A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Дін - көрінгеннің қолжаулығына айналмауы керек

Биылғы жылдың үлкен датасы — Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы. Бұл мерейтойдың елiмiз үшiн мәнi мен маңызы ерекше. Осы орайда Тәуелсiздiгiмiздiң тұғырлы болуында өзiндiк үлесiн қосқан көрнектi ғалым, танымал қоғам қайраткерi Мырзатай Жолдасбековпен елдегi дiни ахуал және ислам дiнiнiң бүгiнi туралы әңгiмелескен едiк.

- Мырзатай аға, биыл Тәуелсiз­дiгi­мiзге 25 жыл толып отыр. Мағынасы зор мерейтой туралы не айтасыз?

- Бiздiң халық ұзын-сонар тарихында небiр қиын кезеңдердi бастан өткердi. Тарихымыздағы алашапқын дәуiрлерде ата-бабаларымыздың бейбiт өмiр сүруiне мұршасы болған жоқ. Бейбiт те, бақытты өмiр сүру бiздiң буынға бұйырып, Қазақ елiнiң көшi түзелдi. Елбасы бастаған көшiмiз Мәңгiлiк елдiкке бет бұрды. Елiмiздiң тәуелсiздiгiн алу оңай болған жоқ, ал сол тәуелсiздiктi ұстап тұру, баян­ды ету одан да қиын.

Жалпы, жауапкершiлiгi мен артар жүгi мол бұл iстi Елбасымыз абыроймен атқарып келе жатыр. Мен осы орайда Елбасының елордамыз Астананың тұсаукесерiнде айтқан сөзiн жұртшылыққа ылғи айтып жүремiн. Сонда Елбасымыз: «Шүкiр, осыған да жеттiк. Жылқы мiнездi халықпыз ғой, тарихта кешкен шырғалаңдарды, азаптар мен қасiреттi ұмытып кетпесек болғаны. Бағымыз — Тәуелсiздiк, дiнiмiз — Ислам, бiрақ бiз ата жолынан, бабаларымыздың ақ жолынан таймауымыз керек» — деген едi. Бұл елдiң шаңырағын шайқалтпай ұстау үшiн өткенiмiзден сабақ алып отыруымыз керектiгiн бiлдiредi.

- Тәуелсiз елiмiздегi жаңғырып келе жатқан халық руханиятына, оның iшiнде дiни ахуалға берер бағаңыз қандай?

- Тәуелсiздiк — Құдайдың берген сыйы. Кеңес дәуiрiнде халық тапқа жiктелiп, дiн қудалауға түстi. Мешiттер қирап, қамбаға айналды. Молдаларды сақалынан сүйреп, қудалады дегендi де естiгенбiз. Ал бүгiнгi күнi тәуелсiздiктiң арқасында руханиятымызға еркiндiк берiлдi. Халық дiнге ден қойды. Бала күнiмiзден үлкендерден дiн жайлы да, дiндарлар жайлы да жаман естiмеген едiк. Дiн — кiсiнi парасаттылыққа, адамгершiлiкке, қайырымдылыққа, төзiмдiлiкке, ұстам­дылыққа, сыйласуға, ел мен елдiң арасын жақындатуға, табыстыруға қызмет ете­тiн үлкен рухани күш. Рухани күштiң құдi­реттiлiгiн бiле алмасақ адасамыз. Мұны, өкiнiшке орай, «дұрыс» дiн iздеп, ақшаға сатылып, шетел асып жатқан кейбiр жас­тарымыздың қате басқан әрекеттерiнен көрiп те, бiлiп те отырмыз. Сонда қалай, ата-бабаларымыз мың жылдан астам уақыттан берi ұстанып, ислам дiнiнен алған иман нұрымен ұлдарын батыр, қыздарын инабатты етiп тәрбиелеп өсiрген халқымыздың дәстүрлi дiнiмiздi ұстануы, бәзбiреулер айтып жүргендей, қате болғаны ма? Жоқ, керiсiнше, дана халқымыздың рухани сүзгiсiнен өткен ислам дiнi туралы қазақ түсiнiгiн өз басым дiндi ұстанудың саф көрiнiсi дер едiм. Мұны, әсiресе, дiнге жаңа бет бұрып жатқан жастар мықтап есте ұстағандары абзал.

Мен өзiмнiң дiнге қатысты ойларымды ана бiр жылы жарық көрген «Дiн — ұстай алсаң қасиетiң, ұстай алмасаң қасiретiң» деген мақаламда айтқан болатынмын. Сондағы кейбiр ойларымды тағы да еске сала кеткiм келедi: дiнмен ойнауға бол­майды, әйтпесе, өрт шығады. Дiндi саясатпен де, саудамен де шатастыруға болмайды. Дiн — күн көрудiң кәсiбi емес, көрiн­геннiң қолжаулығы да емес, дiн — ғылым, дiн — тағылым, дiн — парасат, дiн — ғиб­рат, дiн — ождан, дiн — биiк мәдениет. Дiнге бару үшiн үлкен ақыл, терең бiлiм керек. Дiн санаға, қанға, сүйекке сiңуi керек. Өкiнiшi, бiздiң қасиеттi дiнiмiз қаруға, текетiрестiк, өштестiк айласына айн­алды. Дұрысында, айналдырды. Бұл, бiр жағынан, исламға көлеңке түсiрудiң амалы.

Сақал қойғанның бәрiн — молда, ораза ұстап, бес уақыт намаз оқып, дiн насихаттап жүргеннiң бәрiн дiндар деп айта алмаймыз. Бүгiнде жасына жетпей ата сақалы белiне түскендер, бесiктен белi шықпай жатып уағыз айтатындар көбейдi. Жалпы, бұл iстi дәстүрлi дiнiмiздi iлгерiлетумен күнделiктi айналысып жүрген мешiттегi дiн мамандарына қалдыру керек деп есептеймiн.

- Мырзатай аға, сiздiң ел мұсыл­ман­дарының мақсат-мүдделерiн бiлдi­ретiн Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының төрағасы, Бас мүф­ти Ержан Малғажыұлымен кездес­кенiңiздi бiлемiз. Сiз ҚМДБ тарапынан қолға алынып, iске асырылып отырған жұмыстарға қандай баға және нендей ұсыныстар берер едiңiз?

- Мен бұрын Ержан Малғажыұлын танымаушы едiм. Бiр жағы танысайын, жас та болса жолы үлкен ғой деп, бүгiнде елiмiздегi дiннiң ахуалы жайында сөйлесейiн деп барған едiм. Ұзақ әңгiмелестiк. Айтқандарына, атқарып жатқан iстерiне көңiлiм толды.

Ислам — адам үшiн жаратылған дiн. Сондықтан, оны халықтан, оның дәстүрiнен бөлуге болмайды. Мүфтиiмiздiң дiндi дәстүрмен, ел тарихымен, ел санасымен тығыз байланыста сабақтастырып ұстауы үлкен көргендiк деп бiлемiн.

ҚМДБ соңғы екi-үш жыл iшiнде халыққа қажеттi бастамаларды көтерiп, олардың бiрқатарын ойдағыдай iске асырып келедi. Ұлттық дүниетаным мен ислам қағидаттарының үйлесiмдiлiгiн паш ету үшiн 2014 жылды «Дiн мен дәстүр» жылы етiп жариялап, соның шеңберiнде көптеген игiлiктi iс-шаралар өткiздi. Дiни басқарма осы жақсы дәстүрдi биыл да жалғастырып, 2016 жылды «Дiн және тарих тағылымы» жылы деп жариялап отыр. Менiңше, әр жылды межелеп, соған сай мақсатты жұмыстар жүргiзiлiп отырған осы бастаманы жалғастыруға лайықты жақсы дәстүр деп бiлемiн.

ҚМДБ қазiргi күнде ел мұсылмандары арасында заман талабына сай пайда болып отыратын сан түрлi сауалдарға дер кезiнде жауап беру үшiн Ғұламалар кеңесiнiң жұмысын жандандырды. Бұл кеңес қазiргi кезде түйткiлдi мәселелерге қатысты дәйектi пәтуалар шығарып, қоғамымыздың рухани тұтастығының сақталуына септiгiн тигiзуде.

Мен жоғарыда дiндi кiм көрiнген емес, нағыз мамандар уағыздасын деген ойды бекер айтып отырғаным жоқ. Бұл ой — қоғам талап еткен қажеттiлiктен туындайды. ҚМДБ қазiргi күнi ел арасындағы дiн ғалымдарының, имамдардың бедел-мәртебесiн көтеру, олардың дiни бiлiммен қатар зайырлы бiлiмдi игеруi қажеттiгi жөнiнде бастама көтерiптi. Оның iшiнде маған қатты ұнағаны — «Қазiргi заманның үздiк 500 зиялы имамы» атты жобасы. Дiн жаршысы болатын имамдардың болмысы мен келбетi, iстеген iсi, жүрiс-тұрысы мен сөйлеген сөзi «имам» деген атына сай болуы керек. «Имам» деген сөз «иман» деген сөзбен бiрдей болуы керек.

Жамағат басында тұрған имам тек дiни емес, зайырлы бiлiмдi де үйренiп, екеуiн бiрдей алып жүруi керек деп ойлаймын. Мiне, сонда ол нағыз «қазiргi заманның имамы» болмақ. Сөйтiп, шариғат талаптары мен мемлекет заңдарының үйлесiмiн тауып, қоғам азаматтарының арасында туындаған заманауи мәселелерге қатысты дұрыс шешiм жолдарын ұсынады. Сондықтан, Дiни басқарманың осы бағыттағы iстерiн құптарлық әрекет деп бiлемiн.

Жалпы, менiң қоғамда қозғалған пiкiрлер мен айтылып жүретiн ойларды үнемi ой елегiнен өткiзiп отыратын қашанғы әдетiм бар. Қазiр бәзбiр «әсiредiншiлдер» тарапынан дiн мен қоғам арасына көпе-көрiнеу жiк салып, сына қаққысы келетiндей де пiкiрлер айтылып қалып жатады. Менiң ойымша, дiн ұстанған адам қоғамнан бөлiнбеуi керек. Әсiресе, зайырлы мемлекетте өмiр сүрiп отырған дiн ұстанушылар мұны дұрыс түсiнсе екен деймiн.

Зайырлы мемлекет қағидатына негiзделген мемлекеттiк жүйе бүкiл қоғамның мүддесiн басшылыққа алатындықтан, дiндар азаматтар дiн ұстағанның жөнi осы екен деп үкiметке талап қоя беруден алыс болғандары жөн. Мәселен, дiн саласындағы мәселелердi реттеп отырған қазiргi «Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» заң қабылданған кезде ондағы «мемлекеттiк мекемеде дiни рәсiмдердi өтеуге рұқсат бермейтiн» талап төңiрегiнде бiрталай сыни пiкiрлер айтылғаны белгiлi. Сондағы сыни пiкiр айтушылар бұл талап азаматтардың дiн ұстану бостандығын шектейдi деген уәждi алға тартатын.

Мен өз басым ондай бiржақты пiкiрлерге сол кезде былай деп ойымды бiлдiрген едiм және әлi күнге дейiн сол пiкiрiмде қаламын: азаматтар демократияның жөнi осы екен деп мемлекеттiң талаптарымен те­кетiреске баруына болмайды. Мәселен, жо­ғарыда айтқан сыни пiкiрдiң еш негiзi жоқ екенi бесенеден белгiлi, өйткенi, дiнi­мiзде бес уақыт намазды қаза қылып, кейiн оқу деген бар емес пе? Бар. Демек, мем­­лекеттiк мекемедегi дiндар азаматтар қыз­мет уақытына түскен намаздарын жұ­мыстан соң қаза қылмай өтей алатыны қи­сынды. Қазiр қарап отырсам, бұл мәселе уа­­қыт өте келе өз шешiмiн байыппен тауып, қоғам талқысынан өз-өзiнен түсiп қалды.

Байқап отырсақ, қоғам талқысынан соңғы кезде Бiлiм және ғылым министр­лiгiнiң орта мектептердiң оқушыларының киiмiне қойылатын талаптарына қатысты пiкiрлер жиi орын ала бастапты. Мұны бәзбiр дiндар бауырларымыз әдеттегiдей бiржақты ғайбаттап жатқан болса, екiн­шi бiр азаматтар бұл талаптың орын­ды­лығын айтып пiкiр бiлдiруде.

Осыған орай Қазақстан мұсыл­ман­­дары дiни басқармасының осы мәсе­леге қатысты туындаған пiкiрлерге бай­ланысты өз ұстанымын анық әрi тез бiлдiргенiне риза болдым. Өз басым Дiни басқарманың мұсылмандар мен ата-аналарды орта оқу орындарының мектеп оқушыларының киiм үлгi­сiне қатысты қоятын талаптарына тү­сiнiстiкпен қарауға және бұл мәсе­ленi ушықтырмауға шақырған уә­жiн қолдаймын. Мен азаматтар­ды мұны орта мектептерде киiм үлгi­сiн бiрiздiлiкке түсiру мақсатында қабыл­данған мемлекеттiң талабы деп қабыл­дауды және соған бағынуға шақырамын. Азаматтар осы мәселенi желеу етiп, қоғам iшiнде жiк тудырғысы келетiн кейбiр топтардың өздерiн арандатуына жол бермеуi керек деп ойлаймын.

Бұл жердегi ортақ киiм үлгiсi тек мектеп оқушыларына қатысты еке­нiн естен шығармаған дұрыс. Мектеп сыр­тында, басқа орындарда киiм кию ер­кiндiгi қыздарымыздың өз ықтиярында. Мемлекет дiнге немесе сенiм бос­тан­дығына шектеу қойып жатқан жоқ. Бұлай түсiнбеуiмiз керек. Керiсiнше, егемендiк алғалы берi ел iшiндегi медреселер мен көк күмбездi мешiттердiң саны едәуiр артты емес пе? Жұма күндерiнде мешiт мұ­нараларынан азан дауысы жарыса шығып, жастарымызды намазға шақырып жатады. Республика бойынша өңiрлерде «Мәулiт» кештерi өтiп жатады. Осы сияқ­­ты iс-шаралардың барлығы Құдайға шү­­кiр, дiни сенiм бостандығының арқа­сында.

Дей тұрғанмен, әрбiр ұлттың ғасыр­лар бойы қалыптасқан өз киiм үлгiсi бар екенiн ұмытпауымыз қажет. Бiздiң кейбiр қыздарымыз араб әйелдерiнiң киiмiне әуес болып жүр. Бағы заманнан берi хазi­реттерiмiздiң, молдаларымыздың әйел­дерi ешқашан өзге елдiң киiмiн киген емес. Арабша киiнiп жүрген әлгi қазақ қыздары тәуелсiз елiмiзде тәуел­сiздiгiнен айырылған әлде бiреулерге ұқсаңқырайды.

- Мырзатай аға, сөз арасында зайыр­лылық туралы тұшымды ой­лар айт­тыңыз. Сiздiңзайырлылық аясында дiн туралы бiлiм беруге көзқа­расыңыз қандай?

- Бiрiншi кезекте бiлiм беру жүйесi заман талабына сай әрдайым дамып отыратын, өмiрдiң сұраныстарына жауап бере алатын, өзiне үлкен мiндет жүктейтiн үлкен үдерiс. Баспасөз беттерiнен оқыған мәлiметтерге қарағанда елiмiзде «Зайырлылық және дiнтану негiздерi» пәнi енгiзiлмекшi. Бұл, менiң ойымша, дұрыс шешiм, оның бiрнеше пайдалы жақтары бар.

Бiрiншiден, зайырлы мемлекетiмiздегi зайырлы оқу орындарында дiни iлiмдi уағыздауға болмайды. Сол себептi, болашақтың тұтқасын ұстайтын жас жеткiншектерге дiн туралы зайырлы түрде бiлiм беретiн пән қажет. Мiне, сол қажеттiлiктi өтейтiн пән — «Зайырлылық және дiнтану негiздерi».

Екiншiден, қазiр ел арасында жас­тарға дiндi бұрмалап жеткiзгiсi келе­тiндер, дiн атын жамылып, өз ықпалын жүргiзгiсi келетiндер аз емес. Сондықтан, жастарға олардың терiс пиғылды ықпа­лынан арашалайтындай бiлiм беру — мем­лекеттiң және бүкiл қоғамның мiндетi.

- Елiмiздiң дiн саласын реттейтiн қолданыстағы заңында мемлекетiмiз ханафи бағытындағы исламның ха­лық­тың мәдениетiнiң дамуы мен руха­ни өмiрiндегi тарихи рөлiн мойын­дай­тындығы атап көрсетiлген. Сiздiң ойыңызша, ханафи мазһабының қазақ қоғамындағы рөлi қандай?

- Елiмiздiң жүрiп өткен жолы, өзiнiң тозбас мәдениетi мен бай рухани мұрасы бар. Ол мұраға тiкелей әсер еткен — ис­ламның iрi ғұламасы Әбу Ханифаның iлiмi. Бұл бағыт — әр халықтың өзiне тән қайталанбас мәдениетi мен рухани құн­ды­лықтарын құрметтеуге үйрететiн маз­һаб. Кешегi бiз бiлетiн Ясауи, Абай, Шә­кәрiм осы жолмен жүрiп, дана­лыққа жеткен.

Ал, қазiргi таңда неше түрлi ағымдар дiнiмiздi бұра тартып үйретумен қоймай, ұлттық құндылықтарымызды да аяқасты етуде. Тiптi, кейбiр «мұсылманмын» деп жүргендердiң өзi ұлттық дәстүр жайлы ләм-мим демейдi. Өздерi қазақ бола тұра, «мұсылманмын» деп дiнiн айтса да, «қазақпын» деуге ауыздары бар­майды. Өз ұлтының бай тарихын, мұра­сын бiлмейдi. Ондайлар Ұлы Дала елiнiң ертеңiне қалай ие болады? Сон­дықтан, дiн саласында жұмыс iстеп, болашақ ұрпақтың тәрбиесiмен айна­лысып жүрген азаматтарымыз жас­тарымыздың көкейiне ұлтжан­ды­лықты, отансүйгiштiктi құйса екен деген тiлегiм бар.

«Дiн» деп, «саясат» деп бөлiнуге дайын тұратындар — өз Отанын сүй­мей­тiндер. Мұхаммед пайғамбардың өзi: «Бiрiккенге береке бар, ыдырағанға азап бар» дейдi. Яғни, исламның да көзде­генi — бiрлiк! Сол себептi, бiздiң дiни ұстанымымыз — ел бiрлiгi болуы тиiс. Сонда ғана Алаш ұшпаққа шыға алады.

Мешiт — Алланың үйi, бәрiмiздiң қасиеттi төрiмiз, оны аяқасты етуге болмайды. Мешiтке бисмилла деп кiру үшiн де сананың тазалығы, жан, тән тазалығы, иман тазалығы керек.

Мұсылман болғанымызға мың жыл­дан асты. Заман, қоғам, адам өзгердi. Имам­дардың өздерi де, өресi де заманына сай болса деймiн.

- Әңгiмеңiзге рахмет.

Әңгiмелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан».

Мақаланың шыққан күні: 17.12.2017 21:25
Парақтағы соңғы өзгерістер: 17.12.2017 21:25
Қаралым саны: 764

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

 

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz