A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
5 сұрақ маусым

1. Зейнетақы жүйесiнiң деңгейлерi туралы әңгiмелеп берсеңiз, базалық және ортақ зейнетақы дегенiмiз не? Олардың бiр-бiрiнен айырмашылығы қандай?

Бүгiнде Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесi үш деңгейден тұрады. Олар:

1) мемлекеттiк бюджеттен төленетiн базалық және жасына (еңбек өтiлiне) байланысты ортақ зейнетақы;

2) Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетiн мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарына негiзделген мiндеттi жинақтаушы зейнетақы жүйесi;

3) ерiктi зейнетақы жарналарына негiзделген жинақтаушы жүйе.

Алғашқы деңгей бойынша ортақ зейнетақы — ұрпақтар ынтымақтастығына негiзделген жүйе. Келешекте ол бiртiндеп азайып, 2040 жылдары мүлдем тоқтатылады. Өйткенi, ортақ зейнетақыны алу үшiн 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiнгi еңбек өтiлi кемiнде 6 ай болуы керек.

Базалық зейнетақы да ортақ зейнетақы секiлдi мемлекеттiк бюджет есебiнен төленедi. Бүгiнде базалық зейнетақы барлық зейнеткерге бiрдей мөлшерде төленедi. Алайда 2018 жылдың 1 шiлдесiнен бастап базалық зейнетақыны есептеу тәртiбi өзгередi. Бұл ретте оны тағайындауда 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi еңбек өтiлi және зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейiнгi еңбек өтiлi ескерiлетiн болады.

Екiншi деңгей бойынша мiндеттi зейнетақы жарналары 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгiзiлдi. Оның көлемi жұмыскердiң айлық табысының 10 пайызын құрайды. Бұл жарналарды зейнетақы Қорына жұмыс берушiлер аударады. Ал мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгiзiлген. Оның көлемi жұмыскердiң айлық табысының 5 пайызын құрайды. Осы жарналардың есебiнен қалыптасқан жинақтар салымшының меншiгi болып табылады және мұраға қалдырылады.

2020 жылдан бастап жарналардың жаңа түрi — жұмыс берушiнiң мiндеттi зейнетақы жарналарын енгiзу жоспарланған. Бұл жарналардың көлемi жұмыскердiң айлық табысының 5 пайызын құрайды.

Үшiншi деңгей бойынша ерiктi зейнетақы жарналарының мөлшерi және төлеу тәртiбi салымшы мен Қордың өзара келiсiмi бойынша белгiленедi. Бұл жарналар арқылы салымшы өз жинақтарын елеулi түрде көбейте алады. Осылайша Қазақстанда бiрегей зейнетақы жүйесi қалыптасқан. Бұл ретте болашақ зейнеткерлердi зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершiлiгi мемлекет, жұмыс берушi және салымшы арасында оңтайлы үлестiрiлген.

2. Менiң туған жылым — 1988 жыл. Мен ортақ зейнетақыға үмiт арта аламын ба?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 11 бабына сәйкес 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiн кемiнде алты ай еңбек өтiлi бар азаматтардың ортақ зейнетақы алуға құқығы бар. 1998 жылы Сiз 10 жаста болғансыз. Сәйкесiнше еңбек өтiлiңiз болмағандықтан ортақ зейнетақы ала алмайсыз. Оның орнына базалық және жинақтаушы зейнетақы алатын боласыз. Биыл базалық зейнетақының мөлшерi — 25 274 теңге. Бұл ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң 54 пайызына тең. Бүгiнде базалық зейнетақы барлық зейнеткерлерге еңбек өтiлiнiң бар-жоғына қарамастан бiрдей мөлшерде төленедi. Алайда биылғы жылдың 1 шiлдесiнен бастап базалық зейнетақыны есептеудiң жаңа әдiстемесi қолданылады. Бұл ретте базалық зейнетақыны тағайындауда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiнгi еңбек өтiлi және зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдан кейiнгi еңбек өтiлi ескерiледi. Соған сәйкес зейнеткердiң 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiнгi еңбек өтiлi мен жинақтаушы зейнетақы жүйесiне қатысу өтiлi 10 жыл және одан төмен болған жағдайда, базалық зейнетақы ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң 54 пайызын құрайтын болады. 10 жылдан асқан әрбiр жыл үшiн оның көлемi ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң 2 пайызына ұлғайып отырады. Ал 33 жыл және одан жоғары болғанда базалық зейнетақының мөлшерi ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң 100 пайызына тең болады (биыл оның көлемi — 28 284 теңге) және одан асырылмайды.

2040 жылдары зейнеткерлiкке шығатын азаматтар ортақ зейнетақы ала алмайды. Өйткенi, оларда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiн еңбек өтiлi болмайды. Сондықтан қазiргi жастар үшiн Қорға мiндеттi зейнетақы жарналарын тұрақты аударып тұру өте маңызды.

Бұл үшiн ресми түрде жұмысқа орналасып, еңбек қатынасын заңдастыру қажет. Сөйтiп, жұмыс берушiнiң мiндеттi зейнетақы жарналарын уақтылы және толық көлемде аударып отыруын қадағалап отырған жөн. Қордағы зейнетақы жинақтарының қомақты болуы жарналардың көлемiне және жиiлiгiне тiкелей байланысты. Ал жалақысын бейресми түрде «конвертпен» алатындардың болашақта алатын зейнетақысының мөлшерi тым аз болуы мүмкiн. Өйткенi, Қорға бiрде-бiр жарна аудармай зейнеткерлiкке шығатын азаматтар тек базалық зейнетақыға ғана үмiт арта алады. Сондықтан болашақта лайықты зейнетақы алу үшiн осы бастан қамданып, зейнетақы Қорына мiндеттi зейнетақы жарналарын тұрақты аударып тұрған абзал.

3. Ерiктi зейнетақы жарналары туралы естiдiм. Оларды кiм төлей алады? Бұл үшiн қандай құжаттар керек?

Салымшылар мен алушылар Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналарынан басқа ерiктi зейнетақы жарналарын да аудара алады. Ерiктi зейнетақы жарналары — Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына салымшылардың өз бастамасы бойынша салатын ақшасы. Жеке тұлға бұл жарналарды өз табысы есебiнен төлейдi және өз атына немесе үшiншi бiр тұлғаның атына аудара алады. Бұл ретте заңды тұлғалар да жеке тұлғалардың, яғни өз жұмыскерлерiнiң атына ерiктi зейнетақы жарналарын аударуға құқылы. Мұны көп жағдайда өздерiнiң қол астындағы мамандарын еңбекке ынталандыру мақсатында жасайды.

Ерiктi зейнетақы жарналарының мөлшерлемесi, оларды төлеу, сондай-ақ, зейнетақы төлемдерiн жасау тәртiбi шарт тараптарының өзара келiсiмi бойынша белгiленедi. Ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт БЖЗҚ мен салымшы арасында жазбаша түрде жасалады және қол қойылған күннен бастап күшiне енедi. Шарт жасасу Қорға салымшы (алушы) жеке өзi келгенде жүзеге асырылады. Егер шарт үшiншi тұлғаның пайдасына жасалатын болса алушы да Қорға келуi тиiс. Бұл ретте салымшының (алушының) заңды өкiлi немесе оның орнына нотариат куәландырған сенiмхат негiзiнде сенiм бiлдiрiлген тұлға өтiнiш бере алады. Өз пайдасына ерiктi зейнетақы жарналарын аудару үшiн салымшы (алушы) жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа) тапсырса, үшiншi адамның пайдасына шарт жасау үшiн алушы да екеуi жеке басты куәландыратын құжат (түпнұсқа және көшiрме) тапсырады. Заңды тұлғалар үшiншi адамның пайдасына шарт жасасу үшiн тиiстi құжаттар топтамасын ұсынады. Кәмелетке толмаған тұлғалар да ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасаса алады. Бұл ретте шарта кәмелетке толмаған тұлғаның атынан оның заңды өкiлi қол қояды.

Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар:

1) елу жасқа толған;

2) мүгедек болып табылатын;

3) Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен және кету ниетiн немесе дерегiн растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен төленетiн зейнетақы төлемдерiне құқығы туындайды.

Ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады.

4. Жұмыс берушi қандай жағдайда мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын төлеуге мiндеттi?

Мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгiзiлген. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары жұмыскердiң ай сайынғы табысының 5 пайызы мөлшерiнде белгiленедi. Бұл жарналарды жұмыс берушiлер еңбек жағдайлары зиянды деп саналатын жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерiнiң пайдасына өз қаражаты есебiнен төлейдi.

Еңбек жағдайлары зиянды кәсiптер Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1562 қаулысымен бекiтiлген Тiзбеде көрсетiлген. Егер, еңбек өнiмдiлiгi жақсарып, денсаулыққа зиянды жағдайлар жойылатын болса және ол өндiрiстiк нысандарды аттестаттау нәтижесiмен расталса, жұмыс берушiлер мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.

Жұмыскер жалақы алғанына қарамастан жұмыс берушi уақтылы ұстап қалмаған (есепке жазбаған) және (немесе) аудармаған мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарының сомаларын мемлекеттiк кiрiс органдары өндiрiп алады немесе агент оларды уәкiлеттi орган белгiлеген қайта қаржыландырудың 1,25 еселенген ресми мөлшерлемесi мөлшерiнде мерзiмi өткен әрбiр күн үшiн (Мемлекеттiк корпорацияға төлеу күнiн қоса алғанда) есепке жазылған өсiмпұлмен бiрге жұмыскерлердiң пайдасына аударуға тиiс.

Мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарының толық және уақтылы төленуiн бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк кiрiс органдары жүзеге асырады.

5. Жұмыс берушiнiң мiндеттi зейнетақы жарналары туралы толығырақ әңгiмелеп берсеңiз. Бұл жарналар қашан енгiзiледi?

2020 жылдан бастап елiмiзде жұмыс берушiнiң мiндеттi зейнетақы жарналарын енгiзу жоспарланып отыр. Соған сәйкес, барлық отандық жұмыс берушiлер еңбек жағдайларына қарамастан өз қаражаты есебiнен жұмыскерлерiнiң пайдасына олардың айлық жалақысының 5 пайызын зейнетақы Қорына аударып отырады.

Ал Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жұмыс берушiнiң ұсынған тiзiмi бойынша әрбiр жұмыскердiң атына шартты зейнетақы шоты ашылады. Ондағы жинақтар жұмыскердiң меншiгi болып табылмайды және мұраға қалдырылмайды. Шартты зейнетақы шотындағы жинақтар оған өмiр бойына ай сайын төленiп отырады. Бұл төлемдер шартты-жинақтаушы жүйедегi жинақталған қаржыны салымшылар арасында қайта бөлу, үлестiру арқылы жүзеге асырылады.

Заң бойынша шартты зейнетақы шоттарындағы жинақтар зейнеткерлiкке шыққан жандарға, сондай-ақ, мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленген бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектiгi бар адамдарға төленедi. Бiрақ бұл үшiн жұмыс берушiнiң мiндеттi зейнетақы жарналары олардың шартты зейнетақы шотына кемiнде 60 ай (5 жыл) тұрақты түрде аударылған болуы керек. Сәйкесiнше алғашқы төлемдер 2025 жылдан бастап жүзеге асырыла бастайды.

Мақаланың шыққан күні: 01.06.2018 17:12
Парақтағы соңғы өзгерістер: 01.06.2018 17:13
Қаралым саны: 688

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

 

@2018 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz