A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Екпе дерттен сақтайды

Соңғы жылдары елiмiзде екпеден бас тартатын ата-аналар саны еселеп арта түскен. Мамандар мұны тұрғындардың дiни көзқарасымен байланыстырады. Мәселен соңғы деректерге сүйенсек, Ақтөбе облысында 2132 баланың ата-анасы екпеден бас тартқан. Бұл туралы облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев мәлiмдеп отыр. Оның айтуынша, бас тартқандардың басым бөлiгi Ақтөбе қаласында, 1171 адамды құраған. Сонымен қатар, Темiр ауданында 287 және Мұғалжар ауданында 258 бала тiркелген. Ата-аналары екпеден бас тартқан 1247 балаға туылғалы бiрде-бiр екпе салынбаған.

Өткен 2014-2015 оқу жылында Ақтөбенiң Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласында оқушылар туберкулезбен жаппай ауырған болатын. Сол кезде дәрiгерлер қауiптi дерттiң дендеуiнiң себебiн алдын-ала екпе алмаған балалардың көптiгiмен байланыстырған едi. Қазiрдiң өзiнде бұл аудан екпеден бас тарту бойынша алдыңғы қатарда екен. Екпеден қашып, ауруын барынша жасырған ата-аналар балаларының басын өлiмге тiгiп отырғаны өкiнiштi.

Мамандардың айтуынша, Ақтөбе қаласында дiни ұстанымына қарай екпеден бас тартушылар саны айтарлықтай артып, жыл сайын жүз сәбимен толығып отырады екен. Дәрiгерлер бүгiннiң өзiнде дүние есiгiн ашқаннан берi түрлi жұқпалы аурудан екпе алмаған мыңнан астам сәби тiркелгенiн айтып дабыл қағуда. Түрлi себептермен екпе алмайтын балалар «ертеңгi күнi бiр сырқаттың жаппай тарауына себеп болуы мүмкiн» дейдi мамандар. Өйткенi, жаңа туылған сәби бiр жасқа толғанша түрлi вирустық жұқпалы аурудан қорғайтын он екi екпе алуы тиiс екен. Бiрақ, бұдан түбегейлi бас тартқан ата-аналар өте көп.

Екпе жасау қаншалықты пайдалы деген сұрақ қазiргi таңда ең көп талқыланып жатқан мәселе десек те болады. Екпе жасау дұрыс емес дейтiндер өз қарсылықтарын шариғатпен байланыстырады. Олар: «Ислам екпе жасатуға тыйым салады», «Екпе жасату — тағдырға қарсы шығу», «Вакцинация — шайтанның зәрi» деп бiледi. Ал, медицина саласының мамандары ғылыми тәжiрибелерге сүйенiп, екпе жасату дұрыс әрi қажет дейдi.

Деректерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 4 миллионға жуық адам 21 түрлi инфекциялық ауруға қарсы егiледi екен. Ал иммундау шараларына бөлiнетiн қаржы соңғы 7 жылда 12 есеге артып, 15 миллиард теңгеге жеткен. Екпе ектiрудiң оң нәтижесiн де көрiп отырмыз. Мәселен, соңғы жылдары оба, күйдiргi, тырысқақ, конго-қырым қанды безгегi, полиомиелит сынды аса қауiптi жұқпалы дерттер елiмiзде тiркелмеген.

Дегенмен, осы екпе төңiрегiнде даулы мәселелер көп. Өткен жылы 1 қазаннан бастап елiмiзде арнайы мемлекеттiк бағдарламаға сәйкес жатыр мойыны қатерлi iсiгiнiң алдын алу үшiн адам папилломасы вирусына қарсы вакцина салынып, артынша Павлодар облысы Баянауыл ауданында осы ауруға қарсы егiлген екi оқушы қыз аурухананың жансақтау бөлiмiнен бiр-ақ шыққан едi. Бұдан соң халықтың екпеге қарсылығы, тiптi, үдей түстi. Ал, мамандар «Кез келген вакцинациядан кейiн баланың ағзасы оған өтпелi реакциямен жауап қайтарады. Себебi, бұл мерзiм iшiнде ағзаны инфекциядан қорғайтын күш жинақталуы керек. Бөгде зат енген денеде мiндеттi түрде әртүрлi реакциялар орын алатыны анық. Алайда, мұндай реакциялардың зардаптары инфекциялардың зиянымен салыстырғанда түк емес» дейдi. Соңғы жылдары елiмiзде жатыр мойны iсiгiне шалдығатын нәзiк жандылардың қатарының артқанын ескерсек, препаратты қабылдаған кездегi өтпелi реакцияға бола егуден бас тарту болашақта үлкен ауруға әкелiп соғатындығын да ұмытпау керек секiлдi. Осы орайда екпенi ектiру ем бе, әлде дерт пе деген оймен медицина және дiн мамандарының пiкiрiне жүгiнгендi жөн санадық.

Мария ОМАРОВА, Х.Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының директоры, медицина ғылымының докторы, профессор:

- Менiң ойымша, әлi де болса екпеге қатысты анық ақпараттар халыққа жеткiлiксiз. Содан кейiн халық қарақшылық жолмен шекара асып келген түрлi дискiлердi көрiп, екпе жөнiнде терiс ақпараттың жетегiне ерiп жүр. Елiмiзде инфекциялық ауруларға қарсы алғашқы вакцинация бала дүниеге келген соң төрт күн iшiнде салынады. Бұл туберкулез бен «В» вирусты гепатитiне қарсы егiледi. Ал, бала екi, үш, төрт айға толғанда «В» вирусты гепатитiне, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия, сiреспе, гемофильдi инфекцияға қарсы салынады. Халық арасында екпенiң тиiмдiлiгiн кеңiнен насихаттай түсу керек. Мәселен, соңғы 20 жыл iшiнде қызамықпен ауыру 291 есеге, көкжөтел — 21 есеге, дифтерия — 96 есеге, эпидемиялық паротит — 122 есеге төмендеген. Сондай-ақ, екпе егу басталғанға дейiнгi уақытпен салыстырғанда балалар арасындағы «В» вирустық гепатитiмен ауыру 137 есе азайды. Осы секiлдi ақпараттар халыққа кең насихатталуы қажет. Бүгiнгi таңда әр елдiң балаларға, ересек адамдарға арналған вакцина салудың өзiндiк ережелерi бар. Қазақстан 1995 жылдан бастап 2008 жылдың ортасына дейiн сол кестемен жұмыс жасап келдi. 2008 жылдан берi Үкiмет қаулысы бойынша ұлттық кестеге қосымша вакциналар енгiзiлдi. Вакцинацияның көмегiмен түрлi инфекциялардан болатын ауруларды барынша қысқартуға, тiптi ауруды жоюға да болатынын көрiп отырмыз. Полиомиелит, дифтерия, қызылша секiлдi көптеген инфекциялардың таралуы осыған дейiн әлемдiк медицинада үлкен мәселе болып келген едi. Бүгiнде екпе бұл мәселенi толығымен шештi.

Темiрғали ЖҰМАШ, ҚР ДСМ Туберкулез мәселелерi ұлттық орталығының меңгерушiсi:

- Қазiр интернет кеңiстiгiнде екпенiң зиянын есептеген статистика өрiп жүр. Ақпараттардың жалған екенiн бiрден бiлуге болады. Сол ғылыми зерттеусымақтар медициналық журналдарда емес, бiреулердiң блогында iлулi тұрады. Блог деген, кiм не жазғысы келсе, соны жазатын жер емес пе? Көптеген мемлекеттердiң тәжiрибесiнен көрiп отырмыз. Халыққа екпе жасауға бiрнеше жыл кедергi жасалса, жұқпалы аурулар үлкен бiр аумақтарға таралып кетедi. Жаппай иммунизация жасау кедей, тұрғылықты жерi нашар аумақтар үшiн де жақсы нәтиже көрсетiп жатыр. Екпе — ғалымдар мен медицина қызметкерлерiнiң бiрнеше ғасыр бойы iздеп, тапқан дәрiсi. Мен күллi мұсылмандарды арандатуға ермеудi, вакцинация жасауға қарсы болмауға шақырамын. Екпе жасатқан адамдардың тек 5%-ы ғана дифтериямен ауырады екен. Иммунизация жасаудың арқасында жыл сайын қызылшадан, көкжөтелден, дифтериядан, сiреспе ауруы салдарынан өлетiн адамдардың 2-3 миллионға азайды.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ, «E-Islam» порталының бас редакторы, философия ғылымының кандидаты, дiнтанушы.

- Бiздiң Конституциядағы сияқты исламда да ең құнды нәрсе — адам өмiрi. Ислам адам өмiрiн сақтауға, оны қорғауға әмiр етедi. Сондықтан да Алла тағала адам денсаулығына зиян келтiретiн нәрселердi арам етiп, пайдалы дүниелердi адал қылған. Ал ендi түрлi дерттердiң алдын алатын вакцинацияға келер болсақ, шариғатта бұған қарсы анық тиым салынбаған. Керiсiнше, дiн ислам адам денсаулығын қорғау мақсатында кез-келген дертке қарсы күресуге шақырады. Мына мысалға назар салайық, халифа Омар (р.а) өз заманында Шам елiне сапарға шығады. Жолда сол елдiң оба ауруына шалдыққанын естiп, онда кiрмей, «Пайғамбар (с.ғ.с) бiр жерде оба болса, ол жерден шығуға немесе кiруге рұқсат бермейтiн» деп, керi оралған. Халифаның мақсаты әлгi iндеттi жан-жаққа тарқатпай сол орында қалдыру едi. Қазiргi тiлмен айтқанда, сол аймаққа карантин жариялаған. Ал ендi Әбу Һурайра есiмдi сахаба пайғамбардың (с.ғ.с.) мынадай хадисiн келтiредi: «Алла барлық ауруға шипасын қосып жаратқан». Келесi хадисте: «Өлiмнен басқа барлық аурудың шипасы бар». Яғни, адам шалдыққан дертiне қарсы ем жолын iздеуi мiндеттi. Өйткенi, аталмыш хадисте әрбiр дерттiң нақты шипасы айтылмаған тек, жалпы түрде кез келген аурудың шипасы бар екенi ғана көрсетiледi. Осылайша пайғамбар (с.ғ.с.) адам баласын түрлi дерттiң шипасын iздеуге шақырады. Басқаша айтқанда «ауырып ем iздегенше, ауырмайтын жол iзде» десек те болады. Ал вакцина салдыру — осындай дерттердiң алдын алудың бiр шарасы деп қарауымыз керек. Ойымды мына мысалмен нақтылағым келiп отыр. Исламдағы бес парыздың бiрi — қажылық рәсiмiн алайық. Осындай қасиеттi сапарға шыққалы тұрған қажыларымыз Мекке шаһарына аттанбас бұрын мiндеттi түрде түрлi ауруларға қарсы екпе салдырады. Бұл қажылық сапарына шығу шарттарының бiрi. Мұны салмаған адам қажылыққа бара алмайды. Демек, екпе алу арқылы адам өзiн әртүрлi аурулардан қорғайды екен.

Расында да, жер шарын түгел жайлаған оспа дертiнiң де көзi алғаш рет тек 1978 жылы вакцинация көмегiмен жойылған. Ал, 2002 жылы әлемнiң көптеген елдерiнде, соның iшiнде Қазақстанда полиомиелиттi жою жұмыстары кеңiнен қолға алынып, елiмiзде бұл дерт соңғы рет 1995 жылы тiркелiптi. Сондай-ақ, Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының деректерiне сүйенсек, әртүрлi вакциналардың арқасында жылына әлем бойынша 3 миллиондай сәби ажал тырнағынан аман қалып, тағы 750 мыңдайы мүгедек болу қаупiнен арылады екен. Өкiнiшке қарай, қазiргi таңда 3 миллиондай сәби вакцинасы табылмаған түрлi жұқпалы аурулардан көз жұмады.

Айта кетер жайт, бiрқатар мемлекеттер екпе алмаған балалар айналасындағы басқа балаларға қауiп төндiрмес үшiн, екпеден бас тартқан ата-аналардың балаларын балабақшаға, мектепке қабылдаудан бас тартқан. Елiмiзде қазiр дүние есiгiн ашқалы бiрде бiр қауiптi жұқпалы дертке қарсы екпе алмаған сәбилер балабақшаға, мектепке барып жүр. Ал дәрiгерлер мұндай балалар болашақта қоғам үшiн қауiптi дегендi айтады. Сондықтан, дәрiгерлер «ендi мемлекет тарапынан мұндай ата-аналарға нормативтi-құқықтық шектеулер қою керек» дейдi. Бiрқатар елдерде болған мұндай жағдайлар мемлекеттiк деңгейдегi осындай шешiмдер қабылдау арқылы шешуге қол жеткiзiлгенiн ескерсек, бiзге де заңдық тұрғыдан бiр тыйымның қажет екенi сезiледi.

Қуаныш ӘБIЛДӘҚЫЗЫ

Дата создания статьи: 17.12.2017 21:19
Парақтағы соңғы өзгерістер: 17.12.2017 21:19
Қаралым саны: 405

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz