A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Дария баққа жинаңыз

Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесiне — 20 жыл. Осы кезең аралығында елiмiз маңызды әлеуметтiк-демографиялық, экономикалық өзгерiстердi бастан кешiрiп, талай жаңа белестердi бағындырды. Қазақстанның зейнетақы жүйесi де жаңа сапалық деңгейге көтерiлiп, уақыт талабына сай жаңарды. Елiмiздiң зейнетақы жүйесiнiң өткенi, бүгiнi мен болашағына бағдар жасау үшiн бiз Ақмола облыстық филиалының директорының орынбасары Бекмагамбетов Ж.Н. әңгiмеге тарттық.

Кеңестiк дәуiрден қалған зейнетақы жүйесiн жаңарту қажеттiгi тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары туындады. Кеңес Одағы құлағаннан кейiн ортақ зейнетақы жүйесi жаңа заман талабына сай келмейтiнi түсiнiктi болды. Сондықтан Қазақстан өзiне қолайлы жүйе қалыптастыру үшiн әлемдiк тәжiрибенi зерттей бастады. Ең оңтайлы жүйе ретiнде 80-жылдары әлем бойынша үздiк деп танылған Чилидiң үлгiсi таңдалып алынды. Әлемдiк банктiң кеңесiмен осы үлгi бойынша Латын Америкасы, Шығыс Еуропа, ТМД-ның бiрқатар елдерiнiң зейнетақы жүйесi реформаланды. Қазақстан осы жүйенiң басты қағидатын негiзге алды. Бұл жүйе бойынша салымшылар табысының белгiлi бiр пайызын жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған жеке зейнетақы шоттарына жинауға мiндеттелiп, бұл жарна инвестициялық табыспен капитализацияланады. Қызу пiкiрталастардан кейiн 1997 жылдың 20 маусымында «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заң қабылданды.

Осылайша Қазақстан посткеңестiк кеңiстiкте алғашқы болып жинақтаушы жүйеге негiзделген аралас зейнетақы жүйесiне көштi. 1997 жылдың қыркүйегiнде ҚР Үкiметiнiң Қаулысымен Мемлекеттiк жинақтаушы зейнетақы қоры құрылды (МЖЗҚ). 1998 жылдың басынан бастап қазақстандықтар табысының 10 пайызын мiндеттi зейнетақы жарнасы ретiнде жеке зейнетақы шоттарына аудара бастады. Осы жылдан бастап жеке зейнетақы қорлары да ашыла бастады. Әрбiр азаматқа өзiне қолайлы зейнетақы қорын таңдау құқы берiлдi. Егер ол өз таңдауын жасай алмаса, жарнасы автоматты түрде мемлекеттiк қорға аударылды.

2013 жылы МЗЖҚ-ның базасында Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) құрылды. БЖЗҚ-ға жеке қорлардың активтерi берiлгеннен кейiн әкiмшiлiк және операциялық шығындар азайып, жеке қорлардың комиссияларымен салыстырғанда БЖЗҚ-ның комиссиялық сыйақылары азайды. Ең бастысы — мүдделес компаниялармен шығынды келiсiм-шарттар жасалуына тосқауыл қойылды. Салымшылардың бiр қордан екiншi қорға бей-берекет ауысуы да тоқтады. Мұның бәрi жүйенiң тиiмдiлiгiне игi әсер еткенi күмәнсiз. Дегенмен, БЖЗҚ құрылғаннан кейiн де Қазақстанда ортақ бөлiктен, мiндеттi жинақтаушы бөлiктен және ерiктi жинақтаулардан тұратын көп деңгейлi зейнетақы жүйесi сақталып қалды. Жиынтық зейнетақы да екi төлем көзiнен тұрады: мемлекеттiк бюджеттен төленетiн базалық және ортақ зейнетақы және БЖЗҚ-дағы жинақтардан құралатын зейнетақы.

Уақыт талабына сай болу үшiн зейнетақы жүйесi әрдайым жаңарып отырады. Қазақстанның зейнетақы жүйесiнде алдағы онжылдықтарда қалыптасуы ықтимал түрлi сценарийлердi болжау үшiн БЖЗҚ-да актуарлық зерттеулер жүргiзiледi. Қор мамандары зейнетақы жинақтау жүйесiнiң қандай да бiр бөлiгi жақсы дамыған елдердiң тәжiрибесiн зерттеумен де айналысады. Мысалы, шартты-жинақтаушы компонент Швецияда жақсы дамыған. Сонымен бiрге, ерiктi зейнетақы бөлiгiн дамытуға Германия мен Малайзияда үлкен мән берiледi. Сингапур жинақтарды баламалы мақсаттарға пайдалану тәжiрибесiмен, ал Гонконгтың тәжiрибесi зейнетақы активтерiн басқарудың инвестициялық стратегиясымен тартымды.

Алайда енгiзiлгелi отырған өзгерiстермен бiрге Қазақстан зейнетақымен қамсыздандырудың диверсификациялық қағидатын сақтап қалады. Себебi бұл компоненттiң артықшылығын екiншi компоненттiң кемшiлiктерiнiң орнын толтыру үшiн пайдалануға болады. 2040-жылдары 1998 жылға дейiн еңбек өтiлi жоқ азаматтар зейнетке шыға бастағанша ортақ компонент бiртiндеп шартты-жинақтаушы компонентке ауыса бастайды.

Сонымен қатар Ұлттық банкте зейнетақы активтерiн басқару бойынша бiрқатар мiндеттердi бәсекелестiк ортаға — қазақстандық және шетелдiк компанияларға беруге байланысты ұсыныстар дайындалды. Салымшыларға инвестициялық стратегия мен жеке басқарушы компанияны таңдау құқы берiледi деп жоспарлануда. Бiрақ БЖЗҚ ҚР жинақтаушы зейнетақы жүйесiнiң барлық қаржылық және ақпараттық ағымдарының бiрыңғай операторы және әкiмгерi болып қала бередi.

Құрылымдық өзгерiстермен қатар сапалық өзгерiстер де болады. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуына орай, БЖЗҚ интернеттiң мүмкiндiктерiн пайдалана отырып, қор қызметтерiн барынша қолжетiмдi ету бағытында үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Қазiрдiң өзiнде Қордың барлық қызметтерi дерлiк электрондық нұсқада қолжетiмдi. Осының арқасында бiздiң салымшылармен ара-қатынасымыз түбегейлi өзгерiп, оларға барынша жедел қызмет көрсетуге мүмкiндiк алдық.

Мақаланың шыққан күні: 21.09.2018 10:16
Парақтағы соңғы өзгерістер: 21.09.2018 10:16
Қаралым саны: 101

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz