A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Бақытын баладан күтетін халықпыз

Асылы ОСМАН, Филология ғылымының кандидаты, профессор

Бақытын баладан күтетiн халықпыз

Осы жылы наурыз айының басында ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi орта бiлiм беру мекемелерiндегi бiрыңғай киiм формасына қойылатын талаптарды бекiткен болатын. Аталған талаптар «бiлiм берудiң зайырлы сипатын iске асыруға және орта бiлiм беру ұйымдары бiлiм алушыларының арасында әлеуметтiк, мүлiктiк және басқа да өзгешелiктердiң белгiлерiн жоюға бағытталған» деп көрсетiлген. Бүгiнде осы талаптарға қатынаста дiн ұстанатын жекелеген азаматтар тарапынан сыңаржақ пiкiрлер бiлдiрiлуде. Мен де қоғам талқысына түскен осы мәселе төңiрегiнде өз ойымды бiлдiрiп, оны халқымыздың қыз баланы тәрбиелеудегi өнегелi ұстанымымен байланыстыра қарауды мақсат тұтып отырмын.

Қазақ — әр нәрсенi жөнiмен iстейтiн, кез-келген әрекеттiң салмағын салиқалы бағамдайтын парасатты халық. Әйел адамның орамал тартуы- дәстүрмен келе жатқан жарасымдылық. Орамал — қызыл болса, бойжеткендiктiң белгiсi, ақ болса, әйелдiктiң нышаны ретiнде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қастерлi бас киiм. Оның өзiндiк салмағы бар. «Қызыл орамал тартып, қыз болыпты» деген тiркес қыздың бойжеткенiн байқатса, ақ орамал — ақ босаға аттаған келiн болғанын бiлдiретiн белгi.

«Қыз өссе, елдiң көркi» деп алақанға салып аялаған арда халықтың қыздары ерке өскен еркiндiгiнiң арқасында бұрымын бөркiнiң iшiне тығып, ел басына күн туған шақта ерлерше киiнiп, атқа да қонған. Еркiндiк деген есерлiк емес, ол — адамның тұлға болып қалыптасуына қажеттi қасиеттердiң бiрi. Жастайынан қанға сiңген, қалыптасқан жақсы қасиет жақсылықтарға бастайтын iзгiлiк баспалдақтары iспеттес.

Балауса бүлдiршiннiң сыртқы келбетiн «мұсылмандыққа» жақындатуға ұмтылатын жекелеген дiндар ата-аналар оның iшкi әлемiнде не болып жатқанын ойлай ма екен? Басы бүркелiп, балалық шағына бұғау салынған бүлдiршiннiң нәзiк жүрегiне ауыртпалық түсетiнi анық. Басындағы орамал оны оңашалануға итермелеп, емiн-еркiн асыр салып ойнауға кедергi келтiретiнi сөзсiз. Ойын — баланың дұрыс өсiп-жетiлуiнiң кепiлi. Құрбылары да оған басқаша көзбен қарайтындықтан, томаға тұйық болып, қуыстанып жүрген жас баланың дұрыс қалыптаспайтыны анық. Ең бастысы бұл елiмiздiң ғасырлар бойы келе жатқан әдетi, ғұрпы, салты. Кез келген ұлт ұлтының ғасырлар бойы қалыптасқан мұндай салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын сақтауға мiндеттi. Сақтап қалуымыз керек. Орта жолдан қосылғандардың жетегiнде кетпеуiмiз керек. Ол үшiн мұндай ұлттық ерекшелiктердi баланың бойына жас кезiнен сiңiре бiлуiмiз керек.

Жалпы, қазақ қыздары күнделiктi өмiрде бет-аузын жауып тұратын киiм кимеген және дәстүрлi қазақ қоғамында «хижаб» ұғымы болған емес. Тарихтан өздерiңiз бiлетiндей қыздарымыз қажет кезiнде ер-азаматтармен үзеңгiлес тұрып, елiн-жерiн қорғаған батыр болған. Рухани биiк тұлға қалыптастыруда қазақ мәдениетiнiң өзiндiк ерекшелiктерi болғаны сөзсiз.

Осы ретте, бiлiм мен рухани тәрбиенi терең ұштастырғанда ғана парасатты ұрпақ жетiлетiнiн ескерсек, мектеп қабырғасындағы қыздарымыздың ортақ киiм үлгiсiнде жүруi — оның болашағы үшiн маңызды. Бiздер, ата-аналар, балаларымыздың келешегi үшiн екi дүниеде де жауаптымыз. Бала — Алланың аманаты, оны имандылыққа тәрбиелеу — бүкiл мұсылман атаулының басты парызы. Атап айта кетер жайт, кез келген адам мемлекеттiң ұстанымына, қоғам мен ортаның ортақ талаптарына бағынуы керек. Орта адамды қалыптастырады. Балаға ата-аналарының бүгiнгi күнi хиджабты тықпалауы оның құқығын шектеуi деп бiлемiн. Ғасырлар бойы қалыптасқан ананың ақ сүтiменен, бесiктiң жырымен, әжелердiң әлдиiмен, әкелердiң тәрбиесiмен сiңiрген ұстаным, тәрбие бiздi адастырмайтынын ұғуымыз керек. Сондықтан балаларымыздың алған бiлiмi әлемдiк болса да, берген тәрбиемiз ұлттық болуы керек!

Мемлекеттiң дiннiң iшкi талаптарынан туындайтын мәселелердiң қоғаммен ұштасатын кейбiр тұстарын өз құзiретiне сай зайырлы сипатта шешу талпынысына дiн ұстанатын жекелеген азаматтар тарапынан орынсыз пiкiрлер айтылуын демократиялық еркiндiкке баласақ та, айтыла-айтыла жауыр болған «хиджаб» мәселесiн зайырлы мемлекеттiң Конституциялық қағидатына және Қазақстан Республикасының «Бiлiм туралы» Заңына сәйкес шешу — осы елде өмiр сүрiп жатқан бәрiмiз үшiн ортақ iс.

«Бүйректен сирақ шығарып» перзенттерiмiздiң балалық шағына қиянат қылмай, ұлттық үрдiске сай, дәстүрiмiзге жарасымды әрекет еткенiмiз жөн. Қазақта балауса қыздан ақ шашты әжеге дейiн өзiнiң жас ерекшелiгiне сай бас киiмдер үлгiсi жеткiлiктi. Елiмiзде әрбiр ұлттық ұстанған дiнiне шектеу қойылмаған. Оған еркiндiк берiлген. Алайда ұлттық ұстанымның сақталуы маңызды!

Айдың-күннiң аманында ел iшiне iрiткi салатын оқыс қылықтар елдiгiмiздiң iргесiн шайқалтпасын десек, қоғамдық қатынастарды реттеп, азаматтардың бостандығы мен дiни сенiмдерiне еркiндiк берiп отырған Ата Заңымыздың шеңберiнде әрекет еткенiмiз абзал.

Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев: «Бiздiң бабаларымыз қыздарының бетiн ешқашан жаппаған, сондықтан қазiргi ұрпақ ислами қағидаларға құрмет көрсете отырып, төл дәстүрлерiмiзге де құрметпен қарауы тиiс», — дей келе қазiргi күнде терiс ағымдардың жастардың сана-сезiмiн улайтындығын, исламның түзу жолынан таюға мәжбүрлейтiндiгiн айтты. «Егер оларға құлақ асатын болсақ, әпкелерiмiз бен қарындастарымызды беттерiн тұмшалауға мәжбүрлегенмен қоймай, олармен бiр дастарханның басында отырудан қалатын боламыз. Олар көлiк жүргiзе алмайды, емiн-еркiн жүрiп-тұра алмайды және бiлiм ала алмайды. Сонда бiз оларды қалай тәрбиелемекпiз?», — деп Елбасымыз мағынасы терең аталы сөз айтқан болатын.

Тез өзгерiске түсiп отырған мына заманда ел мен жерге ие болатын намысты және иманды ұрпақ тәрбиелеу — ең ұлағатты iс. «Бақытты даладан iздеме, баладан iзде» деп дана халқымыз текке айтпаған. Әркiмнен көргенiн iстеп, естiгенiне елiктеп әуейi болып жүретiн ұрпақ ертеңгi күнi қандай тұлға болады? Сондықтан ұрпақтың қамын әрiден ойлап, келешегiмiздiң кемел болуы үшiн жауапкершiлiкпен қарау — әрқайсымыздың басты мiндетiмiз. Қазақ ұлы мен қызын еркiн өсiре отырып, қызын арға, ұлын нарға балаған халық! Қазақ қызын ешқашан есiкке отырғызбаған, төрге отырғызып, бетiн тұмшаламаған. Төрге отырғызып, маңдайын жарқыратып, еркелетiп, арындай сақтай бiлген!

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес елiмiз — демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет. Осыған орай, Қазақстандағы мемлекеттiк шешiмдер қандай да бiр дiннiң немесе олардың жекелеген ұстанушыларының мүдделерiн емес, бүкiл қоғамның мүдделерiн ескерiп қабылданады.

Зайырлылық — мемлекеттiң, ал дiндарлық — жеке тұлғаның сипаты. Зайырлы мемлекет аясындағы қоғамда дiндар да, дiнсiз де, дiн талаптарын орындайтындар да, құлшылық жасамайтындар да қатар өмiр сүре бередi. Ал қоғам мүшелерi зайырлылық қағидаттарына негiзделген мемлекет заңнамаларын мойындамаса, оның аясында бейбiт қатар өмiр сүре алмас едi. Яғни зайырлылық қағидаттарын қабылдап, сенiм бостандығы қамтамасыз етiлгенiн бiлiп, еркiн өмiр сүру — зайырлы мемлекеттегi дiндi ұстанатын немесе ұстанбайтын әрбiр азаматқа тән. Ал зайырлылықтың негiзгi қағидаттары — ар-ождан мен дiни сенiм бостандығы, құқықтық қорғалу, адамгершiлiк пен өнегелiлiктен бастау алатын жоғары рухани құндылықтар, өзара құрмет, түсiнiстiк, толеранттылыққа негiзделген ұлтаралық және дiнаралық татулық секiлдi мемлекеттiң iшкi тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ететiн ұстанымдарға тұғырланады.

Қазақстан Республикасының «Бiлiм туралы» Заңына сәйкес, бiлiм берудiң зайырлы, гуманистiк және үдемелi сипаты мемлекеттiң бiлiм беру саласындағы саясатының негiзгi қағидаты екенi баршамызға белгiлi. Соған орай, оқушылар бiлiм беру мекемелерiнде белгiленген киiм үлгiсiн сақтауға мiндеттi.

Заңнама талаптары барлық конфессия өкiлдерiне ортақ болғандықтан, оқушылардың дiн ұстануы бостандығын шектемейдi әрi олардың дiни сезiмдерiне нұқсан келтiрмейдi.

ҚР «Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» Заңында да елiмiздегi бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесiнiң дiннен және дiни бiрлестiктерден бөлiнгендiгi және оның зайырлы сипатта (дiни бiлiм беру ұйымдарын қоспағанда) екендiгi көрiнiс тапқан. Бұл — зайырлы мектептерде қандай да бiр дiндi тiкелей немесе жанама түрде насихаттауға жол берiлмейтiндiгiнiң айғағы.

Кейбiр дiндар азаматтар мен ата-аналар тарапынан «хиджаб кимеген қыз — мұсылман емес» деп айтылып жүрген көзқарастар шынайы ислам дiнiнiң қағидаттары мен ұстанымына жат.

Ислам дiнiнде адамның сыртқы келбетiнен бұрын оның iшкi жан дүниесi мен иманының шынайылығына терең мән берiлетiндiгi «Алла Тағала сендердiң түрлерiң мен мал-дүниелерiңе қарамайды. Алла Тағала сендердiң жүректерiң мен амалдарыңа қарайды» деген хадисте көрiнiс тапқан.

Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы мұсылман жамағаты және ата-аналар тарапынан мектеп формасына қатысты туындаған сауалдарға байланысты өз ұстанымын анық бiлдiрiп, мұсылмандар мен ата-аналарды орта оқу орындарының мектеп оқушыларының киiм үлгiсiне қатысты қоятын талаптарына түсiнiстiкпен қарауға және бұл мәселенi ушықтырмауға шақырды. Өйткенi, бұл талап тек орта мектептерде киiм үлгiсiн бiрiздiлiкке түсiру мақсатында қабылданған шешiм және ол талаптар оқушылардың дiн ұстану бостандығы құқығын шектемейдi және олардың дiни сезiмдерiн қорламайды.

«Естi адам екi айтқызбайды» дейтiн халықтың ұрпағымыз. Олай болса, Заңға қайшы пiкiр бiлдiрiп, терiс әрекет жасау не үшiн қажет? Бүгiн балаларымыздың басын бүркемелеуге итермелеген күштер ертең азаттығымызға ауыз салып, тәуелсiздiгiмiздi тiзгiндеп алмасын десек, келешегi кемел, иманы кәмiл ұрпақ тәрбиелейiк. Түсiнген адамға азаттықтан аяулы, тәуелсiздiктен құнды қандай ұғым болуы мүмкiн!!!

Мақаланың шыққан күні: 17.12.2017 21:26
Парақтағы соңғы өзгерістер: 17.12.2017 21:26
Қаралым саны: 701

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz