A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Елдің еңсесін еңбек көтереді

С.А.Дуанаева, ф.ғ.к.,

ҚР ДIАҚМ Дiн iстерi комитетi

Дiн мәселелерi жөнiндегi ғылыми-зерттеу

және талдау орталығының ғылыми хатшысы

Елдiң еңсесiн еңбек көтередi

Қазiргi ғылым мен жаңа технология жетiлген заманда экономикалық даму рухани дамуды басып озды. Бүгiнгi күнi тек қана қоғамның заттық сұранысын қанағаттандыратын, жаппай жайлы өмiрдi насихаттайтын «дамыған» елдердiң саясаты оның мүшелерiн бiр-бiрiмен байланыстыратын адамгершiлiк, мейiрiмдiлiк, қайырымдылық, обал, сауап, қанағат, рақым, адалдық, кiшiпейiлдiлiк, еңбекқорлық сияқты адамзаттық iзгi құндылықтарды аяқасты етуде. Рухани дамуы кенжелеген қоғам ашкөздiкке ұрынып, азғындайтынына тарих куә. Сондықтан, қай кезеңде де адамзат игiлiгi мен ел дамуын қамтамасыз ететiн еңбек тәрбиесiне көңiл бөлу керек.

Жаһандық дағдарыс ешбiр елдi тасада қалдырмайтындықтан, әлем елдерiнiң күш бiрiктiруiн уақыт талап етуде. Дегенмен, әрбiр ел өзiнше әрекеттенбей, жаһанданған әлемнен ортақ ұстаным iздеп, өзгеден берекелi бастама күтсе, онда ұтылатыны анық. Экономикалық тәуелсiздiгiмiзге де көлеңке түсiргiсi келмейтiн Елбасымыз «Әлеуметтiк жаңғыртудың жаһандық трендiн» ойлап, «Қазақстанның әлеуметтiк жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламасын ұсынғаны белгiлi.

Келмеске кеткен кеңестiк кезеңнен қалған тұтынушылық пиғыл қоғамда масылдық психология қалыптастырды. Жаһандық дағдарыстың басты себебi де әлеуметтiк масылдық болғанын айта келiп, ұлт көшбасшысы: «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы көз жетпейтiн көкжиекте ойлап табылмаған. Бұл — практикалық, прагматикалық идея. Ол маған тiптi етене жақын, өйткенi, мен қазақстандықтар жақсы бiлетiндей, өзiмнiң кәсiби жолымды «ақ саусақтар» секiлдi кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург болып бас­тадым», — деп «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» атты сындарлы идея ұсынды.

Онда ең бiрiншi тұтынушылыққа бейiмделген идеологиямен, жаппай масылдықпен күресу үшiн әрбiр қазақстандықтың еселенген еңбегiне, еңбек өнiмдiлiгi мен еңбек құндылығына баса мән беру қажеттiлiгi сарабдалдықпен талданған. Демек, әрбiр қоғам мүшесi «еңбек етсең ерiнбей, тояды қарның тiленбей» қағидатын терең түсiнiп, адал еңбек етуге әрекеттену керек.

Мемлекет басшысы сол бағдарламада ұлттың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттырып, елдi ұйытатын мәселелердi айқындап, «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына» қарай қадам жасау арқылы ғаламды жайлаған дағдарыстан қорғануға болатынын жан-жақты талдап түсiндiрген.

Елдiң еңсесiн көтеретiн игi бастаманың маңызын қоғамның әрбiр мүшесi түсiнiп, әлеуметтiк жаңғыртуға шамасы келгенше үлес қосса, ол өзi үшiн де, елiмiз үшiн де тиiмдi. Кiм не бередi деп жалтақтағаннан, әркiм қолынан келетiн iспен айналысса, өмiрi берекелi болатыны айқын.

Әлемдiк өркениеттiң бар­лық құндылықтары, мәдени бай­лықтар адам ең­бегiмен жасалатындықтан, әлеу­меттiк жаңғырту да өнiмдi ең­бектiң арқасында жүзеге асады. Бүкiл қоғам адал еңбекке бет бұрып, тынымсыз әрекеттенсе, азаматтардың тұрмысы түзелiп, мемлекеттiң даму деңгейi артатыны мәлiм. Мұндай игiлiкке бастайтын жол — масылдықтан арылу.

Әлеуметтiк жаңғырту бүкiл қоғамның, әрбiр қазақстандықтың өмiрiне шынайы оң өзгерiстер әкелуге бағытталған нақты қадамдар жасауды, соны сезiндiретiн шешiмдердi талап етедi. Бұл жаңғырту қоғамның әрбiр мүшесiнiң өмiрiн жақсартуға бағытталғанын терең түсiнсе, әркiм өзi үшiн қимылдайды. Аз жұмыс iстеп, көп табыс табу, жан қинамай байлыққа бату секiлдi алдамшы ойлардан арылып, игiлiкке жетудiң оңтайлы жолдарын ойластыратын уақыт жеттi. Сағым қуғандай алдамшы елеспен жүрудiң күнi өткенiн, әркiм қолынан келетiн iспен айналысып, қабiлетiне қарай еңбектенсе, ол нәтижесiз болмайтынын қазiргi таңда әр адамның санасына жеткiзу өте маңызды.

«Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамының» бағдарламасында көрсетiлгендей, әлеуметтiк жаңғыру үшiн қоғамды индустриялық-инновациялық экономика жағдайындағы жаңа өмiрге дайындау, Қазақстанның үдемелi эконо­ми­ка­лық дамуы мен кең көлем­дi игiлiктермен қамтамасыз ету жолындағы оңтайлы тепе-тең­дiк орнату, құқық пен әдiлеттiлiк қағидат­тары­на негiзделген әлеуметтiк қатынастарды бекiту, сондай-ақ жеке сектор мен кәсiби бiрлестiктердiң әрiптестiгiн жолға қоятын әлеуметтiк-еңбек қаты­насының тиiмдi үлгiсiн құру маңызды.

Ол үшiн жергiлiктi басқару органдары азаматтар­дың әлеуметтiк бастамаларын жүзеге асыратын өз мiндеттерiн адал атқарып, қоғамды заманға бейiмдейтiн алтын көпiр болғаны абзал. Сондай-ақ, ғаламтор мен ақпараттық технологияның мүмкiндiктерiн тиiмдi пайдаланып, мемлекет пен халықтың арасында тығыз байланыс орнауына мүмкiндiк жасаса нұр үстiне нұр. Сонда инновациялық экономиканың басты қозғаушы күшi орта таптың үздiксiз өсуiне, тың идеялар мен тиiмдi жаңалықтар ойлап табатындардың дамуына жан-жақты мүмкiндiк туып, еңбек өнiмдiлiгi артады.

Елбасы жаңғырту үрдiсiнiң табысты болуына қажеттi қағидаттарды да эволюциялық (мүмкiндiктердi пайдалана отырып жүйелi даму), ортақ жауапкершiлiк (мемлекет қана емес, жекеменшiк құрылымдар мен жалпы қоғам), әрiптестiк қарым-қатынас (мемлекеттiң, қоғамның және жеке адам мүддесiнiң тепе-теңдiгi), ынталандыру (азаматтардың мүмкiндiгi жетпейтiн жағдайда ғана мемлекеттен жәрдем алып, қолынан келетiн шаруаны өзi атқаруы, мемлекеттiң табысты еңбектi қоғамдық ынталандыруы), кәсiбилiк (шешiм қабылдамай тұра, егжей-тегжей есеп жүргiзiп, ғылыми дәлелденген әлемдiк тәжiрибенi оқып-үйрену) жеке-жеке талдап, маңызын түсiндiрдi.

Жоспарланған жұмыс жүйелi жүзеге асып, нақты экономикалық табыстар әкелетiн жаңғыртуға, ол жаңғырту индустриялық-инновациялық дамуға негiзделсе ғана жемiстi болатыны Жалпыұлттық тұжырымдамада айтылған, индустриялық-инновациялық дамусыз ешқандай жаңғырту болмайтынын қазiр көзi қарақты, көңiлi ояу адамның бәрi түсiнсе керек.

Халықтың әл-ауқатын жақсартып, елдi көркейтудiң ең төте жолы — тоталитарлық жүйе қалыптастырған жаппай тұтынушылық пиғылмен және масылдық санамен күресу. Ұлттық руханият пен елдiң экономикалық тұрақты дамуына негiз болатын жалпыадамзаттық құндылық — еңбектi алдыңғы орынға қойып, мазмұнын қайта жаңғырту мемлекет үшiн маңызды. Еңбек — елдiң де, жеке адамның да өсiп-өркендеуiнiң кепiлi.

«Жал­пыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идея­сы қоғамды дамытатын еңбекке баса мән берiп, ел игiлiгi мен жеке бастың ауқатты өмiрiн қамтамасыз ететiн қажыр­лылыққа шақырады. Халықтың әл-ауқаты жақсы болса, мемлекеттiң де келешегi кемел болатыны белгiлi.

Соңғы жылдары елдегi өндiрiстердiң көптеп ашылуы жұмыс орындарына деген сұранысты қанағаттандырғанмен, кейде маман мен жұмысшы тапшылығына қатысты мәселе туындап жатады. Осы орайда Елбасының: «Егер бiздiң қа­бiлеттi ұлт болғымыз ке­летiндiгi рас болса, бұл психо­логиядан арылу қажет! Жаңа бiлiк­тiлiктi меңгеру және зауыт­қа, өн­дiрiске бару керек. Қазақстандық жас болсын, ересек болсын бос отырып, бәрiн сынай бермей жұ­мыс бар жерге, нәпақа табатын жерге қарай ұмтылулары керек!» деген пiкiрi ойға оралады.

Жалпы, трансұлттық компаниялардың әлемдiк нарықты мейлiнше аз уақытта барынша кеңiнен жаулап алуға жанталаса ұмтылуы, жаһандық iрi мәдениеттердiң ұсақ мәдениеттердi жұтып қою қаупiнiң уақыт өткен сайын артуы, экономикалық тәуелдi елдердiң өз тiлi мен дiлiн, мәдениетi мен болмысын сақтап қалу қабiлетi әлсiреп бара жатқан мына заманда Қазақстанның да жарқын болашаққа тек экономиканы дамытумен ғана жетуi мүмкiн емес екенiн түсiнiп, экономикалық дамуға күш беретiн рухани қуаттылықты арттыруға әрбiр қазақстандық үлес қосуы маңызды. Ол үшiн қоғамның еңбекшi күшiнiң санасын жаңғыртып, қоғамдық сананы өзгертуге ұмтылу керек. Қоғамдық сананы өзгерту — қоғамды өзгертумен бара-бар, сондықтан қоғамдық сананы өзгертуге ықпал ететiн қазақтың ұтымды сөздерiн орнымен жұмсап, халыққа түсiнiктi әрi жүйелi жеткiзу маңызды. Нарықтық экономикаға бейiмделген қоғамдық қатынастарды реттеу барысында еңбекке басымдық беру жеке адам үшiн де, қоғам үшiн де тиiмдi болатынын қарапайым халыққа қарапайым тiлмен түсiндiру қажет. Өзiне пайдалы нәрсе ұғымды сөзбен айтылса, кез келген адам құлақ түредi.

«Жалпыға ортақ еңбек қоғамын» құрып, көпшiлiктi өзi үшiн де, елi үшiн де өнiмдi еңбекке жұмылдырып, оның нәтижесiн бүкiл қоғамның ортақ игiлiгiне пайдалану үшiн өтiмдi ойларды жүйелi сөзбен жеткiзе айтудың маңызы зор. Өйткенi, қазiргi замандағы басты мәселелердiң бiрi — өз идеяларыңды тыңдаушыларға орамды тiлмен жеткiзе бiлу. Уақыт сұранысына лайық, заман талабына сай болу үшiн де қоғамға қажеттi осы бiлiктiлiктi әркiм өз бойында дамытып, сөйлегенде негiзгi үш мақсаттың орындалуын (түсiндiру, сезiмiн ояту, толқытып-тебiренту) қадағалау керек.

Ұлттық құндылықтар мен қоғамдық өзгерiстердi сабақтастырып, үрдiстi үзбей, дәстүрдi бұзбай, тiлдi шұбарламай, еңбекке икемдi ұрпақты тәрбиелеу үшiн жүйелi сөздi орнымен қолдана бiлу — уақыт талабы. Ақыл-ой тәрбиесiнiң бастау-бұлағы сөз өнерi әлсiресе, ұлт та әлсiрейдi. СӨЗ — қазақ үшiн құдiреттi күш. Осы күшпен өскелең ұрпақты рухани байытып, адал еңбек пен кәсiпкерлiкке жұмылдыру — қай жағынан алғанда да тиiмдi.

Сөз салмағын ұғынған қазақ — табиғатынан еңбексүйгiш халық! Жаны таза, ниетi адал қазақ арам жолмен табылған нанды дастарқанына қоймаған, күдiктенсе, бөтеннiң дастарқанынан дәм татпаған. Алла молынан несiбе берсе, шүкiрлiк етiп, аз берсе, қанағат қылған. «Еңбек етпеген iшiп-жемейдi» деген бабаларымыз арамтамақтарды «жалқаудың жаны — тәттi» деп мысқылдаса, өзгенiң еңбегiн пайдаланатындарды «арамтамақ» деп бағалаған.

Дана халқымыз «Еңбектiң наны — тәттi» деп маңдай термен, адал еңбекпен келген несiбенiң берекелi болатынын меңзесе, адал еңбектiң рақатын «бейнет түбi — зейнет» деп тұжырымдаған. Себебi ауа-райы сан құбылған, табиғаты әр қилы — шөлi мен шөлейтi, батпағы мен тауы, орманы мен ойпаты бар кең даланы өмiрi мен кәсiбiне бейiмдеу үшiн бабаларымыз бел шешпей еңбектенген. Демек, ұлан-байтақ жерiмiздi ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ бiлектiң күшiмен сақтаған. Айналысқан кәсiбi мал болған соң, оның қилы қиындықтарына төзiп, шөл даладан құдық қазып, қысы-жазы еңбек еткен. Дала қазағы үшiн төрт түлiктi күтiп-бағып, мал басын арттыру, асыл тұқымдыларын көбейту, киiз үйдiң жасау-жабдығын әзiрлеу, ал қала қазағы үшiн қала соғу, диқаншылық жасау, бау-бақша салу т.б. секiлдi еңбек түрлерi ата-бабамызға таңсық болмағанын тарихшы, археологтарымыз дәлелдеп келедi. Тарих толқынымен ұрпақтар ауысқанымен, жасампаз халық ұлтының асыл құндылықтарын ардақтап, кейiнгiге қалдырып отыратыны — өмiр заңдылығы.

Әрбiр қоғам мүшесi «Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамы» идеясының тиiмдiлiгiн түсiнiп, халқымыздың қанында бар еңбексүйгiштiктi қайта жандандырса, өзiне де, қоғамға да пайдалы болмақ.

Халқының қамын ойлап, кейiнгiге өлмес мұра қалдырған қазақтың әлемдiк деңгейдегi ұлы ақыны Абайдың:

«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етедi iшiне қулық сақтап,

Өзiңе сен, өзiңдi алып шығар,

Ақылың мен еңбегiң екi жақтап», — деген дана тағылымын өскелең ұрпақ жадында сақтап, адал еңбекке бейiмделсе, замана көшiнен қалмай, елiмiздiң абыройын асқақтата түсетiнi анық.

Мақаланың шыққан күні: 17.12.2017 20:55
Парақтағы соңғы өзгерістер: 17.12.2017 20:55
Қаралым саны: 582

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz