A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі: уақыт биігінен

Биыл Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесiне 20 жыл толып отыр. 20 қыркүйек күнi Қордың барлық филиалдарында осы айтулы датаға арналған халықпен дәстүрлi кездесу  — Ашық есiк күнi өтедi. Елiмiздiң зейнетақы жүйесiнiң жұмысы туралы кеңiрек бiлу үшiн бiз «БЖЗҚ» АҚ-ның Ақмола облыстық филиалының директоры Кеншибаева А.Х. әңгiмеге тарттық.

Аяш Хәкiмқызы, жинақтаушы зейнетақы жүйесiнiң ерекшелiгi неде және бұл жүйеге көшуiмiздiң себебi қандай?

Кеңес Одағының кезiнде ортақ зейнетақы жүйесi жұмыс iстедi. Оның мәнiсi — экономикалық белсендi тұрғындардың қарттардың алдындағы жауапкершiлiгiне құрылған. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейiн бұл зейнетақы жүйесiн бұрынғы кеңестiк жүйеге кiрген барлық мемлекеттер, соның iшiнде Қазақстан да мұраға алды. Бiрақ оның бiрнеше кемшiлiктерi болды. Бiрiншiден, тәуелсiз Қазақстанда туу көрсеткiшi азайып, қарттардың саны өстi. Бұл өз кезегiнде зейнеткерлер мен жұмыс iстейтiндердiң пропорционалды ара қатынасын бұзды. Екiншiден, елде жұмыссыздық көбейдi. Үшiншiден, жұмыс iстейтiндердiң табысы мен зейнетақы көлемi арасындағы байланыс әлсiреп кеттi. Яғни, табысы бiрдей немесе әртүрлi азаматтардың бiрдей зейнетақы алуы мүмкiн едi. Әрi азаматтардың жеке зейнетақы шоты жоқ болғандықтан, олардың зейнетақы жинақтарын нақты есептеу мүмкiн болмады. Бұл азаматтардың өздерiнiң болашағына керектi зейнетақы жинауға ынталандырмайтын.

Сондықтан, 1998 жылы зейнетақы реформасының басты мақсаты — азаматтардың болашақ зейнетақысына қатысты жауапкершiлiгiне негiзделген әдiлеттi зейнетақы жүйесiн қалыптастыру болатын. Жаңа жүйеге негiз ретiнде 80-жылдары әлем бойынша озық болып танылған Чили үлгiсi алынды. Қазақстан оның басты қағидаты  — зейнетақы жарналарының мiндеттi сипатын қабылдады.

2013 жылы барлық жеке қорлар жабылып, жалғыз мемлекеттiк қор қалды. Мұның себебi неде? Олар өз жұмысын ақтамады ма?

Зейнетақы нарығындағы бәсекелестiк алғашында жақсы нәтиже бергенiмен, уақыт өте жеке қорлардың әлсiз тұстары бiлiне бастады. Кейде қорлар бәсекелестiк жағдайында жаңа салымшылардың орнына бiр-бiрiнiң салымшыларын тартып алып отырды. Ол аздай көптеп табыс табу үшiн күмәндi құралдарға инвестиция салып, табыс табудың орнына шығынға батқан жағдайлар да болды.

Азаматтардың жинақтарын басқару қауiпсiз әрi тиiмдi болу үшiн 2013 жылы Мемлекеттiк жинақтаушы зейнетақы қорының негiзiнде «Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлiк қоғамы құрылды. БЖЗҚ-ға жүктелген негiзгi мiндеттер — салымшылардың зейнетақы шоттарының есебiн дұрыс жүргiзу, олардың жай-күйiн бақылау, салымшылардың деректемелерiне тиiстi өзгерiстер енгiзiп отыру, ақпараттық –түсiндiрмелiк жұмыс жүргiзу, зейнетақы төлемдерiн жасау ретiнде көрiнiс тапты.

БЖЗҚ-ның құрылуы қандай өзгерiстер әкелдi?

БЖЗҚ-ның құрылуы және зейнетақы активтерiнiң бiрiктiрiлуi нарықты өзгерткенiмен, зейнетақы жүйесiнiң құрылымын өзгерткен жоқ. Қазақстанда көп деңгейлi жүйе мен жинақтаушы зейнетақы жүйесiнiң жеке шоттардың жүргiзiлуi, жинақтардың жекеменшiгi және олардың мұраға қалдырылуы, зейнетақы жарналарының сақталуына мемлекеттiк кепiлдiк сынды негiзгi параметрлерi бұрынғыша қалды. Жиынтық зейнетақы да бұрынғыша екi көзден — мемлекеттiк бюджеттен базалық және ортақ зейнетақы, ал БЖЗҚ-дан салымшылардың өз жинағы есебiнен қаржыландырылады.

БЖЗҚ-ның құрылуы салымдарды есептеу мен сақтауға кететiн операциялық шығындар мен әкiмшiлiк шығындарды азайтуға мүмкiндiк бердi. Тиiсiнше, комиссиялық шығындар жеке қорлардыкiмен салыстырғанда екi есе азайды. Сонымен қатар, бизнес-үдерiстердi оңтайландыру, тиiмсiз шығындарды жою, жаңа электрондық қызметтер енгiзу, олардың үлесiн арттырудың арқасында комиссиялық сыйақылар тағы да төмендедi. Тағы бiр маңызды жәйт — мүдделес тұлғалармен келiсiм-шарт жасау мүмкiндiгiне тосқауыл қойылды. Салымшылардың бiр қордан екiншi қорға ауысуы доғарылды. Осылайша жүйенiң тағы бiр осал тұсы жойылды. Бiрыңғай базаның арқасында қате техникалық шоттар барынша азайтылды. Мұның бәрi зейнетақы жүйесiн нығайтуға мүмкiндiк бердi.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесiне толығымен өтуiмiз мүмкiн бе?

Көп деңгейлi зейнетақы жүйесi ойдағыдай жұмыс iстеп келедi және бұл жүйенi таңдауымыздың дұрыс екендiгiн уақыт дәлелдеп бердi. Сондықтан жүйенiң диверсификация қағидатын сақтауымыз қажет.

2040 жылдары зейнетке 1998 жылға дейiн еңбек өтiлi жоқ азаматтар шыға бастайды. Яғни, ортақ компонент толығымен жойылып, оның орнын жинақтаушы жүйе басады. Сондықтан БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына жүйелi түрде зейнетақы жарналарын аударып, жұмыс берушiнiң өз мiндетiн адал атқарып жүргенiн тексерiп тұрған жөн. Сонымен қатар, ерiктi зейнетақы жарналарын барынша көбiрек аудару керек.

Сонда мемлекет азаматтарды зейнетақымен қамту жұмысына араласпады ма?

Көп деңгейлi жүйе мемлекет, жұмыс берушi мен жұмыскердiң ортақ жауапкершiлiгiне негiзделген. Мемлекет қазақстандықтарды, азаматтығы жоқ тұлғаларды, елiмiзде тұратын шетелдiктердi зейнетақымен қамсыздандыру туралы мiндеттемесiнен бас тартпайды. Керiсiнше, биылдан бастап базалық зейнетақы жүйесi әлеуметтiк әдiлеттiлiк қағидатына сай, халықты зейнетақы жүйесiне қатысуға ынталандыру үшiн одан әрi жетiлдiрiлдi. Он жылдан кем жарна төлегендерге төменгi өмiр сүру шегiнiң 54 пайызы төленiп, әрбiр қосымша жыл үшiн 2 пайыз қосылады. Егер азамат 20 жыл жұмыс iстесе, төменгi өмiр сүру шегiнiң 74 пайызын, 33 жылдан жоғары — 100 пайыз мөлшерiнде базалық зейнетақы белгiленедi.

Әңгiмеңiзге рахмет!

Мақаланың шыққан күні: 19.09.2018 10:19
Парақтағы соңғы өзгерістер: 19.09.2018 10:19
Қаралым саны: 751

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

 

@2019 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz