A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Құранда білім алу орамалдан бұрын парыз болған

Балғабек Мырзаев,

теология ғылымының докторы

ҚҰРАНДА БIЛIМ АЛУ ОРАМАЛДАН БҰРЫН ПАРЫЗ БОЛҒАН

Бiлiм және ғылым министрлiгi барлық орта мектептер, колледждер, лицейлер үшiн мiндеттi форма талаптарын бекiткен. Ол бiлiм берудiң зайырлы сипатын iске асыруға және орта бiлiм беру ұйымдары оқушыларының арасында әлеуметтiк, мүлiктiк және басқа да өзгешелiк белгiлерiн жоюға бағытталғаны белгiлi. Сонымен қатар бiлiм алушылардың жас ерекшелiктерiне қарай мектеп формасының үлгiсiн, түсiн регламенттейдi. Алайда, бүгiнде елiмiздегi орта бiлiм беру мекемелерiне қыз балалардың орамал тағып келуi мәселесi өзектi болуда. Осыған орай, теология ғылымдарының докторы, белгiлi дiнтанушы Балғабек Мырзаевпен әңгiмелескен едiк.

- Балғабек Әбдiқайымұлы, елiмiздегi бiлiм беру мекемелерiнде хиджаб киген қаракөздерiмiздiң саны анықталған ба? Бұл турасында Ата Заң не дейдi?

- Қазiргi таңда республика мектептерiнде оқитын қыз балалалардың саны 1 444 765 адамды құрайды. 1 қарашадағы мәлiметтер бойынша осы санның iшiндегi хиджаб киюге қатысты көрсеткiш 2171 болған. Осыған дейiнгi теологтардың мемлекеттiк органдармен бiрлесiп жүргiзiлген түсiндiру жұмыстарының нәтижесiнде орамалын шешкен оқушылар да баршылық. Өкiнiшке қарай, Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң өкiлдерi сабақ кезiнде хиджабын шешуге көнбей, мектепке бармай жүрген 193 фактiнiң тiркелгенiн айтуда. Бұл ахуал негiзiнен елiмiздiң батыс өңiрлерiнде орын алған. Ал кейбiр аймақтарда орамал таққандарға көз жұмып қарау фактiлерi бары жасырын емес.

Елiмiздiң негiзгi заңы ар-ождан құқығын белгiлейдi, ол — рухани категориялар, iшкi әлем және наным. Мектептерде орамал тағу және дiни киiм кию — ар-ождан еркiндiгiне жатпайтын сыртқы көрiнiстер. Бұдан басқа, Конституцияның 22 бабы 2 тармағында ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы мiндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиiс деп көрсетiлген. Мұндай мiндеттерге әрбiр қоғамдық қарым-қатынас, оның iшiнде бiлiм беру саласында iшкi қағидаларды сақтау жатады.

Мектеп формасына қойылатын бiрiңғай талаптар — әрбiр қазақстандық үшiн орта бiлiм беру мекемелерiнде мiндеттi түрде орындауға жататын нормативтiк қағида. Мемлекет жоғарыда айтылғандар мен оқушының iшкi жан дүниесiн шектемейдi, құқығын бұзбайды, сондай-ақ ата-аналардың сенiмiне араласпайды. Тек қана бiлiм беру саласында жалпыға ортақ қабылданған iшкi мiнез-құлық қағидасын орындауға үндейдi. Орта оқу орындарынан тысқары және сабақ аяқталғаннан кейiн әркiм өзiнiң қалайтын киiмiн киюге еркi бар.

- Осы бағытта құзырлы органдар қандай шаралар атқаруда? Мектеп формасын мiндеттейтiн құжаттар орындалмаған жағдайда қандай әкiмшiлiк шаралар қолданылады?

- Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрлiгi мүдделi мемлекеттiк органдармен, Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасымен және теолог-ғалымдарды тарта отырып, арнайы орта бiлiм беретiн мектепте хиджаб киетiн қыздардың ата-аналарымен ақпараттық-түсiндiру жұмыстарын жалғастыруда. Бұдан бөлек, мектеп формасының талаптарын сақтауға қатысты мәселе тек орамалмен ғана шектелiп қалмағанына назар аударған жөн. Атап айтқанда, сабаққа қысқа юбка, қымбат бюжитериялар, бағалы әшекей заттар, шектен тыс сәнденiп, боянып, ашық-шашық келетiн, жалпы бекiтiлген мектеп формасындағы талаптан тыс киiнетiн оқушыларға да шаралар қабылданатын болады.

Яғни, мемлекет тек хиджаб тағу мәселесiмен ғана емес, жалпы оқушылардың әлеуметтiк теңсiздiгiн жою бағытында жұмыс жүргiзiп отыр. БАҚ беттерiнде, әлеуметтiк желiлерде тек хиджабпен күресiп жатқандай көрсету — мәселеге бiр жақты қарап отырғандардың қитұртқы әрекеттерi. Осыған хиджаб киетiн қыздардың ата-аналарыны ерекше назар аударса деймiн.

«Бiлiм туралы» Заңның 47-бабы 15-1-тармағында «Орта бiлiм беру ұйымдарында бiлiм алушылар бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген, мiндеттi мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға мiндеттi» деп жазылған. 49-бабының 2-тармағында «Ата-аналар мен өзге де заңды өкiлдер бiлiм беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға мiндеттi» деп көрсетiлген. Осы заңның 5-бабына сәйкес бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган «орта бiлiм беру ұйымдары үшiн мiндеттi мектеп формасына қойылатын талаптарды әзiрлейдi және бекiтедi» деп көрсетiлген.

Оған қоса, 49-бапта айтылғандай, ата-аналар мен өзге де заңды өкiлдердiң, балалардың оқу орнына баруын қамтамасыз етуге, бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген мiндеттi мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға, бiлiм беру ұйымында белгiленген киiм формасын сақтауға мiндеттi. Бiлiм және ғылым министрiнiң 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығы, көрiп отырғанымыздай, заң талаптарын ретке келтiру мақсатынан туындап отыр. Ата-аналарға және орамал тағатын немесе басқа да бұйрыққа қайшы келетiн мектеп формасын киетiн қыз балаларға осыларды түсiндiру жұмыстары барынша ашық жүргiзiлуде. Егер осы жұмыстар нәтиже бермесе, онда мектеп формасының талаптарын орындамаған қыздардың ата-аналарына айыппұл салу туралы заң нормаларын қолдану мәжбүрлiгi туындайды. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодекстiң 409 бабына сәйкес ата-аналар балаларының мектеп формасын сақтау туралы талаптарын орындаудан бас тартқан жағдайда бiрiншi мәрте 10 АЕК мөлшерiнде, қайталанған жағдайда 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл салу қарастырылған.

- Балғабек Әбдiқайымұлы, бiздiң елiмiзде дiни бiлiм беретiн оқу орындары да бар емес пе? Бәлкiм, орамалын шешкiсi келмеген оқушы оқуын сонда жалғастырғаны жөн шығар?..

- Әрине, мұны да балама нұсқа ретiнде қарастыруға болады. Хиджабын шешпеймiн деген қыздардың елiмiздегi қыз балаларды қабылдайтын медресе-колледждерде бiлiм алуына мүмкiндiгi бар. Қазiргi уақытта қыздарға арналған Сарыағаш, Шымкент, Үшқоңыр медресе-колледждерi жұмыс iстейдi. Сондай-ақ заңнаманың ешқандай нормасына қайшы келмейтiндей тәртiппен ақылы негiзде мектеп мұғалiмiн үйiне шақырып жалғастыруға немесе жекеменшiк мектептерде бiлiм алуға болады.

Ал, жалпы алғанда Қазақстанда мемлекеттiк бiлiм беру және тәрбиелеу жүйесi зайырлы сипатқа ие және дiни бiлiм беру жүйесiнен бөлiнген. Сондықтан, мектепке хиджабпен келетiн қыздардың ата-аналарына мемлекеттiң, мектептiң талаптарына құрметпен қарауын, мемлекеттiң заңына бағыну қажеттiгi жөнiнде түсiндiру жұмыстарын жалғастыра беру керек.

- Ендi мынаны айтыңызшы, сол қыздарына орамал таққызған ата-аналар бұл талапты қайдан алды, мұндай қадамға неге барады? Әлде, исламда қыздардың бiлiм алуы маңызды емес пе?

- Ислам дiнiнде адамдар жынысына қарамастан жаратылысынан тең болғандықтан, әйел мен ер адамдарға бiлiм алу бiрдей парыз етiлген. Қазiргi жаһанданған дүниеде, зайырлы бiлiм сапасы тұрғысынан елiмiз басқалармен терезесi тең болу мақсатын ұстанады. Сондықтан, орта мектепте оқитын кез келген оқушыны дiн атрибуттарын желеу етiп, мемлекеттiк мекемеде оқшаулануына, даралануына, ерекшеленуiне жол берiлмейдi. Мектеп жасына жеткен барлық балалар бiлiм алуы шарт дейтiн болсақ, мектеп киiмiне қатысты жаңадан бекiтiлген талаптардан ешкiм аттап кете алмайды.

Рас, кейбiр бауырларымыздың мектептегi қыздардың орамал тағу мәселесiне байланысты ұстанымдары бiр жақты болып келедi. Яғни Құран Кәрiмдегi «Нұр» сүресiнiң 31-аятындағы Алланың қыз балаға орамал тағу керек дегенiн негiзгi дәлел етiп алға тартады. Әрине, әрбiр мұсылман пенде орамалдың балиғат жасына толғандарға парыз, мiндет екенiн бiледi. Оған иланады және кәмiл сенедi. Сонымен қатар, оның балиғат жасына толғаннан кейiн талап етiлетiнiне назар аударады. Ислам дiнi балиғат жасына толмаған қыздың орамал тағуын талап етпейдi. Шариғатымыз орамал тағудың түпкi мәнi мен маңызын, үкiмiн түсiнбейтiн кiшкентай бүлдiршiннiң басына жаулық жабуды мiндеттемейдi. Ал қыз баланың балиғатқа толуын оның тек 9 жасқа келуiмен шектеп қоюға болмайды. Ислам ғұламаларының пiкiрiнше, жағдаятына байланысты қыз бала 12-13 жаста да немесе кейiн де (14-15 жас) балиғатқа толуы мүмкiн.

Әрбiр мұсылман қыз бала орамалдың қадiр-қасиетiн терең түсiнiп, жауапкершiлiгiн саналы түрде сезiнiп, Алланың әмiрiн өз еркiмен орындауы — аса маңызды амал. Қасиеттi Құранда Исламда зорлық жоқ екендiгi баяндалған. Мектеп табалдырығын ендi ғана аттаған бүлдiршiндi жаулық жабуға мәжбүрлеуден бұрын, оған ең әуелi бiлiм мен тәрбие берген абзал. Бұл — ата-ананың басты мiндетi. Өйткенi, бiлiм алу — Құрандағы ең алғашқы бұйрық. Сондықтан бiз бiлiм жолына кедергi болып жатқан мәселелерге келгенде қызымыздың бiлiм алуына рұқсат беруiмiз керек.

- Балғабек Әбдiқайымұлы, сөз орайында исламдағы бiлiмнiң маңызы жөнiнде айта кетсеңiз, әсiресе, әйелдердiң бiлiм алуына қатысты шариғат не дейдi?

- Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы тұрғыда: «Аллаға жақындататын бiлiм үйренбей өткiзген күннiң мен үшiн ешқандай қайыры жоқ» деп айтқан хадисi бiлiмнiң қаншалықты маңыздылығын көрсетедi. Өйткенi, бiлiм адамзаттың мәртебесiн көтерiп, кiшiпейiл болуға ықпал етедi. Арам ой, пиғылдан арылтып, шындықты түсiнуге, қолынан келгенше жақсылық жасауға шақырады. Алла тағала ғылыммен шұғылданып, үйренгендерiн бойына сiңiре бiлетiн ғалымдарды жоғары мәртебеге шығаратынын Құран Кәрiмде былай баяндайды: «Алла тағала сендерден сондай иман келтiргендердiң, ғылым бергендердiң дәрежелерiн көтередi».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бiздiң бiлiмге деген ынтамызды арттыру үшiн былай деген: «Кiм де кiм бiлiм үйренгiсi келсе, Алла ол адамға жұмаққа баратын жолды жеңiлдетедi. Перiштелер оның әрекетiн ұнатқандықтан, үстiне қанаттарын кередi. Аспан мен жердегi тiптi, судың iшiндегi балықтар да ғалымдар үшiн Алладан кешiрiм тiлейдi. Ғалымның жай құлдардан артықшылығы, айдың өзге жұлдыздардан артықшылығына ұқсайды. Ғалымдар — пайғамбарлардың мирасқорлары. Пайғамбарлар алтын мен күмiстi мирасқа қалдырмайды, тек қана бiлiмдi мирас етiп қалдырады. Ол мирасты алған адам молшылыққа кенеледi».

Негiзi адамның бiлiмi артқан сайын Аллаға деген сенiмi, құрмет, қорқынышы артады. Жалпы, бiлiм алу — Исламның ең басты құндылығы. Сол себептi, Құранның ең алғашқы аяты «Оқы! Жаратқан Алланың атымен оқы!» деп түстi. Алланың бұл жерде «Оқы!» деп отырғаны қай кiтап? Ол — екi кiтап: бiрi — Құран кiтабы, екiншiсi — физикалық және метафизикалық жаратылыс кiтабы. Ал жаратылыс iлiмiнен хабары жоқ адам Құранды дұрыс түсiне алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, мектеп қабырғасында оқытылатын химия, математика, биология және тағы басқа пәндердiң барлығы дүниенiң құдiретiн тануға жол ашады. Сондай-ақ, аспан мен жер жаратылысы, күн мен түннiң алмасуы, күн мен айдың белгiлi бiр жүйеде қозғалуы, адамның жаратылуы сияқты Алланың бар екенiн дәлелдейтiн әрi терең ойлануға жетелейтiн түрлi құбылыстар тек қана бiлiм арқылы болады.

Әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Хальдун, Идриси, әл-Бируни, әл-Хорезми, Ибн Батут, әл-Баттани, Джабир ибн Афләх, әр-Рази, әл-Ғазали сияқты көптеген ғалымдарымыздың бiлiм жолына түсуiне жоғарыдағы аят-хадистер себеп болғаны анық. Сондықтан, мектеп жасындағы баланы имандылыққа баулып, оған бiлiм үйрету — әрбiр адамның азаматтық әрi мұсылмандық борышы. Дiни һәм зайырлы бiлiм — болашақтың кiлтi.

- Әңгiмеңiзге рахмет!

Мақаланың шыққан күні: 17.12.2017 16:52
Парақтағы соңғы өзгерістер: 17.12.2017 16:52
Қаралым саны: 619

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz