A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Қазақтың іздейтін жоғы көп

Өмiрзақ ОЗҒАНБАЕВ: Қазақтың iздейтiн жоғы көп

 — Сiз Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесiнен бөлек ҚМДБ жанынан құрылған ақылдастар алқасының мүшесiсiз. Осы ақылдастар алқасының жұмысы туралы айтып өтсеңiз…

-Ардагерлер ұйымына басшылыққа келгенiме үш жылдай уақыт болды. Келгендегi ең бiрiншi жұмысымды Қазақстан мұсылмандар дiни басқармасының бас мүфтиi Ержан қажы Малғажыұлымен кездесуден бастадым. Арнайы Алматы қаласына барып, алдағы уақытта бiрлесiп атқаратын шаруаларды пысықтадық. Бұған дейiн дiн мамандары келгендерге құран оқып, мешiтте ғана отыратындай көрiнетiн. Шындығында бұл қате пiкiр. Негiзi имамдар теолог ғалым болып, жастар мен ардагерлердiң арасында ғибратты әңгiме айтып, қараша халықтың дiни сауатын арттыруы керек. Нақтырақ айтсам имамдар Алланың жолындағы белгiлi тұлға болуы қажет.

Жақында ҚМДБ «Ислам және зайырлы қоғам» тақырыбында үлкен конференция өткiздi. КонференцияғаҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесiнiң мүшелерi, дiн қайраткерлерi мен елiмiздегi зиялы қауым өкiлдерi қатысты. Мен де сол шараға қатысып өз пiкiрiмдi бiлдiрдiм.

Конференцияның барысында зайырлы қоғамдағы мемлекет пен дiн арасындағы өзара байланыстың орны, дiни экстремизм мен терроризмнiң алдын алу, елiмiздегi мұсылмандарының бiртұтасты, рухани құндылықтарды насихаттау осының барлығы жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, «ХХI ғасыр имамы», «Қазiргi заманның үздiк 500 ағартушы имамы» атты жобалар жастардың терiс жолға түсiп кетпеуi үшiн, қазақы болмысымызды сақтап қалу үшiн аса қажет жобалар деп бiлемiн.

- «Қарты бар елдiң қазынасы бар» деп түсiнетiн қазақ үшiн ардагерлер кеңесiнiң жас ұрпақты тәрбилеуде орны ерекше екенi сөзсiз…

- Дұрыс айтасың. Ардагерлер кеңесiнiң халық тәрбиесiнде оның iшiнде жас ұрпақтың тәрбиесiнде алар орны ерекше. Себебi, ақсақалдар үлкен өмiр көрген.Көпшiлiгi күнi кеше облыс басқарған парасат пайымы жоғары тұлғалар.

Ежелгi гректер елiнде «бiлгенiн жастарға айтпаса ағалардың өздерi кiнәлi» деген тәмсiл бар. Осы тұрғыдан келгенде елiмiздiң ардагерлер кеңесi жастарға үлкен тәрбие берiп жатыр деп айта аламын. Әрбiр жастармен кездесуде өмiрлiк тәжiрибемiздi бөлiсiп, оларға шамамыздың келгенiнше ақыл кеңесiмiздi берiп келемiз.

- Жасыратыны жоқ қазiргi таңда кейбiр жастарымыз жат ағымның жетегiнде кетiп жатыр. Бұл алаңдатарлық жағдай. Осы олқылықтың алдын алу үшiн не iстеу керек деп ойлайсыз?

- Жастарымыз жат ағымның жетегiнде кетпесiн десек жоғары деңгейдегi дiни сауаттылықты артыру керек. Бұл арада мықты теологтардың атқаратын шаруалары шаш етектен. Мамандар мәзһабымызды мойындамайтын, оны жоққа шығаратын адамдардың дiн бұзар екенiн ашық және жиi айтуы тиiс. Сондай-ақ,о дүниелiк болғандарға Құран бағыштамау да ата дiнiмiзге қайшы. Бүгiнгi әсiре дiншiлдердiң әрекетiн бiздiң ата-бабамыз еш уақытта жасамаған.

Жалпы, жас адам қалай исең солай майыса беретiн жас шыбық сияқты солқылдақ келедi. Егер ол ата дәстүрмiз ислам дiнi туралы мағлұмат алмаса, жат ағымның жетегiнде кете бередi. Сол себептi, дiн мамандарының пiкiрi батылырақ болса, тура жолды жастарға көбiрек түсiндiрсе деген үлкен тiлегiм бар. Бұл арада ардагерлер кеңесi де өзiндiк үлесiн қосады.

Қазiр көптеген кiсiлер қиналса да исламның бес парызының соңғысын орындауға ерекше құмартып жатыр. Былтыр қажылыққа елiмiзден 4 мың 500-дей адам барды. Ал кеңес кезiнде небәрi 70 адам барған екен. Ал қазiргi Тәуелсiздiгiмiздiң 25 жылдығында елiмiздегi қажылардың саны 40 мыңға жақындап қалды. Менiң ойымша қажылар неғұрлым көбейген сайын бiздiң ортамыз да жақсара түседi. Себебi, әрбiр дiнге бет бұрған кiсi жүрген жерiнде ненiң сауап, ненiң күнә екендiгiн айтып жүредi. Бұл да қоғамның түзелуiне өз үлесiн қосады ғой деп ойлаймын.

- Бүгiнде ислам дiнiне күйе жаққысыкелетiн елдер бар екенi жасырын емес. Әлем жұртшылығы исламнан үрке қарайтындай жағдайға жеттiк…

- Иә, соңғы жылдары «Араб көктемi» деп аталатын Араб елдерiндегi түсiнiксiз көтерiлiстер адамның санасын сан саққа жүгiртiп тастады. Ливия өзiнiң асыл ұлы саналатын Каддафидiөз қолымен ажалға байлап бердi.БүгiндеАраб елдерi бұрынғы мамыражай күндерiнен айырылып, қиын-қыстау кезеңдi бастан өткерiп жатыр. Соңғы жылдары ислам атын жамылған ДАИШ содырлары мұсылманды әлемге жауыз етiп көрсетуде. Бұл аз болғандай шиттер мен сунниттердiң арасында қырғи қабақ қарым қатынас туды. Мiне, осындай жағдайлар ислам дiнiнiң бейбiтшiл дiн екенiне көлеңке түсiрiп тұрғандай. Еуропа жұрты жойқын жарылыстардың барлығын мұсылмандар жасап жатыр деген пiкiрде.

- «Меккедегi мiнажат» атты кiтапша шығарған екенсiз. Бұл дүниенi жазуға не түрткi болды?

- Қажылықта көрген бiлгендерiмдi өзгелермен бөлiскiм келдi. Түйген ойларымды қағазға түсiрудi азаматтық мiндетiм деп есептедiм. Онда адамдардың бiр-бiрiне деген туыстық, мейiрбандық қарым-қатынасты арттыруда ислам дiнiнiң рөлi жоғары екендiгiн айтуға тырыстым.

Осы күнде жасы келген қарттар «жастар мейрiмсiз болып өсiп келе жатыр. Олардың қарттарға деген құрметi төмендеп барады» дегендi жиi айтамыз. Мен осы сапарда жастарды айыптаудың ешқандайда негiзi жоқ екенiне көзiм жеттi. Мәселен, бiздiң тобымыздың iшiнде көптеген жастар үлкен қарияларға бастан аяқ қызмет жасады. Осы сапардан кейiн жастардың барлығы бiрдей үлкендерге қамқорлық жасаса екен деген тiлек болды. Қажылыққа барған кiсiлер елге келген соң кiтап жазбасада бұқаралық ақпарат құралдарына мейiрiмдiлiк туралы жазып насихаттаса нұр үстiне нұр болар едi.

- Кейiнгi кезде ас беруге қарсы болып жүрген азаматтар бар. Олардың айтуынша өмiрден өткен адамға ұлан асыр ас берудiң қажетi жоқ. Бұл пiкiрге сiз не дейсiз?

- Иә, рас, ас беруде ысырапқа жол бермеу керек. Ислам дiнiнде ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Алайда, ас беру әрбiр адамның жеке құқы екенiн естен шығармаған жөн. Сол арқылы адамдар өзiнiң ата-бабасын еске алып, ұрпағын тәрбиелейдi. Мысалы, қазақ жас баладан жетi атасын ерiккеннен сұрамайды. Мұның астары бар. Өзiнiң шыққан тегiн бiлмеген адамнан көп үмiт күтуге болмайды.

Алайда ас берудiң негiзгi мақсаты ас iшiп, аяқ босату емес. Аста ағайын туыс жиналып, елдiк мәселелердi шешетiн болған. Нақтырақ айтсам хан сайлаудан бастап ел iшiндегi әртүрлi дау-жанжалдар осы аста шешiлiп отырған. Сондықтан ас беру ерiккенiң ермегi емес екенiн есте ұстаған жөн.

- Өзiңiзде естiп жүрген шығарсыз, ақсақалдарға деген көңiл толмаушылық бар. Аузы дуалы қария қалмады деп жатады. Шал мен қарттың, ақсақал мен абыздың ара жiгiн ажыратын берiңiзшi?

- Жалпы көңiл толу дегеннiң өзi салыстырмалы ұғым. Кезiндежастар ақпараттардың көбiсiн аузы дуалы ақсақалдардан алынатын. Ал бүгiнгi қоғам- технология дамыған, ақпаратқа бай қоғам. Бұрын жастар күн-түн демей қарттардың өнегелi әңгiмесiн тыңдайтын. Ал қазiр ақсақалдың өнегелi әңгiмесiн тыңдауы тиiс жастардың құлақтары тығындаулы жүр. Шын мәнiсiнде жастар өзi тыңдап отырған әннен баса ештеңе естiп отырған жоқ.

Алайда, заманның ерекшелiгiн де ескеру керек. Жақында «Әкеге барып сәлем беру» деп аталатын сурет көрдiм. Қарияның алты баласы әкесiмен амандасып боған соң, барлығы ұялы телефонына шұқшиып әкесiн жападан жалғыз қалдырады. Бiле бiлген адамға ақсақалдың балаларына айтар әңгiмесi көп. Бiрақ, балалары ұялы телефонның қызығына түсiп әкесiн ұмытып кеттi. Мiне, қазiргi қоғамның көрiнiсiосындай.

-Қазiргi қоғамдағы қандай мәселе сiздiжиi толғандырады?

-Менi толғандыратын ең басты нәрсе ата-бабамыздың салт-дәстүрiн сақтап қала аламыз ба, жоқ па? деген мәселе толғандырып жүр. Дүниежүзiнде жаһандану процессi жүрiп жатыр. Ал бiздiң жаһандануға қарсы қоятын басты құралымыз ата-бабамыздың мәдениетi, дәстүр-салты мен тарихы болмақ. Сондықтан да, бiз атадан қалған асыл қазынамызды көзiмiздiң қарашығындай сақтауымыз керек. Ұлтымыздың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ халқы жоқ iздеген халық» деп айтқан екен. Ақаң айтқандай қазақтың iздейтiн жоғы өте көп. Ол жоқтардың бiрi — жақсы бiлiм, дүниедегi ең озық техниканы меңгеру болып тұр.

Дата создания статьи: 17.12.2017 21:22
Парақтағы соңғы өзгерістер: 17.12.2017 21:22
Қаралым саны: 402

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz