A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Бірлікке ұйыған елге береке ұялайды

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары дiни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Аса қамқор ерекше мейiрiмдi Алланың атымен бастаймын!

Бiрлiкке ұйыған елге береке ұялайды

Адамзат баласы қауымдасып, бiр мекенге топтасып өмiр сүруге бейiм жаратылған. Топтасып өмiр сүрудiң де өзiндiк хикметi бар. Егер қайсыбiр қауымның өмiр тiршiлiгiнде бiрлiк, ынтымақ, имандылық, өзара келiсiм, ортақ түсiнiк, т.б. құндылықтар басты орынға қойылса, сол халықтың берекесi артып, ғибратты ғұмыр кешедi.

Тұрақтылық бар жерде татулық орнайды. Татулық бар жерге Алла береке нәсiп етедi. Ынтымағы ыдыраған елден ырыс та кетедi. Бiз мұндай жағдайды алыстағы елден емес, жақындағы көршiлерiмiзден-ақ көрiп отырмыз.

Елiмiздегi мешiттер мен медреселердiң, дiни оқу орындарының жұмысын қадағалап, бақылап-басқарып отыру мiндетi маған жүктелгеннен кейiн жамағатты дiни саладағы кейбiр нәзiк мәселелерге әрдайым байыппен, сабырлықпен қарауға шақырамын.

Дiн тек бiрлiк пен бейбiтшiлiк орнаған елде қанат жаяды. Мұны әсте ұмытпауымыз қажет. Бүлiк бар жерде береке кетедi. Ондай ортада дiндi ұстану былай тұрсын, адамның күнделiктi өмiрiне қауiп төнбей ме?

ХХI ғасыр осындай күйге душар болған миллиондаған халықтың бүгiнгi мазасыз өмiр тiршiлiгiне куә. Алла Елшiсiнiң: «Көпшiлiкпен бiрге болыңдар, бөлiнуден сақтаныңдар», — деп бұйыруында үлкен ғибрат бар. Мұндайда халқымыз: «Бөлiнгендi бөрi жейдi», — демей ме?!

Дiн — адамды Алланың даналыққа құрылған таңғажайып жаратылысынан ғибрат алуға, iзгiлiкке бастайтын ұлы жол. Имандылық -адамға екi дүниенiң қуанышы мен сыйына, бақыты мен берекетiне жетелеп, жақсылыққа үндейдi, адамның бүкiл өмiрiн, амалын iзгiлiкке, қайырымдылыққа бағыттайды.

Дiн — бүкiл әлемде адамдардың рухани дүниетанымын байытып, жер бетiндегi адамзат қауымының игiлiкте өмiр сүруiне ықпал ететiн қуатты күш.

Сондықтан сол күштi адамдар арасындағы достық пен ынтымаққа және мемлекетiмiздiң дамуына жұмсауымыз қажет. Ал өзара келiсiм мен жарасымдылыққа Ислам дiнiнiң қосар үлесi өлшеусiз.

Алла Тағала Қасиеттi Құранда «Маида» сүресiнiң 2-аятында адамзат баласына: «Iзгi iстерге, тақуалыққа көмектесiңдер. Күнә жасауға, дұшпандыққа жәрдемшi болмаңдар…» деп бұйырған.

Бiз халықтарды бiрлiкке, iзгiлiкке, қайырымдылыққа шақыруда дiни тұлғалардың айрықша рөлiн ескерiп, имамдардың әлеуетiн, қабiлетi мен тәжiрибесiн арттыруға баса назар аударып келемiз.

Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында халқымыздың рухани өмiрiне, мәселен отбасы құндылығын арттыру, жат ағымнан алыс болу, бiрлiктi сақтау, қайырымдылық жасау, мейiрiмдi болып, кешiрiм жолын ұстану секiлдi сауапты амалдарға да мән бередi.

Президентiмiз жаһандық және iшкi сын-қатерлерге жауап беретiн, сонымен қатар жаңа тарихи жағдайларда ұлтымыздың дамыған мемлекеттердiң отыздығына кiру жөнiндегi «100 нақты қадам» жоспарын жариялады. Бұл бағдарлама күрделi кезеңнен сенiмдi өтуге жағдай туғызатын болады. Осы құжатта әлеуметтiк көмек, сапалы бiлiм беру, сапалы медициналық көмек сынды халыққа қажеттi мемлекеттiк қолдаулар айтылды. Сапалы бiлiм алған, денi сау адам елдiң игiлiгi мен өркендеуiне көбiрек үлес қосатыны даусыз.

Осы тұрғыда, Елбасымыздың бастамасын қолдау мақсатында мүфтият тарапынан имамдардың дiни және зайырлылық сауаттылығын арттыруға баса мән берiлуде. Қазiргi таңда көптеген имамдарымыз дiни бiлiмдерiмен қоса зайырлылық бiлiм алуға көптеп талпыныс бiлдiруде. Халқымызға сапалы қызмет көрсету — имамдарымыздың басты мiндетi.

Мемлекет басшылығы ешқашан жетi рет өлшеп, бiр рет кеспей шешiм қабылдамайды. Басшыға бағыну — кәмiл мұсылманның бiр парызы, ал басшылық қашанда халықтың игiлiгiне жарайтын шешiмдер қабылдайды. Сондықтан қазiргi таңдағы қоғам iшiнде туындап жатқан түрлi мәселелерге кең түсiнiстiкпен қарап, ел iшiнде тыныштықты, ауызбiрлiктi сақтап ұйымшылдыққа ұйытқы болуға үлес қосу, әрбiр мұсылманның мiндетi болып табылады.

Қазiргi күнi бiздiң қоғамымызда жер мәселесiне қатысты жұртшылық тарапынан туындаған алаңдаушылықтарға байланысты Жер кодексiнiң жекелеген баптарына Елбасымыз мораторий жариялағындығы дүйiм жұртқа мәлiм. Сондықтан жер мәселесiн Елбасымыз айтқандай ақылға салып, қоғамдық талқыдан өткiзiп оңтайлы шешiм жолын ұсынуымыз қажет.

Әрбiр адамның жаны, өмiрi — өзiне аманат болса, бүгiнгi адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да — баршаға аманат екендiгiн ұмытпайық. Қазақ елiнiң iшкi тұтастығы мен қауiпсiздiгiн, тыныштығын сақтауда құлдай еңбек етiп, көзiмiздiң қарашығындай қорғауымыз — азаматтық парызымыз һәм мұсылмандық мiндетiмiз.

Бiздiң негiзгi бағытымыз — дiни, рухани сала болғандықтан, елiмiздiң рухани дамуы жолында еңбек етiп келемiз. Өйткенi, халықтың иманы мен руханияты артса, елiмiз де өркендейдi.

Бейбiт заманды басты байлығы санаған халқымыз қашан да татулықты тұғырына айналдырған.

Тарихтан белгiлi, халықтың болашағын ойлаған дiн қайраткерлерi де татулық пен бiрлiктi басты бағдар еткен. Халықтар бiрлiгi — бәрiнен қымбат қазына деп санаған.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемi болсын) мұсылмандықтың iргетасын бiрлiкпен бекiткен. Алла Елшiсiнiң тайпалар мен руларды бiр мақсатқа бiрiктiруi — кез келген басшыға басқару iсiнде үлкен бағдар болары хақ.

Халқымызда: «Байлық — байлық емес, бiрлiк — байлық», — деген қанатты сөз бар. Алла Тағала барша адамға Құран кәрiмде Хужурат сүресiнiң 10-аятында: «Шын мәнiнде, мүмкiнде ағайындар. Сондықтан да ағайын арасын түзетiңдер…» — деп бұйырған.

Әрбiр парасатты пенде әлемдегi қаржылық дағдарыс пен адамдар арасындағы әдiлетсiздiк, отбасылық күйреу, әлеуметтiк келеңсiздiктер секiлдi мәселеден құтылудың бiр ғана жолын түсiндi. Ол — рухани құндылықтарды бiрiншi орынға шығару.

Бүгiнде қоғам дiннiң адамгершiлiк құндылықтарына мұқтаж. Ал осындай рухани күйзелiс сәттерiнде дiн, зиялы қауым өкiлдерiнiң белсендi жұмыстарына үмiт артылады. Қамыққанға қамқор болу — ол да парасатты адамның асыл парызы емес пе? Ендеше, iзгi iстерде бiр-бiрiмiзге көмекшi болайық, бауырлар!

Алла Елшiсiнiң: «Берген қол алған қолдан жоғары» деген өсиетiн негiзге ала отырып, әрдайым мемлекетiмiзден қол жайып сұрай бермей, бiз мемлекетiмiзге не бере алдық, Отан үшiн не iстедiк деген сұрақтар әрбiр мұсылманды мазалауы қажет.

Елiмiздегi әрбiр кәсiп немесе мамандық иесi өз саласы бойынша ең сапалы түрде қызмет етер болса Елбасымыз меже етiп көрсеткен дамыған отыз елдiң қатарына енуiмiздiң ауылы алыс емес екендiгi баршамызға белгiлi жайт.

Алла Тағала халқымызға бақ-береке бергей. Жер бетiнде тыныштық орнап, қашан да тату ғұмыр кешудi нәсiп еткей. Тәуелсiздiгiмiздiң тұғыры биiк, мұсылмандық мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай! Әмин!

Мақаланың шыққан күні: 17.12.2017 21:15
Парақтағы соңғы өзгерістер: 17.12.2017 21:15
Қаралым саны: 609

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz