A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
ДАИШ - исламға жат құбылыс

ДАИШ бiр күнде пайда болған жоқ. Сарапшылардың пiкiрiнше, ДАИШ-тi ойынға қосу үшiн алдын ала жан-жақты дайындық жүргiзiлген. Өйткенi, жоспарлы ұйымдастырылмастан тоқсан елдiң террористерi бiр уақытта Сирия мен Иракта бiрiгiп, үлкен көлемдегi әскери iс-қимылдарды жүзеге асыруы әсте мүмкiн емес.

Мұсылман мемлекеттерiмен қоса ислам дiнi аз таралған елдерден әп-сәтте содырлардың пайда болып, Таяу Шығыста бiр мезгiлде бас түйiстiруi осыны әйгiлесе керек. Ал, сыбдырын бiлдiрмей, үлкен ойынды ұйымдастыру үшiн қараниет күштер адамдарды арбаудың ең озық технологияларын пайдаланды.

Әбу Мұса әз-Заркауи тарапынан 2004 жылы Иракта «Таухид и-жиһад» деген атпен «Әл-Кайданың» бiр қанаты ретiнде құрылған лаңкестiк топқа 2011 жылы Әбу Бәкiр әл-Бағдади жетекшiлiк жасағаннан бастап ұйымның атауы «Әд-Дәулат әл-Исламия фил-Ирақ уәш-Шам»болып өзгертiлдi. ДАИШ — негiзiнен Латакия жерiнде ислам халифатын құруды көздейдi. Осы мақсатқа қол жеткiзу үшiн қазiр лаңкестiк ұйым Ирак пен Сирия үкiметiнiң әскери күштерiмен және өздерiн қоштамаған өзге де топтарға қарсы қанды қырғын соғыс жүргiзуде.

Әсiлi, ДАИШ тарих сахнасына шыққан күннен сын садағына iлiндi. Содырлық топтың сойқан iс-әрекеттерi Сирия мен Ирак жерiне қарақұйын пәлекет алып келдi. Ұйымның әрбiр iсi көпшiлiк қауымға қорқыныш пен үрей салды. Былтырғы жылы 126 мұсылман ғұламасы ДАИШ-тiң iс-әрекетi ислам құндылықтарымен ұйыспайтынын айтып жаһанға жар салды. Қазiр ұйымның экстремистiк пиғылда, iс-қимылы террорлық сипатта екендiгi әмбеге аян. Алайда, ДАИШ өздерiнiң жасап жатқан қанды қырғынын ислам дiнiмен байланыстыруын доғарар емес. Ең сорақысы, қанды-қасап қылмыстарын «Халифат» атымен жасауында.

ДАИШ-тiң өздерiн «Ислам халифаты» деп жариялауы дiн негiздермен мүлде сәйкеспейдi. Оған қарсы бiрнеше дәйектi уәж келтiрiп өтер болсақ:

Бiрiншiден, мұсылман ғұламаларының көпшiлiгi Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.): «Үмбетiм халифатта отыз жыл өмiр сүредi. Одан кейiн патшалық билiк пайда болады» (Сафина (р.а) жеткiзген) деп айтқан өсиетiн негiзге алып, «халифат құрамын» деген бастамаларды қостамайды. Расында да, ислам тарихында Мұхаммед пайғамбардан (с.а.с.) кейiн хз.Әбу Бәкiр, хз.Омар, хз.Осман, хз. Әли дәуiрiнде мұсылман үмбетi отыз жыл халифат дәуiрiнде өмiр сүрдi. Одан кейiнгi омаядтар мен аббасидтер және т.б мұсылман мемлекеттерi халифат шарттарын сақтай алған жоқ. Себебi, шариғат бойынша халифат құрушы көшбасшының билiгi мынадай шарттардың негiзiнде ғана легитимдi болып есептеледi:

А) Құрайыш тайпасынан болу;

Ә) Баят (көпшiлiктiң сенiм бiлдiруi);

Б) Шура (кеңесу);

Д) Әдiлеттiлiк орнату.

Жоғарыда аталған Мұхаммед пайғамбардан (с.а.с.) соң мұсылман үмбетiне көшбасшы болған хз. Әбу Бәкiр, хз. Омар, хз. Осман, хз. Әлидiң тұлғалық келбетi осы төрт шартқа лайықты болғандықтан олар халифтiк билiкке қол жеткiзе алды. Одан кейiнгi билеушiлер бұл шарттарға толық сай келмеуi себептi, олар халифат билiгiн орната алмады. Мысалы, омаядтар билiгi тұсында исламдық саяси жүйе негiзiнен «Умая» әулетiне қызмет еттi. Сол секiлдi, аббасидтер династиясы кезiнде де ислам мемлекетi «Аббаси» әулетiнiң мүддесiн көбiрек қорғады.

ДАИШ-тiң құрылу негiзiне келетiн болсақ, ешқандай мұсылман ғұламалары кеңесiнiң (шура) батасын алмаған және көпшiлiк қауымның сенiмiне ие (баят) болмақ түгiлi Сирия мен Ирак жерлерiн күшпен жаулап алып, мұсылмандарды қойша қырған ұйымның сықпыты шариғат шарттарындағы халифат ұғымымен мүлде жуыспайды.

Екiншiден, шариғатта «дарул-муслимин» деген ұғым бар. Бұл термин мұсылмандар өмiр сүретiн мемлекет деген мағынаны бередi. Алғашқы кемеңгер төрт халифтан кейiн өмiр сүрген Омая, Аббаси, Фатими, Ғазнауи, Қарақан, Мәмлүк, Осман т.б патшалықтар халифат саналмағанымен, мұсылман мемлекеттерi болып есептеледi. Мұсылман мемлекетi (дарул-муслимин) деп бiр жоғары саяси ұйымды тану үшiн үш шарт сақталуы керек. Олар:

А) Халықтың басым бөлiгiнiң мұсылман болуы;

Ә) Мемлекеттi мұсылман басшының басқаруы;

Б) Дiни ритуалдардың орындалуына жағдай жасалуы.

Қазiр ДАИШ лаңкестерi бiраз аумағын күшпен жаулап алған Сирия мен Ирак мемлекеттерiнiң халқының басым көпшiлiгi ислам дiнiн ұстанады. Мемлекет басшылары мұсылман және дiни құлшылықтарды орындауға ешқандай кедергi жоқ. Яғни, Сирия мен Ирак елдерi мұсылман мемлекеттерiнiң (дарул-муслимин) санатына жатады. Ал, шариғатта мұсылман мемлекеттерiне қарсы дiни соғыс жасауға болмайды. Демек, ДАИШ-тың шариғат бекiткен шарттарсыз халифат құруы, мұсылмандарды қасиеттi күреске үндеуi, заңсыз әскери құрылымдар құруы ислам негiздерiне қарама-қайшы келедi. Тiптi, түбiрiмен қате, мүлде адасқандық десек асыра айтқандық емес.

Қарақұйын пәлекеттi ұйымдастырушы ДАИШ ұйымы кiл жанкештiлерден тұратын жасақты құру үшiн кез келген пенденi илiктiретiн не түрлi айла-амалға жүгiнген. Олар бiрiншi кезекте ел iшiндегi әлеуметтiк әлеуетi төмен, қаржы тапшылығы жан алқымнан алған жандарды ақшаға қызықтырумен «жиһадқа» азғырады. Кедейшiлiк өтiп кеткен әлеуметтiк топтар қаржы қыспағынан шығу үшiн амалсыздан жалдамалы әскер (легионер) ретiнде айқайға сүрең (жиһад ұранына) қосады. Жоқ-жiтiктi ақшамен «жиһадқа» елiктiрсе, керiсiнше, бай-бағланды бар жиған дәулетiн «жиһадқа» сарп етуге шақырып, жомарттық жасағаны үшiн жәннатты сүйiншiлейдi.

Лаң салуға үндеушiлердiң қоғамда орын алып жатқан әдiлетсiздiктi жазғырып, өрескелдiктiң орнын «жиһад» жасаумен ғана толтыруға болады деген насихаттары да өз жемiсiн берген. Айталық, ДАИШ-тың сапында әлеуметтiк теңсiздiк көрген содырлардың саны анағұрлым көп. Сондай-ақ, саяси көзқарасты ашық айтуға қысым жасайтын елдердiң азаматтары қарсылық (протест) танытудың баламасы ретiнде «жиһад» ұранын көтеруге дайын тұрады. Әсiресе, әлi империалистiк пиғылынан бас тартпаған РФ мен ҚХР және т.б. алпауыт елдердiң езгiсiндегi ұлт өкiлдерi қарсылық көрсетудi «жиһад» жасаумен алмастыруға бейiм болып келедi.

Қазiр қоғамда отбасы құруда жолы болмаған және өмiрден өз орнын таппай психологиялық күйзелiске ұшыраған азаматтардың саны өте көп. Олар iшкi күйiктiң орнын басар баламалы жол iздейдi. Өмiрден қатты теперiш көрген жандар үшiн таңсық бiр iстi жасау, өзiн әбден меңдеп алған психологиялық дерттен оңай арылу секiлдi болып көрiнедi. Арбаушы топ осындай өз-өзiн кем сезiнген бейбақ жандарды тұзаққа тез түсiредi. Әлбетте, ол үшiн арбаушылар адамдармен арнайы жеке-жеке жұмыс жасайды.

«Жиһадқа» үндеушiлер мұсылманшылдық сезiмдi қоздыру арқылы да жанкештi содырлардың сапын арттыруда. Мысалы, олар «Таза Исламды тек Сирия көтерiлiсшiлерi ұстанады» деген жалаң идеологияны құрал етедi. Сириядағы үкiмет армиясының адам айтқысыз зорлық-зомбылығын алға тартып, олардан кек алуға үндейдi. Башар Асадтың шииттiк сенiмiн ұстанатынын алға тартып, «Сирия халқы залымдар мен мүшрiктердiң қорлауында болмауға тиiстi» деп, сүннит мұсылмандарды «жиһадқа» желiктiредi. Жалған хадистердi дәлел ретiнде ұсынып, шахид белбеуiн тағуға шақырып, оның есесiне жұмақты уәде етедi.

Ислам шариғаты уақытша некеге (мута) ада-күде тыйым салса да, азғырушылар жыныстық жиһад жасауға өздерiнiң ойдан шығарылған хадистерi мен негiзсiз тұжырымдарын пайдаланады. Қаза тапқан содырлардың жесiр әйелдерiн өзгелермен күштеп некелестiрiп, жыныстық қатынас жасауға мәжбүрлейдi. Қыз-келiншектердiң махаббат сезiмiн де өз мақсаттарына пайдаланады. Осы тұрғыда талай бейбақ қыз-келiншектiң опық жеп қалғандығы БАҚ-та жиi жарияланды.

Ислам елдерiнде «жиһадқа» үндейтiн арнайы топтар жұмыс iстейдi. Олар көбiнесе iрi қалалардағы мұсылмандар көп бас қосатын орындарда өз үгiт-насихаттарын жүргiзедi. Өздерiне қарай иiлiккен азаматтарды арнайы дайындықтан өткiзетiн лагерьлерге аттандырады. Ал, батыс елдерiнен ДАИШ-ке адам тарту үшiн, негiзiнен, интернет ресурсын пайдаланады. Әсiресе, әлеуметтiк желiлерде тартысты тақырыптардың қоламтасын үрлеп, шетiн көзқарастарды жақтауға пейiлдi азаматтарды өз қатарларына оңай қосып алады. Яғни, қаныпезер азғырушылар әрбiр индивидпен жеке-жеке жұмыс жасауының арқасында әлемдi қанға бөктiрген исламофобтық сипаттағы ДАИШ ойынының қызығына батуда.

Мұхан ИСАХАН,

E-Islam порталының меншiктi сарапшысы

Мақаланың шыққан күні: 17.12.2017 21:20
Парақтағы соңғы өзгерістер: 17.12.2017 21:20
Қаралым саны: 719

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz