A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Ел екпеден неге үркеді?

Елдi елеңдетiп отырған мәселенiң бiрi — екпе (вакцина). Бұл — балаларда кездесетiн түрлi жұқпалы аурулардың алдын алу үшiн егiледi. Өкiнiшке қарай, екпе егуге қарсы ата-аналар көбейдi. Денсаулық сақтау қызметкерлерi болса, баланың өмiрiн ұзарту үшiн қолданатын екпенiң зияны жоқ екенiн айтып, шырылдап бағуда. Мамандардың пiкiрi, екпесiз ұлттың ертеңi бұлыңғыр дегенге саяды. Мұны дамыған елдердiң медицинасы әлдеқашан мойындап қойған.

Екпе жөнiнде жазылған мақалаларды сараптап қарасақ, оның зиянынан пайдасы көп екенiне көз жеткiзесiз. Әрi ғалымдар оны адамзаттың үздiк жетiстiктерiнiң бiрi деп санайды. Талай бала өлiмнен аман қалды. Әлем мойындаған екпенi қазақ даласына алып келгендердiң бiрi — Өтейбойдақ Тiлеуқабылұлы. Ол екпенi алғаш шешекке қарсы пайдаланған екен. Әрi бұл әдiстi еуропалықтардан бiрнеше ғасыр бұрын енгiзгенi туралы деректi оның «Шипагерлiк баян» атты еңбегiнен табуға болады.

Елiмiздегi инфекциялық және паразиттiк ауруларға қарсы профилактикалық егулер республикалық және жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен қамтамасыз етiледi. Екпелердiң едәуiр бөлiгiне мемлекет тарапынан қаржы бөлiнедi. Гепатит, тұмау, күйдiргi, туляремияға қарсы егулер мемлекет есебiнен қаржыландырылады. Қазақстан ғана емес, өзге мемлекеттер де екпеге жыл сайын миллиондаған қаражат бөледi. Сөйтiп, түрлi жұқпалы аурулардың алдын алады. Ендеше, әлем мойындаған екпе мәселесiнде бiздiң қоғам неге екiге жарылды?

Ислам шариғаты балаға екпе егуге қарсы деген пiкiрдiң қате екендiгiн теолог ғалымдарымыз да мойындап отыр. Өйткенi қажылар Меккеге қажылыққа барардың алдында түрлi ауруларға қарсы екпелердi қабылдайды. Демек, «ауырып ем iздегенше, ауырмайтын жол iздеу» қажеттiгiн шариғат та мойындап отыр. Онда ата-ана тарапынан екпе салдыруға қарсылықтың көбейгенiн немен түсiндiремiз? Әрi екпе егуге қарсы болғандарға айыппұл салу мәселесi де көтерiлiп жүр. Екпенi алдырту үшiн ата-анаға айыппұл салған дұрыс па, әлде екпенi өз еркiмен ектiрген дұрыс па? Бұған мамандар не дейдi?

Төрегелдi ШАРМАНОВ,

академик:

Екпе екпеу — баланың өмiрiн Қысқарту

-Көпшiлiктiң екпе мәселесiнде пiкiрi екiге жарылып тұр. Әсiресе, кейбiр ата-аналар екпе егуге мүлдем қарсы. Неге?

-Дiни ұғым дегенiмiз не? Халыққа, оның денсаулығына, жалпы, оның адами қасиетiне зиянын тигiзбейтiн пайдалы жақтарын қолдайтын ұғым деп қабылдаймыз. Ғылым да, техника да сатылап дамып отырады. Дiни ұғым оған ешқашан қарсы тұра алмайды. Қоғамда не пайдалы соны қабылдауымыз керек. Дiн ғылыми жетiстiктерге сүйенiп, денсаулыққа пайдасы тиетiн iс-әрекеттi қолдамаса, онда бiздiң ғылыми дамуымыз қайда қалады? Сондықтан ислам шариғаты екпеге қарсы деген түсiнiкпен өмiр сүретiн болсақ, оның соңы жақсылыққа әкелмейдi. Екiншiден, дiннiң бағыты, бағдары адамға пайдалы болуы шарт. Адамның денсаулығын жақсартуға, өмiрiн ұзартуға жетелейтiн дүниелердiң несi жат? Ғылыми жетiстiктерге, адамның денсаулығын жақсартатын екпеге қайшы келмеуiмiз қажет. Аурудың алдын алатын, ауруды болдырмайтын вакцина салынса, одан адам еш ұтылмайды. Мұның бәрiне ғылыми жетiстiктердiң арқасында қол жеткiздiк. Ұлт дамуы тиiс. Әрi ғылыми әрекеттi мойындай отырып, дамуы қажет.

-Екпе салдырмайтындарға айыппұл салу мәселесiн қалай түсiнесiз?

-Егу арқылы балалардың өмiрiн сақтап қалғанның не зияны бар? Пайдасы болса, оны қолдағанымыз жөн. Екпе жасатпау дегенiмiз — баланың өмiрiн ұзартпау деген сөз. Сонда өз баламызды өзiмiз қолдан өлтiрiп отырамыз ба? Елiмiзде өлiм-жiтiм көбейедi. Ғылымның жетiстiгiн мойындамау — түсiнбестiктен туындайды. «Аңқау елге — арамза молда» деймiз. Халыққа пайдасы тиетiн, денсаулыққа зияны болмайтын ғылыми жетiстiкке арамза молда болмаса, дiннен сауаты бар, бiлiктi адамдар қарсы болады деп ойламаймын. Дiндi бұрмалауға болмайды. Екпеге қарсы шығатындардың көбi — дiндi терiс түсiнiп жүрген «дүмшелер». Денсаулықты сақтап қалатын жетiстiктердi пайдаланбау — өлiмге итермелеу. Бiздiң мақсат — адамзаттың өмiрiн сақтап қалу. Балалардың өмiрiн сақтап қалу. Бiздiң келешегiмiз — бала. Келешекке балта шаба алмаймыз. Екпе мәселесiнде көпшiлiк осыны ұғынғаны жөн.

Айнагүл ҚУАТБАЕВА,

Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы эпидемиологиялық мониторинг департаментi директорының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты:

Нақты ақпарат көздерiне сүйенген дұрыс

-Вакцинация мәселесiне келгенде халықтың арасында ағарту, түсiндiру жұмысын жүргiзу аса қажет. Бұл жұмыс жүйелi түрде өткенi абзал. Соңғы кездерi жас ата-аналардың бiлiктi дәрiгерлердiң емес, әлеуметтiк желiдегi тексерiлмеген ақпараттарға көбiрек сенетiнi алаңдатады. Жалған ақпараттардың арқасында, жастардың екпеден бас тартып жататынын көремiз. Түсiндiру жұмыстарына шақырғанда, келмейтiн ата-аналар да көп. Солай бола тұра, елiмiзде вакцинациямен қамтамасыз ету ең жоғары деңгейде, яғни, 98 пайыз. Оның iшiнде 1,8-1,9 пайызы денсаулық жағдайына байланысты медициналық тұрғыда екпеден босатылғандар. 18 жасқа дейiнгi жасөспiрiмдердiң 0,4 пайызы ата-аналарының қарсылығына байланысты екпе алмағандар. Вакцинациямен қамтамасыз ету жоғары деңгейде болғандықтан, егуге қарсы шыққан адамдар саны эпидемиологиялық жағдайға әсер етпеуi мүмкiн. Аз адам болса да, вакцинациялаудың пайдасы жайында түсiндiру жұмыстарын жүргiзуiмiз қажет. Сонда ғана екпеге қарсы адамдардың санын төмендете аламыз. Биылғы жылдың өзiнде республикалық деңгейде әрбiр облыстан мамандарды шақыртып конференциялар өткiзiп, ой бөлiстiк. Қарағанды, Алматы, Ақтөбе қалаларында 400-ден астам мамандардың қатысуымен аймақтық жылжымалы конференция ұйымдастырдық. Қазақстан вакцинаның ең соңғы, тиiмдiлiгi жоғары әрi қымбат түрiн пайдаланады. Бiзге келетiн екпенiң барлығында Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының сертификаты мен рұқсаты бар. Әрбiр келген вакцина түрiн тiркеу уақыты

9 айдан бастап, бiрнеше жылға созылады. Құжаттарын, зертханалық түрде оның қауiпсiздiгiн тексеремiз. Мұндай мүмкiндiк кез келген елде жоқ. Бiз қолданатын бiр дозалық вакциналар мемлекеттiк бюджетке ауыртпалық түсiруi мүмкiн. Дегенмен елiмiз халық денсаулығын нығайтуды басты межеге қойғанын айта кеткен жөн. Вакцинаны тасымалдау, сақтау мемлекетiмiздiң жоғары деңгейдегi стратегиялық мәселесi болғандықтан, бұл жұмыс қатаң қадағаланады. Емдiк мекемелерде вакцинаның бiр айлық мөлшерi ғана сақталады, қажетiнше ай сайын жаңартылып отырады. Облыстық, ауданаралық деңгейде вакцина үш айдан астам сақталмайды.

Екпе егуден бас тартып жатқандарға келсек, дiни ұстанымдағылар ғана емес, жеке өзiндiк көзқарасына сүйенгендер де бар. Әсiресе, жас ата-аналар арасында құрбысының, танысының пiкiрiне сүйенiп, екпеден бас тартып жататындарды байқап қаламыз. Бұлардың барлығына бiз түсiнiстiкпен қарап, себеп-салдарына үңiлгенiмiз жөн. Бұл динамикалық процесс болғандықтан кейбiр ата-аналар түсiндiрме жұмысынан кейiн шешiмдерiн өзгертiп жатады. Қазiр екпеден бас тартқандарға айыппұл салу мәселесi қызу талқылануда. Бұл бiздiң ел үшiн қаншалықты нәтижелi болатынын уақыт көрсетедi. Шетелдiк тәжiрибеде мұндай шаралар бұрыннан бар. Мәселен, Италияда бала вакцинамен басқарылатын жұқпамен ауырып қалса және ол егуден алдын ала бас тартқан болса, сол дерттi емдеу құнын ата-анасы төлейдi. Қызылшаның емi бүкiл елге 7500 евроға шағады. Сол сияқты Польша мемлекетiнде тұрғылықты халықтан бөлек, сырттан келген азаматтарға ағарту жұмыстары жүргiзiледi. Ағарту жұмысынан кейiн де екпеден бас тартса, онда мемлекет айыппұл салады.

Тағы бiр айтатыны, екпе салғаннан кейiн ағзада сол ауруға қарсы арнайы антиденелер пайда болады. Қорғану антиденелерiнiң нәтижесiнен баланың дене қызуы көтерiлiп, ине салған жерi қызаруы мүмкiн. Бала мазасызданып жатады. Бұл алғашқы күндерi ғана, кейбiр жағдайларда ғана кездесетiн әсер. Сондықтан одан қорқудың қажетi жоқ. Қалай десек те, бастысы, екпе баланы сол аурудан қорғайды.

Динагүл БАЕШЕВА,

доцент, медицина ғылымдарының докторы, Астана медициналық университетi балалар және инфекциялық аурулар кафедрасының меңгерушiсi:

Айыппұл мәселенi шешпейдi

- Жұқпалы аурулар саласында қызмет етiп келе жатқаныма 35 жылдан асты. Екпенi дер уақытында салмағандықтан, қаншама нәрестенiң шетiнеп кеткенiн көзiммен көрдiм. Екпе салу қажет. Мысалы, 2014 жылы қызылша өршiп кеткенi белгiлi. Мұның себептерiне келсек, түбi екпе алмағаннан екенi анықталды. Сол кезде бiзге келген ата-аналар екпенi өздерi сұрады. Себебi, бұл екпе егу жөнiнде дұрыс түсiнiгi қалыптасқан аға буын өкiлдерi едi. ХХ ғасырдың басында екпе әлi енбеген заманда қаншама сәби шетiнеп, тiптi бiр отбасының қырылып кеткенiн тарихтан да бiлемiз.

2010 жылға дейiн пневмония мен менингиттiң ең ауыр түрiмен ауыратын балалардың шетiнеп кететiнiн көрдiк. Сол кездерi менингитке қарсы екпенi жартылай алған бала сауығып кеттi де, мүлдем қабылдамаған бала мүгедек болып қалды. 2010 жылы пневмококқа қарсы екпе енгiзiлгелi берi елiмiзде бұл жағдай түзелдi. Тәжiкстан мен Өзбекстан халқының 98 пайызы барлық екпенi егедi. Оның әрбiр түрi қомақты қаржыны талап ететiндiктен, оларға Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы көмектеседi. Соның өзiнде олар қабылдап жатқан екпе ең соңғы әрi ең тиiмдiсi деп айта алмаймыз. «Қолдағы алтынның қадiрi жоқ» демекшi бiздiң Үкiмет екпенiң ең күштi әрi ең соңғы түрiн пайдаланады. ТМД елдерiнiң iшiнде Қазақстан ұлт саулығын, ел саулығын алдыңғы межеге қойып, оған қыруар қаржы бөлiп жатқанын мақтанышпен айтуымыз керек. Соған қарамастан, бiзде екпе егуге қарсы азаматтарымыз бар. Көптеген елдер халқын екпемен қамтамасыз етпейдi. Мысалы, Қытай халқы оны өз қаражатына сатып алады. Тағы бiр айта кетерлiгi, шариғатқа сүйенiп, қарсы болатындар бар. Алайда қажылыққа барарда менингококқа қарсы екпе егу мiндеттеледi. Егемендiк алып, дамыған 30 елдiң қатарына қосылуды мақсат етiп отырмыз. Сондықтан екпе егу де мемлекеттiң дамуын айғақтайтын мәселе.

Екпе егу хақында дәрiгерлер мен халық тығыз жұмыс iстеуi қажет. Оны алмаған азаматтарға айыппұл салу туралы түрлi пiкiрлер айтылуда. Бұл түпкi мәселенi шешпейдi. Себебi, айыппұлын өтеп, оны қабылдамай кететiндер де шығады. Бiр жағынан бұл Конституция бойынша адамның өз құқығын, өз шешiмiн таптаумен тең. Сондықтан халықпен бiрлесе отырып, үгiт-насихат жұмыстарын күшейту керек. Вакцинацияны халыққа түсiндiретiн, насихаттаумен айналысатын мектептердi қалыптастыру қажет.

Мақпал Жанатқызы, педиатр:

Ата-аналар интернетке көп сенедi

- Ата-аналардың көпшiлiгi интернеттегi кейбiр ақпараттарға сүйенiп, екпенiң пайдасынан гөрi зиянын ойлап тұрады. Ол ақпараттардың барлығын бiрдей шындық деп қабылдауға болмайды. Бұрыс деректер көп тарағандықтан, ата-ана көбiне соған сүйенедi. Ол дұрыс шешiм емес. Көп балалардың мүгедек болып қалуының сырын екпеден iздейтiндер де көп. Оның себеп-салдары мүлдем басқа нәрсе болуы мүмкiн.

-Екпенi екпей қоюға бола ма?

-Екпенi екпеу екi жағдайда ғана жүзеге асырылады. Бiрiншiден, неврологиялық аурулар болған жағдайда салынбайды. Екiншiден, аллергия, бөртпе ауруларында да екпе екпеймiз. Балаға екпе егудiң алдында жан-жақты тексеруден өткiземiз. Тамағы таза болса, мұрны ақпаса, iшi өтпесе, денi сау бүкiл балаға вакцинация салу мiндеттi.

- Екпе салдырмаған жағдайда айыппұл салу мәселесi қайдан туындап отыр?

- Айыппұл салу мәселесi қайдан шыққанын бiлмеймiз. Бұл елдiң арасында жай таратылып кеткен ақпарат болар. Айыппұлға қатысты арнайы бұйрық, нақты қол қойылған құжат болған жоқ.

Алмагүл ДҮЙСЕНОВА,

С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жұқпалы және тропикалық аурулар

кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы:

Тұмауға қарсы екпенi қыркүйекте алған жөн

-Науқастардың ауру тарихын зерделегенiмiзде, екпе егiлмегендiктен аурудың асқынуы орын алатынын, тiптi өлiм жағдайына да әкелетiнiн аңғарып жатамыз. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша арнайы қауiптi топ: жүктi әйелдер, балалар, қант диабетi бар адамдар, иммунитетi төмен жандар, медициналық қызметкерлер мiндеттi түрде екпе алуы қажет. Бұлай деп отырғанымыз, бұл топтағы адамдарда тұмаумен аурудың асқыну деңгейi басқа топтармен салыстырғанда, әлдеқайда жоғары. Екпе салдырсам да тұмаумен ауырып қалдым деген кейбiр азаматтар екпеге қарсы пiкiр бiлдiруде. Шын мәнiнде, тұмаудың себеп-салдарына ұқсас тыныстық жолдармен берiлетiн 300-ден астам жұқпалы инфекциялар бар. Сiздiң вакцинаңыз бұл инфекцияларға әсер етпейдi. Сондықтан ауруды алдымен анықтап алу керек. Келесi мәселе, тұмауға қарсы екпе егу ерте, яғни, қыркүйек айынан басталғаны абзал. Себебi, кей жылдары тұмау ерте таралады. Екпе ағзаға сiңiп, иммунитет пайда болуы үшiн бiр айға дейiн уақыт қажет. Әсiресе, жүктi әйелдер ертерек қамданғаны дұрыс.

Кейбiр елдерде екпе егiлмеген азаматтарды жұмысқа да қабылдамайды. Қытайда баланың денсаулық кiтапшасында екпе егiлгенi жайлы ақпарат болмаса, екпе егiлмесе, мектепке қабылданбайды. Менiңше, бұл — дұрыс үрдiс. Бiзде ауырып тұрған баланың сабаққа баруы, ересектердiң жұмысқа баруы, емханаға өзi келуi дұрыс деп қалыптасып кеткен. Бiздiң ұсынысымыз, науқас ешқайда бармай, үйiне дәрiгердi шақырту қажет. Себебi, науқас көпшiлiкпен араласа отырып, ауа тамшылары арқылы жұқпалы ауруды таратушы екенiн естен шығармау керек. Халықпен тығыз жұмыс iстеп, насихаттаудың жаңа жолдарын ойластырған абзал.

Ершат ОҢҒАРОВ,

ҚМДБ Ғұламалар кеңесiнiң хатшысы, теолог, Ph.D докторы:

Шариғат екпеге қарсы емес

- Құран мен Пайғамбар сүннетiнде аурудың алдын алуға қатты көңiл бөлген. Медицина ғылымындағы соңғы жетiстiктер талай жылғы тәжiрибенiң арқасы ғана емес, бұл Алланың өз құлдарына жасаған қамқорлығы: «Егер мен ауырсам, Ол (Алла) менi аурудан айықтырады…» (Құран 26:80)

«Алла барлық ауруға шипаны қосып жаратқан» (Әбу Һурайрадан жеткен хадис) Имам әл Бухари мынадай хадистiң барын айтады: «Медицина — аурудан айығуға көмектесер құрал». Тағы бiр хадис бар: «Ауруды жаратқан, сол ауруға емдi де қоса жарат­қан едi», бұл хадистi де Әбу Һурайра жеткiзiптi бiзге. Мұнан да бөлек, сахих хадистердiң барлығында ауру бар болса, сол ауру­дың емi де бар деген сөздер айтылған. Сондықтан да адамның өмiрiне медицина араласпауы (вакцинацияны қоса айтып отыр­мыз) керек деген сөз — барып тұрған антұрғандық, адасу.

Имам Муслим жеткiзген осы хадисте, Пайғамбарымыз (оған Алла­ның игiлiгi мен сәлемi болсын) былай деп айтты: «Барлық ауруға дәрi бар. Дәрi ауруға дәл келсе, Алла ол кiсiнi айықтырады». Пайғамбарымыз ауру­дан емделуге дәрiнi қолдануға рұқсат берген дейдi.

«Алапеспен ауыратын адамнан арыстаннан қашқандай қаш» (Әбу Ху­райра жеткiздi). Егер осы хадистi жақсылап оқысаңыз, аурудың ал­дын алуға, жұқпалы дертке шалдықпаудың бар қамын жасауға шақырып тұр. Хадисте: «Белгiленген тағдырың орнауы үшiн, алапес адаммен отыр» делiнбеген. Дәл осындай тағы бiр хадис Усама ибн Зайд жеткiзедi: «Қан­дай да бiр жерде жұқпалы ауру тарады дегендi естiсеңдер, ол жаққа бар­маңдар. Егер оба ауруы сендер тұрған жерде тарай бастаса, ол жерден кет­пеңдер». Бұл хадисте аурудан абайла және ауру басқа жаққа таралып кет­песiн деген ескертулер жатыр.

«Кiм аджуа дейтiн құрманы таңғы асқа жетеуiн жесе, оны сол күнi у алмайды әрi сиқырлық оған өтпейдi». Бұл хадис — 7 құрманы қабылдау арқылы аурудың алдын алуға шақырып тұр.

Екпе — ғалым, медицина мамандарының бiрнеше ғасыр бойы iз­деп тап­қан дәрiсi. Вакцинация жасауға өз басым қарсы емеспiн. Елi­мiз­дегi Денсаулық сақтау министрлiгi ресми бекiткен екпе түр­ле­рiн сал­дырған дұрыс.

Аталған заң жобасындағы вакцинация мәселесi дұрыс көтерiлдi деп санаймын. Мемлекет ресми түрде бекiткен екпе түрлерiнен бас тарту қоғамға үлкен қауiп әкелуi мүмкiн. Көптеген мемлекеттердiң тә­жiрибесiнен көрiп отырмыз. Халыққа екпе жасауға бiрнеше жыл ке­дергi жасалса, жұқпалы аурулар үлкен бiр аумақтарға таралып ке­тедi. Жаппай иммунизация жасау, кедей, тұрғылықты жерi онша жақ­сы емес аумақтар үшiн де жақсы нәтиже көрсетiп жатыр. Екпенiң пай­дасы бiр сөзбен айтқанда, ұшан-теңiз.

Гүлзина БЕКТАС, Ақбота ИСЛӘМБЕК

Дата создания статьи: 19.12.2017 19:45
Парақтағы соңғы өзгерістер: 19.12.2017 19:45
Қаралым саны: 413

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz