A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Мұсылмандық бес парызбен толықпайды

Омар ЖӘЛЕЛ,

Абайтанушы ғалым

Мұсылмандық бес парызбен толықпайды

Мұсылманның парызы қайсы? Мiндетi не? Құлшылық пен тiршiлiк қайтсе қабысады? Бүгiнгi күннiң әрбiр мұсылман баласына ой салатын әңгiменi филология ғылымының кандидаты, профессор Омар Жәлел тарқатып бердi. Назарларыңызға ұсынамыз.

- Аға, жақында жарық көрген «Харекет» кiтабыңыз оқырмандар арасында қызу талқылануда. Осы кiтабыңыз шыққаннан кейiн өзiңiзде қандай ой пайда болды? «Әттеген-ай» деген тұсыңыз болды ма?

- Жоқ. Ешқандай да өкiнiш болған жоқ. Себебi, бұл о баста еленiп-екшелген, талқылаулардан өткен диссертациялық жұмыс болатын. Шынымды айтсам, «Харекеттi» дәл осылай қоғамдық пiкiр тудырады, оқырмандар тарапынан үлкен қызығушылық болады деп ойлаған жоқпын. Жазылғаннан кейiн алты жылдай жатқан дүниемдi шәкiрттерiмнiң өтiнiшiмен, айтуымен кiтап қылып шығардым. Өкiнетiндей бұл әдеби шығарма емес, ғылыми жұмыс. Бiрақ, осы «Харекеттен» кейiн осы кiтапқа енбеген, Абайдың жаңа қырлары, жаңа ойлар келiп жүр.

- Кiтабыңыз Абайдың «Адам бол, мал тап» деген қағидасын негiзге алады. Адам қайтсе адам қалпында қала алады?

- Шынын айтқанда, кейiнгi кезге дейiн Абайдың осы «Адам бол, мал тап» деген сөзiн назарға алмай келдiк. Абай бұл сөздi ештеңеге сүйенбей ата салғандай сезiндiк. Бiрақ, Абай анық айтып тұр екен. Жалпы, кешегi Кеңестiк кезеңде тәрбиеленген ұрпақ адам болуды мал табумен еш байланыстырған емес. Себебi, ол кезде кәсiппен айналысуды намыс санайтын. Тiптi, «саудагер» деп кемсiтiп айтатын. Себебi, идеология солай болды. Ал қазiр адамның адам болуы мал табумен байланысты болып тұр. Заманның өзi соған алып келдi. Мал — капитал. Қазақ бұрын «мал-жан аман ба?» деп амандасқан. Неге қазақ ең ардақты жанының алдына малды шығарып тұр дейсiз? Ол мынадай үш жағдайға байланысты екен. Бiрiншiсi, мал адамның жанын аштықтан, суықтан, ыстықтан сақтайды. Яғни, физикалық тұрғыдан сақтайды.

Екiншiден, мал адамның ұятын, ұжданын сақтайды. Егер малың жоқ, кедей болсаң ерiксiз бiреудiң дүниесiне көз тiгесiң. Ұятты қойып одан нан сұрайсың, қарыз сұрайсың. Бұдан кiсiнiң қадiрi кетедi. Шәкәрiмнiң де «мақтан үшiн мал жима, жан үшiн жи, Бiреуге көзсүзбестiң қамы үшiн жи» дейтiнi осы.

Ал үшiншi мағынасында мал адамның бойындағы адамдық қасиеттерiн жүзеге асыруға көмектеседi. Абай айтады «малды ихсанда қолың қысқа болмас үшiн жи» дейдi. Ихсан ислам дiнiндегi бiр мағнасы мұқтажға көмектесу дегендi бередi. Адам бiреуге жақсылық жасау арқылы ғана өзiнiң бойындағы жақсы қасиеттерiн сыртқа шығара алады екен.

Мiне, қазақтың «Мал-жан аман ба?» деген бiр ауыз сөзiнiң астарында: «Харекетiң бар ма? Кәсiбiң бар ма? Қалтаң қалын ба?» деген сөздер жатыр.

- Жалпы адам бай болу үшiн бiлiмдi болу керек пе әлде ақылды болу керек пе?

- Қолыңда түк жоқ болса құр ақылдан пайда жоқ. Мәшһүр Жүсiп «ақыл малда» дейдi. Бiр қарағанда құлаққа түрпiдей естiледi. Бiрақ, шындығы сол. Мәселен, анаңыз қатты ауырып жатса, сiздiң қолыңызда сол анаңызды емдететiн мал болмаса құр ақылмен не амал қылмақсыз. Мәшһүрдiң «Ақыл малда» деп отырғаны осы.

Қазақта «Адамнан сұрағанның екi көзi шығады, Алладан сұрағанның екi бүйiрi шығады» деген нақыл бар. Бiз қазiр «айлығымды көбейтшi, сыйақымды көбейтшi» деп адамдардан сұрап жүрмiз. Осыдан бiздiң екi көзiмiз шығып жүр. Яғни, нәтижесiз. Негiзiнде, малды иесiнен сұрау керек. Ал малдың иесi кiм? Әрине, Алла. Абай: «Құдайдан мал сұрайсыңдар, берсе алмайсыңдар» дедi. Құдай не бердi дегенге, Абай: «Алла Тағала сендерге мал табарлық қуат бердi» дейдi. Сонда адамзатқа денсаулық мал табу үшiн берiлген екен. Ешкiмге жалтақтамай, тiленбей өмiр сүру үшiн Алла адам баласының он екi мүшесiн сау, қуатты қылып жаратты. Негiзi, әрбiр ата-ана ұл баланы мал табуға, қыз баланы ана болуға тәрбиелеу керек. Қазiр тепсе темiр үзетiн қаншама жiгiттер кедей. Неге? Себебi, оларға басында тәрбие дұрыс берiлмеген. Қазақта «он екi мүшең сау болса, кедеймiн деп айтпа» деген мақал осы жайттарға қатысты айтылса керек.

- Сiз қазiр мешiт медресесiнде де шәкiрттерге дәрiс бересiз. Қазiр сол шәкiрттерге дiндi тек 5 парыздың төңiрегiнде ғана түсiндiрiп жүрген жоқпыз ба?

- Рас, қазiр шәкiрттерге дiндi тек 5 парыз шеңберiнде түсiндiрiлiп жүр. Бiрақ, мұсылманшылық бұл бесеуiмен толықпайды. Мәселен, ДАИШ-тың содырлары ауыздарынан Алланы тастамайды. Ал, жасап жүргендерi мұсылмандықтың маңайына да жуықтамайды. Мәшһүр Жүсiп: «Мұсылманшылық ең бiрiншi уағдаға опалы болумен болады» дейдi. Уағда деп отырғаны уәде ғой. Қазақ «Айтсаң уәдеңе жет, уәдесiз Құдайға шет» дейдi. Бiздiң Алла Тағалаға берген ең алғашқы уәденi «әлмисақ уәдесi» дейдi екен. Алла Тағала адамды толық жаратпай тұрып «Раббыларың кiм?» деп сұрады. Сонда, «Я, Раббым сенсiң» дедi. Бiз осылайша Құдайға уәде бердiк. Бiз ендi сол уәдеге адал болуымыз керек. Алла Тағала Құран Кәрiмде бiрнеше мәрте, «Мен уәдемнен таймаймын, сендер уәделерiңнен таймаңдар» деп ескертедi. Бiрақ, бiз ұмытшақпыз. Құдайдың алдындағы уәдемiздi ұмытып кетемiз. Мәшһүр Жүсiптiң: «мұсылманшылық ең бiрiншi уағдаға опалы болумен болады» деп отырғаны осы. Бiз қазiр бiр-бiрiмiзге берген уәденi орындамаймыз. Сонда бiздiң қай жерiмiз мұсылман. Сайд Нұрси деген түрiктiң ғұламасы Англияға барған кезде «слова джентльмен» дегендi көрiп таң қалып, «ағылшындарда дiн жоқ, мұсылмандық бар екен, ал бiзде дiн бар, мұсылмандық жоқ» дептi. Яғни, ағылшындар бiр дүниеге уәде берiп, «слова джентльмен» деп айтса болды. Оған қолхат, келiсiмшарт дегеннiң қажетi жоқ. Мiндеттi түрде уәдесiнде тұрып, орындайды екен. Ал, бiзде қол хат жазып берiп тұрып алдап кететiндер бар ғой.

Яссауидың да айтатыны осы. «Басыңа шалма орадың, үстiңде сүннет көйлек, қолыңда тасбих. Бiрақ, мұсылман болмадың» дейдi Яссауи.

Мұсылмандық екiншi сипатын тағы да Мәшһүр айтады: «Пайдамен зиян қатар келгенде пайданы өзгеге берiп, зиянын өзiңе қалдыру» дейдi. Бұл өте қиын жағдай. Себебi, бiздiң нәпсiмiз өте күштi. Егер алдымызға бiр арзан, бiр қымбат зат келiп, соның бiреуiн өзгеге беру керек болса, сапалысын, тәуiрiн, қымбаттауын өзiмiзге алып қалғымыз келiп тұрады. Яғни, нәпсiнiң қалауын жасаймыз.

Ал бұл да мұсылмандыққа жатпайтын қылық. Қазақ «Пайда зиянның арғы жағында» дейдi. Егер әлгi заттың сапалысын бiреуге берiп, нашарын өзiң алып қалсаң сенiң нәпсiң зиян шегедi де, рухың байиды екен. Ал, мұсылмандықтың үшiншi сипаты, жомарттық, төртiншi сипаты, мұсылмандықтың шыңы, барша адамды Адам ата мен Хауа ананың баласы, менiң бауырым деп қараумен болады дейдi. Қазiр бiз өзге ұлтты былай қойғанда өз қазағымызды жақтырмаймыз ғой.

Одан кейiн жалпы жұртқа пайдалы болсаң мұсылмансың дейдi. Яғни, жақсы ұстаз болсаң, жақсы етiкшi болсаң. Жұрт сенiң iсiңнен ләззат алса сен шынайы мұсылмансың. Осы ойын қорыта келе Мәшһүр атамыз айтады: «Әйтпесе, құр намаз оқумен, құр ораза ұстаумен, домалақ-домалақ тастарды жiпке тiзiп алып санаумен мұсылманшылық болмайды».

Дiн өзi үш нәрсемен болады. Ол ақида, амал, ақылақ (ахлақ). Ақылақ деп айтып отырғаны — мiнез. Дәл қазiр бiзде осы соңғы ақылақ мәселесi ақсап тұр. Бұны имамдар да түсiндi.

Сұхбаттасқан Олжас СӘНДIБЕК

Мақаланың шыққан күні: 17.12.2017 16:49
Парақтағы соңғы өзгерістер: 17.12.2017 16:49
Қаралым саны: 755

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

 

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz