A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Қазақ ойшылдарының дәстүрлі діни дүниетанымы

Бақытжан САТЕРШИНОВ,
Дiнтанушылар конгресiнiң төрағасы,
философия ғылымының докторы, профессор

Қазақ ойшылдарының дәстүрлi дiни дүниетанымы

Қазақ ойшылдарының дiни дүниетанымы Құран-кәрiм, Хадис-шәрiп, Шариат секiлдi исламның қайнар көздерiден бастау алып, дәстүрлi ислам арнасында қалыптасты. Жалпы дәстүрлi ислам дегенде, Қазақстан жерiне ислам Хижаз бен Хорасан жерлерiнде қатаң әһл әл-хадис мектебiне тән ортодоксалдық күйiнде тарала қойған жоқ. Жергiлiктi мұсылман жамағатының басым бөлiгi дiни ұстанымы мен көзқарастарында ақидада самарқандық матуридилiк iлiмдi, фыкхта ханафилiк мазхабты басшылыққа алады. Құлшылық, ғибадаттарында ата-баба жолын ұстанатындықтан, оларды «дәстүрлi мұсылмандық сенiмдегiлер» деп атау әдетке айналған.

Қазақ халқының дiни дүниетанымының дәстүршiлдiгi, оның синкреттiлiгi мұнда исламның өзгеше түркiлiк реңге ие болуына әкелдi. Бұл аймақта ханифилiк мазһабтағы суннилiк ислам, ең алдымен, жергiлiктi салт-дәстүрге деген төзiмдiлiгiмен және жаңашылдыққа деген либералдық қатынасымен ерекшелендi. Сондай-ақ исламды таратуда йасауйиа, накшбандйиа тәрiздi сопылық ағымдар — тариқаттар ерекше орын алды. Жалпы Йасауиден Шәкәрiмге дейiнгi қазақ даласының ойшылдарының дүниетанымдық көзқарастарында сопылық дәстүрдiң негiзгi рухани қайнарлардың бiрi болғаны және бұл тарихи-мәдени сабақтастықтың кешегi кеңестiк дәуiрге дейiн сақталып келгенi баршаға аян. Әрине, бiз бұл жерде, Шәкәрiм заманында кең етек алған «надан сопылық», «жалған сопылық» туралы, қазiргi заманда бой көрсеткен «күмәндi сопылық» туралы айтып отырғанымыз жоқ.

Ислам дiни дәстүрлерiнiң көшпендi түркiлер сенiмiнде басты орын алуы иассауийа тариқаты түзген философияның мықтылығымен түсiндiрiледi. Көк Тәңiрiнiң ұлылығын қәдiрлей бiлген түркi халқының таным, түсiнiгiне ортақ болған ислам дiнiнiң рухани құндылықтары да Ахмет Ясауи хикметтерi арқылы ендi. «Диуани хикмет» шумақтарында қазақтар осы күнге дейiн қадiр тұтатын ойшылдың дiни және философиялық ұстанымдары нақты айқындалды. Бұл халықтың рухани танымында, өмiр талабына айналған дiни дәстүрлерде иассауийа iлiмдерiнiң кеңiнен қолданылуына алып келдi. Тәңiрге деген философиялық ұстаным өз деңгейiн кеңейтiп, Аллаға деген сенiммен ұштасып, рухани мәртебесiн арттырды. Яғни, сопылық iлiмдегi «қалб» мәселесi барынша ашық қарастырылып, бiр Аллаға мойынұсыну адамзат жүрегiне жазылып қойған сенiм ретiнде қабылданды.

Сопылық дүниетанымдағы адам мәселесi, еркiндiк, өмiрдiң мәнi, ар-ождан, «адамзаттың бәрiн сүю» (Абай) сияқты жалпыадамзаттық маңызы бар көптеген мәселелер қай ұлтта болмасын, уақыт пен кеңiстiкке бағынбайтын, адам баласына ортақ құндылық екендiгi ешқандай дау тудырмас басы ашық мәселе. Шәкәрiмнiң негiзгi философиялық трактаты «Үш анық» пен дiни этикалық сипаты басым поэзиясында Құдай, әлем және адам тақырыптарымен сипатталатын үштағандық мәселенi танудағы ислами кәламның, сопылық пен философияның ойлау жүйелерiнiң өзара ықпалы байқалады. Оның шығармашылығын барлай отырып, түркiлiк ислам философиясының өзегiн сопылық құрайтынын, ал сопылықтың қазақи мұсылмандық түсiнiктiң өзегiн құрайтынын, бұл дүниетанымдық жүйенiң қалыптасу ерекшелiктерi тәфсир және тауил әдiстерiн талдау арқылы айқындалатынын аңғаруға болады.

Дегенмен, оның дiни ағартушылық жаңашылдығы өзiнен бұрын және қатар өмiр сүрген қазақтың ұлы ағартушылары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев сияқты демократиялық үрдiске, өркениетке жетудi насихаттаумен де сипатталады. Шәкәрiм де ағартушы ретiнде дүмшелiкке, догматизм мен буквализмге қарсы болды. Мұндай көзқарасты қазақтың дiни ағартушыларының көпшiлiгiнен, мысалы, Ғұмар Қараш пен Мәшһүр Жүсiп Көпеевтен де байқауға болады. Айталық Ғұмар Қараш:

«Мысалы надан сопы бiр қара тас,

Халық соры осы күнi кесiрлi су

Надан шейх тентек сопы екi жолдас

Надан шейх дiннiң соры, күннiң соры

Бiр қашпа олардан сен мың керi қаш», — деп, 1911 жылы жарық көрген «Өрнек» атты еңбегiнде: «Хазреттер (адасқан сопының пiрлерi) өздерi бек дүнияуи ғылымдардан хабарсыз қатты надан болады. Хәтта хәзiреттiң түрлерi, мүрид жиюларының өзi надандықтарынан келедi. Және бұл жолдағы адамдардың бәрiнде хияли аурулық болады, ол хияли ауруларға көп уақыттар ридаят шегу (азап), қараңғы ханақаларда күн кешiру, бегiректе надандық себептi әһiл тасауыфтың хияли керiмдерiне ишанып (иланып) жүредi» деп тұжырымдайды.

Ал Мәшһүр Жүсiп болса, алдыңғы қатарлы Батыс Еуропа және орыс мәдениетiн мойындай отырып, олардың озың ойларының түп-төркiнiнiң ислам қайнаркөздерiмен үндес келетiндiгiн атап көрсетедi: «Иауропа (Еуропа) жұртының үлгi-өнеге алып, ғылым-бiлiм алып жатқан үлгiлерi — осылардың сөзi. Бiздiң мұсылманды қорлықта қалдырып тұрған — Қал ғылымында жүрген, қалғандардың сөзi. Тоқсан ауыз сөздiң түйме­дей түйiнiн ұстап, күллi Еуропа адамдыққа жеттi. Онан бiздiң мұсылмандардың ғылым-бiлiмге жетiлгендерi переводтап алып, бiзге тәркi-тәржiме қылып түсiндiредi. Молда ат­тары­на қанық болған: Лермонтов, Салты­ков, Толс­той­лар бiздiң мұсылманнан шыққан, жұрт­тан озған ала аяқ жүйрiктердiң сөзiнен үлгi-өнеге алып сөйлеген. Онысын өздерi сөйлеген сөзiнен бiлдiрiп кеткен. Мұнан келiп бiздiң мұсылманның жүйрiктерi переводтап алып, бiзге сөйлеп жатыр. Бiздiң бұған жылдам түсi­не­тiнiмiз: «Құраннан алған жерiн — Құраннан көр!», — деп бiлiп тұрмыз. Хадис Шарифтен алған жерiн Хадис шарифтен көрiп, бiлiп тұрмыз. Қай кiтаптан алған болса, сол кiтап­тардың сөзi бiздiң қолымызда даяр. Сондықтан сөзге сөзi үйлес келген соң, олар­дың сөзiне: «Қылша мойыным-мұнша!» — деймiз».

Ақылға негiзделген иманды құп көретiн Шәкәрiмнiң ұлы ұстазы Абайға құлақ түрсек, отыз сегiзiнше сөзiнде «бұл заманның сопы молдалары хакiм атына дұшпан болады», дейдi. «Пенделiктiң кәмәлаты әулиелiкпен болатұғын болса, күллi адам тәркi дүние болып һу деп тариқатқа кiрсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кiм бағады, дұшпанды кiм тоқтатады, киiмдi кiм тоқиды, астықты кiм егедi, дүниедегi Алланың пенделерi үшiн жаратқан қазыналарын кiм iздейдi? Хәрами, макруһи былай тұрсын, Құдай тағаланың қуатыменен, ижтиһад ақылыңменен тауып, рахатын көрмегiне бола жаратқан, берген ниғметтерiне, онан көрмек хұзурға суық көзбен қарап, ескерусiз тастап кетпек ақылға, әдепке, ынсапқа дұрыс па?» деп көрсетедi. Ал, Шәкәрiм болса:

Көнбеймiн дiндi терiс бұрғаныңа

Сопының бара қойман құрбанына.

Ақиқат сырымды айтсам — Толстойдың,

Мың сопыны алмаймын тырнағына, — деп, «таза ақылмен таппаған дiннiң шын дiн емес жындылық» екендiгiн алға тартады. Шәкәрiм дiни құндылықтарды насихаттай отырып, жiкке бөлiнушiлiктен, бүлiктен бойды аулақ ұстап, қоғамның адамшылық тұрғыдан тазаруын, иман мен рухани нұрға бөленуiн уағыздайды.

Бұл тұрғыдан алғанда, Шәкәрiмнiң дiни көзқарастары бүгiнгi қазақстандық қоғамда қалыптасқан дiни ахуал үшiн де өзектiлiгiмен көзге түседi. Ғұмар Қараштың айтып отырған «тентек сопысынан» өзге жат жерлiк «надан шейхтар» бүгiнгi жастардың санасын улауда. Әлемдiк геосаясаттағы дiни фактордың күшеюi, қазақстандық қоғамның дiнге қатысты жаһандық үрдiстерге ашық болуы дiни пиғылдағы экстремизм, терроризм және жалған дiндер мәселесiн алға тартады.

Атын атап, түсiн түстемесек те, жалпы жұртшылыққа белгiлi бұл керi ағымдар рухани iзденiс үстiндегi жастардың дүниетанымдық мәдениетi қалыптаспағанын пайдаланып, олардың кез келген жас адамға тән болып келетiн рухани iзденiстерiн, кейде, тiптi, әлеуметтiк-материалдық мұқтаждықтарын пайдаланып, студент-жастар шоғырланып орналасқан жерлерде тiкелей уағыз арқылы немесе интернет ресурстары арқылы оларды өз қатарына тартып алуда. Нәтижесiнде көптеген қазақ баласы халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген ханафилiк дәстүрлi исламнан жерiп, қоғамнан, мемлекеттен, тiптi отбасы мен құрбы-құрдастарынан оқшауланып, мазхабтан тыс, мақсаты күмәндi жатжерлiк ағымдардың қатарын толықтырып, өздерi байқамай сыртқы ықпалды күштердiң геосаяси ойынының құрбанына айналып кетуде.

Жаңа ғасырдың басында орын алып отырған бұл үрдiстер жиырмасыншы ғасырдың басында да болған тәрiздi. Мысалы, халқының қамын жеген Мәшһүр Жүсiп «солдаттықтан қашқан құмыра бөрiктi, толағай басты ноғайлардың», «Ферғана заманынан ақ патшаға қарамай, қашты, қуды, бiрiн-бiрi иттей талап жүрген заманның кезiнде өз басын өлiмнен алып қашқан сарт-сауанның қуларының», «Мекке… Медине… екi шәрiптiң адамдарын жамандайтын әпендiлердiң» қазақ арасына келiп дiн үйретпегiн былай деп түйiндейдi: «Қазақ мақалында бұрынғы әулие өткен ата-бабалары айтып кеткен: «Қойды шартық бүлдiредi, елдi қортық бүлдiредi» — деп. Сол мақалдың хақиқатын, мiне, бiздер көзiмiзбен көрiп, қолымызбен ұстағандай болып нандық. Қазақ iшiне кiм келедi? Онан қашқан, мұнан қашқан, жамандықпен көзiн ашқан келедi».

Ислам шектен шыққанды жақтамайды, дiнде шектен шығушылық пен немқұрайдылықты сипаттайтын «тафрит» және «ифраттың» екеуi де құпталмайды. Дiндi ауырлатпаңдар, жеңiлдетiңдер, орта жолды ұстаныңдар, дұрыс бағыт бағыт көпшiлiк жағында деген мағынада айтылған исламның әз пайғамбарының өсиеттерi барша жұртқа белгiлi. Шәкәрiм қажы Құдайбердiұлы да «Махаббат пен құмарлық» атты өлеңiнде былай дейдi:

«Сүйтсе де ифрат бар, тафрит бар,

Жарай ма соны айырып реттемей.

Не қылсаң, қыл адамға махаббат деп,

Мейлiң сөк, мейлiң үйрет, айла iзденбей.

Ол сүюiң шын болсын, жалған емес,

Бұлдыр болма өзiңе-өзiң сенбей.

Дүниеқұмар, залалкес бола қалсаң,

Өлiмдi ойла келерлiк күнi ертеңдей».

Жас кезiнен бастап музыкамен де, метафизикамен де, этикамен де әуестенген Шәкәрiм өз дүниетанымының эволюциясы барысында бойындағы бiлiмiн Батыстың зайырлы философиялық бiлiмiмен де ұштастыра бiлдi. Соның негiзiнде дарвиндiк жаратылыстануды, пәншiл, затшыл материалистiк философияны, жанның бiр денеден екiншi денеге ауысуы туралы спиритуализм мен психологияны терiске шығарды. Дiни танымның жоғары деңгейiне көтерiлдi.

«Келдiм қайдан, барам қайда, не етсем пайдам» деген негiзгi өмiрмәндiк мәселелердi қозғайтын ойшыл-ақынның «Үш анық» еңбегi оның отыз жылдық рухани iзденiсiнiң жемiсiн бiлдiредi. Оның бiрiншi анығы көне грек философтарынан бастап, еуропалық классикалық философияға дейiн шешiмi бiрауыздан табылмаған негiзгi субстанциялық мәселе болып келген түпнегiздi былай деп тұжырымдайды: «барлықтың түп себебi жаратушының бiлiм, құдiрет шеберлiгiнде өлшеу жоқ. Дәлелдерiм: ғылым жолында бұл барлықтың еш нәрсесi өздiгiнен бар бола алмайды да, қозғала алмайды. Бұған себеп керек. Егер ол себепке де бiр себеп керек болып, себептiң түбi жоқ болады делiнсе, ең түбi себепсiз, бар себеп болмаса болмайды. Сол себепсiз бар болу себеп жаратушы болады. Егер сол себепсiз бар болған атом, нұр сияқтылар делiнсе, олар себепсiз бар болған нәрсе емес, дәлелiм — оларда қозғалыс бар, қозғалуда, жүрiсiнiң өлшеуi бар. Өлшеулi нәрсе өзi бар болған, егер қозғалыс притяжение, отрицание өзiне тарту, әрi итеру заңымен делiнсе, ол қозғалысқа да себеп керек. Ол заңды салушы керек… Сондықтан олардың түп себебi себепсiз бар себеп, түп жаратушы».

Шәкәрiмнiң ойынша жан өлмейдi, ол да тән тәрiздi өзiне азық қажет етедi. Жан тәннiң қожайыны, тән өлсе шiрiп басқа түрге ауысады, ал жанның заты ғарыштан. Жанның ажалсыздығы, аса маңыздылығы Шәкәрiм көрсеткен екiншi — анық. Бұл фәни мен бақилық уақытта да «жанға керек азық Шәкәрiмiнiң ойынша ол — ұждан. Шәкәрiм ұжданды үш қасиет құрайды деп санаған. Ол — әдiлет, мейiрiм, ынсап. Шәкәрiм жан туралы өзiнiң iзденiсiнiң анығына көз жеткiзгеннен кейiн жанға екi дүниеге де керек азық ұждан деген байламға келген. Бұл «Үш анықтағы» қорытынды ой. Шәкәрiмнiң үшiншi анығының да шешуi осы — ұждан деген дұрыс». Қазiргi жаңартушылық пен жаһандануға тап келiп отырған елiмiз бен халқымыз үшiн болашаққа дұрыс бағдар ұстануда өткеннiң өсиетiнен тәлiм алу маңызды. Әсiресе, бүгiнгiдей плюралистiк қоғамда, дiндер мен дүниетанымдар, мәдениеттер мен өркениеттер қиюласқан заманда дәстүрлi дiн мен мәдениеттiң қазбаланып, оның кей тұстарының қайта бағамдалуы, қараңғы түнде бағдар көрсететiн темiрқазықтай болған Абай мен Шәкәрiмнiң дiни дүниетанымын қайта пайымдау осы заманның өзектi мәселелерiнiң бiрi.

Мақаланың шыққан күні: 17.12.2017 16:48
Парақтағы соңғы өзгерістер: 17.12.2017 16:48
Қаралым саны: 859

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

 

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz