A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Оқушы қыз тәрбиесі - орасан жауапкершілік

Дiн мәселелерi жөнiндегi ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдiрәсiлқызымен сұхбат

- Армысыз, Айнұр Әбдiрәсiлқызы! Таяуда жарияланған ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң мектеп формасына қойылатын талаптары қоғамдық пiкiрге бiршама қозғау салды. Мәселенiң мән-жайын бiрқатар мамандар айқындап беруге тырысты. Әрi сарапшы, әрi дiн саласының маманы ретiнде осы мәселеге түйiндi көзқарасты Сiзден естiгiмiз келедi…

- Мәселеге ешбiр эмоциясыз, сарабдал сана көзiмен қарасақ, ашығы сол -мектеп формасына қойылатын талаптарда ешқандай өзгерiс болған жоқ.Неге дейсiз бе?

Қазақстан Республикасының Бiлiм туралы заңының сонау 2007 жылғы 27 шiлдедегi мәтiнiнiң 49-бабының 3-тармағында «Ата-аналар мен өзге де заңды өкiлдер бiлiм беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға мiндеттi» деп көрсетiлген болатын. Ол қағидалардың бiрi — орта мектептер жарғысындағы мектеп формасын сақтау едi.

Осы мiндеткерлiктi тиянақтай түсу мақсатында 2011 жылғы 24 қазандағы № 487-IV Заңмен Бiлiм туралы заңға толықтырулар енгiзiлдi. Ендi заңның 47-бабының15-1-тармағында бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң мiндетi ретiнде: «Орта бiлiм беру ұйымдарында бiлiм алушылар бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген, мiндеттi мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға мiндеттi. Өзге бiлiм беру ұйымдарында бiлiм алушылар бiлiм беру ұйымында белгiленген киiм формасын сақтауға мiндеттi» деген ережелер атап тұрып енгiзiлдi.

2015 жылдың 13 қарашасында мәселенi одан әрi нықтай түсiп, Бiлiм заңының5-бабына бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органның құзыретi ретiнде «орта бiлiм беру ұйымдары үшiн мiндеттi мектеп формасына қойылатын талаптарды әзiрлейдi және бекiтедi» (14-1) деген ереже қосылды. Оған қоса 49-бапта ата-аналар мен өзге де заңды өкiлдердiң балалардың оқу орнындағы сабаққа баруын қамтамасыз етуге, бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген мiндеттi мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға, бiлiм беру ұйымында белгiленген киiм формасын сақтауға мiндеттi екендiгi тайға таңба басқандай көрсетiлдi.

Сондықтан мектеп формасына қатысты қағидалардың арысы он жыл, берiсi бес жыл бiлiм жүйесiнде кеңiнен қолданылып келе жатқанын атап айтуымыз қажет. Бiлiм және ғылым министрлiгi бар болғаны сол ережелердi айқындай түсу мақсатында бөлек құжатқа бiрiктiрiп, талаптар ретiнде жүйелеп жариялады. Оны жаңа талап ретiнде жатырқай қабылдаушылар шыққанда өз басым: «Осынша уақыттан берi базбiр ата-аналар Бiлiм туралы заңнан бейхабар болып немесе орындамай келген бе?» деп таң қалдым.

- Ал талаптардағы «дiни атрибутиканың қолданылмауы қажет» дегенге қатысты не айтар едiңiз?

- Сол мәселеге қарай ойысып келемiз. Мектеп формасына қойылатын талаптар мәтiнiнде «дiни атрибутиканың қолданылмауы» деген тiркестiң қамтылуына келсек, «мектеп формасын сақтау» дегеннiң өзi «басқа ешбiр атрибутиканы қолданбау» дегендi бiлдiретiнi санасы сау қазаққа бесенеден белгiлi. Және бұл тек дiни атрибуттарға ғана емес, басқа да ерекшелiктерге тыйым салынатынын бiлдiредi. Мәселен, бала мектепке еркiн киiм үлгiсiмен, сәндi немесе спорттық киiмдермен, жарқыраған әшекей бұйымдармен келе алмайды ғой. «Форма» ұғымы соның бәрiн реттейдi. Дұрысы, бұрыннан реттеп келген.

Форма тек мектепке тән ерекшелiк емес. Көптеген кәсiби салалық мекемелер оқу орны, жұмыс орны деп бөлместен, барлық деңгейлерде белгiлi бiр формаларды сақтауды талап етедi. Оның барлығы кәсiби, техникалық, гигиеналық, тағы басқа талаптардан туындайтыны белгiлi.

Мектеп формасының да көтерiп отырған өзiндiк әлеуметтiк-тұлғалық жүгi бар. Бiрiншiден, кез келген форма белгiлi бiр мекемеге қатыстылықты бiлдiретiндiктен, тұлғаға сол мекеме алдындағы жауапкершiлiктi жүктейдi.

Екiншiден, форма — құқықтық қатынастар шегiн айқындайтын бақылау құралы. Қарапайым мысалмен өрнектесек, мектеп формасындағы бала сабақ уақытында көше кезiп жүрсе немесе компьютер клубында ойын ойнап отырса, кез келген учаскелiк полиция қызметкерiнiң оның мән-жайын сұрап, қадағалауға құқығы бар.

Үшiншiден, бiртектi форма мектеп жасындағы балалардың әлеуметтiк тұрғыдан жiктелуiне, психологиялық қысымдардың орын алуына жол бермейдi, яғни «бұлақ бастан бұлғанбас» үшiн форманың сақталуы қажет-ақ.

Тiзе берсек, басқа да артықшылықтарды атауға болады, бiрақ оның барлығы қарапайым қоғам мүшесiне де белгiлi. Сондықтан қайыра айтарым -мектеп формасына қойылатын талаптарға жер астынан жiк шыққандай таң-тамаша болудың ретi жоқ.

- Арандатушы секiлдi көрiнсе де кезектi бiр сауалды қойғым келiп отыр. Кезiнде кейбiр азаматтар мектепте хижабқа жол берiлмеуiн Конституцияға қайшылық ретiнде бағалап жатты. Бұған не дейсiз?

- Арандатушы емес, алаңдатушы сауал бұл. Құқықтық сауаттылықтың қарапайым деңгейiн игермегенiмiздiң көрiнiсi.

Құқықтық мәселелердi қозғағанда ауырдың үстiмен, жеңiлдiң астымен жүретiн психологиядан арылуымыз керек. Өзiмiзге керек нәрсенi ғана көрiп, керек еместi жылы тауып қойғаннан жағдай өзгермейдi. Мәселеден қашу емес, оны шешу керек.

Басын ашып алатын бiр мәселе — Ата Заңда «дiни сенiм бостандығы» деген ұғым жоқ. Ол «ар-ождан бостандығы» ұғымының аясында қамтылады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабына сәйкес «әркiмнiң ар-ождан бостандығына құқығы бар». Бiрақ дәл осы бапта жазылғандай, «ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы мiндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиiс». Яғни сол бостандыққа қатысты құқықтық нормаларда оның шет-шегi де айқын көрсетiлген. Керiтартпа пiкiрлерге арбалған кей азаматтар осы екiншi ереженi көргiсi келмейдi.

Ата Заң ең басты құқықтық қағидаттарды айқындайды. Ал онда айтылғаназаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы мiндеттердi салалық заңдар белгiлейдi. Аталмыш құқықтар мен мiндеттерге байланысты болатын немесе оларды шектеуi мүмкiн қатынастар да сол салалық заңдарда көрсетiледi. Сондықтан конституциялық және өзге де заңнамалық нормаларға сүйене отырып Бiлiм туралы заң да өз саласындағы тиiстi құқықтық қатынастарды айқындады. Оның iшiнде бiлiм алушылардың мектеп формасын сақтау мiндеттiлiгi де бар.

Дәл осы секiлдi Ата Заң аясында әзiрленген ҚР «Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» заңының 3-бабының 5-тармағында ешкiмнiң өз дiни нанымдары себептерi бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген мiндеттерiн атқарудан бас тартуға құқығы жоқтығыатап көрсетiлген.

Ал аталған заңның 3-бабының 8-тармағында ата-аналардың балаларды өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеуiне мемлекеттiң араласпайтыны айтылған. Бiрақ осы нормада да ескерту ретiнде: «мұндай тәрбиелеу баланың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiрген, оның құқықтарына қысым жасаған және жауапкершiлiгiн шектеген… жағдайларды қоспағанда» деген қағидаттың тұрғанын естен шығармау қажет. Бұл жерде де араласпау әрекетiнiң заңдық шектерi айқын көрсетiлген.

Сондықтан Бiлiм туралы заңның бiлiм мекемесiнiң iшкi тәртiбiн сақтау мақсатында мектеп формасына қойған талаптары азаматтардың ар-ождан бостандықтарын бұзбайды, керiсiнше олардың заңнамалық нормаларға кең түсiнiкпен, ашық азаматтық тұрғыдан қарауын мiндеттейдi.

Әрбiр саналы азаматтың заң қағидалары ар-ождан бостандығын қамтамасыз етумен қатар мемлекет алдындағы мiндеттер мен жауапкершiлiктердi қоса жүктейтiнiн есте тұтқаны абзал. Қарапайым құқықтық сауаттылықтың шарты осындай.

- Бұл бiр сәтi түскен сауал мен көкейден шыққан жауап болды. Ендiгi түйткiл: Хижаб кию мұсылмандықтың тiкелей көрiнiсi болып санала ма? Неге бұл мәселенi кейбiр тұлғалар осы мағынада көтеруге тырысады?

- «Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды» деген сөз көкейге оралады осындайда. Осындай сауалдың түбi бiр қойылатынын бiлiп, атамыз қазақ талай-талай түйiндi сөз айтып кеттi ғой.

Дегенмен алдымен ислам қағидаларына жүгiнейiк. Ислам шариғаты бойынша «Лә иләһә илла Аллаһ, Мухаммад расулаллаһ» деп иман келтiрген, осы кәлиманы тiлмен айтып, жүрегiмен сенген адамның мұсылман екенiне шүбәлануға ешкiмнiң құқығы жоқ. Яғни иман келтiру — мұсылмандықтың негiзгi шарты.

Қазақстан мұсылмандары үшiн дәстүрлi болып табылатын ханафи мазхабының негiзiн салған Әбу Ханифа (Имам Ағзам): «Кiм Алланы және одан түсiрiлгендердi тiлмен де, жүрекпен де мойындаса, онда ол Алланың алдында да, адамдар үшiн де мұсылман» деп жазады.

Ендi хижаб мәселесiне келейiк. Мұсылман әйелдердiң орамал тағуы Құранда бұйырылғандықтан, ол парыз амал болып есептеледi. Парызды мойындамау — күпiрлiк, ол дiннен шығуға алып барады. Ал орамалдың парыз екенiн мойындаса, бiрақ белгiлi бiр себептермен (бiздiң мысалымызда — мектеп формасын сақтау қажеттiлiгiнен) таға алмаса, ол әйел немесе қыз баламұсылмандықтан шыққан болып саналмайды. Яғни жүрегiнде иманы бар болса, орамал тақпаған әйелдi «мұсылман емес, кәпiр» деп ешкiм айта алмайды. Керiсiнше, бұл жағдайда Мұхаммед пайғамбардың: «Кiмде-кiм бауырына: «Ей, кәпiр!» десе, егер ол адам шынымен кәпiр болмаса, онда айтқан адамның өзi кәпiр болады» деген қатаң ескертуiн есте ұстау орынды. Ислам шариғаты бойынша иман келтiрген мұсылман адамды «кәпiр» деп айыптауға болмайды.

Орамалдың парыз екенiне сену — иман мәселесi, ал оны тағу — амал мәселесi. Иман бөлек те, амал бөлек. Амал иманның бiр бөлiгi де, тiкелей көрiнiсi де емес. Бұл жайында Әбу Ханифа Имам Ағзам былай деп жазады: «Алла Тағала иманды амалдардан артық етiп бекiттi. Мүминдердi құлшылық етуге, зекет төлеуге, ораза тұтуға, қажылықты өтеуге ұмтылдыратын, Аллаға иман келтiруге шақыратын зекет, ораза немесе қажылық амалдары емес, керiсiнше, олардың имандары болып табылады. Бұл — осылай, өйткенi олар алдымен иман келтiрдi, содан кейiн амалдарды орындауға көштi. Аллаға деген сенiм оларды дiни парыздарды орындауға жұмылдырды, ал керiсiнше (болған жоқ, яғни) дiни парыздар Аллаға деген иманды олардың жүректерiне қондырған жоқ».

Имам Ағзам әйелдердiң белгiлi бiр жағдайларда Алла Тағаланың рұқсатымен намаз оқи алмайтынын — парыз амалды орындамайтынын айта келiп: «Егер иман мен амал бiр десек, намаз оқымай жүрген кездерiнде әйелдi иманы жоқ деуге тура келер едi. Бiрақ бұл олай емес, сондықтан иман мен амал бiр емес» дейдi.

Осы қисынмен пайымдасақ, мұсылман ер адамдардың да парыз амалдарды орындай алмайтын кезi болады. Мысалы, сапарда жүргенде Рамазан айының парыз болған оразасын ұстай алмауы мүмкiн, бiрақ сол кезеңде парыз амалды орындамағаны үшiн оны «иманы жоқ» деп ешкiм айыптай алмайды.

Орамалға қайта оралайық. Егер орамал мұсылмандықтың басты көрiнiсi болса, иманды жүректен бiр сәт те өшiруге болмайтыны секiлдi, орамалды бiр сәт те шешуге рұқсат берiлмес едi. Бiрақ ислам шариғатында олай емес — балиғатқа толған қыз бала мен әйел адам жақын туыстарының көзiнше (ер адам болса да) орамалсыз, тұмшаланбай жүре алады. Бұл туралы талай дәлел-дәйектер келтiруге болады, бiрақ ұзын сөздiң қысқасы — иман орамалмен бiрге алынып-салынып тұратын заттық дүние емес.

- Өкiнiшке орай, орамалды мұсылмандықтың тiкелей көрiнiсi санайтын жаңсақ түсiнiктер қоғамда кездесiп жатады…

- Иә, оны да мысалмен өрнектейiк. Өткен жылы мектептегi орамал мәселесiне қатысты бiр әке — аты дардай заң ғылымдарының кандидаты былай деп жазыпты: «Бiзге қызыңыз үйде, көшеде хижаб кие берсiн, тек мектепте форманы сақтасын» дейдi мұғалiмдер. Бiз қалайша қызымызға үйде мұсылман бол, мектепте мұсылман болма деп айтамыз?» Осы сөздердi оқығанда иман мен ислам жөнiндегi түсiнiгiмiздiң осыншалықты құлдырап, қарапайым ислами ұғымдарды ажырата алмайтын қарабайыр деңгейге қашан түсiп үлгергенiмiзге таң болдым. Соны жазған әке — исламның негiзгi шартын ұқпаған, дiннiң не екенiн сезiнбеген жан өзiн кәмiл мұсылманмын деп есептейдi! Бұдан төмен тағы қайда барар екенбiз?!

Мұсылмандықтың не екенiн Хақ дiннiң Елшiсi — Мұхаммед пайғамбардан артық бiлетiн адам жоқ. Сол пайғамбардың өзi: «Мұсылман дегенiмiз — қолымен және тiлiмен мұсылманға залал келтiрмеген адам» деген. Ал бiз ол ұғымнан алыстағаннан алыстап барамыз… Бiз мұсылмандықты тек формамен байланыстыруға әуестенiп алдық.

Исламның шынайы рухын терең сезiнген кешегi қазақ «иманды» деп жүрегiнде берiк сенiмi бар, терең адамгершiлiк қасиетке ие, iзгi мiнез-құлықты жанды айтқан. Аталарымыз қашанда жүректегi иманды басты орынға қойған, «Сырт тазасы не керек, Тазарт әуел iшiңдi», деп риякерлiктен тыйған. «Сыртқа қасиет бiтпейдi, Алла Тағала қарайтұғын қалыбыңа (жүрегiңе), боямасыз ықыласыңа бiтедi» деген Абай ақын да осы қисынмен пайымдаған. «Мұсылманшылық кiмде жоқ, Тiлде бар да, дiлде жоқ» деп назаланған Әбубәкiр Кердерi қазақтың болмысына бiткен жүректегi иманын жоқтады. Иман мен исламды ажыратып қарамаған қазақ өз танымын осылай өрнектеген едi…

2015 жылдың 7-8-желтоқсанында бiздiң орталық Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы қарамағындағы дiни сауат ашу курстары мен дiни оқу орындарының ұстаздарына, мұсылман әйелдер бiрлестiктерiнiң жетекшiлерiне арналған оқыту семинарын өткiздi. Сонда дiндар ұстаздар қазiргi мешiтке келушiлердiң сырт адамдар туралы сөз бола қалса, «мұсылман ба, мұсылман емес пе?» деп сұрауды үрдiске айналдырғанын, яғни бес уақыт намаз оқымайтын ерлер мен әйелдердi, орамал тақпайтын әйелдердi мешiт жамағатындағы бiрқатар адамдардың «мұсылман емес» деп санайтынын қынжыла жеткiзген болатын. «Радикалдану үдерiсi мешiт жамағатынан басталмас үшiн «мұсылман» ұғымы жөнiнде ҚМДБ-ның ресми ұстанымы шығарылуы керек, бұл тақырыпқа арнайы уағыздар айтылуы қажет» деген ұсынысты да сол ұстаздардың өзi айтқан болатын. Дiни басқарманың құлағына алтын сырға…

- Мектеп жасындағы қыздар қатарында хижаб кигiсi келетiндер саны қанша? Оған зерттеу жасалған ба?

- Өткен жылы бiздiң орталық елiмiздiң барлық аймақтарында зерделеу жұмыстарын жүргiзiп, 11000-ға жуық адамды қамтыған 200-дей iс-шара өткiздi. Шаралар барысында 2105 адамнан сауалнама алынды. Оның 459-ы мектеп оқушылары болатын.

Бiр ерекшелiгi, сауалнама алу кезiнде да, фокус-топтық талдаулар барысында да оқушылардың еркiн сөйлеуiне, ашық пiкiр бiлдiруiне мүмкiндiк берiлгенiне және сауалнамалардың анонимдi түрде толтырылғанына қарамастан оқушылар тарапынан бiрде-бiр рет хижаб кию мәселесi көтерiлмедi.

Бұл мәселе сауалнамаға қатысқан 305 жергiлiктi тұрғын тарапынан да көтерiлген жоқ. Мәселеге тек фокус-топтық талдауға қатысқан 330 мұғалiмнiң бiрнешеуi назар аударды, оның өзi «Мектепте хижаб кию мәселесi көтерiлген жағдайда оған қандай заңдық негiздер бойынша жауап берген жөн?» деген алдын алу шараларына қатысты сауал болды.

Айтылғандардан аңғаратынымыздай, мектептегi орамал мәселесiне қатысты айтарлықтай қызығушылық үрдiсi байқалмайды, сондықтан тұрғын халықтың осы мәселе толғандыратын бөлiгiнiң пайыздық көрсеткiшiн анықтау мүмкiндiгi жоққа тән. Бәлкiм, бұл көрсеткiш 0,01 пайызды да құрамас. Ал керiсiнше ел аумағындағы 8000-ға жуық мектептiң басым бөлiгiнде хижабқа қатысты мәселе мүлде кездеспеген.

Бұл мәселенi қоздырып, қоғамдық пiкiр туындап жатқан секiлдi етiп көрсетiп, санаулы адамдардың көмегiмен қолдан пiкiрталас ұйымдастырып жататындар көп жағдайда заң талаптарын толық түсiрiп-бiлмеген, дiннiң формалық жағына мән берiп, мазмұндық қырын назардан тыс қалдырған азаматтар немесе iшкi тұрақтылыққа сына қаққысы келетiн мүдделi тұлғалар болып табылады.

- Мектеп жасындағы қыздардың хижаб киюi оның сыныптастарына, өзiне қалай әсер етедi?

- Ең күрделi мәселе де осы. Бәрiнен бұрын бұл хижабты қыздың өзiне ауыр. Сыныптастарының оған тосырқай қарауы да, шеттетуi де мүмкiн. Базбiреулерiмен тiл табысар, кейбiрiмен қарым-қатынасы шектелiп қалары сөзсiз. Хижабты оқушының мұғалiмдерiмен, мектеп басшылығымен мәмiлеге келуi де мүмкiн болмайды. Өйткенi олар заңды негiзде мектеп формасын сақтауды талап етедi. Ата-аналары ары тартады, ұстаздары берi тартады, екi оттың, сыныптастарын қоса алғанда үш оттың ортасында қыз бала қалады. Оқушылық өмiрдiң ең жақсы кезеңдерi осылай сергелдеңмен өтедi.

Ал мұндай жағдайда баланың санасы қалай қалыптасарын ойлап көрдiк пе? Ол екiге жарылмақ. Екi жағы да оңды емес.

Егер қыз бала ата-анасының ұстанымымен толық келiссе, өзiн тура жолда жүрмiн деп санайды, демек басқалардың бәрiн адасқандар ретiнде қабылдай бастайды. «Менiкi ғана дұрыс, басқалардыкi жөн емес» деген астам әрi тұйық пiкiр қалыптасады жасөспiрiм қыздың бойында (Мұхаммед пайғамбардың: «Көкiрегiңiзде тарыдай менмендiгiңiз болса, жұмаққа кiрмейсiздер» деген хадисi ерiксiз ойға оралып отыр). Дәл осы «менiкi ғана дұрыс» деген пiкiр талай шетiн көзқарасқа негiз болғанын да ұмытпайық. Ұстаздардың мектеп формасына қатысты талаптарынан құлағы жауыр болған қыздың зайырлы мемлекетке өкпесi қара қазандай тұлға болып жетiлмесiне кiм кепiл? Сол өкпе ертеңгi күнi оны да осы ортаны тәрк етiп, Қазақстанды кәпiрстанға балап, араб елдерiне хижра жасатпайтынына кепiлдiгiмiз бар ма? Құдай бетiн аулақ қылсын, ондай нәубеттiң соңы айтпаса да белгiлi…

Ендi екiншi жағына келейiк. Егер қыз бала ата-анасының хижаб киюге қатысты ұстанымымен келiспесе, бiрақ сыйлағандықтан немесе қорыққандықтан ерiксiз олардың ырқына көнсе (ондай мысалдар да кездеседi), жасөспiрiм санасында отбасындағы түсiнiспеушiлiк пен жалғыздықтан туындайтын барлық психологиялық дерттер дамиды. Бала өзiн отбасында бақытты сезiнiп өспесе, «Тайбурылдың қырық үш күн кемдiгiнiң» орны толмайтыны секiлдi оның санасы ұдайы бақытсыздық пен жалғыздық сезiмдерiне бейiм болады. Бұған мектеп формасын сақтауды талап етуден туатын келiспеушiлiктердi, қатар-құрбының қату көзқарасын тағы қосыңыз…

Балиғатқа толған қыз баланың мектеп табалдырығында жүретiн бал дәуренi — орта есеппен екi жыл, оның iшiнде әр жылдың тоғыз айындағы сабақ күндерiнiң бес-алты сағаты ғана. Сол сағаттарды жасөспiрiмнiң сын сағаттарына айналдырмайық. Тұлғалық болмысы толық қалыптаспаған балаң сананы сергелдеңге салмай, қыздарымызға тыныштық берейiк. Оқушылық өмiрдiң қиындықтары онсыз да аз емес. Қалыптасу кезеңiнен өтсiн де, бойға жеткен қыз бала тура жолды саналы түрде таңдасын. Сонда ол ешқашан адаспайды.

Қыздарының мектепте орамал таға алмағанына ренiштi ата-аналарға айтар едiм: Егер үйде берген тәрбиеңiз түзу болса, қызыңызды иман негiздерiмен отбасында сусындата бiлсеңiз, оған жасынан шынайы рухани тәлiм берген болсаңыз, оның мектепте орамалсыз жүрген бес-алты сағаты қанына сiңген имандылықтан бiр қадам да алыстата алмайды. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны iледi». Ал отбасы тәрбиесi түзу болмаса, имансыздық дертiнен баланы сандыққа салсаң да сақтап қала алмайсың.

- Түйiн сөзiңiз?

- «Өспейтiн бала өнбейтiн дауды қуады» дегiзбей, болар елдiң баласына тән басалқалы мiнез танытайық. Кешегi жер дауы мен жесiр дауына бүгiн хижаб дауын қолдан қосып, буынсыз жерге пышақ ұрмайық. Қазақтың өзге дертi де аз емес. Жанашыр болсақ, соларды емдейiк.

Мемлекетiмiз мектептен тыс жерде орамал тұрмақ, бес парыздың ешбiрiне тыйым салып отырған жоқ, керiсiнше барлық азаматтармен қатар мұсылмандардың сенiм бостандығына барынша жағдай жасап отыр. Дiн-қарындастарымыз сол iзгi заңдарды игiлiгiне тұтынсын. Сөйтсiн де сондай мемлекеттi нәсiп еткен Алла Тағалаға шүкiршiлiк танытып, бейбiт Отанына адал қызмет етсiн. Өйткенi Мұхаммед пайғамбардың хадисiнде айтылғандай: «Отанды сүю — иманнан»…

Әңгiмелескен Самат МҰСА,

«Егемен Қазақстан»

Мақаланың шыққан күні: 17.12.2017 21:17
Парақтағы соңғы өзгерістер: 17.12.2017 21:17
Қаралым саны: 811

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz