A- A A+
Ақкөл ауданының әкімшілігі Ақкөл ауданының әкімшілігі
5 сұрақ

1. Мемлекеттiк кепiлдiк бойынша айырма төлемiн алу үшiн қайда жүгiнуге болады? Осы жөнiнде толығырақ айтып берсеңiз.

Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ететiн бiрегей мемлекеттiк кепiлдiк моделi жұмыс iстейдi. Соған сәйкес болашақ зейнеткерлердi зейнетақымен қамту жауапкершiлiгi мемлекет, жұмыс берушi және салымшы арасында оңтайлы үлестiрiлген.

«Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес зейнетақы төлемдерiн алу құқығы туындаған кезде мемлекет алушының жинақтаушы зейнетақы жүйесiне қатысқан бүкiл кезеңiндегi инфляция деңгейiн ескере отырып, оның атына Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (бұдан әрi — БЖЗҚ, Қор) аударылған мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналарының нақты енгiзiлген мөлшерiнде сақталуына кепiлдiк бередi. Зейнетақы жинақтары салымшының меншiгi болып табылады және мұраға қалдырылады.

Мемлекеттiк кепiлдiк бойынша айырма төлемiн: зейнеткерлiк жасқа толған азаматтар, I және II топтардағы мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленген жандар, шетелге тұрақты тұруға кеткен шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар және осы төлемдi алуға құқығы бар адам қайтыс болған жағдайда, оның мұрагерлерi алуға құқылы. Бұл ретте Қорда зейнетақы жинақтары бар, I және II топтардағы мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленген жандар мен шетелге қоныс аударған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар зейнетақы жинақтары есебiнен төлемдердi алу үшiн Қорға жүгiнедi. Ал мемлекеттiк зейнетақылар мен мемлекеттiк кепiлдiк бойынша айырма төлемiн алу үшiн бiрыңғай (бiр) өтiнiшпен «Азаматтарға арналған үкiмет» Мемлекеттiк корпорациясының (бұдан әрi — Мемлекеттiк корпорация) жергiлiктi бөлiмшесiне (халыққа қызмет көрсету орталығына) өтiнiш бередi. Ал зейнет жасына толған азаматтар биыл қазан айында енгiзiлген жаңа Композиттiк қызмет аясында мемлекеттiк зейнетақылар мен Қор төлемдерiн және мемлекеттiк кепiлдiк бойынша айырма төлемiн алу үшiн бiрыңғай (бiр) өтiнiш пен қажеттi құжаттарды тек бiр жерге — осы мемлекеттiк корпорацияға тапсырады. Яғни, айырма төлемiн алу үшiн бөлек өтiнiш берудiң қажетi жоқ.

Мемлекеттiк корпорация зейнетақы жинақтарының сомалары туралы Қордан алынған мәлiметтердi алушының жинақтаушы зейнетақы жүйесiне қатысқан бүкiл кезеңiндегi инфляцияны ескере отырып, осы кезеңде енгiзiлген зейнетақы жарналарының сомасымен салыстырып тексередi. Егер алушының Қордағы зейнетақы жинақтарының сомасы инфляция деңгейiн ескере отырып, нақты енгiзiлген мiндеттi және мiндетi кәсiптiк зейнетақы жарналары сомасынан артық немесе оған тең болса, айырма сомасы төленбейдi. Ал егер зейнетақы жинақтарының сомасы енгiзiлген жарналардың сомасынан төмен болса, Мемлекеттiк корпорация айырма төлемiн есептейдi. Бұл сома 10 жұмыс күнi iшiнде республикалық бюджет есебiнен алушының банк шотына аударылады.

2. Фрилансерлер де зейнетақы жарналарын төлеуге мiндеттi ме?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына («Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне әлеуметтiк қамсыздандыру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» ҚР 2018 жылғы 2 шiлдедегi № 165-VI Заңы) енгiзiлген өзгерiстерге сәйкес азаматтық-құқықтық шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар өз пайдасына Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (бұдан әрi — БЖЗҚ, Қор) алатын табысының 10 пайызы мөлшерiнде (бiрақ ең төменгi жалақының 10 пайызынан кем емес және 75 еселенген мөлшерiнiң 10 пайызынан жоғары емес) мiндеттi зейнетақы жарналарын (МЗЖ) төлеуге мiндеттi.

Осылайша, азаматтық-құқықтық шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар үшiн МЗЖ аудару тәртiбi мынадай:

– азаматтық-құқықтық шарттар бойынша қызмет көрсететiн жеке тұлғалар (қызмет көрсетушiлер) мiндеттi зейнетақы жарналарын екiншi деңгейдегi банктер арқылы табыстар алынған айдан кейiнгi айдың 25-күнiнен кешiктiрмей төлейдi;

– екiншi деңгейдегi банктерде шоттары жоқ жеке тұлғалар мiндеттi зейнетақы жарналарын кейiннен Мемлекеттiк корпорацияға аудару үшiн оларды банкке қолма-қол ақшамен енгiзедi;

– екiншi деңгейдегi банктер ТМК (төлем мақсатының коды) 010 кодын қолдана отырып, Мемлекеттiк корпорацияға төлем тапсырмасын әзiрлейдi. Одан әрi, салымшылардың МЗЖ сомасы Мемлекеттiк корпорацияның шотына келiп түскен күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде МТ-100 форматындағы электрондық төлем тапсырмаларымен БЖЗҚ-ға аударылады.

Қандай да бiр кезеңде табыс болмаған жағдайда бұл тұлғалар Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төменгi жалақы мөлшерiнiң 10 пайызы есебiнен өз пайдасына мiндеттi зейнетақы жарналарын төлеуге құқылы.

Зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жоқ болған жағдайда, жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтiнiшке қол қою арқылы мiндеттi зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу қажет. БЖЗҚ iшкi құжатымен бекiтiлген өтiнiш үлгiлерi БЖЗҚ ресми сайтында орналастырылған:

https://www.enpf.kz/upload/medialibrary/4ad/4addeb793dfa25a5136d50e27570398a.pdf

Жеке зейнетақы шотын ашу жөнiндегi өтiнiштi Қордың кез-келген бөлiмшесiнде және электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегiмен enpf.kz сайты арқылы беруге болады.

3. БЖЗҚ филиалдарында орнатылған өзiне-өзi қызмет көрсету терминалдары арқылы қандай қызметтердi алуға болады?

Өзiне-өзi қызмет көрсету терминалдары салымшылар мен алушыларға оператордың қатысуынсыз, өз бетiмен зейнетақы қызметтерiн пайдалануға мүмкiндiк бередi. Терминалдың корпусы тұтас темiрден жасалған. Алдыңғы жағының жоғарғы бөлiгiнде сенсорлық экраны бар. Корпустың iшiне жаңа үлгiдегi жүйелiк блок орналастырылған. Ол терминалдың барынша жылдам жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi.

Қазiргi кезде өзiне-өзi қызмет көрсету терминалы арқылы: зейнетақы шоттарының бар-жоғы туралы анықтама алу, жеке зейнетақы шотынан (ЖЗШ) үзiндi-көшiрме алу, берiлген өтiнiштердiң орындалу мәртебесiн қадағалау және шарттардың көшiрме нұсқасын алу секiлдi қызметтердi салымшылар мен алушылар ЖСН мен құпия сөз (пароль) және жеке куәлiктегi электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегiмен ала алады. Ал МЗЖ бойынша шарт жасасу жөнiнде өтiнiш беру және жеке деректемелердi өзгерту үшiн салымшыны танып бiлу әдiсi ретiнде тек жеке куәлiктегi ЭЦҚ қажет.

Барлық филиалдарда өзiне-өзi қызмет көрсету терминалдардарын қолдану арқылы ай сайын орта есеппен шамамен 1 550 операция жүзеге асырылады. Олардың iшiнде ең сұранысқа ие қызметтер: шарт жасасу (операциялардың 48,62%) және деректемелерге өзгерiс енгiзу (43,03%) қызметтерi.

4. Зейнетақы активтерi не үшiн екiншi деңгейдегi банктерге инвестицияланады? Олар бiрiнен-соң бiрi жабылып жатыр емес пе?

Қазiргi уақытта зейнетақы активтерi бiрыңғай оператор — Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында шоғырландырылған. Оның құрылтайшысы және жалғыз акционерi — Қазақстан Республикасының үкiметi. «БЖЗҚ» АҚ акцияларының мемлекеттiк пакетi ҚР Ұлттық Банкнiң сенiмгерлiк басқаруына берiлген. Зейнетақы активтерiн басқаруды Ұлттық Банк ҚР Ұлттық Қорды басқару жөнiндегi кеңесiмен бiрлесе отырып жүзеге асырады. Сатып алуға рұқсат етiлген қаржы құралдарының тiзiмiн жыл сайын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

Зейнетақы активтерiнiң инвестициялық портфелi бiршама диверсификацияланған, яғни әртараптандырылған. Сәйкесiнше зейнетақы активтерi тәуекелi төмен, табысы тұрақты, ұлттық және шетелдiк валютада номинирленген әр түрлi қаржы құралдарына инвестицияланады. Басты мақсат — ұзақ мерзiмдi болашақта тұрақты инвестициялық табыс алып тұру. Бұл — басты стратегия.

Портфельдiң негiзгi бөлiгi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бағалы қағаздарына (47%), екiншi деңгейдегi банктердiң бағалы қағаздарына (17%) және шет мемлекеттердiң бағалы қағаздарына (11%) инвестицияланған.

БЖЗҚ зейнетақы активтерi есебiнен сатып алынған осы және өзге де қаржы құралдары теңгеде (68%) және шет мемлекеттердiң валютасында (32%) номинирленген.

Зейнетақы активтерiн екiншi деңгейдегi банктердiң облигацияларына инвестициялау нарық жағдайында жүзеге асырылады. БЖЗҚ банктердiң облигацияларына қатысты жалғыз инвестор емес. Ол бұл бағалы қағаздарды кез келген уақытта сатып алуға және сатуға құқылы.

Ұлттық Банк зейнетақы активтерiн инвестициялау бойынша барлық шешiмдердi ашықтық қағидатын ұстана отырып қабылдайды. Инвестициялық портфельдiң құрылымы ай сайын БЖЗҚ сайтында жарияланып отырады. Оны кез келген адам көре алады.

5. Зейнетақы жинақтары туралы ақпаратты қалай алуға болады?

Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыға жеке зейнетақы шоты ашылған күннен бастап оның кез келген күнге қатысты сұрауы бойынша зейнетақы жинақтарының жай-күйi туралы ақпаратты тегiн беруге, сондай-ақ зейнетақы жинақтары туралы ақпаратқа қолжетiмдiлiгiнiң электрондық және өзге де тәсiлдерiн қамтамасыз етуге мiндеттi. Ал ақпарат алу тәсiлiн салымшы өзi таңдайды. Шоттан үзiндi-көшiрме алудың мынадай тәсiлдерi бар:

– пошта байланысы арқылы  — жылына бiр рет;

– таңдап алынған төлем кестесiне сәйкес электрондық пошта арқылы — (ай сайын, үш ай сайын, алты ай сайын, жыл сайын);

– БЖЗҚ кеңсесiне тiкелей өзi келгенде — шек қойылмайды;

– интернет-хабарландыру арқылы (сайт немесе смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF ұялы қосымшасы бойынша) — онлайн режимiнде шектеусiз;

– enpf.kz сайтына тiркелу жолымен оның «Жеке кабинет» арқылы немесе ЭЦҚ бар болса egov.kz электрондық үкiмет сайты арқылы — шектеусiз.

Егер Сiз зейнетақы шотыңыз жайында үзiндi-көшiрме алу тәсiлiн таңдамаған болсаңыз немесе оны интернет байланысы арқылы алғыңыз келсе жеке басыңызды куәландыратын құжатпен жақын жердегi Қор кеңсесiне келiп, хабарлау тәсiлi туралы қосымша келiсiм жасай аласыз. Қор бөлiмшелерiнiң мекенжайлары мына сiлтеме бойынша қолжетiмдi: https://www.enpf.kz/kz/adresa-i-kontakty/regionalnaya-set/

Электрондық цифрлық қолтаңба бар болса оны Қор сайты арқылы да жасауға болады. Бұл операция бар болғаны бiрнеше минутты алады.

Жеке зейнетақы шотының жай-күйi туралы ақпаратты интернет арқылы алу  — қазiргi уақытта өте танымал. Ол зейнетақы жинақтарын кез келген уақытта онлайн тәртiбiнде бақылап отыруға мүмкiндiк бередi.

Мақаланың шыққан күні: 09.11.2018 10:54
Парақтағы соңғы өзгерістер: 09.11.2018 10:54
Қаралым саны: 1299

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

 

@2019 Ақкөл ауданының әкімшілігі
Яндекс.Метрика

Пошталық мекенжайы:

Телефон:

Факс:

Электрондық пошта адресі:

Ақкөл қаласы, Нұрмағамбетов көшесі 94,
индекс: 020100

8 (716-38) 2-02-82;

8 (716-38) 2-06-31;

akkol_kanz@akmo.kz