A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
Ата-ананы сыйлау жиһад жасаудан да жоғары

Қалмахан ЕРЖАН,

теолог

Ата-ананы сыйлау жиһад жасаудан да жоғары

Дiни мәселелерге байланысты перзентi ата-анаға деген құрметiн жоғалтқанын, ағайынның арасы алыстай түскенiн қоғамда көрiп жүрмiз. Неге дiнге бет бұрдық деген кей жастардың ата-анаға құрметi кемiдi? Ата-ананы сыйламау әдепсiздiк пе, әлде, күнә ма? Келiннiң үлкендерге сәлем салуы шынымен де ширк пе? Осы және өзге де сұрақтарға «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениетi университетiнiң доцентi, белгiлi ислам зерттеушiсi, ғалым Қалмахан Ержан «Kazislam» порталына жауап берген едi.

- Адам баласы — Алла Тағала жаратқан жаратылыстың iшiндегi ең ұлысы. Адамзат ұрпағын Хақ Тағала ата-ана дәнекерлiгiмен көбейткен. Кез келген адам үшiн дүниеде ең қымбат жандар — ата-ана. Алайда осындай қымбатты жандарға деген құрметiмiз азайып бара жатқан секiлдi…

- Бұл қымбатты жандарды Алла Тағаланың Өзi аяттарда дәрiптеген. Демек оларға құрметпен, жауапкершiлiкпен қарау мiндетi балаға жүктелген. Сондықтан да Ұлы Жаратушы ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет пен жақсылық жасауды Өзiнен кейiнгi кезекке қойған. Бұл туралы Құран Кәрiмде: «Раббың бiр Өзiне ғана құлшылық етудi, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкiм еттi. Егер олардың бiреуi немесе екеуi бiрдей қолыңда қартайса, (оларды ауырсынып немесе жақтырмаған сыңай танытып) тiптi: «Туу» деп те кеюшi болма, сондай-ақ оларға зекiп ұрыспа! Керiсiнше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт! Олардың алдында барынша мейiрiмдi, мейлiнше кiшiпейiл әрi тiл алғыш бол! Һәм олар үшiн: «Уа, Раббым! Олар менi бала күнiмде қалай мәпелеп өсiрген болса, Сен де оларды дәл солай мейiрiмiңе бөлей гөр!», — деп дұға ет, — деген. Бұл аятта әуелi Аллаға серiк қоспауды бұйырғаннан кейiн, қоғамдағы жеке адамдардың жауапкершiлiктерiне тоқталып, Алладан кейiнгi кезекте ата-ананың ақысы бар екенi еске салынып, оларға жақсы қарауды бұйырған. Осылайша Алла Тағаланың құзырында ата-ананың қадiрi қаншалықты маңызды екендiгi көрсетiлген. Басқа аятта: «Бiз адам баласына ата-анасына барынша жақсылық жасауды бұйырдық. Анасы оны қинала жүрiп (бiрнеше ай) көтердi һәм қиналып босанды. Оның ана құрсағында жатуы мен емшектен шығуы (ең кемiнде) отыз айға созылды», — деп әуелi өзiне шүкiр етуге, содан кейiнгi кезекте ата-анаға шүкiршiлiк етiп, алғыс айтуға шақырады. Олай болса, Ұлы Жаратушыны танып, Оған құлшылық борышымызды өтегеннен кейiнгi мiндетiмiз — ата-анаға деген жақсылық һәм құрмет көрсету. Дана халқымыз «Ана алдында — құрмет, ата алдында — қызмет» деп текке айтпаса керек. Алла елшiсiнiң (с.ғ.с.): «Алла Тағаланың разылығы — ата-ананың разылығында, Алла Тағаланың разы болмауы да — ата-ананың наразылығында», деген хадисi де бар.

Алла елшiсiне (с.ғ.с.) тiзе бүгiп тәлiм тәрбие алған сахабалардың қалауы да Алланың разылығына бөлену болатын. Тәпсiр әрi фиқһ мектебiнiң негiзiн қалаушы ғалым сахаба Абдулла ибн Масғуд былай дейдi:

«Бiрде Алла елшiсiнен (с.ғ.с.): Алла Тағала қандай iстi анағұрлым жақсы көредi? — деп сұрадым. Ол: Уақытында оқылған намазды, — дедi. Мен тағы: Одан кейiн ше? — деп сұрағанымда: Ата-ананы құрметтеудi, — дедi. Үшiншi рет: Одан кейiн ше? — дегенiмде: Алла жолындағы күрестi, -деп жауап бердi. Егер де мен одан әрi сұрай бергенiмде Алла елшiсi жауап бере беретiн едi», — дейдi. Демек, Алла Тағаланың разы­лығы — ата-ананың ризашы­лы­ғында екен. Себебi ата-ана разылығына бөлену — ең үлкен бақыт. Олай дейтiнiмiз ата-ананың шынайы жасаған дұғасын Хақ тағала қабыл етедi. Ол туралы Алла елшiсi (с.ғ.с.) былай дейдi:

«Үш адамның дұғасы қабыл болады. Олармен Алла Тағаланың арасында перде болмайды. Олар: ата-ананың баласына жасаған дұғасы; мүсәпiрдiң дұғасы; зұлымдыққа ұшыраған адамның дұғасы».

Мына бiр оқиға өзгелерге үлкен сабақ болса керек.

…Алқамә (сахаба) пайғам­бар­дың көзi тiрiсiнде құлшылығына берiк, өте iзеттi, иманды жiгiт едi. Күндердiң күнiнде аяқ астынан ауырып, төсек тартып жатып қалады. Ауруы әбден меңдеп, өлетiн халге жеткенде, тiлi куәлiк сөзге келмей күрмеле бередi. Оның қатты қиналғанын көрген сахабалар пайғамбарымызға хабар жеткiзедi.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алқамәның шешесiн шақыртады.

- Алқамә қандай едi? -деп сұрайды. Анасы:

- Балам көп намаз оқитын, көп ораза ұстайтын, садақаны көп тарататын,- деп жауап бередi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сұрақты төтесiнен қойып:

- Сiзбен қарым-қатынасы қалай едi? Анасы:

- Ендi «iштен шыққан балам ғой» деп қанша кешiрiммен қарағаныммен менi ренжiтетiн кездерi көп едi. Оны айтып отырған себебiм, көбiне әйелiн жақтап, маған қарсы шығатын, — деген кезiнде, пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

- Анасының ренiшi бала­сының тiлiн күрмеп тұр екен. Қане, отын жинаңдар, Алқамә­нi тiрiдей жағамыз, — деп маңайын­дағыларға бұйырады. Ана байғұс бiрден жанұшыр­ды:

- Ойбай-ау, қажетi жоқ. Ба­ламды өртей көрмеңiз, — деп жалын­ғанда, пайғамбар салиқалы түрде:

- Алла Тағаланың о дүние­дегi азабы балаңыздың қазiргi азабынан да қатты. Егер Алла ұлыңыздан разы болсын десеңiз, сiз аналық ақ сүтiңiздi кешiп, ұлыңызға деген ренiш-өкпеңiздi қойып, онымен ризалықпен қоштасыңыз, — дейдi. Ана разылығын айтып, кешiр­ген кезде баласының да тiлi кәли­маға келiп, өмiрден озған екен.

Иә, ата-ананың бала алдын­дағы ақысы өте үлкен. Бiрде халифа Омарға бiр адам келiп: «Менiң ата-анам қатты қартайды. Кiшкентай кезiмде олар маған қызмет еткенiндей мен оларға қызмет етiп келем. Олардың ақысын өтеген болып саналамын ба?» деп сұрайды. Халифа Омар (р.а.): «Жоқ. Өтеген болып саналмайсың. Себебi олар сенiң өсiп, мықты азамат болуың үшiн саған қызмет көрсеттi. Ал сен олар жақында дүниеден өтуi мүмкiн деп қызмет көрсетудесiң» деген екен.

- Ата-ананы құметтемеу шариғат бойынша әдепсiздiк пе, әлде, күнә ма?

- Әрине, күнә. Егер де осыншама нәрсенi бiле тұра ата-анаға қарсы шығып, оларға құрметсiздiк танытар болсақ үлкен күнә жасаған боламыз. Себебi оларға құрмет көрсету — Алланың тiкелей бұйрығы.

Бiр күнi пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына:

- Сендерге күнәлардың ең үлкенi қайсы екенiн айтайын ба? — дегенде, сахабалар «Иә, бiзге қайсылары екенiн үйретiңiз», — дедi.

Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға серiк қосу, ата-анаға қарсы шығу…» — деп айтқан едi.

Адам (құқығына) құқына ерекше көңiл бөлген ислам дiнi ата-анаға құрмет көрсетудi мойнымызға борыш етiп жазған. Ата-анаға құрмет — тек ар-ождан мәселесi ғана емес, басқа да парыздар сияқты ғибадат. Тiптi, Алла жолында жиһад жасаудан да артық саналған.

Ардақты елшi (с.ғ.с.): «Ата-анасын сыйлап, оларға қамқор болған перзенттерге сүйiншi! Алла олардың өмiрiн берекеттi етедi», — деген.

Басқа бiр хадисте: «Кiмде кiм өмiрiнiң ұзақ, ризығының мол және берекеттi болуын қаласа, ата-анасына жақсылық жасасын, туған-туыстарының да қамын ойласын», — деген.

«Қарты бар үйдiң қазынасы бар. Ақсақалы сиреген ауылдан ар-иман қашады» демекшi, адам баласының ризық, несiбесi ата-анасына байланысты. Үйдiң берекетi ата-анасы, әрине түсiнген жанға. Кiмде-кiм ата-анасына құрмет көрсетiп, олардың iзгi дұғаларын алған болса, оның дүниедегi ризық, несiбесiнiң көбеюiне де өзiндiк септiгi болмақ.

- Қазақ халқы үшiн келiннiң сәлем салуы ата-ене мен үлкендерге деген құрметтiң белгiсi болып саналады. Алайда осы сәлем салу төңiрегiнде тартысты пiкiрлер көп айтылады…

- Әр нәрсенiң өзiндiк әдебi болған секiлдi қазақтың ұлттық дәстүрiнде де сәлемдесудiң өзiне тән әдебi бар. Жасы кiшi үлкенмен, көлiктегi жаяу жүргiншiмен, жүрiп бара жатқан отырғанмен, аз адам көп адаммен сәлемдескен. Келiндер ата-енесiмен, қайын ағаларымен немесе үлкен кiсiлермен, тiзесiн сәл бүгiп, басын иiп, ибалық сәлем жасап, ишаратпен амандасқан. Мұның өзi қазақтың ең тамаша моральдық қасиетi болып табылады. Жасы кiшiнiң үлкенге бiрiншi болып сәлем беруi — үлкенге деген сый-құрметi, көлiктегiнiң жаяуға сәлем беруi — көлiктегiнiң такәппарлануға жол бермей, оны қарапайымдылық, сыпайылыққа тәрбиелеуi, жүрiп келе жатқанның отырғанға сәлем беруi — бөлмеге кiрiп келген адамның мiндетiндей болуы, келiннiң сәлем беруi — ата-енесiне iзеттiлiк көрсетуi деп түсiндiрiледi. Келiндер ата-енесiне, үлкендерге басын иiп, ибалық сәлем салады демекшi, осы тақырып қозғала қалса кейбiр жастарымыз ғаламтор беттерiнде «иiлiп сәлем салу, намаздағы рүкүғқа ұқсайды» деп, сәлем салуды ширкке теңеп, шулап кетедi. Егер әрбiр иiлудi рүкүғқа теңер болсақ, тiк тұрып сәлем беру де намаздағы қиямға ұқсағаны ма? Онда әр қимылымыз ширк пе? Кез келген нәрсенiң өзiндiк өлшемi бар емес пе? Осы кезге дейiн қазақ «келiннiң сәлемiн ширк» екенiн бiлмей келген бе? Халқымыздың әрбiр салт-дәстүрiн «ширкке», яки «харамға» балайтын болсақ немiз қалады? Шариғатта «келiннiң сәлем салуы ширк» деген нақты үкiм де жоқ емес пе? Келiннiң үлкендерге сәлем салуы қазақтың көнеден жалғасып келе жатқан әдет-ғұрпы.

Ұлы Жаратушы адам баласын ең кемел әрi көркем бейнеде жаратып, оны сансыз нығметтерге бөлеген. Бұған қоса, сол нығметтердiң қадiрiн түсiндiрсiн, адам баласының һәм бүкiл болмыстың жаратылу мақсаты мен сырларын ұғындырсын деп әр қауымға елшi жiберген. Осы орайда пайғамбарлар — адамзатқа әр нәрсенiң өзiндiк мән-мағынасы мен мiндетi бар екенiн ұқтыратын тәлiмi мол ұстаздар. Бiздi қоршап тұрған жаратылыстарды танып-бiлiп, Ұлы құдiретке бас июге шақырушы ардақты асыл тұлғалар да осы пайғамбарлар. Пайғамбарларға иман — Ислам дiнiндегi иман негiздерiнiң бiрi. Ал, оларға келген ақиқат ортақ. Құранда Меккеде түскен 111 аяттан тұратын Жүсiп пайғамбармен қатысты оқиға баяндалады. Онда «Жүсiп ата-анасын құрметтеп өзiнiң тағына отырғызды. Ата-анасынан бастап барлық бауырлары оған тағзым етiп, бас идi. Сонда Жүсiп әкесiне: «Әкей! Бұрын бала күнiмде көрген түсiмнiң жоруы, мiне, осы. Раббым сол түсiмдi расқа шығарды», — деген аят бар. Тәпсiршi ғалымдар аяттағы Жүсiптiң ата-анасымен бауыр­ларының тағзым етуiн (сәжде етуiн) екi тұрғыда жорамалдайды.

Бiрiншi жорамал бойынша Жүсiпке құрмет сәлемi ретiнде тағзым етiлген. Бұл Жүсiп сүресiнiң «Әкешiм! Мен түсiмде аспандағы он бiр жұлдыздың және күн мен айдың маған тағзым жасап, сәжде етiп тұрғанын көрдiм»,- деген 4-аятын растайды дейдi.

Екiншi жорамал бойынша Жүсiпке қауышқаны үшiн Аллаға шүкiр ету мақсатында сәжде жасалған. Аяттағы «олардың маған тағзым жасап, сәжде етiп тұрғанын көрдiм» деген аятты «олардың мен үшiн тағзым жасап, сәжде етiп тұрғанын көрдiм» деп те аударуға болады. Сонда бұл екiншi ойды құптайды дейдi.

Жүсiп (а.с.) те бұл әмiрдi Алладан екенiн бiлiп, шүкiр еткен. Бауырларының жаса­ған әрекетi мен жасаған қастан­дығына үндемеген. Демек мұн­дағы сәжде «құлшылық сәждесi» емес екенi аян болып тұр.

Ендеше шариғатта ерекше саналатын сәлем берудi неге ширкке балаймыз. Сәлемдесудiң түпкi мақсаты адамдардың және жанұяның тату-тәттi, бақытты өмiр сүруiне негiзделген емес пе?!

Жастарымыздың өзге елдiң салтына ергенiн, яки асыл дiнiмiздiң бұрмаланып, халық арасында бүлiк шығуын көздегендер осы секiлдi мәселелердi күн тәртiбiне қойып, қоғамда қарама-қайшылықтардың болғанын қалайды.

«Әр елдiң салты басқа, иттерi қара қасқа» демекшi, әр ел өз дәстүрiн өз елiне дәрiптегенi жөн. Онсызда халқымыздың алтын қазынасы саналатын ата-дәстүрiмiздi, салт-санамызды жастардың жадына сiңiре алмай жатқанда әр нәрсенi ширк деп жұртты мазаламасын.

Сөз соңы, сәлем салуды ширкке теңей бермей, сәлем берушi сәлем алушыдан бiр дәреже артық сауапқа ие болатынын ұмытпай, бiр-бiрiмiздi көр­генде сәлем берiп жүрейiк, ағайын.

- Әңгiмеңiзге рахмет.

Сұхбаттасқан Әлiмхан СЫРБАЙ

Дата создания статьи: 17.12.2017 16:57
Парақтағы соңғы өзгерістер: 17.12.2017 16:57
Қаралым саны: 452

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz