A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Исламда қыз балаға бірінші кезекте орамал емес, білім алу парыз

Досай Кенжетай,

Дiнтанушы

Исламда қыз балаға бiрiншi кезекте орамал емес, бiлiм алу парыз

Қазiргi таңда қоғам мен мектеп арасында хижап мәселесi жиi дау тудырып, өзектi дүниеге айналды. Өзге ұстанымдағы қандастарымыз зайырлы мемлекеттiң заң талаптарын елемей, қыздарын жалпы бiлiм беру ошақтарына тұмшалап жiберуi көпшiлiк тарапынан талқыға айналғаны қашан. Бiр қызығы, балиғатқа толмай басына «қара жамылған» қаракөздердi қолдайтындар да бар. Ұлттың ертеңiн ойлап, улап-шулағандар да жетерлiк. Мәселенiң мәнiсiн философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетайдан сұраған едiк…

- Досай Тұрсынбайұлы, соңғы кездерi елiмiзде қыз балалардың басына орамал тағу мәселесi жиi көтерiлiп жүр? Неге бұл ахуал ушығып кеттi?

- Ол рас, орамал тағу емес, «хижап» қоғамдық санада елеулi қайшылықтар алып келгенi жасырын емес. Егер орамал тағу дiни танымдық мәселе ретiнде көрiнiс берген болса, оның жарасы жеңiл. Оның сауатын ашу, дiни негiздерiн көрсету арқылы танымын кеңейтiп, ағартушылық жолмен шешкен болар едiк…Негiзiнен бұл мәселе төңiрегiнде, бұқаралық ақпарат құралдары мен Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы тарапынан көптеген iс шаралар ұйымдастырылып, мақалалар жарық көрдi. Бiрақ халық арасында қоғамдық санаға әсерi байқалмай келедi. Ендi оның себептерiн анықтауға тырысып көрейiк.

Бiрiншiден, қазiргi БАҚ iшiнде осы құбылысты iздеп жүрiп жариялайтын тенденциялық әрекеттер байқалады. Демек, осы тақырыпты үдету туралы тапсырма болуы әбден мүмкiн. Бұл тапсырыс бiздiң қоғамның iшкi тұрақтылығына сызат iздеп жүрген сыртқы саяси күштерден болуы ықтимал.

Екiншiден, осы орамал арқылы сыртқы құқық қорғау орталықтары қоғамдағы жыныс негiзiндегi саясаттарына жол салып жатқан сыңайлы. Мысалы, гендерлiк саясаттың қазақстандық шаблонына дiни мотивтердi қосып, жан-жақтан қысым көрсетуге дайындық жасап жатқан да болуы мүмкiн. Сонда хижап олар үшiн қоғамда қайшылық туғызудың жыныстық (гендер), дiни, әлеуметтiк, саяси, құқықтық орталығына өз-өзiнен айналып шыға келедi. Рас сыртқы күштерге, олардың осындай тұзағына құрал болып кетпеу үшiн де бiздiң қоғамдық, демократиялық келiсiмге негiзделген зайырлылық ұстанымына құрылған мемлекет пен дiн қатынасының мазмұны мен идеясын қоғамның кез келген қабаттарына түсiндiру жұмыстары жетпей жатыр.

Үшiншiден, дiни тұрғыдан алсақ, алты жасар қыз баланың Алла алдында ешқандай жауапкершiлiгi жоқ. Сондықтан ол баланың осы жаста жынысын нақтылап, дiни ерекшелiгiн көрсетiп, сыныптастарынан оқшаулануы дiнiмiзге де, дiлiмiзге де, заңымызға да қарсы әрекет. Ендi осы әрекеттi сол бала жасап отырған жоқ, оны тәрбиелеп отырған ата-анасы. Оған оның еркi де, санасы да, ақылы да, iшкi дiни сезiмi де жетпейдi. Бұл ата-анасының баласын құрал қылуы, сол арқылы еркiн заңға қарсы екендiгiн, зайырлылық талаптарын мойындамайтындығын көрсетiп отыр.

Бiз — ислам арқылы мәдени болмысқа айналған, ұлттығымызды қалыптастырған, дәстүрлi мемлекеттiлiгi мен тарихи тәжiрибесi бар халықпыз. Бiз кеше ғана мұсылман болған ел де емеспiз. Қазiргi қоғамдағы несәлафилiк тенденция осы жоғарыда айтылғандардың бәрiн жоққа шығарып, дiндарлар арасында терiс психологиялық пиғыл қалыптастыруға мұрындық болып отыр. Бұл үдерiс отбасы институтын зайырлы қоғамнан оқшаулау, имманенттi мәндегi iшке бүрiну, қоғам талабына немқұрайды қарау, заңды елемеу, кеңiстiк пен уақыт үндестiгi үйлесiмдiлiгiне қатыспауды өз құралдарының ерекшелiгi мен сипаты ретiнде сомдап жатыр.

Төртiншiден, исламда жынысына қарамастан ер ме, әйел ме жаратылысынан тең, бiр рухтан шыққан. Бiреулердiң негiздеп жүргенiндей, «исламда әйел еркектiң қабырғасынан жаралмаған». Алла алдында тең болғандықтан да исламда әйел мен еркекке бiрдей бiлiм алу парыз етiлген. Бұл бiлiм алудың мазмұны да сол уақыт пен кеңiстiктiң талабына сай болуы қарастырылған. Бүгiнгi жаһанданған дүниеде бiлiм алу мазмұнында, елiмiз басқалармен терезесi тең болу мақсатын көздеген болса, Ханафи мазхабы да бұл шартты қолдайды. Елiмiздiң бiлiм беру жүйесi зайырлы сипатта, бұл — шарт. Олай болса, дiни үкiм тұрғысынан да ол дiндар әйел не еркек болсын, Алла алдындағы жауапкершiлiктен ада болады. Бiрақ елiмiз ислам дiнiнiң өркендеуiне барынша қолдау көрсетiп отырған бiрден бiр мемлекет.

Зайырлылықты Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев құндылық ретiнде танытты. Ал құндылық — аксиологиялық тұрғыдан құрметтелуi тиiс тұғыр. Сондықтан алты жасар бала ғана емес, балиғатқа жеткен, орта мектепте оқитын кез келген жасымыз дiни атрибуттарды желеу етiп, мемлекеттiк мекемеде оқшаулануына, даралануына, ерекшеленуiне жол берiлмейдi. Осы жастағы кез келген жас, мектептен бiлiм алуы шарт, мемлекеттiк мiндеттi бiлiм стандартынан аттап кете алмайды. Зайырлылық ұстанымы бұл мәселенi де шешiп қойған, дiни атрибуттармен бiлiм алатын арнайы мектеп, оқу орындары бар. Ал мектептi бiтiрiп шыққан соң, ол азамат әрi қарай жоғары бiлiм ала ма, алмай ма,өз еркi.

Бесiншiден, ерекше ескеретiн жайт, мектеп, отбасылық құндылықтар мен зайырлы талаптарды елiмiздiң ертеңi болатын болашақ жастарға педагогикалық стандарттарды қалай, қандай жолдармен сiңдiру төңiрегiнде жетi ойланып, мың толғанып шешiлу керек. Қазiргi мектеп қабырғасында жүрiп-ақ жүктi болып қалатын, жүктi қылып қоятын «бала-әке, бала-шешелердiң» белең алуы ата-ананы алаңдатпай қоймайды. Ата-ана баласын дiни танымдық шеңберлерге тыққысы келетiндiктерi де қазiргi мектептегi осындай келеңсiздiктерден болуы ықтимал. Яғни, мектепте, бiлiм беру мен тәрбие жұмыстары өзара қабыспай жатыр деген сөз. Мiне, ата-ана осындай сенiмсiздiктен дiни психологиялық күйзелiске түсiп, баласына мына қоғамның бiлiм беру жүйесiне параллель «пананы» дiни танымнан iздеуi табиғи жайт болса керек. Бұл ата-ананың үрейi балаға ауысқанда, қандай қосүрей пайда болатындығын психологтар жақсы түсiнсе керек-тi. Содан ортада зардап шегетiн бала болып қала бередi.

Түптеп келгенде, қыз баласын мектепке жiбермей қоюдан, ата-анасы сенiмдi болғанымен, болашақта ол қыз қоғамға да жиiркене қарауы ықтимал. Күдiк, үрей, қорқу, өкiну, жеккөру, соңында режимге қарсы тұру психологиясының бұлағы екендiгiн есте сақтағанымыз жөн. Бұл психология сейiлмесе, қоғамда уахабилiк тенденция өршiмесе, әлсiремейдi. Оларға осы тұс нағыз азық, нағыз «сыныққа сылтау» болып қала бермек. Нәтижесiнде мұндай қоғамда дiни таным ғылыми танымға қарағанда басымдыққа ие болады.

Алтыншыдан, қоғамда уахабилiк тенденция модаға айналып бара жатыр. Ол жастардың дiни танымдық сұрағынан нақты көрiнiс бередi. Ол — «Құранда бар ма?» сұрағы… Кез келген мәселе, құбылыс яки өмiрдiң қарапайым мысалдарына Құраннан жауап iздейдi. Ең болмаса, Құран осы мәселеге қалай қарайды деп бiр ұстаным, түсiнiк, тұжырым, таным ретiнде сұраса, айналасың. Олар ұғым, қағида, ереже, заң ретiнде сұрайды. Егер ұғым ретiнде қарасаң, Құраннан молда, медресе, ораза, намаз, пайғамбар, хижап, құдай т.б. ұғымдарды таппайсың. Бұлардың арабша баламалары бар. Саум, салат, наби, расул, хумур сияқты. Сондықтан бұл тенденция, бiздiң жастарымызды, дiни киiм ретiнде қабылданған «араб мәдениетi мен дiни танымын» қоса қабат алып келiп жатқандарынан бейхабар. Кiсiсi өлген жесiр сияқты «қара жамылып», ерте қартайғысы келген қауға сақал шайх болып жүргендерге араб мұсылмандығының өкiлдерi екендiктерiн түсiндiру қажет-ақ. Бұларға осы көрiнiстерiмен-ақ қоғамдағы «исламофобия» ескерткiштерi екендiктерiн мойындату керек.

Жетiншiден, хижаптың артында ұлттың трансформациялануы, дәстүрдiң ревизиялануы, дiлдiң тiлiмденуi келе жатыр. Қазақ мәдениетiнiң, салт санасының, отбасының орталығы — ана. Уахабилiк таныммен тұмшаланған қыздарымыз, болашақ аналарымыз, арабтың салт санасымен де тұншықтырылып жатыр. Бұл кешегi коммунизм идеологиясынан да қауiптi. Бiрге туыс-ағайындар осы ұстаным арқылы, егер үйде бауыры жоқ болса, босағадан аттап кiре алмайтын жағдайға жетемiз. Неге? Үйде ерi жоқ. Қазақы дiл кейiнге шегiнiп барады. Бара-бара жетi ата да қалады. Себебi, Құранда емшектес болмаса болды, некеге рұқсат. Осындай дiни таныммен тұмшаланған қазақтың баласы, ертең немере қарындасына басқаша көзбен қарамасына кiм кепiл?

Жалпы, бұл уахабилiк таным қазақтың дәстүрлi мұсылмандық түсiнiгi, дiни танымы, дiлi мен салт, дәстүрiн де реставрациялағалы тұр. Қазақ формаға емес, мазмұнға, феноменге емес, мәнге көңiл аударатын халық едi. Ендi бүгiн қыздар тұмшаланбаса, фитнаға себеп болатын болыпты. Бұл жерде қазақ қыздарына жарасқан ұлттық киiмi болғандығын айтып отырмыз. Егер осылай кете берсек, кез келген ұрғашы, ол жеңге демей, қарындас демей, фитнаға себеп болады дейтiн болармыз. Ал Құранда әуреттi жабудың ар жағында жүректi жабу тұрғандығына назар аудармайтын болдық. Сондықтан қарындастарыма айтарым, жамылғыны жүрекке салайық, алдымен бiлiм алайық, надан болып қалмайық. Ертең анасы надан ұрпақтан қандай бiлiмдi ұрпақ, елi үшiн ой толғайтын азамат шығады?Ата-аналарды да төзiмдiлiк пен шыдамдылыққа шақырамын.

- Қарап отырсақ, кейбiр дiндарлар мен оқу орны басшылары бiр мәмiлеге келе алмауда. Себебi неде?

- Себептерiне жоғарыда тоқталдым. Бұл мәселе екi жақтың да дiни танымдық, зайырлылық тұрғысынан сауатсыздығына тiрелiп отыр. Ең бастысы, бұл дау қоғам шарттарын, кеңiстiк пен уақыт талабын тани алмаудан туындауда. Жалпы, Ислам дiнiнде қыз балаға ең бiрiншi «бiлiм алу парыз ба», әлде «орамал тарту ма»? Исламда қыз балаға бiлiм алу — парыз. Аллаға құлшылық ету үшiн де, алдындағы түпкiлiктi мiндетi мен жауапкершiлiгiнiң шегi мен мүмкiндiгi арасын ажырату үшiн де бiлiм, таным, ойлау, сана тұрады. Орамалдың да кезегi келедi сосын.

 — Бұл мәселенi шешудiң қандай оңтайлы тетiктерi бар?

- Басты тетiк бiздiң зайырлы заңымызда нақты көрсетiлген, онда «өгiз де өлмейтiн, арба да сынбайтын» тетiктер бар. Сол тетiктер қолданыстан тыс қалып қойған. Оны қоғаммен үндестiкте, үйлесiмдiлiкте қолданатын мемлекеттiк институттар мен қоғамдық дiни ұйымдар арасындағы «көпiрдi» қайта жарақтау қажет. Екi институттың да бағыттары мен мүдделерi тоғысып, бiрi-бiрi толықтырып отыруы тиiс. Мемлекет — «әке», қоғам — «ана» рөлiн жақсы белсендi атқарса, ортада «бала» да ешкiмге құрал болмас деген ойдамын…

- Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Зарина Кибаева

Дата создания статьи: 17.12.2017 17:59
Парақтағы соңғы өзгерістер: 17.12.2017 17:59
Қаралым саны: 386

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz