар.

Мiнеки, зейнетақы активтерiн Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына шоғырландырғанға дейiн осы тектес техникалық шоттардың саны шамамен 850 мыңға жеттi. Олардағы жинақталған зейнетақы жинақтарының сомасы да аз емес. Бұл жерде мұндай шоттардың басым бөлiгi «Мемлекеттiк жинақтаушы зейнетақы қоры» (ГНПФ) акционерлiк қоғамы мен «Қазақстан Халық Банкiнiң жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлiк қоғамында болғанын айта кеткен жөн.

2013 жылы 2 шiлдеде «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының жаңа редакциядағы Заңы қолданысқа енгiзiлдi. Соның негiзiнде 2013 жылы тамыз айында «Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлiк қоғамы құрылды. Бұл ретте Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жалғыз акционерi — Қазақстан Республикасының Үкiметi екендiгiн айта кеткен жөн. Сәйкесiнше БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары салымшының меншiгi болып табылады және оның сақталуына мемлекет тарапынан кепiлдiк берiледi.

Сонымен, 2013 жылдың соңы мен 2014 жылдың басында Қазақстанда зейнетақы активтерiн Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына шоғырландыру үдерiсi жүрдi. Базаларды бiрiктiру барысында 28 мыңдай қосарлы жеке зейнетақы шоттары өңделiп бiрiктiрiлдi. Сөйтiп, бiрiктiру үдерiсi аяқталған шақта өңделмеген техникалық шоттардың саны 821 345 бiрлiктi құрады.

Жалпы, қосарланған шоттардың иелерiн, егер салымшы қайтыс болса оның мұрагерлерiн анықтау жұмыстары әлi күнге дейiн жалғасып жатыр. Өйткенi салымшының зейнетақы жинақтары тиiстi заң талаптарына сәйкес мұраға қалдырылады.

2014 жылы — 32 823, 2015 жылы — 57 214, 2016 жылы — 332 341, ал 2017 жылдың басынан бастап 1 маусымға дейiн — 21 065 шот өңделдi.

2017 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы техникалық шоттардың саны 377 902 бiрлiктi құрады. Яғни, 3,5 жыл iшiнде техникалық шоттардың 50 пайыздан астамының иесi табылды.

Әрине, мұндай шоттарды өңдеу оңай емес екенi рас. Бұл ыждахаттылықты талап ететiн ауыр жұмыс. Қазiргi таңда Қор мамандары фонетикалық iздеу алгоритмi бойынша шоттарды өңдеу, иелерiн анықтау жұмыстарын қарқынды түрде жүзеге асырып жатыр.

Басты мақсат — иелерiнiң қарауынсыз қалған шоттарды толығымен өңдеу және болашақта осындай шоттардың қалыптасуына жол бермеу.

Айта кетелiк, бұл жеке зейнетақы шоттарындағы жинақтардың бiрде-бiрi бюджетке аударылған жоқ. Оларға мiндеттi зейнетақы жарналары түсiп тұрмаса да, әлi күнге дейiн, күн сайын инвестициялық табыстар есептелiп тұрады.

Ағымдағы зейнетақы заңнамасына сәйкес iздеусiз жатқан жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинағы оны алушы немесе оның мұрагерi (мұрагерлерi) талап етпейiнше есептен шығарылмайды.

Сәйкесiнше оларды автоматты түрде жабуға болмайды деген сөз.

Осыған байланысты Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қазақстандықтарды Қор бөлiмшелерiне келiп, өздерiнiң немесе туған-туыстарының атына ашылған жеке зейнетақы шоттарын тиiстi құжаттар негiзiнде тексеруге шақырады.

Мақаланың шыққан күні: 21.12.2017 16:42
Парақтағы соңғы өзгерістер: 21.12.2017 16:42
Қаралым саны: 1911

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

 

@2019 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz