A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Бастысы - балаға білім беру

Қоғамда бiр мәселеге қатысты бiрнеше пiкiрдiң болуы заңдылық. Бұл сол қоғамдағы адамдардың санасы сергек, елдiк, мемлекеттiк мүддеге бей-жай қарамайтындығын аңғартса керек. Бүгiнде жаңадан енгiзiлген бiрыңғай мектеп формасына қатысты пiкiрлер де сан алуан. Осы мәселеде «Қоғамды ортақ пiкiрге топтастырудың жолдары қандай?» деген сауалды белгiлi ғалым, философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есiмге қойған едiк.

- Ғарифолла аға, қазiргi уақытта жаңадан енгiзiлген мектеп формасына қатысты пiкiр екiге жарылып тұр. Бiреулер бiрыңғай мектеп формасының енгiзiлуi дұрыс шешiм десе, ендi бiр топ оны дiни талаптарға қайшы деген уәждi алға тартады. Жалпы, бұл мәселеде екi жақтың да көзқарасын ескере отырып, ортақ пiкiрге келудiң жолы бар ма?

- Қазақстанда он сегiз конфессия және жүз отыздан астам этнос өкiлдерi өмiр сүредi. Сондықтан да Ата Заңымызда: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетiлген. Қазақстанда әр адамға заң жүзiнде дiни сенiмiне, оны таңдауына және ұстануына кепiлдiк берiледi. Бiрақ, әрине мұның барлығы заң шеңберiнде iске асуы тиiс.

Елiмiздегi этносаралық және конфессияаралық татулық көптеген елдерге үлгi. Себебi сенiмi мен көзқарасы әралуан ұлттармен ұлыстар бiр мемлекетте береке бiрлiкте өмiр сүрiп келедi. Елдiң бiрлiгi мен татулығы — бiздiң ең құнды жәдiгерiмiз. Адам баласы өзi үшiн ең қымбат нәрсесiн барынша сақтап қалуға тырысады. Оған қандай да бiр зиян тимесiн деп басқалардан қорғайды. Дәл сол секiлдi, бiз де елдегi этносаралық бiрлiк пен конфессияаралық татулықты түрлi жағдайлардан сақтауымыз керек. Ол үшiн мемлекет шығарған заңдарды құрметтеп, соның аясында бiр адамдай жиналуымыз тиiс. Заң мен ережелер қоғамдағы азаматтар арасындағы қарым-қатынасты реттейдi, адамның құқығын қорғайды.

Елiмiздегi Бiлiм және ғылым министрлiгi тарапынан бiрыңғай мектеп формасына қатысты қойылған талаптар да бiздiң жас азаматтар мен азаматшалардың құқығын қорғауға, әрi елдегi конфессияаралық бiрлiктi сақтауға бағытталған деп ойлаймын. Өйткенi министрлiктiң 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығында «Бiлiм берудiң зайырлы сипатын iске асыруға және орта бiлiм беру ұйымдары бiлiм алушыларының арасында әлеуметтiк, мүлiктiк және басқа да өзгешелiктердiң белгiлерiн жоюға бағытталған» деп көрсетiлген.

- Яғни, Сiз де министрлiктiң бұл талабын орынды деп санайсыз ғой?

- Бiрiншiден, бiлiм саласындағы бұл бұйрық зайырлы мемлекеттегi зайырлы бiлiм берудiң сипаты. Заң адамның ұлтына, нәсiлiне, тегiне, дiнiне, тiлiне қарамайды. Ол барлық адамға тең. Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Тәртiпке бағынған құл болмайды». Елдегi тұрақтылықтың баянды болуын қаласақ, мектеп формасына қатысты бұл өзгерiске түсiнiстiкпен қарағанымыз жөн. Егер бiр конфессия өкiлi мектепке дiни рәмiздерi бар киiм үлгiсiмен келсе, онда өзiнiң дiни-сенiм ерекшелiгiн көрсеткiсi келетiн басқа сенiм өкiлiнiң келмейтiнiне кiм кепiл? Дәл сол сияқты мектеп қабырғасын «сән алаңына» айналдыруға жол бермеген дұрыс.

Екiншiден, мүфтият мектептегi киiм үлгiсiне қатысты: «Дiндар азаматтар қоғамнан бөлек өмiр сүрмейдi. Дiнiмiздегi бойұсыну — негiзгi мiндеттердiң бiрi. Сондықтан, мұсылмандар заңға құрметпен қарайды. Елiмiздiң заңнамалары бiзге балаларымыздың орта бiлiм алуын қамтамасыз етуiмiздi мiндеттейдi. Бiлiмсiздiк бүлiкке бастайтынын ұмытпайық. Сондықтан қыз баланың толыққанды зайырлы бiлiм алуына назар аударуға кеңес беремiз…» деп өз ұстанымдарын бiлдiрдi.

Бiрақ осы ретте мектеп әкiмшiлiктерi мен қоғамдық кеңестер және ата-аналар мектептерде киiм үлгiсiн қабылдауда қыздарымыз үшiн дәстүрiмiзге сай киiмдер таңдаса екен деген тiлек бiлдiргiм келедi. «Бiрыңғай форма осы екен» деп алыс-жақын шет мемлекеттердегi жарнамалардағы сияқты мектеп оқушысына жараспайтын тым ашық киiмдер мектеп қабырғасы үшiн артықтау. Өйткенi бұйрықта «Мектеп формасының түсiн, фасонын таңдауды және юбканың ұзындығын орта бiлiм беру ұйымы мен қоғамдық кеңес айқындайды, жалпымектептiк ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекiтiледi» және «…ата-аналар мен өзге де заңды өкiлдер мектеп формасы туралы мәселелердi талқылауға қатысады және оны жетiлдiру бойынша ұсыныс енгiзедi» деп көрсетiлген.

Қарасаңыз, бұл бұйрық ата-анаға да, оқушыға да киiм үлгiсiн, оның пiшiнi мен түсiн таңдауға еркiндiк берiп отыр. Бiрыңғай мектеп формасына қарсы болған ата-аналар мектеп формасы туралы мәселелердi талқылау мәжiлiстерiне қатысып, өз ұсыныстарын айтып, оны одан әрi жетiлдiруге құқылы.

Мектеп директорлары мен мектеп формасын шығаратын өндiрушiлерге айтарым «әлеуметтiк теңдiк», «қолжетiмдiлiк», «тәртiп» деген ұғымдар шын мазмұнын жоғалтып алмаса екен деймiн. Өйткенi көптеген ата-ана осы негiздерге сенiп, яғни мектепте әлеуметтiк теңдiк орнайды, форманың бағасы қолжетiмдi болады, баламыз сыптай болып, мектептiң тәртiбiне көнедi деп бiрiңғай мектеп формасына келiсiмдерiн берiп отыр. Басшылық осы сенiмдi ақтай бiлсе екен.

- Жалпы, зайырлы қоғамда өмiр сүретiн мұсылман қандай болу керек?

- Әуелi мына мәселенi ашып алайық. Әдетте, зайырлылық деген уақытта кейбiр азаматтар дереу дiнсiз қоғам деп түсiнедi. Бұл қате пiкiр. Зайырлы қоғамда дiни сенiмге еркiндiк берiледi. Елiмiздегi 18 конфессиядан тұратын 3,5 мыңнан асатын дiни бiрлестiк осының дәлелi.

Жақында ғана ҚМДБ медреселерi колледж деңгейiне көтерiлiп, олардың оқу бағдарламаларына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлдi. Мiндеттi дiни пәндерден бөлек, қазiргi заман талабына сай қоғамдық пәндер қосылды. Бұдан былай медресе-колледждердi бiтiрген жастарымыз кез-келген мемлекеттiк мекемеде дiни және зайырлы мамандықтар бойынша қызмет ете алады. Мiне, зайырлы қоғамдағы мемлекет пен дiннiң үйлесiмдi қарым-қатынасы осы. Ал ендi зайырлы қоғамдағы мұсылманның бейнесiне келер болсақ, онда ол заманауи сауатты, көзi ашық, дiннен хабары бар, көкiрегi ояу болуы керек. Егер адамның дiннен хабары болмаса, онда оның кез-келген терiс ағымның ықпалында кетiп қалуы ғажап емес. Оның қаншалықты қатерлi екенiн күнделiктi БАҚ-тан көрiп отырмыз. Сондықтан, елдiң ертеңiн ұстайтын бүгiнгi жас ұрпақтың заманауи бiлiм алып, Отанымыздың адал азаматы ретiнде тәрбиеленуiне бәрiмiз мүдделi болуымыз тиiс деп есептеймiн.

- Оқырмандарымыздың көкейiнде жүрген мәселеге толыққанды жауап берген әңгiмеңiз үшiн рахмет.

- Сiздерге де жұмыста табыс тiлей отырып, мен мынаны айта кеткiм келедi: мемлекетiмiздiң зайырлы қағидатына тұғырланатын заманауи қазақстандық қоғам елiмiздiң бүгiнi мен ертеңiне қатысты мәселелерге үнемi сергектiк танытатын азаматтардың белсендiлiгiмен ғана өмiршең. Ендеше жастарымыздың бетi ашық, жүзi жарқын болуына барлығымыз мүдделi болайық дегiм келедi, ағайын!

Мақаланың шыққан күні: 17.12.2017 21:29
Парақтағы соңғы өзгерістер: 17.12.2017 21:29
Қаралым саны: 749

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz